Жексенбі, 24 Қараша 2024
2956 0 пікір 15 Қараша, 2018 сағат 21:28

Жамбыл Артықбаев: Түркістанды жалпы еуразиялық көне өркениет ошағы деп қарастыру керек

Оңтүстік Қазақстан облысы деп аталатын әкімшілік-территориялық аймақтың Түркістан деп аталуы маңызды жаңалық, өйткені Түркістан тұтас өркениеттің орталығы, астанасы, дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев. Сонымен қатар бұл шешімнің тарихи мәнінде тарихи шындықтың қайтып келуі, орнығуы, сананың тереңдей түсуі сынды себептері де бар.

«Түркістан қаласының бірнеше ғасыр бойы елордасы болғаны, жалпы түркі халықтарының рухани астанасы болғанын негізге алатын болсақ, қазіргі уақытта қаланың түлеп, дамуына, инфрақұрылымдық, мәдени тұрғыдан әлеуетті қала атануына мүмкіндігі бар. Түркістан тек қана Қазақстан жерінде ғана емес, жалпы Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Менің қолымда бар деректерге және орыс зерттеуші ғалымдары, шығыс ғұлама ғалымдарының деректеріне сүйенер болсақ, Бұқара, Самарқанд, Ташкент сынды қалалар пайда болмай тұрып, Түркістан болған», — деген ғалым Түркістанның ерте заманда пайда болу себебін көк бөрілі өркениет пен отырықшы өркениеттің шекарасында орналасуымен түсіндіреді.

«Сондай-ақ, Түркістан Сырдария мен Әмударияның яғни қос су көзіне жақын орналасқан. Сол себептен, Түркістан қаласының тарихы Орталық Азияда бар басқа қалалардың тарихынан тереңде жатыр», — деп атап өтті Ж. Артықбаев.

Тарихшы ғалым Түркістан аймағында заростризм, арий кезеңінде, қола дәуірінде ауқымды қалалық аумақтардың болғанын алға тартады.

«Мәселен, Қаратаудың оңтүстігіндегі өркениеттің тарихы тереңде жатыр. Сол себептен, Түркістанды тек түркі халықтары арасындағы емес, жалпы еуразиялық көне өркениет ошағы деп қарастыру керек», — дейді ғалым.

Атап өтерлігі, 2018 жылдың қыркүйегінде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысына мемлекеттік сапар жасап, сапар барысында «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің аумағында орналасқан Қожа Ахмет Яссауи кесенесін аралап көрді. Сондай-ақ, мемлекет басшысына Түркістанның тарихи-мәдени орталығы қайта жаңғыруына байланысты «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің даму жоспары таныстырылды. Жоспарға сәйкес, Түркістанның ежелгі қоныстарының бірі – Күлтөбе қаласы қайта жаңғыртылатын болады. Ортағасырлық мешіті бар Әбілмәмбет хан мен Тәуке ханның ордалары және басқа да бірқатар нысандар қайта қалпына келтіріледі.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5618