Түркістан облысында мұнай өңдейтін зауыт салынып жатыр
Түркістан облысында жылына 2 миллион тонна мұнай өңдейтін зауыт салынады. Бұл туралы Abai.kz ақпараттық порталы облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Жалпы құны 95 миллиард теңге болатын инвестициялық жоба аясында мыңға тарта жұмыс орны ашылмақ.
«Turkistan Invest» инвестициялық компаниясы баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа зауыттың құрылысы Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданында жүргізілмек. Оны салуға қазақстандық «Standard Petroleum & Co LLP» компаниясы қаражат жұмсайды.
Бүгінгі күні 250 гектар аумақта орналастыру жұмыстары жүргізіліп, қоршаулар қойылып жатыр.
Сондай-ақ, электр желілері тартылып, жол салынуда. «Түркістан» ƏКК» АҚ филиалы - «Turkistan Invest» инвестициялық компаниясының қолдауымен жүзеге асырылатын жоба 2021 жылы іске қосылады деп күтілуде. Дайын өнім ел аумағында сатылып, қосымша ТМД елдеріне экспортталатын болады.
Айта кетейік, осыған дейін Түркістанда өткен «Көне Түркістан – жаңа мүмкіндіктер» атты Халықаралық инвестициялық жəне туристік форум өткен еді. Форум нәтижесінде құны 1,7 млрд. АҚШ долларын құрайтын 19 меморандумға қол қойылған.
Аталған форум аясында Малайзиялық «Nagasteel Equipment Sdn. Bhd.» компаниясы 100 млн. АҚШ долларына өңірде инфрақұрылымды және өнеркәсіп саласында ірі жобаларды жүзеге асыратын болып келісілген.
Ал Түркиялық «Sallyr Bey Group» корпорациясы жалпы құны 15 млн. АҚШ доларына қой шаруашылығын өркендетуге бағытталған ферманың құрылысын жүргізсе, қытайлық «Jiangsu Huale Electric Co., ltd» компаниясы қуаттылығы 50 мВт-тық күн электр станциясының құрылысына 50 млн. АҚШ долларын бағыттайтын болады деп хабарланған.
Сондай-ақ, Чехия, Италия, елдерінің компаниялары Түркістан облысына инвестиция құюға қызығышулық танытып, нақты келісімдер жасалды.
Abai.kz