Елбасы Энергетика министрі Қанат Бозымбаевты қабылдады
Кездесуде Мемлекет басшысына Қауіпсіздік кеңесінің биылғы 7 қарашадағы отырысында берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндалды. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты мәлімдеді.
– Министрлік осы жылды барлық бағыттар, соның ішінде мұнай өндіру, электр энергиясы, баламалы энергия көздері, геологиялық барлау салалары және ірі инвесторлармен жұмыс жүргізу мәселесі бойынша жақсы көрсеткіштермен аяқтағалы отыр, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев тарифтерге бақылау жүргізу жауапкершілігі тек Энергетика министрлігіне емес, сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігіне де жүктелгенін атап өтті.
– Тарифтерге қатысты сын айтылды. Оған Энергетика министрлігі ғана жауапты емес. Электр энергиясы көзі мен оны тасымалдауға Энергетика министрлігі жауап береді, ал оны қайта бөлу мен тұтынушыларға жеткізу ісін бақылауды Монополияға қарсы комитет жүзеге асырады, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті энергетикалық қызмет көрсету нарығындағы тарифтерді қалыптастыру және бақылау үдерісінде Үкіметтің басты рөл атқаратынын атап өтті.
– Жыл сайын Энергетика министрлігі Үкімет отырысында тарифтерді төмендету қажеттігі жөнінде баяндап келді. Бұл мәселелер бойынша Премьер-Министр мен Үкімет шаралар қабылдамады. Осы салада тәртіп орнатуды бәріне тапсырамын. Жауапты ведомстволардың бәрі министрліктің қарамағында болуға тиіс немесе Үкімет бұл үдерісті өзі үйлестіргені жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қ.Бозымбаев Мемлекет басшысына станцияларда электр энергиясын өндірудің шекті тарифтерін бекіту үшін атқарылған жұмыстардың нәтижелері жөнінде мәлімдеді.
– Желтоқсан айының бірінші онкүндігінде сауда бәсекесі өткізіледі. Соның нәтижесінде қуаттылық тарифі анықталады. Сол уақытта осының негізінде электр энергиясының шекті тарифтерін бекітеміз. Олар станциялардың типтеріне қарай әртүрлі болады. Бірақ, станцияның түрлеріне байланысты, орташа есеппен алғанда, 5 пайыздан 20 пайызға дейін төмендейтін болады, – деді Энергетика министрі.
Кездесу барысында Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті тарапынан өңірлік станциялар мен электр қуатымен қамтамасыз ететін ұйымдардың тарифтерін төмендету үшін жұмыс жүргізу қажеттігі туралы айтылды.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы министрліктің электр энергиясы нарығындағы тарифтерді реттеу жөніндегі тәсілдерін мақұлдап, бірқатар нақты тапсыра берді.
Abai.kz