Бауыржан Момышұлы: «Орысқа өздерiң қосыла берiңдер»
Бақытжан Бауыржанұлы:
- Заманының аңызы болған, бүгiнде намыс пен қайраттың өлшемiне айналған Бауыржан Момышұлының алған тәлiмi, өз ұрпағына берген өнегесi қандай? Адуынды полковник сұр шинелiн шешкенде қандай адам едi? Қанша айтылса да жұртшылықты сүйсiндiруден талмайтын Баукең туралы бiз де «Кiтап және кейiпкер» айдарында сөз қозғауды жөн көрдiк. Әңгiмемiздің арқауы - «Ұшқан ұя» романы. Өткен күндер естелiктерiн парақтап, әке жайлы толғанған - батыр-жазушының ұлы Бақытжан Момышұлы.
Кеңес үкiметi кезiнде кiтап шығару бiр азап едi ғой. Әкемнiң «Ұшқан ұясы» да бiраз уақыт қолжазба күйiнде сүрленiп жатып қалды. Тек Ресейдiң Калининградында жарық көргеннен кейiн барып Қазақстанда тасқа басылды. Әкем кейiн жазушы Тұтқабай Иманбековпен бiрiгiп қазақшаға аударды. Үстiнен қосып, толықтырды. «Ұшқан ұя» жазылғанда да, қазақшаға аударылғанда да әкемнiң жанында болған жоқпын.
Бақытжан Бауыржанұлы:
- Заманының аңызы болған, бүгiнде намыс пен қайраттың өлшемiне айналған Бауыржан Момышұлының алған тәлiмi, өз ұрпағына берген өнегесi қандай? Адуынды полковник сұр шинелiн шешкенде қандай адам едi? Қанша айтылса да жұртшылықты сүйсiндiруден талмайтын Баукең туралы бiз де «Кiтап және кейiпкер» айдарында сөз қозғауды жөн көрдiк. Әңгiмемiздің арқауы - «Ұшқан ұя» романы. Өткен күндер естелiктерiн парақтап, әке жайлы толғанған - батыр-жазушының ұлы Бақытжан Момышұлы.
Кеңес үкiметi кезiнде кiтап шығару бiр азап едi ғой. Әкемнiң «Ұшқан ұясы» да бiраз уақыт қолжазба күйiнде сүрленiп жатып қалды. Тек Ресейдiң Калининградында жарық көргеннен кейiн барып Қазақстанда тасқа басылды. Әкем кейiн жазушы Тұтқабай Иманбековпен бiрiгiп қазақшаға аударды. Үстiнен қосып, толықтырды. «Ұшқан ұя» жазылғанда да, қазақшаға аударылғанда да әкемнiң жанында болған жоқпын.
Әкем бұл шығармасында өзiнiң бала күнгi өмiрiн, басынан өткен оқиғаларын әңгiмелейдi. Бiрақ көрген-бiлгенiн тiзе бермей, болашақ батыр Бауыржанға берiлген тәрбиенi танытатын, тағылымға толы эпизодтарды баяндайды. Бабам Имаштың әкеме берген батасы, әжемнiң айтатын ертегiлерi, атам Момыштың турашылдығы, Аққұл, тете шалдар сияқты ақсақалдардың көшелiлiгi, Момынқұл атамның батырлығы... бұның бәрi тектiлiктiң көрiнiсiндей едi. Ел арасындағы даудың ескi жолмен шешiлгенiн, көкпар ойынының қалай өтетiнiн, бесiк жырының үлгiлерiн, қыз бен жiгiт айтысының үзiндiлерiн тәптiштей жазады. «Партия, партия» деп дiлiнен айырылып бара жатқан ұлтының құндылықтарын қағазға бiр түсiрiп қояйын деген болуы керек.
Момынқұл атам мен туғанда келiп, бесiкте жатқанымда емiренiп, бата берiп кеткен екен. Артынан қайтыс болыпты. Ол кiсiнiң шулатып жүрiп үйленген үш әйелiнен екi ұл, бiр қызы бар. Бiр ұлы, Әбдiлда көкем, майданда болған кiсi. Өте адал, таза адам едi марқұм. Соғыстан кейiн парторг болған, колхоз басқарған. Бiрақ өмiр бойы бiр пальто, бiр етiкпен өттi. Дүние жинап көрген емес. Әкем қатты сыйлайтын. Соғыс кезiнде әкеме ұрыста жүрген ағайын-туыс хат жазады екен. Қауiпсiздеу жерге ауыстыр, көмектес дейтiн болса керек. Сол кезде ондай өтiнiш айтпаған жалғыз адам - сол Әбдiлда көкем екен.
Үбиан апамның үйiне бала кезiмде барып тұратынмын. Ол кiсi тұратын ауыл Диқан ауылы деп аталған. Кiшкентай кезiмде бiр барғанымда менi мұражайға апарды. Аралап жүрiп кимешек киген, қарт ананың экспонатын көрдiм. Сол есiмде қалып қойыпты. Содан үйге барсам әлгi мұражайдағы экспонат Үбиан апамнан айнымайды екен. «Мынау музейдегi апа ғой» деп, өзiмнiң балаң қорытындымды жасаппын. Содан кейiн Үбиан апамды «Музей апа» деп кеттiк. Ал ол кiсiнiң күйеуi Аюбай жездемдi көрген жоқпын. Ертеректеу қайтыс болыпты.
Әлиман апам маған жақындау, өзi күлдiргiлеу кiсi болатын. Базардан келiп, «Музей апаның» өзiне қалай ұрысқанын келтiрiп, бәрiмiздi күлдiргенi бар. Кейiн, үлкейгенде Таразда тұрды. Бiр күнi үйге қоңырау шалсын. Ол кезде қала әкiмi Тшанов деген азамат едi, сол кiсiге бұйымтайы болып, соны маған айтқызбақшы екен. «Әй, сен Ждановқа айтшы!», - дейдi. Мен басында түсiнбей: «Жданов баяғыда сүйегi қурап қалған адам ғой» десем: «Не деп отырсың өзiң, әлгi бiздiң гiбернәтрдi айтып отырмын», - дейдi. Сондай кiсi едi марқұм.
Шығармада айтылатын Ганчаровтар отбасының ұрпағын былтыр әкемнiң 100 жылдық мерейтойында көрдiм. Иван Ганчаров деп таныстырды өзiн. Бала-шағасы бар, өздерi өсiп-өнiп жатыр екен.
Шығармада айтылғандай, әкемдi Момынқұл атам шоқынып кетесiң деп, әуелде орыстың оқуына жiбермей қойған. Сөйтiп, алғашқыда әкем молдадан хат таныған. Кеңес үкiметi тұсында молдалар туралы терiс пiкiр қалыптасты. Содан әлi құтыла алмай келемiз. Бiлiм тек қана ғылымнан тұрмайтыны анық қой. Әкемнiң молдадан алған бiлiмi мықты едi. Москва үшiн шайқасқан жауынгер, дiнсiз қоғамның ардақты азаматы бола тұра, Құранды оқыған, хадистердi таныған, Шығыс маржандарын зерделеген, дiни әдебиеттердi көп қараған адам - аузынан Алласы түспейтiн едi. Абайды ерекше көретiн. «Қазiргi Абайды бiлем деп жүргендердiң 90 %-ы мүлде дұрыс түсiнбейдi. Абайды түсiну үшiн сопылардың тiлiн бiлу керек», - дегенi бар. Мысалға, «Айттым сәлем, қаламқас» дегендегi «қас», яғни «қаш» сопылардың тiлiнде Құран деген сөз. Абайдың жыл мезгiлi туралы өлеңдерi де ғарыштық уақыт заңдылығына арналған. Эон, Калька деген ауыт өлшемдерi болады. Гете өлеңдерiн «Биссiмилләһи-р-рахманир-рахим» деп бастағанын қазiр жұрт бiле бермейдi», - деп, бұрын мен ешқай жерде естiмеген әңгiмелердi айтатын. «Батыстың көп ғалымдары ашқан физикалық заңдарды алғашқыда Шығыстағы ислам ғұламаларынан алған», - дейтiн: «Эинштейннiң салыстырмалық заңы Хазiрет Иннаят ханның кiтабында бар». Осы сияқты әңгiмелердi өзiнiң жақын, сенiмдi деген адамдарына айтып отыратын. «Ұшқан ұяда» Ганчаровтардың үйiне барғанда иконаларға тесiлiп ұзақ қарадым дейтiн жерi бар. Оны да тегiн жазбаған. Аллаға серiк қосу - күнә екенiн естен шығармайтын әкемнiң иконалар туралы ойы тереңде едi. Психометрия дейтiн ғылым бар екен. Ол ғылымның мiндетi - денелердiң жадында қалған деректердi оқу. Мысалы, бiр затқа неше адам қарағанын анықтауға болады екен. Сонда иконаларға қарап табынған адамдардан, оны жақсы көрiп телмiрген көздерден бөлiнген энергияның әсерiнен адамның қолымен салынған суреттердiң физикалық құрылымы өзгерiп, сұлуланатын көрінеді. Осының бәрiн айта келiп әкем: «Алла- Тағала жаратқан нәрсенiң бәрiнде жан бар», - деп отырушы едi. Салт-дәстүрдi де өте құрметтейтiн. «Қазақтың дәстүрi - салынған iз, қаланып бiткен дәлiз. Онымен жүрсек ешқашан адаспаймыз. Ал одан айырылсақ, күнiмiз қиын болады. Дiн ешқашан да дәстүрге зиянын тигiзбеуi керек», - деп әрiден ойлайтын. Көрiпкелдiк қасиетi де бар едi. Бiрде ауруханада жатқанында жанындағы қарияны алып кетуге ұлы келдi. Әлгi қарияның көңiл-күйi жақсы боп көрiнген бәрiмiзге. Әкем түнерiп отырды да қарияның ұлына: «Дайындала бер, әкең бүгiннен қалмайды», - десiн. Әкесiн өлiмге кiм қисын, ана жiгiт ренжiп кеттi. Сол түнi қария о дүниелiк болыпты. Тура сондай жағдай екiншi рет қайталанды. Әкем Әбдiлда көкемнiң үйiнде отырғанда Үбиан апамды со кiсiнiң ұлы Сапарбай ертiп келедi. Әпкесiн көрген әкем амандасқаннан кейiн «Үйiңе қайт, Сапарбай дайындалсын», - дейдi әмiр еткендей. Сөзiне онша сене қоймаған әпкесi iнiсiнiң айтқанын iстеп, ауылына қайтады. Сөйтiп, таңға жақын дүние салған екен. Өзi әл үстiнде жатқан кезде де сол қасиетiн тағы бiр танытқаны бар. Ресей империясына қосылғанымызға пәлен жыл болды деп, осында тойдың қамы жасалып жатыр едi. Сондағы айтқаны ғой: «Орысқа қосылсаңдар, өздерiң қосыла берiңдер, мен кетемiн», - деп. Артынша өмiрден өттi.
Менiң орыс мектебiне барғанымды ойлап қамығатын. Бiр келгенiнде анама: «Ауылдың осында оқып жатқан студент балаларын үйге жиi шақырып тұр. Бақытжан мектепте орысша сөйлейдi екен, үйде бiр мезгiл қазақша сөйлесiн», - деп, тапсырмасын берiп кеттi. Өзiм құралпы балалар каникулда Мәскеуге, Ленинградқа, Қырымға кетiп жатады. Мен де барғым-ақ келедi. Бiрақ әкем ауылға жiберетiн. Iштей ренжiп жүрушi едiм. Бiрақ қазiр қуанамын. Аллаға шүкiр, соның арқасында өз ұлтыма өгей болып қалмадым. Соншалықты шешен болмасам да, ойымды жеткiзiп, еркiн әңгiмелесе аламын. Қаншама құрбыларым қазақшасының ақсақтығынан азап шегiп жүр.
Жалпы, жас кезiмде әкеме көп ренжiген адаммын. Бала кезiмде жанымда болмады. Әскерде жүрдi, Ресейде болды. Анда-санда бiр келедi. Сол үшiн менi тастап кеттiң деп айыптадым. Бiрақ кейiн оным қате екенiн түсiндiм. Кей адамдарды «сегiз қырлы, бiр сырлы» деп жатады. Ал әкемнiң қыры сегiзден де көп едi. Ол кiсiнi түсiну мүмкiн емес. Кiм бiледi, әкем де маған ренжiп кеткен шығар. Қай әке баласына риза болушы едi. Достарының айтуынша, өкiнетiн де кездерi болыпты. Дмитрий Снегиннiң жазғандарына қарасақ, әкем отбасының жылуын аңсап, менiң апамды сағынады екен. Ендi, ол - әке, мен - бала. Әкемнiң өмiрiн талқылау менiң еншiмдегi нәрсе емес.
Қазiр әкем туралы әртүрлi әңгiмелер айтылып жатады. Мынауың ойдан шығарылған десең, «Сен не бiлесiң?», - деп, өзiңе тиседi. Кейде тiптi, күлкiң келедi. Әйтеуiр халықтың махаббаты ғой деймiз де қоямыз. Құдай содан айырмасын.
Жазып алған
Арман ӘЛМЕНБЕТ
«Қазақ әдебиеті» газеті