Сенбі, 23 Қараша 2024
4712 0 пікір 9 Желтоқсан, 2018 сағат 19:07

«Жетім көрсең, жебей жүр» деген халық нақылын естен шығармағанымыз жөн

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі қызметкерлерінің күшімен Урюпинск және Ақкөл балалар үйіне қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Бұл шараның дайындық жұмыстары барысында аталған балалар үйлерінің басшылығымен ұзақ уақыт келісім жүргізілді. Біз Астанадан қашықта орналасқан балалар үйлерін әдейілеп іздестірдік. Өйткені, оларға барып-қайтудың өзі жол машақатымен бірге уақыт та алады, яғни, сол жер көбірек ділгер.

Урюпинск балалар үйінің директоры Алдажарова Юлия Сергеевна шефтік көмек көрсету жөніндегі біздің ұсынымызды қуана қарсы алды. Арнайы білімді қажетсінетін балаларға арналған бұл мекеме 1932 жылы құрылған екен.. Сол себепті ұзақ жылдар көлемінде басты мақсаты тәрбиеленушілердің бойында әлеуметтік құзыреттілік пен қоғамға тез итеграциялану үрдісін сіңіруді қамтамасыз жасайтын «Табыс мектебі» бағдарламасы бойынша жұмыс жасап келеді. Бұл орасан жұмыстардың жемісі деп мыналарды айтуға болады:  мектеп шеберханаларының өнімді жұмысы (ағаш ұстасы мен тігін ісі), мектеп оқушылары бригадасының қызметі, балаларды шығармашылық жағынан дамуға талпыныс беретін сабақтан тыс уақытта қызығушылық бойынша сабақтар мен үйірмелердің жүйелі жұмысы. Балалар үйінің аумағында балалардың өз қолынан шыққан дүниелер өте көп.

Балалар үйіне сыйлықтар ғана апару барлық уақытта мақұлдана бермейді: мұның зияны да тиюі мүмкін. Өйткені, балаларда масылдық көңіл-күй көбірек қалыптасып, өз бетімен жұмысқа самарқаулық таныта бастайды. Сол себепті балалар үйінің басшылығы еңбекке баулу үрдістеріне көбірек көңіл бөледі. Кейін балалар үйінен үлкен өмірге қадам басқан кезінде осындай бағытта тәрбиеленген баланың қоғамда өз орнын табуы, сіңісіп бейімделуі тезірек жүреді. Балалар үйінің әкімшілігі бізбен болған әңгімеде назарды түрлі маталар мен фурнитураға, жіп, қайшы секілді (барлығы 21 пункттен тұратын тізім) құралдарға аударуымызды өтінген кезде бірден қуана-қуана келістік. Бір апта уақыттың ішінде ұжым мүшелері 190 мың теңгеден астам қаржы жинап үлгерді. Біз керек-жарақтарды арқалап балалар үйіне келгендегі мұндағы ұл-қыздардың шынайы қуанышын тек көзбен көру керек шығар. Балалар үйінің директоры Юлия Сергеевнаның сөзіне сүйенсек, қажетті дүниелерді бұлай мұндай мөлшерде әкеліп тұрған жалғыз біз екен. Олардың біразға дейінгі қажетін өтейді деп сенеміз, әрі шефтік көмегіміз мұнымен тынбайды.

Жетімдер мен қараусыз қалған балаларға арналған №1 Ақкөл балалар үйінің директоры Қанатова Рауза Махметқызы бізден тарихты өте жақсы білетін, Қазақстан тарих ғылымының қазіргі жәй-күйі мен қазіргі заманғы тарих ғылымының орны жөнінде майын тамызып әңгімелеп бере алатын ғалыммен балалар үшін кездесу ұйымдастыруды өтінді.

Бұл өтінішке Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, профессор, археолог Жәкен Қожахметұлы Таймағамбетов бірден үн қатып келісім берді. Ол кісі өзі балалар интернатында тәрбиеленген адам, сондықтан ол жердегі балалар туралы басқаларға қарағанда жақсы біледі, әрі олармен қандай тақырыпқа әңгіме қызықты боларына дейін жүрегімен түсінеді. Шын мәнінде, ақжарма әңгіме болды. Шығыс Қазақстан жерінде жүріп жатқан археологиялық қазба жұмыстары туралы слайдтарға сүйене отырып, қызықты етіп айтып берді. Жалпы еліміз көлеміндегі археология саласы бойынша сөз қозғалды. Тәрбиеленушілер палеонтолог ғалымның дерекке де, дәйекке де бай мазмұнды әңгімесін ықылас қойып тыңдады. Сұрақ-жауапқа құрылған диалогқа ұласып отырды. Меніңше, бұл дидарласудың ең басты түйіні мынау болды: оқушылар жақсы оқып, сапалы білім алса, саналы тәрибеге бой ұрса, Жәкен Қожахметұлы ағалары секілді ғылым да да, жалпы күнделікті өмірде де жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болатынын ұқты.

Урюпинскідегі балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан арнайы білімді қажетсінетін оқушылар болғандықтан, әлбетте, ол жердегі лекция гүлге берген тыңайтқыш сияқты әсер қалдырды. Екі мекеме де аты әлемге мәшһүр, жер жүзінің таңдаулы аудиторияларында дәріс оқып жүрген тарих ғылымдарының докторы алғаш рет аяқтай келіп тұрғанына ризашылық білдірді.

Балалар мекемесінің екеуінде де Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі туралы 14 көрме залы жөнінде егжей-тегжейлі баяндалатын шағын фильм көрсетілді. Бұл біздің музейге әлі келіп көрмеген жас жеткіншектер үшін үлкен олжа еді. Болашақта бұл балаларды Астана қаласына алдырып, музейге саяхат жасауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, қос балалар үйіне де Ұлттық музей қызметкерлері шығарған «Каталог», пен «Қазақтың зергерлік өнері», басқа да музейде өткен көрмелер жөніндегі біраз кітаптар сыйға тартылды. Мекеме кітапханаларының көркі болады деп сенеміз.

Сол күнгі табиғаттың оқшау мінез көрсетіп, қар мен бұрқасын болғанына қарамастан, барып-қайтуы бар, 300 шақырым жолды көтеріңкі көңіл күйде артта қалдырдық. Жақсы, ақ жарқын адамдармен араласқанымыз, балаларды жүзбе-жүз көріп сұқбаттасқанымыз оң әсер берді. Жасыратыны жоқ, халық арасында табатын табысы көп болған сайын, қалтасының түбіне тереңірек жасырып, бөліскісі келмейді деген сыңарезу сөз бар ғой. Бұл – біздің музей ұжымына қатысы жоқ лепес. Мен бір ауыз сөзге бола үн қосып, өз жанұясының бюджетінен жырып қаржылай көмек жасаған барлық әріптестеріме шынайы ризашылығымды білдіремін. Қайырымдылық деген қорға ақша аударып қойып отыру деген сөз емес қой, онымен негізгі қызметіңнен қол үзбей жүріп те айналысуға болады. Мысалы, заң қызметкерлері төлеуге қабілетсіз жандарға тегін кеңестер береді. Ұстаздар қауымы балаларға қосымша сабақтар жүргізе алады. Өнертанушы – нашар қамтылған отбасының балаларына ақысыз экскурсия жүргізеді. Фотограф – өз кәсібі бойынша арнайы дәріс жүргізеді.

Менің айтқым келіп отырғаны, жоғарыда атап өткен Жәкен Таймағамбетов мұны өз тәжірибесі арқылы еш дабырасыз дәлелдеді. Тіпті өзінің кәсіби фотоаппаратына суретке түсіріп, естелікке шығарып берді. Велосипед ойлап табудың еш қажеті жоқ, ең бастысы, «Жетім көрсең, жебей жүр» деген халық нақылын ешуақытта естен шығармаған дұрыс. Өркениетті елдерде қайырымдылық күнделікті тірліктің қалыпты нормасына айналған. Өнегелі адамдардың өз тапқан-таянғанының 10 пайызын қайырымдылық шараларына жұмсауы қалыптасқан үлгі.

Бұл бәріміздің де қолымыздан келеді.

Молдабаева З.Қ. 

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі кәсіподақ комитетінің төрайымы, қорды есепке алу бөлімінің  жоғары деңгейдегі маманы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5387