Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін қандай құжаттар жинау керек?
Abai.kz ақпараттық порталының оқырмандары "Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін қандай құжаттар жинау керек?" деген сұрақты жиі қояды. Біз бүгін аталған сұраққа толыққанды жауап беруді жөн санадық.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек - жан басына шаққандағы орташа айлық табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен жеке адамдарға (отбасыларға) мемлекет ақшалай нысанда беретін төлем.
Жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын Қазақстан Республикасы азаматтарының, оралмандардың, босқындардың, шетелдіктердің және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, азаматтығы жоқ адамдардың атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар.
Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін тұрғылықты жері бойынша – халықты жұмыспен қамту орталығына (ауылдық жерлерде – кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне) жүгіну қажет.
Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін келесі құжаттарды ұсыну қажет:
1) өтініш;
2) жеке басты куәландыратын құжат (Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі (төлқұжаты), Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктің тұруға ыхтиярхаты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, босқын куәлігі), ал оралмандар үшін – оралман куәлігі;
3) жеке қосалқы шаруашылығының бар-жоғы туралы мәліметтер;
4) атаулы әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымдағы банктік шот нөмірі туралы мәліметтер;
5) баланың (барлық балаларға) туу (қайтыс болу) туралы куәлігі – Қазақстан Республикасының аумағында 2007 жылғы 13 тамызға дейін жүргізілген тіркеулер бойынша;
6) өтініш берушінің деректерінде баланың туу туралы куәлігіндегі деректерден айырмашылық болған жағдайда неке қиюды (бұзуды) тіркеу туралы куәлік – Қазақстан Республикасының аумағында 2008 жылғы 1 маусымға дейін жүргізілген тіркеулер бойынша;
7) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі № 223 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiн бюджет қаражаты есебiнен беру, сондай-ақ уәкілетті ұйымнан төленетін зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақыларды, мемлекеттік арнайы жәрдемақыларды тағайындау және жүзеге асыру қағидаларына 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша оқу орнының анықтамасы, егер он сегіз жастан жиырма үш жасқа дейін асырауындағылар орта, техникалық және кәсіптік ортадан кейінгі білім беру, жоғары оқу орындарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын болып табылса.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылатын еңбекке қабілетті отбасы мүшелері өтінішке қосымша ұсынады:
1) жұмыс іздеуші адам ретінде тіркелуге өтінішті;
2) еңбек қызметін растайтын құжатты (бар болса);
3) білімі, біліктілігі, арнайы білімінің немесе кәсіптік даярлығының болуы туралы құжатты (бар болса).
Abai.kz