Міндетті медициналық сақтандыру — уақыт талабы
Еліміздегі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру Мемлекет басшысының тапсырмасына сай қолға алынған Ұлт Жоспары – бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадамның» 80-қадамына байланысты және Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында енгізіліп отыр.
Медициналық сақтандыру – халықтың денсаулығын қорғау жүйесі болып табылады. Дамыған елдердің көпшілігі оны денсаулық сақтау саласында қолданып, нәтижесін көріп отыр. Мұнда арнайы қорға жиналған қаражат есебінен тегін медициналық көмек алуға болады.
Бүгінгі таңда басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам жоқ. Сондықтан да денсаулыққа қатысты мәселелерді алдын ала ойластыру қашанда оң нәтиже бермек. Әр адам денсаулығы үшін өзі жауапты, дегенмен мемлекет бұл мәселеде қарапайым халыққа көптеген жағдайларды, ұтымды және жақсы мүмкіндіктерді жасап отыр. Ендігі жерде бұл мәселеге мемлекет және жұмыс беруші де белсенді араласпақ.
Мысалы, сақтандыру жарналарын азаматтарға жұмыс беруші мекемелер төлеп отырады, ал жұмыссыздар мен еңбекке жарамсыз адамдар үшін жарна мемлекеттен аударылады. Сондай-ақ, еңбеккер азаматтар өз жалақыларынан мақсатты салымдар аударады. Бұл жүйе халықтың барлық топтары үшін медициналық және дәрі-дәрмектік көмектің тең көлемі мен сапасын қамтамасыз етеді.
Міндетті медициналық сақтандыруды екіге бөліп қарастырар болсақ, оның біріншісі – негізгі сақтандыру түрі. Бұл сақтандыру түріне мемлекеттік бюджеттен тегін көрсетілетін медициналық қызметтер кіреді. Ол еліміздің барлық азаматтарына қолжетімді болады. Мемлекет өз міндетіне медициналық қызметтердің бірнеше түрін алады. Мысалы, жедел жәрдем қызметін, санитарлық авиацияны, әлеуметтік маңызы бар ауруларға ем көрсетуді, төтенше жағдайда көмек көрсетуді және алдын алу шараларына қатысты екпелерді өз міндетіне алады.
Ал екінші түрі – міндетті әлеуметтік сақтандыру аясында қаржыландырылатын сақтандыру. Бұл негізгі сақтандыруға кірмеген басқа да медициналық қызметтер түрін қамтитын сақтандыру болады деп көзделуде. Оған амбулаторлық-емханалық көмектер, ауруханада жатып емделу, жоғары технологиялық көмектер кіреді. Сақтандырудың осы түрі міндетті сақтандыру жүйесіне тіркелген азаматтар үшін қолжетімді болады. Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдарға 2020 жылға дейін амбулаторлық-емханалық қызметті бюджет есебінен тегін көрсету де қарастырылған. Сондай-ақ, заңға сәйкес азаматтар жеке басына арналған, өз қаражаты негізінде немесе жұмыс берушінің қаражатына жасалатын сақтандыру түрлерін де жасай алады. МӘМС-ды енгізумен ішкі жалпы өнімнен денсаулық сақтауға жұмсалатын жалпы шығын пайызы өседі, бұл медициналық қызметтердің жоғары сапасын және қолжетімділігін қамтамасыз етуге көмектеседі. Қаржыландыру көздерінің әртараптандырылуы және қаржыландыру мөлшерінің көбеюі Экономикалық ынтымақтастық және дамыған елдердің деңгейіне жету бойынша жүргізілетін нақты іс-әрекеттермен жалпы мақсаттарды нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, азаматтардың жеке шығындары азаяды. Мемлекет заңға сәйкес халықтың бірнеше топтары үшін үлкен жеңілдіктер жасауда. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады, оның ішінде 12-сі – халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы. Яғни, қорға салатын қаражаты жоқ жандарға мемлекет ақша төлейді. Мысалы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр Ана» атағын алғандар, сонымен қатар I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көп балалы аналар мен ҰОС ардагерлері және мүгедектерге мемлекет тарапынан төлемдер жасалады. Сонымен қатар, жұмыссыз жүкті әйелдер мен зейнеткерлер және жұмыссыз ретінде тіркелген, т.б. азаматтарға да жеңілдіктер қарастырылған. Айта кету керек, МӘМС аясында көрсетілетін медициналық көмектің көлемі қорға төленетін жарна көлеміне тәуелді емес. Ең бастысы, жарна уақытылы әрі үнемі төленіп тұрса болғаны.
Бір жағынан осы жүйе арқылы жекеменшік ауруханалар мен мемлекеттік ауруханалар арасында бәсекелестік орнайтыны рас. Себебі, медициналық сақтандыруы бар азамат медициналық мекемені таңдай алады. Тек сол мекеме МӘМС жүйесінде жұмыс жасауы қажет. Осы арқылы жекеменшік ауруханалардың қызмет көрсетуі қалай болса, өзіне емделушілердің келуі үшін мемлекеттік ауруханалар да қызмет сапасын арттыратын болады.
Сонымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – мемлекеттің, жұмыс беруші мен азаматтардың денсаулықтарын сақтау бойынша ортақ жауапкершілігін қамтамасыз ететін жүйе болып табылады.
Медициналық сақтандыру - ортақ жауапкершілік
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу бойынша тұрғындар арасында кеңінен ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілуде.
2016 жылдың қазан айынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша медициналық ұйымдардың басшылары Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінде, орта буын медициналық қызметкерлер Талдықорған медициналық колледжінде кезең-кезеңмен оқытылуда. Бүгінгі күнге оқумен қамту 68%-ды құрады.
Облыс әкімінің орынбасары денсаулық сақтау басқармасымен және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаментімен келісілген, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысының III кезеңін өткізуге жауапты спикерлердің тізімін бекітті.
Бұдан өзге, облыстық және аудандық, қалалық деңгейлерде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша 2017 жылдың ақпан-маусым айларына медиажоспар бекітілді.
Сонымен қатар, жоғарыда аталған жоспарға сәйкес, облыстық «Огни Алатау», «Жетісу», «Жәрдем», «Алатау», қалалық «Талдау хабаршысы», «Бизнес Дайджест», «Текелі тынысы», «Талдықорған ақшамы» және басқа газеттерде, аудандық баслымдарда дәрігердің және медициналық қызметкердің статусын көтеру бойынша 22 имидждік мақала, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша ақпараттық материалдар жарияланды.
Денсаулық сақтау басқармасы облыстық «Огни Алатау», «Жетісу» газеттерінің редакцияларымен бірлесіп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға арналған арнайы мақалалар шығарды. Сақтандыру медицинасы тақырыбына бұқаралық ақпарат құралдарында 103 мақала жарияланды.
Биылғы 14 ақпанда «Жетісу» телеарнасының тікелей эфирінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша сұрақтарға жауап берді, 2017 жылғы 10 ақпан күні баспа үйінде денсаулық сақтау басқармасының басшысы «Медициналық сақтандыру – ортақ жауапкершілік» тақырыбында брифинг өткізді.
ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой 2017 жылғы 27 наурыздағы Алматы облысына жұмыс сапары барысында өңірдің медицина қауымымен кездесу өткізіп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің негізгі басымдықтарын түсіндірді және Мемлекет басшысының денсаулық сақтау саласын жаңғырту бойынша Жолдауының негізгі бағыттарын іске асыру туралы әңгімеледі.
Сонымен бірге 29 наурызда медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің аумақтық департаментінің басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі бойынша ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Атамекен» аумақтық бөлімшесі - Алматы облысының кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған кездесуге қатысты.
Наурыздың 30 күні Алматы облысының мемлекеттік кірістер департаментінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша облыс жұртшылығының қатысуымен «дөңгелек үстел» өткізілді.
Қазақстанда биылғы 5 сәуірде тұрғындарды тіркеу бойынша «Емханаға тіркел – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде өз статусыңды анықта!» науқаны басталды.
Осыған байланысты, 7 сәуірде сағат 11.00-де «Баспа үйінің» мәжіліс залында «Емханаға тіркел – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде өз статусыңды анықта!» тақырыбында баспасөз конференциясы өткізілді.
Бүгінгі күні облыс бойынша елді мекендерде 570 кездесу өткізілді, тұрғындардың ақпараттық-профилактикалық жұмысымен 81 649 адам қамтылды, сонымен қатар, 25 мың медициналық қызметкер ақпараттық-түсіндіру жұмысына тартылды.
Денсаулық сақтау басқармасы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру тақырыбына кітапшалар, буклеттер, баннерлер дайындады, қазіргі кезде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың негізгі қағидаттарын түсіндіру бойынша бейнероликтер түсірілуде, осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 30,0 млн.теңге бөлінді.
Асхан Байдувалиев,
Алматы облыстық денсаулық сақтау
басқармасының басшысы
Abai.kz