Сенбі, 28 Қыркүйек 2024
Билік 3786 0 пікір 22 Қараша, 2018 сағат 16:17

Денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістер

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен 2016-2019 жылдарға арналған Денсаулық бағдарламасы қабылданған еді. Бұл бағдарлама –  медициналық білімді жетілдіру, тәжірибелік базаны нығайту, стационарлық қызметтер арасында мамандар бөлудегі теңсіздікті жою сияқты бірқатар мәселелерді қамтыған.

Яғни, енді медициналық мамандықта оқып жатқан жастар теориядан гөрі практиканы көп қолданатын болады. Бұл туралы жуырда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов:

-Біз 5+1 бағдарламасы бойынша оқу ұзақтығын 7 жылдан 6 жылға дейін қысқартуды ұсынамыз. Солайша медициналық білімнің тәжірибелік жағын арттырсақ, интерндер мен резиденттер көп уақытын еліміздің клиникалық базаларындағы ғана емес, университет қабырғасындағы клиникаларда да өткізер еді. Тәжірибе көрсеткендей, теория практикадан басым болғанда, жас дәрігерлер еңбек нарығына бейімделу кезінде қиналады,- деген болатын.

Сондай-ақ, алдағы уақытта халықтың дәрігерлерге деген қажеттілігін қамтамасыз ету үшін қандай білім керектігін ғалымдар мен оқытушылар шешеді. Әрине, ол әлемдік оқу-әдістемелік кеңестерінің базасы негізінде жасалатын болады.

Бағдарламаның тағы бір бағыты – ауруды ерте анықтау, алдын алу және емдеуді қарастыратын медициналық көмек көрсетудің бірегей жүйесіне негізделген.

Осы бағытта біраздан бері “Денсаулық” пойызы ұйымдастырылып келеді. Онда тұрғындар медициналық тексеруден өтіп, дәрігерден кеңес алады. Одан кейін, ем қабылдау үшін жақын маңдағы медицина орталықтарына жолдама беріледі. Биыл мұндай “Денсаулық” пойыздары барлық өңірлерді қамтыды.

Бағдарламаның үшінші бағыты - денсаулық сақтаудың кадрлық әлеуетін дамыту. Министрліктің айтуынша, келер жылдан бастап мемлекет есебінен оқыған дәрігер мамандар жұмыс істеу үшін ауылдарға жіберілетін болады. Сол үшін де олардың жалақысына 20 % қосылмақ.

Сондай-ақ, медицина саласын цифрландыру бойынша, болашақта тұрғындарға дәрігерлер смартфондар арқылы кеңес беріп, ем қабылдайды. Және 2019  жылдан бастап барлық жерде медициналық карталар мен азаматтар туралы ақпараттар, құжаттандыру электронды түрде жүргізіледі. Әрбір адамға электронды паспорт жасалып, медициналық есептер тек электронды түрде қабылданады. Емханалардағы жүктемелер дұрыс бөлініп, тұрғындарға жақын жерлерден учаскелік дәрігерлер қызмет көрсетпек.

Сондай-ақ, 2020 жылға дейін өмір сүру жасының деңгейін 73,0 жасқа жеткізу жоспарланған. Осы индикаторды іске асыру үшін, 2019 жылы жалпы өлім деңгейін ҚР ДСӘДМ-ң белгілеген келесі басым бағыттары бойынша төмендетуге қол жеткізу қажет:

-Ана мен бала өлімін төмендету

-Жарақаттанудан, жазатайым жағдайлардан және уланудан өлімді төмендету

-Қанайналым жүйесі ауруларынан өлімді төмендету

-Қатерлі ісік ауруларынан өлімді төмендету

-Туберкулезден өлімді төмендету

-Жедел, шұғыл медициналық көмекті және санитарлық авиацияны дамыту.

Ал, осы бағытта бір ғана Алматы облысында 2019 жылы тұрғындарды электронды паспорттармен қамту және электронды түрде ауруханаға жатқызу үлесі 50%-ға, ал бірыңғай желіге қосылған денсаулық сақтау мекемелерінің үлесі 80%-ға жеткен.

Abai.kz

0 пікір