Жұма, 22 Қараша 2024
Анық 11591 7 пікір 25 Желтоқсан, 2018 сағат 12:47

«Қазақстанның құрметті азаматы» деген не атақ?

«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дейді біздің қайран қазақ. Қазанның қақпағын жаппағанның алаңғасарлығын ба, әлде ит шіркіннің сұғанақтығын ба, кім білсін, әйтеуір айналамыздағы былыққа бөгіп жатқан жәйтті көргенде һәм естігенде осы тәмсілді тәпсірлеп береміз. Менің айтпағым бұл емес.

Ендігі жолды құрмет деген ұғымнан бастасам. Құрмет, құрметті болу, құрметті деген сөздердің біздің қазақ үшін орны ерек. Құрметке бөленуді, я құрметті болуды менің қазағым ешкімнен тіленіп сұрап алмайды. Оны өзімнің айналам, ел-жұртым береді. Алда-жалда үйіне бара қалсам, төрін ұсынады, бақанын қолына алып, барын сояды. Осындай ішің жылитын, жаның сүйсінетін игі көріністер тізе берсем. Ел-елде, жер-жерде құрметті азамат деп сол өңірге маңдай тері сіңген, аянбай еңбек қылып, туған өңірінің атағын аспандатып жүрген азаматтарға атақ беріп жатады. Осы кезде шынайы құрметтің адал әрі тынымсыз еңбекпен, ащы маңдай термен келетінін түсінесің.

Бір қызығы – қазақта құрметсіз деген анықтама жоқ. «Құрметсіз екен» деген сөзді естуіңіз неғайбыл. Алайда енді естісеңіз таң қалмаңыз. «Байдың асын байғұс қызғаныпты» болмасын, кім атақ алмай жатыр. Алсын. Атақ біткеннің мына дүр заманда сатулы һәм ақылы екенін ақымақ екеш ақымақ та біледі. Оны жасырып жауып қайтеміз.

Өткенде бір топ «зиялымыз» атақ алыпты. «Қазақстанның құрметті азаматы» деген! Марапаттың мәніне үңілсең, «мен сонда Қазақияның қандай азаматымын» деген сауал әркімнің кәлласын түрткілейтіні рас. Сонда осы «дырду» атақты алмаған сіз бен біз құрметсіз азамат болып шыға келмейміз бе?.. Шартты түрде. Әлбетте, қазақ жерінде кіндігіңіз кесіліп, қазақ жерінің ауасымен тыныстап жатқан сіз бұл елдің заңы белгілеп берген азаматысыз. Оған сөз жоқ. Десе де... Марапатты алған «әнші балапандар» соған лайықты ма?.. Әу демейтін қазақ жоқ. Қазақтың мылжың тойында махаббатизация әуенін шырқап, жөнді-жөнсіз секіртіп, микрофонды ерніне жабыстырып, аузын жыбырлатып жүрген «әншіге» осындай атақты беруге қарсы мен ғана емес шығар. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» дейді қазекемнің тағы бір тәмсілі. Марапат деген көбейіп кетті. Жақсы шығар, бәлкім. Бірақ әр нәрсенің жөні, мәні болу керек. Орнымен болсын. Мына марапатыңыздың «Құрмет» орденінен қай жері кем. Екеуінің де марапаттау шарты бірдей.

Жә, сөз бітті. Тәмам. Менің әкем қырық жыл білім саласында. Мұғалім. Қырық жыл бойына білім берді, оқытты. Барын салды. Аянбады. Бұл бір ғана мысал. Әкем сықылды еңбектері ұшан-теңіз мұғалімдер әлдеқайда көп. Бірақ құрметті емес! Басқаша айтқанда, әлгі «фонограф» әншілер сықылды құрметті азамат емес! Бірақ еңбектері сан мың есе көп. Еңбек өтілдері отыз жылдан асқан БАРЛЫҚ МҰҒАЛІМГЕ осы марапатты қия салса, өлтіре қоймайтын өкіметтің бір жері қисайып қалмас еді. Жегендері жантақ, арқалағандары алғыс болса да, партияның да, биліктің де қол баласындай болып жүрген, еңбектері өлшеусіз әрбір ұстаз ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ марапатына әбден лайық деп санаймын. Ертеректе, сәбет заманында қандай да бір еңбек өтілін еңсерген әр мұғалімге белгілі бір марапаттар беріліп жататын. Ол заманды мен көргем жоқ, дегенмен еңбекті ескерудің және маңдай терді бағалаудың керемет үлгісі демеске амал жоқ. Қарастырылып жатқан «Мұғалім мәртебесі» туралы заңға осындай ынталандырушы нормалар керек-ақ. Әйтпесе, аспанға қарап, жұлдыз санап, әләуләйлімі бітсе, хәләуләйлімін бастайтын бәлду-бәлдулер жөнсіз марапатталып-ақ жүр...

Еркебұлан Әкімқожаұлы

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5308