Жұма, 22 Қараша 2024
Анық-қанығы 5843 4 пікір 27 Желтоқсан, 2018 сағат 09:57

Емшілікке талас көп

Ауырмайтын адам жоқ. Ал ауыра қалған жан дертіне шипа іздеп тезірек сауығуды ғана ойлайтыны белгілі. Бірақ алынбас қамалдай дес бермейтін дерттер де кездеседі. Ондайда ауруы жанына батқан адам, амал жоқ, дәстүрлі ем-дом жолдарын іздейді. Соның бірі – табиғи шөптермен емдеу жолы. Алайда адам табиғатына оңтайлы осы амалдың өзі бұл күндері сенімге селкеу түсіре бастаған көрінеді. Оның себебі неде? Сенімсіздіктен гөрі қауіптіліктің де бел алуы мүмкін бе?

Әрине, бүгінде түрлі ауруларды табиғи, яғни емдік шөптермен емдейтін халықтық орталықтар елімізде баршылық. Мәселен, Алматы қаласындағы сондай орталыққа барған талай науқас дертіне шипа тауып, алғыс білдіруде. Ондай орталықтар, орындар елордамызда да бой көтеріп жатыр. Бәрінен бұрын қазақтың халық емі болып табылатын табиғи шөптермен емдеудің тиімділігі жоғары болғандықтан оған жүгінушілер саны да артып отыр. Көпшілік тіптен дертке дауа табылмаған күнде, әйтеуір халықтық медицина амалынан ауруына ауру жамамайтынына сенеді. Тек ең бастысы білгір емшінің қолынан ем алу. Өйткені білгір, кәнігі емші науқастың ауру сырын тап басса, оның дертіне шипа болар шөпті де тура тауып, лайықты дәрі жасай алады дейді. Міне, сонда ғана табиғи шөптерден жасалған дәрумен де, ем де ауруға қонатынын ғалымдар да жасырмайды.

Дегенмен бұл салада да осы айтылған мәселелердің бәрі біз ойлағандай шешімі тапқан деп айта қою қиын. Және ол қандай мәселе екенін осы салада еңбек етіп жүрген мамандар ғана ашып айта алатыны белгілі. Соған орай бұл тақырыпқа тереңдей барып, оның нақты қайнар көзінен ғана шынайы сыр тартқанды жөн көрдік. Мәселен, науқас жандарды көптен бері табиғи шөптермен емдеп жүрген Ращида ханым 2006 жылы Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға оралған екен. Әрине, мұны текке жазып отырғанымыз жоқ. Себебі, ҚХР табиғи шөптермен емдеудің отаны екені белгілі. Бұл жағынан олардың орасан дамығаны айтпаса да түсінікті. Міне, осы салада терең игеріліп, жетілген ем-домның қыр-сырын Ращида Қытайда жүріп оқып, бірнеше жыл дәріс алып, ұзақ уақыт жұмыс істеп, бойына тоқиды. Үрімжі қаласындағы жоғары оқу орынын бітіріп, ауруларды табиғи шөппен емдеу жөніндегі отбасылық дәрігерлік мамандығын игерген. Сөйтіп он жылға таяу сол мамандығына сай қызмет еткен. Ал елге оралған соң шет елде алған медициналық білімін растап, дәлелдеу үшін сынақтан өтіп, арнайы сертификат қағазын алады. Одан әрі Астана медициналық университетінде де білімін жетілдіреді. Бастапқы білім қоры зор болғандықтан дәрігерлік біліктілігін дәлелдеу мен одан әрі оқу барысында еш сүрінбейді.

Ауруларды емдей алатынын білімімен де, ісімен де көрсетіп, зор сенімге ие болғанда Қазақстанда өзінің жеке кәсібін ашып, іске кіріседі. Біліктілігі де, шеберлігі де талапқа сай келіп тұрған соң жеке кәсібін ашуда кедергі болмайды. Ал бәрінен бұрын оның қолынан ем іздеген жандар ағылып қоя берді. Бірақ ол ем іздеп келген науқастардың бәрін ұбатып-шұбатып қабылдай берген жоқ. Неге дейсіз ғой. Себебі,  егер соншама адамдарды қабылдай берсе, бастапқы алдына қойған мақсатын орындай алмас еді. Ол қандай мақсат еді? Ол – соншама жыл оқып, тер төгіп, әбден тәжірибе жинап білгір емші деңгейіне жеткенде ғана – науқастарды шынайы емдеу, олардың сырқатына сай нақты ем-дом жасап, оңалту болатын. Яғни, бірнеше жыл бойы жүрегіне үзбей тоқыған білім нәтижесін нақты іс сапасымен көрсеткісі келді. Сол ісімен алдына ауырып келген науқастарды емдеу барысында дертінен құлантаза айықтырып жібере алуы керек. Тіптен құлантаза сауықтырып жібере алмаған күнде де, шипасы білінуі тиіс. Сондықтан ол тек кәсіптің ғана қамын ойлап бір науқастан екінші науқасқа аттап, сан қуалап кетпеді. Науқасты аяқтан тұрғызғанша уақыт керек. Осы жағын ескергендіктен ол әдеттегі емшілердей күніне 40-50 науқастан емес, 5-6 адамнан қабылдады. Соның арқасында оның ем-домының сапасы да жоғары болды. Ал басқаша болса – көз алдау еді.

Сөйтіп ұзақ уақыт бойы ауыр науқастарды емдеудің небір қыр-сырын игерген, алақанының шипасы бар оның алдына еліміздің белгілі тұлғалары да келе бастады. Әрине, Ращида секілді емшілердің емінің тиімділігін естіген адамдар тап сондай ем түрін іздейтіні де белгілі. Соған сай, жасыратыны жоқ, ондай ем іздеген жандар көбейген үстіне көбейе түседі. Міне, сондай кезде қазақи ем жасай аламын дейтін кейбір емшілер осы сәтті «тиімді» пайдалана қояды екен. Бұлар күніне 5-6 адамға емес, 40-50 науқасқа ем «көрсетеді» дейді. Мұндайда емнің сапасы туралы ойлаудың өзі артық. Өйткені кейбірі ауру үстіне ауру жамап жатса, біреулеріне мүлде ем қонбайтыны белгілі. Бірақ әлгі жоқ жерден пайда болған емші-сымақтың қалтасы қалыңдай түседі. Емші-сымақтарға да керегі ақша. Кәсібін қалай дөңгелетсе де өзі біледі, әйтеуір байыса болды. Олардың түпкі көздеген нәтижесі – пайда.

Ал жоғарыда айтылған Ращиданың халықтық емдеу жолына келу мақсатын текке мысалға алған жоқпыз. Оның қолынан ем алған бірнеше бейтаныс адамдармен хабарласып, емнің нәтижесін сұрап та көрдік. Бәрі жақсы. Бірақ Ращида да өзі секілді қаулаған халықтық емшілердің арасында жүргені белгілі. Ешкімнің кім екені маңдайына жазылып тұрмайды. Жаңбырдан кейінгі қаулаған саңырауқұлақтарды айыра алмайтын адам оны таңдай алмай түгел жей берсе не болары белгілі ғой. Сол секілді емшімін деген алаяқтың қолына түскен науқас та біліксіз емшінің белгісіз емінен кейін не күйге ұшырарын ешкім болжай алмайды. Ендеше білікті мен біліксіз емшілердің ара-жігін айыру олардың қолдарына рұқсат қағазын беретін жауапты орындардың арына байланысты демекпіз. Ал бұған сіз не дейсіз, ағайын!

Александр Тасболат

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5302