Сенбі, 23 Қараша 2024
Анық 9049 64 пікір 15 Қаңтар, 2019 сағат 10:16

Дос Көшім. Қарағандыға қатысты ой...

Күнтізбелік жаңа жылымыздың алғашқы күні Қарағанды қаласында болған қайғылы жағдай қазақ қоғамын тіксінтіп те, сілкінтіп те тастады. Алайда, бұл оқиға да халықтың дүрлігуімен, ашу-ызаларын әлеуметтік желіге салуларымен, биліктің бар күштерін салып, «бұл – ұлтаралық мәселе» емес деп, ақталуымен, т.т аяқталатын сияқты. Дегенмен, осы оқиғаға байланысты менің де алты пікірім бар. Шыдамдарыңыз жетсе, танысып көріңіздер:

1. Барлық өркениетті елдерде осындай қоғамдық деңгейде көтерілген мәселелерге, оқиғаларға, қылмыстарға бір күннің ішінде полиция тарапынан түсініктеме беріледі. Тағы қайталап айтамын, министрліктердің немесе прокурор жағынан емес, сол қылмысқа қатысты іс-әрекетті қоларына алған қарапайым полиция қызметінің басшылары халықтың, бұқаралық ақпарат құралдарының алдына шығып, брифинг өткізеді, сұрақтарға жауап береді. Бізде бұндай іс-әрекет ешқашан болған емес. Заңда да қарастырлмаған сияқты. Бізді билік осындай мәлімет алу үшін көшеге шығуға үйретті. Сонда ғана олар министрліктің деңгейінде мәлімет таратады (журналистердің сұрақтарына тікелей эфир алдында жауап беру –түсімізге де кірмейді). Амал жоқ аптап ыстықта не аязды қыста көшеге халықты қаптататып, алаңға шығуға тура келеді. (Ең қызығы, шықсақ – «неге шығасыңдар» деп қабақтарын түйеді, жауапқа тартуға тырысады) Соның өзінде, суықтан шыдамаған халық үйлеріне тарап кету қаупі болғаннан кейін деп ойлаймын, бір жетіден кейін ғана Ішкі істер министрінің орынбасары мәлімдеме таратты.

2. Жеті күнде бұл оқиғаның себебі жөнінде сан түрлі өтірік-шыны бар ақпараттар тарап кетті. Соны тоқтату мақсатында құқық қорғау органдары «жалған ақпарат таратушыларға жаза қолданылатыны» жөнінде ескерту де берді. Өз басым, халыққа мәлімдеме жасаған Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов мырза жазаға тартылады ма деп қауіптенемін; оның «төбелес ұлтаралық жанжалдан емес, тұрмыстық негізде туындаған» деген ақпаратын растайтын, сол төбелеске қатысқан, таяқ жеген, сол қанды оқиғаның куәгері болған азаматтардың бір де бірі журналистер мен қоғамдық белсенділердің алдында, немесе теледидарда сөз сөйлеген жоқ...Айта кету керек, тергеу де әлі біткен жоқ. Адам өлтірді деген қылмыскер де әлі ұсталған жоқ. Сол азаматтардың ашық әңгімесін естімейінше, «тұрмыстық негізде туындаған» деген ақпарат мен үшін де, қоғам үшін де жалған ақпарат болып табылады.

3. Жанат мырзаның айтуынша, төбелес (министрдің орынбасарының төбелеске қатысы жоқ, және сол жерде болмаған шығар деп ойлаймын) ресторан қызметкерлері тарапынан ресторанды жабатын уақыт жетті деп, ал екінші, қанға боялған жақ тарапынан, бұған қарсылық білдіруден туса керек. Меніңше, осы ақпараттан-ақ кінәлі қай жағы екені анық көрініп тұр... Ол – ресторанның жабылуына қарсы жақ. Алайда, егер қонақтар ескертуге қарамай тағы да отыра беретін болса, ресторан қызметкерлері, сөз жоқ, полиция шақырады. Бұған ешкімнің таласы жоқ болар. Әлде, пышақ пен арматура алып, «тағы сәл отыра тұрайық» дегендерді өлтіруге кіріседі ме? Бұл – ақылға симайтын, ешкімді сендіре алмайтын болжам. Демек, заңды ресторанның қызметкерлері бұзып отыр.

4. Тағы бір ойландыратын мәселе – «тұрмыстық негізде» болған төбелестен кейін ел асып, шетелеге қашқан азаматты көрдіңдер ме? Оның қашып жүріп, бейнежазу жібергенін көрдіңдер ме? Мойындауымыз керек, бәріміз де өмірімізде талай кикілжіңдерге, дау-дамайға араластық, төбелестің де талайын көрдік. Алайда, содан кейін шетелге өтіп кеткен бір адам бар ма екен... Ал адам өлтіргегеннен соң сырт асып қашу екінің бірінде кездеседі.

5. Күні бүгінге дейін «Желтоқсан көтерілісі» кезінде сол уақыттағы БАҚ-тар Алматыдағы жағдайды бір ауыз сөзбен ғана берді, Кеңес Өкіметінің адамдары нақты ақпарат ала алмады» деп ренжиміз. Қазір сол жағдай өзгерді ме?  «Шаңырақтағы шайқасты», «Жаңаөзен қырғынын», «Жер дауын» қазақ елінің БАҚ-тары журналистік тексеру жасай отырып жан-жақты жазды ма, телеканалдар полиция мен құқыққорғау органдарының өкілдерін, сол оқиғаға тікелей қатысы бар адамдарды тікелей эфирге шығарып, бүге-шігесіне дейін талдады ма? Баяғыда, түн ішінде дауыс әрең шығатын жаман радиомен «Америка даусы», «Би-би-си», т.т. тыңдап, өзіміздің елімізде болып жатқан оқиғалардан хабардар болатынбыз. Қазір де «айтуға болмайтын» (бұл сөздің нақты мағынасы – «халық ақымақ, оларға қандай жаңалықты, қай түрде беруді біздер білеміз» деген ұғымды береді) оқиғаларды әлеуметтік желіден ғана білетін күйге түстік. Демократиялық елміз деген Конституциямыз, адамдардың ақпаратты алу еркіндігі деген ұғымдар әдірам қалды! Менің естуімше, ар-ұяты, азаматтығы бар талай журналистер Қарағандыдағы «тұрмыстық төбелесті» көрсетуге, жазуға күш салыпты, бірақ басшылары жібермегенге ұқсайды. Меніңше, Қазақ еліндегі ұлтаралық қақтығысты аңсап, тілеп отырғандар да – сол газет-журналдардың, телеканалдардың басшылары. Олар шындық айтылмаған, шындық ізделінбеген жерде қаңқу сөздердің, алыпқашты әңгімелердің, арандатудың жүретінін жақсы білетін жандар.

6. Бұл қанды оқиғаның айқай-шуының астында тағы бір, мәдениетті тілмен айтқанда, ыңғайсыз әрекет қалып қойған сияқты. Бұл – Қарағанды армиян этномәдени бірлестігі тарапынан айтылған кешірім...Әлеуметтік желіге салынған бұл кешірімнің астындағы мына сөздерді берсек те, олардың қандай ақымақтық жасағанын анық көреміз: («бір ауыз қазақша білмейді, неғылған диаспора», «мынау одан бетер басынғаны», «не оттап тұр шет тілде?», «қазақша білмейтіндердің бәрінен азаматтықты алып кету керек», «қазақша неге сұрамайды? Қазақша білетін армиян жоқ па?», т.т.). Шындығыда да мен бұл «кешірімді» «сендердің ана тілдеріңді де, мемлекеттік тілдеріңді де ұрып қойғанмыз бар!» деп қабылдадым да, олардың не айтып тұрғандарына құлақ салмадым. Өкінішке орай, бұл, жиырма жылдан астам татулықтың «кепілі» болып отырған, бірақ жұмыстарының бәрін көрші елдің тілімен өткізетін Қазақстан Халқы Ассамблеясының да ұстанымы...Қарағандыдан Армиян этномәдениеті бірлестігіне ақыл айтатын бір адамның табылмағанына қайран қаламын.

Дос Көшім  

Abai.kz

64 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377