Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті
Бүгін елордадағы «Нұр әлем» павильонында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Абай-ақпарат.
«Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атауымен өткен іс-шараға Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар, шығармашылық, студенттік және жұмысшы жастар өкілдері, жас спортшылар, дарынды балалар, заманауи медиа саласының өкілдері, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен түлектері, ерекше қажеттіліктері бар жастар, жас әскери қызметкерлер қатысты.
Шара барысында жас қазақстандықтар жүзеге асырған табысты жобалар мен жаңа өнімдердердің таныстырылымы өтті. Спикерлер ретінде түрлі салаларда жетістіктерге жеткен жас қазақстандықтар баяндама жасады.
Жастар форумында сөз алған мемлекеттік "Дарын" жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының Семей филиалының төрғасы, ақын Мерей Қарт елімізде "Әдебиет академиясын" ашуды ұсынды.
«Қазақтың жас ақын-жазушылары мемлекет қолдауынан кенде емеспіз. Қазақстанның жас ақын-жазушылары ұлтымыздың руханиятына, әдебиетіміздің дамуына үлес қосып жүр. Мысалы, мен өткен жылы өзіңіздің қолдауыңызбен Қазақстан жазушылары қолға алған жалпы республикалық Әдеби өлкетану жобасына қатыстым. Арнайы Кереку жеріне барып, сол жердің әдебиетімен, мәдениетімен танысып, бір топ шығарма жаздым. Тек қана мен емес, республикамыздың әр аймағындағы аға буын ақын-жазушылар, жас қаламгерлер осы жобаға қатысты. Еліміз туралы, жеріміз туралы шығармалар дүниеге келді. Осындай мүмкіндік берген сізге барлық қаламгерлердің атынан алғысымды білдірем.
Сөз орайында Қазақстан Жазушылар Одағы ұсынған бірегей жоба туралы айтқым келеді. Әдебиет әлемінде жаңа кеңістік ашу мақсатында жас қаламгерлерге арналған "Әдебиет академиясын" ашуды ұсынамын. Әдебиет академиясы ашылса, жас ақын-жазушыларымыз білімін шыңдап, әлем философтарының, мәдениеттанушыларының ілімін бойына сіңіріп, әдебиетіміздің әлеуеті артып, тың өріс алуына септігін тигізер еді. Сол кезде жас қаламгерлер жаһандық бәсекеге қабілетті шығармаларды дүниеге әкелер еді», - деді Мерей Қарт.
Форумда сөз сөйлеген табысты жастардың бірі - Тамила Розметова. Ол 2013 жылдан бастап еліміздегі ең үлкен ешкі фермасын басқарады. 20-ға жуық сүт өнімдерін сатылымға шығарып, авторлық ірімшік дайындаумен айналысады. Ауыл шаруашылығымен қатар, қоғамдық іс-шараларға да белсенді араласады. Ата кәсіптің шынайы жанашыры Тамила Розметова Жастар жылының ашылу салтанатындағы сөйлеген сөзінде Астанада алма бағын ашуды ұсынды.
«Алманың отаны Қазақстан екенін Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан білдім. Бүгінде Атырау жұрты алма өндірісін жандандыру үстінде. Осы Жастар жылында біз, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» атты республикалық жастар қозғалысы, мақаланы нақты жобамызбен қолдағымыз келеді. Осы көктемде Астанада алма бағын ашсақ дейміз. Ол үшін суыққа, желге төзімді алманың 4 сұрпын таңдап қойдық. Бақты тамшылатып суару әдісін де қарастырдық. Осы баққа арнайы жер бөлінсе, жұмысқа кірісуге дайынбыз», - деді Т.Розметова.
Тағы бір ерекше қонақ - бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы. Ол өзінің жетістіктерін айта келіп, Астанада бүркітшілер мектебі ашылса деген арманын айтты. Әрі президент Назарбаевқа Монғолиядағы қандастардың сәлемін жеткізді.
«Мені әкем Нұрғайып бүркіт баптап үйретті, анам әркез қолдады. 8 жасымда бүркітті қолыма қондырдым. Бүркіт баптау үшін қайсарлық қажет. Осы Астанада, басқа қалаларда қазақтың салт-дәстүрлерін оқытатын орталықтар, соның ішінде бүркітшілер мектебі ашылса деген арманым бар. Айтпақшы, ұмытпай тұрғанда айта кетсем, Алтайдағы аз ғана қазақтың аманаты бар еді, Сізді Бай-Өлкеге қонақ болуға шақырамыз. Ақ дастарханнан дәм татып кетсеңіз, алыстағы ағайынның рухы бір жасап қалар еді», – деді Айшолпан өз сөзінде.
Жастарды мұқият тыңдаған Елбасы бүгінгі таңда өмірдің барлық саласы, білім де, жұмыс та, өзара қарым-қатынас та өзгеріп келе жатқанын атап өтті.
«Мен көріп отырған қазақстандықтардың жаңа буыны - Қазақстанның ең орасан жетістігі, Мемлекет башсысы ретіндегі менің жұмысымның нәтижесі. Сіздермен кездесіп отырғаным үшін өте бақыттымын. Мен Қазақстанда Жастар жылының басталуымен құттықтаймын», - деді Елбасы.
«Біздің көз алдымызда жаңа жаһандық өркениет келе жатыр. Цифрлық қоғамның, экономика мен білімнің дәуірі келді. Менің буыным мектеп оқып жүргенде, әсіресе ауылда теледидар да жоқ еді. Радио енді ғана шыға бастаған еді. 100 жыл тарих үшін тым қысқа уақыт. Қазір бәрінің 10 жылдың ішінде қалай өзгеріп жатқанын көре беріңіз. Сол үшін біздің мемлекет уақыт алға тартып отырған тегеуріндерге жауап бере алуы керек», - деді Мемлекет басшысы.
Назарбаев жастар елдің бәсекеге қабілеттілігінің басты факторы екенін айтты.
«Аллаға шүкір, біз әлемнің ең дамыған 50 елінің қатарына кірдік. Бірақ бұл жеткіліксіз. Бүгін мемлекеттер арасында ғана емес, адам мен адам арасында бәсеке жүріп жатыр. Сондықтан ғылым мен білімді көтеретін креативті жастары бар ел ғана жеңеді. Мен бүгін соған куә болып отырмын», - деді мемлекет басшысы.
Бәріміз білетіндей, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланған болатын.
Ақберен Елгезек,
Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары:
- Соңғы 7-8 жылда байқап жүрміз: мүлде басқа сападағы жастар өсіп жетіліпті. Көрсең, көзің қуанады, сөзін тыңдасаң, жүрегің қуанады. Шетінен сымбатты, шетінен білімді. Бәрінің дүниетанымы, көзқарастары бөлек. Және көбісі Отанын сүйеді. Әлбетте, кез келген буында "Абай жолын" кім жазғанын білмейтін, тариxынан бейxабар, қазақтың өткенінен гөрі басқа елдің өткенін білетін дүбаралар бола береді. Дегенмен, жалпы қарағанда, қазіргі жастар мықты! Оны мойындауымыз керек. Алайда, жастар қанша мықты, білімді, жан-жақты болса да, оларға, олардың бастамаларына мемлекет тарапынан қолдау-қамқорлық болмаса, көзіндегі жалыны біртіндеп өшіп, салы суға кете бастайды. Оны біздің буын аздап көрді. Әйтеуір, ілдебайлап осы күнге жеттік. Шынын айтқанда, талай армандарымыздың күллі көкке ұшты. Бәлкім біздің жастығымыз мемлекеттің құрылу уақытына кеп қалғандықтан болар...
Сондықтан, биылғы 2019 жылды мемлекет Жастар жылы деп атап, жастарға көңіл бөліп жатқаны қуантарлық жағдай. Бүгін Жастар жылының ашылу салтанатында Президент тарапынан да, жастар тарапынан да көптеген жақсы ұсыныстар айтылды. Енді осы ұсыныстар, Елбасы айтқан "Жол картасындағы" жобалар нақты іске асса, біршама нәтиже болатын сияқты. Тек пайдасыз флэшмоб, жиын-тойлардан қашайықшы.
Abai.kz