Әр күніміз, әр айымыз, әр жылымыз - «жастар жылы»...
Биылғы 2019жыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Бұл жыл қоғамның, жұрттың назарын аударып, тек жұмыс істеліп жатқанын білдіретін «науқанға» айналмауы керек деп ойлаймын. Адамзаттың тұтас өмірі, атқан әрбір таңы ұрпақ үшін, болашақ үшін емес пе? Әр күніміз, әр айымыз, әр жылымыз «жастар жылы». Жиырма жыл тұрмақ жиырма күнде жастарды ұмытуға, көзден таса қылуға болмайды.
Бізде қызық, экономика десе - руханиятты, отбасы десе - қоғамды ұмытамыз. Бірін айтсақ екіншісін мүлде жылы жауып қоямыз. Енді «жастар жылын» жарияладық, басқаны қайырып қойып, алаулатып, жалаулатып ұрандап кетпесек болғаны. Әр кім, әр сала, қай-қашанда өз міндетін мінсіз түрде жыл он екі ай тоқтаусыз атқара беруге, қозғай беруге тиіс деп санаймын. Сөздің қысқасы жастардың күтімі, оқып-үйренуі, білім алуы, қызметке тұруы, бір сәт тасада қалмауға тиіс. Туғаннан тартып есейіп ержеткенше алатын тәрбиесі, көзқарас қалыптастыруы ең басты мәселе. Өйтпегенде алған білімі, сүрген өмірі қоғамға да, мемлекетке де еш пайдасы жоқ бос әурешілік болып шығады.
Осы «Жастар жылына» байланысты Астанадан тартып ауылға дейінгі өмірді көз алдыма келтірсем, Абай атам еріксіз есіме түседі. Әттең естір құлақ, атқарар кісі болса, Абай ата формуласын жазып, өмір сүрудің картасын сызып кетіп еді ғой... Жерден жеті қоян тапқандай шулатпай-ақ, сағат сайын, күн сайын, жыл сайын Абай тәлімін тереңдете қаузап, рухымызды суғарып отырсақ ойламаған сұмдықтарды, жиіркенішті жантүршігерлік жамандықтарды көрмес едік. Күнделікті әлеуметтік желіден, телеарналардан не бір жағымсыз жайларды байқап қаламыз. Өспірім бүлдіршіндеріміз өмірдің қызығын көріп, ақаусыз өсіп ержететін кезінде жанына кір жұқтырып, бойына жағымсыз мінез қондырып алуда.
Қысқасы бізде сөз бар, нақты іс жоқ. Құяр қалып бар, құйылатын алтын жоқ. Өсіп жатқан жастар бар, өзгеріп жатқан өмір жоқ. Ұлттың ластануының себептері көп. Ғаламдық еркін, бейпіл қысымдар, жаһанданудың шабуылы өте тегеурінді. Оның үстіне үш жүз жыл бойы орыстың боданы болғанымыз санамызды, ішетін, жейтін тағамдарымызды, сөйлейтін сөзімізді, ішкі менталитетімізді мейлінше бүлдірді. Осының ауыр шабуылы, аяусыз соққысына ұшырап, адам жанының қалауын, дәстүрлі ұстанымдарын қирата құлатып ұрпақтарды тығырыққа тіреді.
Әлеуметтік желіде жуықта тараған видо қоғамды аяғынан тік тұрғызып, адамдардың аза бойын қаза етті. Оқушылар арасындағы топтық төбелес, рақымсыздықпен бір-бірін ұрып соғу, именбестен жәбірлеу... адамдардың арасында тұрмақ хайуандардың арасында да бола қоймас. Иман сафтанып тақуалық дәрежесі асқан адам періштелерден де биік дәрежеге жететінін, тәрбие дарымай шайтанның жауынгерлеріне айналған пенде төмендерден де төмен, санасыз мақұлықтан да арман құлдырайтынын айтып еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) рухы мен тәні бірге ғарышқа көтерілгенде осы ұлы ақиқатты дәлелдеп қайтқан болатын.
Ал, мынау өспірімдер арасындағы рақымсыз төбелес, қанқұйлы қатігездікке не себеп болды? Аталарынан бері келе жатқан кек жоқ, араларында өліспей беріспейтін өшпенділік жоқ бола тұра, болмайтын бәкін-шүкінге бола осыншалық жауыздыққа баруы нені түсіндіреді? Бесіктен белі шықпай жатып қатігездікке барудың себебі не? Ол адам бойынан ар кетіп, иман үріккенін, әдептілік сөніп дөрекілік өсіп шыққанын, рақым тұншығып қатігездік дәурендей бастағанын айғақтайды. Кінәлі кім?
Кінәлі төбелескен екі жақ, бұзылған балалар деп айта алмас едім. Әрине үш жүз жылдық отаршылықтан қалған қасірет дағы. Тәуелсіздікті алғаннан бергі ұрпақ тәрбиесіндегі орны толмас ақаудың салдары. Білім, білім деп жүгіргенімізбен (оның өзі реформалардан көз ашпаудан тұрады), адам тәрбиелеуді, ар мен ұятты жетілдіруді, иманын байытуды ойламағандықтан міне, осындай масқараға жеттік. Бұл бір облыстың, бір мектептің трагедиясы емес, ол тұтас қоғамның, алдыңғы отыздыққа ұмтылған «Ұлы дала елінің» жіберген опығы, қолдан сусытып өкінішті түрде жоғалтқаны. Сонан соң үшінші қателік, мектеп пен отбасының ара қатынасының жоқтығы. Бар болса да, есепке құрылған формалармен, жиналыстармен ғана жалғасқанын ұғындырады. Ұрпақ тәрбиесінде шынайы махаббат пен жүрек сүйіспеншілігі жоқ екенін байқаймыз.
Әттең дүние, жалған-ай!... деп отырып Абай атамызға жүгінеміз. Қайран данышпан баба, ұлы ұстаз, сіз шолмаған қыр, сіз ойламаған ойпаң қалмаған екен ғой! Бізде бабалардан жеткен, Абайдан жалғасқан жарқын жол бар. Тек жүйеге түсіретін баптау, өлшемге түсетін ұрпақ болса болғаны!.. Алыстан арбалағанша жақыннан дорбалап «Абай жолын» идиялогия ете білгенде тұманға тап болып адаспас едік. Өйткені Абай ақындықтың қайнар көзі, Абай даналығының тірегі Ұлы Алланың ақиқаты болатын. Біз соны назарға алмаймыз, ылғи айналып өтеміз. «Адамды сүй Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде онан басқа» деген ұстаздың сөзін тыңдадық па? Адамды сүйдік пе? Жаратушының хикметіне үңілдік пе? Бұл күнде Абайдың атын білмейтін кісі жоқ, Бірақ, Абайдың тәлімін құлаққа ілген, құныт қойып тыңдаған кісі жоқ. Ісіне, тіршілігіне, өміріне айналдырған пенде бар ма? Біз Абай сөзін жаттатқанымызбен ұрпақ жанына сіңірдік пе? Бойына егіп болашағына бағдар жасадықпа?
Абайдың мына өлеңі жастардың ұраны, қолданатын құралы болуға тиіс еді. «Жастар жылының жарығы» «Ғылым таппай мақтанба» деген әйгілі өлеңі дер едім. Ол өлеңнің тұтас шумақтары, жолдары, әр сөзі ізгілікке, нұрға тұнып тұр. Мынау тармақтарына қараңыздаршы!
Орын таппай баптанба,
Құмарланып мақтанба,
Ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ,
Бес дұспаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой,
Бес асыл іс көнсеңіз.
Жамандық көрсең нәфрәтлі,
Суытып көңіл тисаңыз.
Жақсылық көрсең ғибрәтлі,
Оны ойға жисаңыз!
Осы жолдардың бәрін талдамай-ақ тақырыбымызға байланысты бес асылдың бірі «Рақымға» тоқталайық. Бүгінгі қоғам, адам атаның қазақ деген баласы осы бес асылынан айрылды, тоналып тозды. Осы жолғы трагедия, жантүршігерлік төбелес, адам қорлаудың аянышты көрінісі Рақымның жоқтығынан туындағаны анық.
Ол рақымды атеис қоғам, жаны ашымас ұстаз, мейірі сарқылған менменшіл галстукті «мүсіндер» бере алмайды. Ол тәрбие қасиетті құранда, адамзаттың асыл тәжі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде жатыр. Ұлы ақиқаттан алыстағанымыздың, жарықтан жасырынған жарқанаттай қараңғылыққа тығылып берген білім, айтқан сөзіңнің нәтижесі бүгінгі бассыздықты, ұятсыздықты дәлелдеуде. Абай өлеңі онан ары тереңдеп: «Мұны жазған кісінің, Атын білме сөзін біл» деп кесетеді. Менің Абай екенім, оның Мәшқұр екені маңызды емес, сенің адам болуың, тәрбиелі, иманды болуың бәрінен абзал деп жар салып тұр. Сол секілді бүгінде оның доктор болғаны, министр болғаны, әкім болғаны маңызды емес, боянған түрінің әдемілігі емес, сенің кәміл адам болып залалсыз жаниесі ретінде жақсылықтың көзіне айналғаның маңызды. Абай ата онан ары ілгерілетіп:
Өзің үшін үйренсең,
Жамандықтан жиренсең,
Ашыларсың жылма жыл.
Біреу үшін үйренсең,
Біреу білмес сен білсең,
Білгеніңнің бәрі тұл.
Сөзіне қарай кісіні ал,
Кісіге қарай сөз алма! - деп тұжырады. Қараңызшы адам өзінің өміріне, өзінің адам болуына ден қойсын дейді, сонан кейін барып өзгеге, отанға пайдасын тигізер. Кұңзы айтты дейтін бір сөзде, «Өзін ойламаған адамды Құдай атып жер жұтады» деп ауыр айтылады. Абайдың үндесуін көрдіңіз бе?
Науқаншылдықпен «отан үшін алға!», «халық үшін алға!» дегенннің бәрі жалған. Өзін ойлап өз басын дұрыс алып жүре алған адам ғана отанға, елге пайдасын тигізе алар. Басқаның шен-шекпеніне, дәрежесіне, киген костюміне қарай құлама, ісіне, ілкімді сөзіне қарай сыйла деп тұр екен. «Сөзіне қарай кісіні ал, Кісіге қарай сөз алма» деп «алудың» елікте, үйрен, қабылда, мақұлда, ілес деген мағынасы бар екенін меңзеп отыр. Абайды айтамыз сөзін тыңдамаймыз, жаттаймыз жанымызға сіңірмейміз. Дана сөзді нақты іске, қозғалыс бағдарымызға айналдырмағандықтан, тұтас оқыту программасында Абай рухы жатпағандықтан рақымсыздық бел алып бедірейген бетсіздер, тастан қатты жүректер ортамыздан шығуда. Адам баласы ақиқаттан алыстаған сайын, қазақ Абайдан ажыраған сайын адаса бермек. Төбелеспен басталған жастар жылы туралы жаман айттың демеңіз, шындық осы.
Дәулетбек Байтұрсынұлы
Abai.kz