«28 панфиловшы» мифін «Ажалсыз 4 000 сарбазбен» ауыстыру керек
ІІ Жаһан соғысындағы неміс-орыс майданындағы әскери құпиялар енді-енді жария болып жатыр. Толық жария болуы тек 2045 жылы ғана РФ құлық танытса, жүзеге асады. Аталарымыздың қос (таптық және ұлттық) фашистік жүйенің саяси мүддесінен туындаған қанды қырығының жаһанамдық қасабына түскенін бұратана ұлт ретінде нәсілдік кемсітілушілікке қос тараптан да ұшырағанын айқын ұғынуға тиіспіз.
КСРО әсіре орысұлтшылдығымен бізге «28 панфиловшы» мифін таңды. Бүгінгі Ресей мемлекеттік фашизмі ішкі ісімізге араласып, оны терістеуді керек етпейтін аксиома ретінде орыстілді түрлі ұлттан құрылған қазақ қауымдастығына мойындатып үлгерді. Оған дәлел айтып, политруктің «Шегінерге жер жоқ, артымызда Мәскеу» деген сөзін жорналшылардың саяси ауанда ойдан шығарғаныны да өмірде болмаған оқиға екенін айтқандарға қазақ «неофашистері» деген әйкәпір таңба басылды.
Алаш қоғамы ІІ Жаһан соғысындағы неміс-орыс майданындағы бабалар ерлігіне жаңарған көзқараспен қарай бастады. Ресей таңған «ажалсыз полк» шеруіне де айтар алаш азаматтарының өз пікірлері бар.
Орыс тарихына және оның езгісінде болған ұлттарға бей-жай қарамайтын империялық адуандықпен санасы мен жадысы уланбаған ресейлік зипа журналист Александр Бражниктің «На 4000 кавалеристов 102 винтовки: как погибла Казахская национальная дивизия» деген зерттеу мақаласы ұлтымызға таңылып келген «28 панфиловшы» мифін реалды өмірде болған нақты тарихи құжаттармен уәждалып, әскери құпияланған деректің негізінде «Ажалсыз 4 000 салт атты сарбазбен» ауыстырғанымызды қалайды.
Біз барша панфиловшыларға топырақ шашып отырғанымыз жоқ. Бірақ бәрі бірдей бір жерде қаза тапқан 4000 бабамыздың осы уақытқа дейін жоқтаусыз қалғаны жүрегімізді қан жалатады. Тарихи әділеттілік үшін «28 панфиловшылар паркін» «Ажалсыз 4000 сарбазбен» ауыстырмау ұлт сүйегіне басылған таңба. Әрі Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Семей, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарынан әскерге шақырылып, осы 106-шы Қазақ ұлттық дивизиясы құрамында шайқасып, ерлікпен қаза тапқандарды қайыра жерлеу үкімет тарапынан қолға алынып, аталған саябақта тұрғызылатын ескерткішке есімдері алтын әріппен жазылып, туған туыстары, үрім-бұтақтары іздестіріліп, табылуы қажет.
Енді қолда бар дерек көздеріне сөз берсек, 1942 жылы Харьков түбіндегі қанды қасапта жүздеген мың кеңес әскері опат болды. Оның ішінде 106-шы Қазақ ұлттық дивизиясы толық құрамымен қаза тапты. Сол жаһанамға куәгер болған қызыл әскерлер арасында «жалаң қылышпен ғана жау танкісіне шапқан қазақтар» туралы әңгіме тарады. Осы әңгіменің шындығын араға 70 жыл салып білгісі келген журналистің өз қолына керек деректің қалай түскенін туралы былай сөз етеді.
«В архивах удалось отыскать Акт передачи 106 дивизии, что является неоспоримым доказательством существования подразделения и его нахождения на фронте. Документ составлен 9 мая 1942 года и в нем говорится, что под Харьков на железнодорожную станцию Савинцы прибыло подкрепление в виде полной кавалерийской дивизии, которая была отправлена из Акмолинска (современная Астана) 28 апреля, а прибыла 12 мая. Численность подразделения 4091 человек и на их вооружении числилось всего 102 винтовки, 68 минометов и 3100 шашек. Конский состав был предоставлен народным хозяйством Казахстана, а новобранцы набирались из Акмолинской, Петропавловской, Кустанайской, Карагандинской, Восточно-Казахстанской, Северо-Казахстанской и Павлодарской областей. Политико-моральное состояние красноармейцев оценивалось как в «основном здоровое». Разыскать Акт передачи удалось Магжану Кахарманову, ответственному чиновнику по мемориальным проектам в министерстве обороны Казахстана»,- дейді.
Қазақтың рухтанып бағы аспауын, алысты болжайтын біреулер Мағжан Қаһарманов қолындағы «28 панфиловшы» мифін күл-талқан етер деректің алашқа жетпеуін тым арыдан ойластырған сияқты. Әйтпесе, бүгінгі ұрпағы ерлерін сол мезетте білер еді-ау!?
Бұл қанды қасаптың орын алуының басты кінәсі – Сталиннің мойында. Бұл осы соғыстағы немістер басым түсіп тұрған шақтағы орын алған Сталиндік сегіз қанды қырғының соңғысы еді. Осы жолғыға орын бергендерді маршал Василевский өз естеліктерінде маршал Тимошенко, генерал Баграмян және Әсери Кеңестің мүшесі Хрущевтар деп санайды.
Бұл туралы Сталиннің: «Если бы мы сообщили стране во всей полноте о той катастрофе, которую пережил фронт и продолжает еще переживать, то я боюсь, что с вами поступили бы очень круто...» дегені бар.
Ал, жергілікті тұрғандар мен вермахт генералдары жазып қалдырған естеліктерде бүкіл ұрыс алаңы өлген әскер денесінен аяқ алып жүргізбегендіктен иістеніп, саси бастаған шақта жұқпалы ауру тарамауы үшін ұшақ бортынан әуеден хлорка себілгені айтылады.
Осы қанды қасапта Красноград қаласы маңында түгелден жастығын ала жығылған аталарымыздың сүйегін украиндық «Феникс-К» іздеушілер тобы тауыпты. Адам мен жылқы сүйектері араласып кеткен екен. Жергілікті зоотехник қазақи жабы тұқымы екенін айтыпты. Және «Феникс-К» іздеушілер тобы жауынгерлердің жаз айында қыстық киіммен жүргенін, әрі еш қарусыз болғанын аңғарыпты.
Соғыста бәрі дерілік қаза тапқанымен осы двизияның тылында болып қолға түскен 90-ының ішінен тек санитар болған Мустафа Юнусовтің есімі ғана әзірше белгілі болып отыр. Қалған саусақпен санарлық аталарымыз неміс тұтқынына түскен соң, Дулаг-205 аралық шығарып-салма лагеріне жіберіліпті. Соғыстағы гитлерлік әм одан кейінгі сталиндік лагерьлерден аман оралған атамыз оқ-дәрі түгіл мылтықтың өзі жетіспегенін, бес күн бойы еш ұйықтамағандарын жыр қылып айтады екен. Қазақ майданда тудырған ардагер аталарлымыз сөз арасында айтып отыратын: «Күн ыстық, қар белуардан келеді, бесеу ара бір мылтық» шымшымасы ойыншық болмай қалатын осы жағдайдан көрінеді екен. Харьков облысының Красноград ауданы маңынан табылған 200 ажалсыз атамыздың есімі ғана белгілі болып отырған жайы бар.
4000 ажалсыз әскердің біз білген қысқаша дерегі осындай, енді осыны қазақ тарихшы ғылымдары қолға алып зерттесе, әлемдік деңгейдегі көркем экшн фильм түсірілсе бір жоғымыз түгелденер еді.
Әбіл-Серік Әлиакпар
Abai.kz