Биліктің негізгі тетіктерінде Қытайда шыңдалған кадрлар отыр
Қазақстан тәуелсіздік алмаған Кеңес заманында біздің ауылдан ата жұртқа алғаш қадам басқан ақын, баспагер Тәліпбай Қабаев еді. Марқұм атамыз виза ала алмай, Бейжиңдегі Кеңес консулдығының табалдырығын тоздырғанын жыр ғып айтатын. Үрімжідегі Шинжаң жастар-өрендер баспасының Қазақ бөлімін басқарып тұрғанда жұмыс бабымен Бейжиңге жиі жолы түскен екен. Барған сайын консулға соғып, шаруасын қузастырыпты.
Соңғы бір барғанында әбден танып алған ұлты қырғыз консул қызметкері кірер-кірместен: “Қайта-қайта келе бересің... Қазақстанда соншалық кімің бар еді” - деп дүрсе қоя беріпті. “Ұлтшыл”, “Oңшыл” атанып, жиырма жыл Тарымның құмында (саяси лагер) төзімі шыңдалған атам, ашуын зорға тежеп: “Әкемнің басы бар... қазақша сөз түсінесің бе?!... Әкемнің басы бар” - депті байыппен. Өткір сөз өңменінен өткен Қырғыз қызарақтап, паспортына виза жапсырып, қолына ұстатыпты.
Танымал саясаткер Қасым-Жомарт Тоқаевтің «Бел асу» кітабынан ол кісінің де Кеңес консулдығында қызмет атқарғанын білдік. Аталмыш естелік кітабының Қытайға қатысты тарауында Тоқаев мырза 1989 жылғы студенттер оқиғасы кезіндегі көзімен көргендерін, сол аласапыран шақтағы Кеңес одағының соңғы басшысы Горбачевтің Қытайдағы сапары жайында тәптештей жазады.
Кәрім Мәсімов мырза алғаш үкімет басы боп тағайындалғанда ол кісінің өмір баянынан Қытайдың екі бірдей жоғары оқу орнын (Бейжиң шет тілдер институты мен Ухан университетін) бітіргенін, тәуелсіздік алған соң әлемнің маңдай алды қаржы орталығы саналатын Ганконгтегі Қазақстанның сауда өкілдігінде жұмыс жасағанын оқыдық.
Бүгінде Тоқаев пен Мәсімов Қазақстандағы ауыр салмақтағы саясаткерлердің көш басында. Бірі сенат төрағасы, енді бірі ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарады. Президенттің Еуропа мен Америкада білім алған, тәжірибеден өткен сенімді кадрларына эконамика салаларының тізгінін ұстатып, биліктің негізгі тетіктеріне Қытайда шыңдалған Тоқаев пен Мәсімовты басшы етуі Қазақстанның сыртқы елдермен қатынасында Қытай үлесінің басым орынға шыққанын, Қытайды жеттік білетін саясаткерлердің бағасының артқанын білдірсе керек.
Америкалық оқымысты Иозеф Найдың «Жұмсақ күш» идеясымен қанаттанған Қытай үкіметінің 2004 жылдан бастап әлемнің 154 елінде Коңфузы иниститутының 548 бөлімшесін ашқаны белгілі. Қазақстанда бесеуі бар екен. Қытай билігінің мұндай жанкештілігіне кейбір қырағы батыс елдері сын көзбен қараса, өз ішіндегі ұлтшыл демократтары да: “Коммунистер ұлы ұстазымызды саяси мақсатына пайдаланып қолжаулық етті. Өздері құдай санайтын көсемдерінен ілікке алар біреу табылмағаны ма?! - деп наразылық танытуда.
Соңғы кездері ел іші-сыртындағы ақпарат көздерінде Қазақстандағы билік транзиті тілге тиек болып жүр. Ондай талдауларды Қытай сайттарынан да ара кідік кезіктіріп қаламыз. Өзіміз оқыған бір мақала Қазақстандықтар үшін Қытай тілін білудің маңыздылығын жиі айтатын Дариға Назарбаеваны басты мұрагер ретінде қарастырып, ол билікке келген жағдайда қандай саяси жолды таңдауы мүмкін деген сұраққа жауап іздепті. Автордың пікірінше мұрагердің алдында екі түрлі саяси таңдау тұр. Біріншісі Солтүстік Корея билігінің мұрагері Кимченын сияқты диктатурлық жол, екіншісі Тайванның мемлекет атасы Чанкайшидың баласы Цзяңцзиго ұстанған демократия жолы. Бізді қызықтырғаны сарапшының Қазақ саясат танушылары қайталаудан жалықпайтын Өзбекстан сценариі, басқа да қызылды-жасылды төңкеріс сияқты “Жауыр” болған көзқарастарды тізбелемей өзіне жақын (бірі қандас, бірі одақтас) екі елді мысалға келтіруі. Мақала астарында: “Қазақстанның болашақ мұрагері қандай саяси жолды (демократиялық, не диктатуралық) таңдаса да бәрібір, Қытайдың Қазақстанда мәңгілік мүдесі бар” - деген ой жатқандай...
Есбол Үсенұлы
Abai.kz