Әлеуметтік көмектер отбасының кірісіне қатысы болмауы тиіс!
ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаевқа
ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Н.Нығматулинге
ҚР Премьер-Министрі Б.Сағынтаевқа
«Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары М.Әшімбаевқа
АШЫҚ ХАТ!
АШЫНҒАН АНАЛАРДЫҢ НАЗЫ!
Еліміздің көптеген өңірі мен қалаларында әлеуметтік жағдайлары төмен болуы себепті, балаларға төленетін жәрдемақының мардымсыздығынан, үйсіз жүруден, заңсыздықтардан, әділетсіздіктерден әбден ашынған көп балалы аналар, аналар мен балаларға жағдай жасау, оларға қаралатын мемлекеттен әлеуметтік жәрдемақыны көбейту және жеңілдетілген баспанамен қамтамасыз ету, т.б. туралы ұсыныс-талаптарын жергілікті жерлердің әкім-басшылары арқылы Үкіметке ашық жеткізген болатын.
Осы жағдайлардан кейін іле-шала Үкіметтің кеңейтілген отырысы өткізіліп, нәтижесінде үкіметтің жанынан «көп балалы отбасыларға қолдау шараларын күшейту жөніндегі» ЖҰМЫС ТОБЫ және көп балалы отбасылардың неге мұқтаж екенін анықтап, олардан ұсыныстар жинау үшін жергілікті жерлерде ЖЕДЕЛ ШТАБТАР құрылды.
Қазақстанның болашақ ұрпағын тәрбиелеп отырған аналармен, көп балалы, жалғыз басты аналармен және мүгедек бала бағып отырған, тұрмысы төмен аналармен кездескенде, әлеуметтік желі, ұялы телефон арқылы сөйлескенде төмендегі қиын мәселерін ашына айтып, Үкіметке ұсыныс-талаптарын жеткізулерін сұрады.
1. Көптеген аналар мемлекеттен балаларға төлінетін жәрдемақыларды, атаулы әлеуметтік көмектерді алмайтынын жеткізіп, себептерін былайша түсіндірді. Аналар жергілікті аудан, ауыл әкімдері мен осы салаға жауапты мекеме басшылары мен қызметкерлері мемлекеттен балаларға бөлінетін әлеуметтік көмек пен жәрдемақыны төлеуде отбасының кірістерін, яғни ата-анасының және үйлерінде еңбек ететін 18 жастан асқан ұл-қыздарының жалақыларын, зейнет жасындағы үлкен адамдардың зейнетақыларын, мүмкіндігі шектеулі адамдарға берілетін жәрдемақыны, студент ұл-қыздарының шәкіртақыларын (стипендия) қосып, соған байланысты көптеген отбасылар мемлекеттен балаға төленетін атаулы көмекті, жәрдемақыны ала алмай жүргендерін ашына жазуда, айтуда.
2. Мал- құс ұстайтын, үйінде азын-аулақ жеке кәсібі, сауда-саттығы бар отбасылардың кірістерін санап, тіпті үйдегі тауықтың жұмыртқасын, сиырдың беретін сүтін қосып, «жағдайларыңыз өте керемет» деп, мемлекеттен балаларға төленетін әлеуметтік көмек пен жәрдемақыны бермейді екен. Алайда мал-құсты ұстауға кететін, саудаға кететін шығындарын еш есепке алмай, заңсыздықтарға баратындарын зар жылай айтады.
3. Сондай-ақ, атаулы көмек пен жәрдемақыны алу үшін құжат жинауда үлкен кедергіге кездесетіндерін, ана-мына мекемеге жұмсап сергелдеңге салып қоятындарын, 3 ай сайын сол құжаттарды қайта сұратындарын ашына жеткізді.
Осыған орай ата-аналар мынандай ұсыныстар айтады.
Аналардың ұсыныс-талаптары
1. Ана мен балаларға төленетін арнайы жәрдемақылар мен басқа да әлеуметтік көмектер, отбасына кіретін кірістеріне, яғни ата-анасының және үйінде еңбек ететін 18 жастан асқан ұл-қыздарының жалақыларына, үйіндегі зейнет жасындағы үлкен адамдардың зейнетақыларына, мүмкіндігі шектеулі адамдарға берілетін жәрдемақыларына, үйінде студент ұл-қыздарының шәкіртақыларына (стипендия) қарамастан, мемлекеттен балаға төленетін әлеуметтік көмектер, жәрдемақылар өмірге келген әр балаға 18 жасқа толғанша 40 000 (қырық мың) теңге төлеу.
2. Мал- құс ұстайтын, жеке кәсібі, сауда-саттығы бар отбасылардың кірістеріне қарамастан мемлекеттен балаларға төленетін әлеуметтік көмек пен жәрдемақыны өмірге келген әр балаға 18 жасқа толғанша 40 000 (қырық мың) теңге төлеу.
3. Бағаның жиі өсуіне (инфляцияға) және жыл сайынғы айлық есептік көрсеткіштің өсіп отыруына байланысты мемлекеттен ана мен балаға бөлінетін әлеуметтік көмектер мен жәрдемақылар мөлшерін қайта қарап, өсіру.
3. Аталған әлеуметтік көмектер мен жәрдемақыларды алудың жолдарын жеңілдетуді қарастыру, яғни құжаттарды азайту, тапсыратын құжаттарды жылына бір рет жинау және бір мекемеге ғана тапсыру керек.
Талғат Қатауов, БҚО тәуелсіз кәсіподақ ұйымының Төрағасы, қоғам қайраткері
Abai.kz