Телеарнадағы құлдық психология һәм «Құлмінез»
Баж ете қалатын псевдопатриоттар баж ете берсін, бірақ қазақ тілі бүгінде өзінің үнділігінен, әуезділігінен, шырайынан айрылып орысшамен араласып шұбарланған, аралас некеден туған баладай бет-пішініне дейін өзгеріп кеткен әрі сұрқай, әрі шорқақ тілге айналды. Әрі сұрқай, әрі шорқақ дегенімізге сенбесеңіз көшеде, қоғамдық көлікте сөйлесіп тұрған қазақтардың сөзіне бір-ақ минут құлақ түріп көріңізші. Олардың көпшілігі бастан-аяқ орысша сөйлесіп тұрса, ал қазақша сөйлесіп тұрғандардың сөзінің тең жартысы, не жартысынан көбі орыс сөзі.
Әрине, бұл үш ғасыр бойы біресе патшалық, біресе кеңестік Ресейдің табаны астында бүкіл ұлттық өнеріміз, мәдениетіміз бен әдебиетімізді былай қойғанда ұлттық санамыз, ұлттық намысымыз әбден тапталып, өзімізді өзгеден кем, өзгеден надан, мешел ұлт деп санап, орыстан үйренсек, орыс не істесе соны істесек озық боламыз деген құлдық психологияның кесірі екеніне дау жоқ. Ұтыры келгенде айта кетейік, кеңес өкіметінің қоластында тұрғанда біз орысшаны бұзыңқылау сөйлейтін өзбек, әзірбайжан, тәжік сияқты ұлттарға күліп, біз, яғни, қазақтар орысша акцентсіз таза сөйлейміз деп мақтанатынбыз. Тіпті, Өзбекстан басшысы Ш.Рашидов орысша акцентпен, ал біздің Д.Қонаев орысша таза сөйлейді деп те қоқыраятынбыз. Сөйткен Ш.Рашидов сол заманда-ақ өзбектің ұлттық мемлекетін орнатып кетті. Шындықты айту шырық бұзу емес Қазақстанда 700-ден астам қазақ мектептері жабылған сол заманда Өзбекстанда қазақ мектептері Қазақстандағыдан әлдеқайда көп болды. Осымен тоқталайық.
Ал енді еліміз Ресейден Азаттық алды деуге де жүрегіміз дауаламай тәуелсіздік алдық деп жүрген 28 жылдың ішінде тіліміз жұтаңданып, мыңдаған сұлу сөздеріміз қолданыстан қалып, ал аман қалғаны орысша араласқан шұбарала күйге түскені несі. «Өспейтін бала иткөсек қазады», «Өспейтін жігіт өнбейтін дауды даулайды» дейтін еді қазекем. Әлде тілге байланысты Үкіметке, парламентке 28 жылдан бері айтып келе жатқан жаншырылымыз да сол аңқау баланың, «иткөсік қазуына» немесе «өнбейтін дауға» айналып болды ма? Егер сол үкімет пен парламент қазақ тілін елдің ең басты тіліне айналдыруға әл-дәрмені жоқ болса, ең болмаса еліміздегі телеарналар мен радионың ана тілімізді шұбарлауына жол бермейтін қатаңдау бір шешім шығаратын уақыты әлдеқашан болып еді ғой. Ұлттық тілімізді төрлетейік десек те, өрлетейік десек те ең басты ХХІ ғасырдың ең қуатты идеологиялық құралы телевизия мен радиоға ұлттық тілден, тіпті қайсыбір түркі тілдерінен, әдебиеттен, жазу өнерінен хабары бар білікті журналистерді қызметке алыңдар деп осы сала басшыларына пәрмен беруге Үкіметтің де, Парламенттің де «әлі жетеді, күші келеді» ғой.
Өзімді араластырғаныма кешірім өтінемін, Қазақстанда әсіресе телеарналарда қазір әдеби де, ауызекі де көркем тілден, журналистикадан бейхабар кім көрінген тілші болып дайын орысша хабарлардан сөзбе-сөз аударып өзі не айтып тұрғанына мән бермейтіндер қазақ тілін шұбарлап, бүлдіріп баражатқанын айтып баспасөзде талай рет мақалалар жариялағаныма, жиын, отырыстарда айтып келе жатқаныма талай жылдың жүзі болды. Сөйтсем, жай қазақтың сөзі желге ұшқан заман болғанын енді ғана білдім. Әнебір жылдары мәжілістегі Халмуратов деген өзбек депутат қана. «Ау, қазақша сөйлейік те, қазақ тілін қажетсіз тілге айналдырмасаңдаршы» деп біраз шыр-пыр болып еді, 80-ге келген Косарев әлі отыр да, сол Халмуратов депутаттықтан дереу кетті.
Иә, онсыз да 28 жылда өз елінің төрінде төсеккөрпе тимей тұрған қазақ тілін телеарнаға жүргізуші, тілші боп келген әнші емес әнші, биші емес биші, қала берді әншінің әйелі, сайқымазақ әжуақорлар одан жаман бүлдіріп бітіріп боп қалды. Сенбесеңіз қараңыз:
«31»арна:
Нұрай Нұрақай біліп көрді
Жүрегі дауламаған жігіттер
Ұзындығы 8 шақырымды құраса...
Көріп тұрғандарыңыздай көктайғақта жүре алмай
Шыңдарды бағындырды
Танымалдығы артқан лагерьге мың өтініш...
Тексеру жұмыстары жүріп жатыр
Тұрақтылығына басымдық береді
КТК (2.ХІ.2018)
«Жанды дауыс» деп аталатын көрсетілімде кіп-кішкентай қазақ сәбилеріне ағылшынша өлең айтқызып жарыстырып жатқан жүргізушіні тыңдаңыз:
Өте тамаша орындау болды
Тәтті әсерлер сыйлайды
Ой бөлісті
Жаңалықтармен бөлісті
Қуаныштарымен бөлісті
Тазалық сезімін сыйлады
4.ХІ.2018
Бас миы шайқалған
Қорғаныс министрі өз кезегінде...
Барлық келісімнен шығуды алға тартты
Былтыр және биылғы жылдары
Оралман мәртебесіне ие адам
...жасау мақсатын көздеген
«31» арна 14.ХІІ.2018
1.Уақытын үнемдеу мүмкіндігіне ие болып отыр
2.Ер-азаматтар жұбайларымен ауысады
3.1000 теңгеден астам сомаға
4.Көпжасар біліп көрді
«Қазақстан» 16.ХІІ.2018
1.Бұл пікірталас алаңы жалғасын табады
«Еуразия-1»:
1.2 сағатқа дейін құрғақтық сыйлайды (сәбидің ползункиі туралы)
2.Сүйікті ісімен айналысу бақытына ие болды
Өзіңіз айтыңызшы, өз елінде, өз жерінде, өз халқының қалың ортасында отырған ұлт егер шын азат ел екені рас болса оның телеарналары өз тілін тап мынадай масқара тілге айналдырар ма еді? Мынау түркі тілдерінің ішіндегі ең бай тілдің бірі қазақ тілі емес орыс тілінің сөзбе-сөз аудармасы ғой. Мұндағы біз астын сызып көрсеткен сөздердің бәрі орысшадан сол күйінде тәржімаланған. Егер жүргізуші қазақ тілінде телехабар жүргізуге толық хақы бар, білікті адам болса оларды сөйлемге тіпті кіргізбей-ақ қояр еді. Мысалы, ұзындығы 8 метрді құрайды демей-ақ ұзындығы 8 метр десе нағыз қазақша болар еді. Көңіліңізге келсе де айтайық, орысшадан тәржімаланған осы «составляет 8 метров» дегендегі «составляетті» алып тастап «құрайдыны» айтпай-ақ қойсам әлдеқайтіп кетуім мүмкін, одан да орысшаға тиіспейін деген надандықты былай қойғанда қазақтың қанына сіңіп қалған құлдық психология, яғни, «құлмінез» дәл осы жерде ап-анық көрініп тұр.
Орыстар миды «головной мозг», жұлынды «спинной мозг» дейді. Әрі сауатсыз, әрі орысша «головной» дегенді алып тастасам бір бәлеге ұшырап кетермін деп қорқатын құлмінез жүргізуші оны сол «бас миы» деп лағып тұр. Ал «бөлісті» дегені орыстан «поделилсясын» қазақтың көрген, естіген жаңалықтарын айтты, оларда бірге қуанып жатты деген шұрайлы да шырайлы сөздерін бұл жерде орыстың осы бір ғана «поделилсясы» қылды арқылы тас-талқан Теледидардан айтылған әр сөз адамның миына тікелей, бірден әсер етеді. Қазір сол телеарналардан айтылып жатқан «бөлісті», «деп күтілуде», «қуаныш сыйлады», «өз кезегінде», «ие болды» деген сияқты небір сұрқай сөздерді дап-дардай үлкен кісілер де қолданатынын көріп жүрміз. Теледидар бірден миға әсер ететінін содан-ақ біле беріңіз. Орыстар сөздің кележағында «в свою очередь он сказал», «он в свою очередь...» деп айта береді. Жоғарыдағы «қорғаныс министрі өз кезегінде» деген де сол «в свою очередь» дегеннен тәржімалатып қойған да сол құлдық мінездің кесірі. Кейінгі кезде «не болды» деген сөз де. Иә, кезінде бір елдің отары болып өзі құлдыққа түскен елдің сөзі де құлдыққа түсіп, қожайынының тілінің көшірмесіне айналады екен. Соны «31» арна тілшісінің «уақытын үнемдеу мүмкіндігіне ие болып отыр» (14.12.2018), КТК тілшісінің «Оралман мәртебесіне ие адам» деген ойсыз, парық-парасатсыз сөйлемінен-ақ байқадық. Бұлар да орыстың әимеет возможность», «имеющий статус оралмана» деген сөздерінен құлдық санамен аударылған сөздер. «Өте тамаша орындау болды» (прекрасное исполнение) «көріп тұрғандарыңыздай» (как видите), «шыңдарды бағындырды («покарил вершины»)! Міне, қазақ тілін орыстың тілі жойып бітуге жақын қалғанын осыдан-ақ көруге болады. Ал «ер-азаматтар жұбайларымен ауысады» дегеннен өткен надандық телеарна тілшілерінен басқа да бар ма, жоқ па, бір Алла біледі. Неге өз тілімізді өзімізді осындай жексұрын күйге түсіріп болдық, а? Осы арада мынаны айта кетсек те артық болмас. Қазақта да, өзге түркі тілдестерде де «ерлі-зайыпты», «ер-хатынлы» деген бар. Демек, зайыбы дегеніміз әйелі. Ал жұбайы, байы, күйеуі дегеніміз ері. Жұбай деген ер адамның есімі. Ал жоғарыдағы «ер-азаматтар жұбайларымен ауысты» деген лақпаға жол болсын? Әлде телеарна тілшісі айтып тұрған «ер-азаматтардың жұбайлары» қазіргі тілмен айтқанда кілең «голубойлар» ма?
Небір ерсі қылық, ерсі қылуа осы күні қазақтан шығуда. Қазір қазақтың еркегі әйелін, әйелі еркегін «жолдасым» дейтін болды. Бұдан өткен «өркениеттілік», бұдан өткен «мәдениеттілік» қазақтан басқа діні мұсылман еш елде жоқ. Телеарнаға бүгінде қызметке келіп жатқан келімсек тілшілердің кесірі бүкіл қазақтың сөйлеу мәнерін осылай былғап, бүлдіріп барады. Жұрт телеарна қалай айтса, соны қайталайды. Себебін әлгінде айттық. Яғни, телевизия хабарлары көзге көрсетіп отырып берілетіндіктен олар бірден адамның миына ұрады. Демек, оны естіп ластанған ми сананы ластайды.
Сенің тіліңде сөйлегісі келмейтін ұлт өзіңді де менсінбейтінін ол ұлт сенен өзін үстем санайтынын қазақ байғұс әлі де түсінбей-ақ келеді. Олар сені менсінбегені былай тұрсын, сені қорлаудың қалт еткен сәтін құр жібермейді. Мысалы, телеэкранда қазақша жазылған судай ағып баратқан титр, яғни, жүгіртпе жол да қазақша хабар деп есептелетін болды. Бұл қорлау емес пе? Бұл тіл-құлағы жоқ мылқауларға ғана қолданылатын әдіс қой! Бұл қазақтың тілін де, өзін де не менсінбейтін, не қазаққа қаны қарайған дұшпан біреулердің ойлап тапқаны ғой!
Иә, 21-ші ғасырда қай халықтың да тілін, салт-дәстүрін, дінін жойылып кетуден аман сақтайтын ең қуатты құрал – телевизия. Ал тілі, салт-дәстүрі жойылған не өзгеріске ұшырап шұбарланған ұлт өзінен-өзі жойылып бітеді. Бажылдасаңыз тағы да бажылдаңыз, бірақ бүгінгі қазақтың көшеде бір-бірімен сөйлесіп тұрған тілін қазақ тілі дегеннен гөрі орысшамен шұбарланған қойыртпақ десе де болады. Оны саф күйіне қайта келтірудің ең тиімді құралы – телевизия. Сондықтан қазақ телевизиясына ұлттық тілден, ұлттық әдебиеттен мол хабары бар және қолынан жазу келетін журналистер тіпті, ақын-жазушыларды іріктеп алуды бастамасақ мына түрімізбен телеарналар тілімізді құрдымға кетіруге жақындап-ақ қалды.
Ұтыры келгенде айта кетейік бүгінгі қазақша телехабарларда дұрыс басшылықтың жоқтығының кесірінен көргенсіздік көсемдікке, көбіксөз-шешендікке айналды. Тіпті, экранға шығарда көрерменмен амандасудың да, хабар аяқталғасын қоштасудыңда әлмисақтан, ықылым заманнан қалыптасқан үрдістерін бұзып, әркім өзінше амандасу, өзінше қоштасу түрлерін шығарып алды. Мысалы, «31» арнада Ерқанат Көпжасар деген жүргізуші хабарды жүргізер алдында «Амансыздар ма?» деп сұрақ қойып алады да, хабарды жүргізген Көпжасар, көп жасайық» деп қоштасады. «Амансыздар ма» деген сөз екі түрлі жағдайда – біріншіден адамдар бір-бірімен сәлем-сауқаттасып болғасын сөз арасында ғана «иә,амансыздар», «иә, аман-сау барсыңдар ма» деп жайбарақат жағдайда айтылса, екіншіден әлдебір қауіп-қатерлі, оқыс уақиға болып жатқанда мысалы үй өртенгенде, көлік апаты болғанда жүгіріп келгендер «өздерің амансыңдар ма?», «аманшылық па?» деген үрейлі райда айтылады. Ал «31» арнадағы... Көпжасардың экранға шыға сала «Амансыздар ма?» деп сұрақ қойып алуы оны осының алдында ғана әлдебір қорқынышты хабар естіп келіп тұрғандай әсер етеді екен. Ал оның хабар аяқталғасын "көп жасайық" деп қоштасуы тіпті күлкілі. Әлде бұлар ата-бабамыздан ғасырлар қойнауынан қалған "Ассалаумағалейкум" десе террорист, экстремист атанып кетермін деп қорқа ма екен? Көршілес тілі, діні, салт-дәстүрі ұқсас өзбек, тәжік, әзірбайжан телеарналарындағы жүргізушілер «Ассаламуалейкум» деп-ақ ұсталып кетпей аман-сау жүр ғой! Ал Аман Тасыған деген жүргізушінің қоштасуы Тасыған деген әлде әкесінің, әлде атасының есімімен аяқталуы да күлмеске амалыңды қалдырмайды екен. Міне, біз телеарналарда тілімізді шұбарлағанымызбен тұрмай, ата-бабадан қалған ұлттық, дәстүрлі амандасу, қайыр-қош айтысуларымызды да осылай балдыр-батпаққа айналдырдық. Осының бәрі телеарналарды жайлап алған бассыздық демеске де амалыңды қалдырмайды екен. Қайталап айтар болсақ, телеарналарда ұлттық, мемлекеттік тілімізге жасалып отырған бұл қасіреттер туралы баспасөз бетінде айтып келе жатқанымызға талай жылдың жүзі болды. Бірақ соның бәріне не қолданылып жатқан шара, не сіздің айтып отырғандарыңыз дұрыс емес деген бір ауыз жауап берілген емес.
Мырзан Кенжебай
Abai.kz