Астанаға дейінгі газ құбырын тартудың бірінші кезеңіне шамамен 267,3 млрд теңге жұмсалады
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың “Президенттің бес әлеуметтік бастамасы” атты халыққа үндеуі – халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бірегей бастама. Үндеудің бесінші бастамасы - «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» деп аталады.
Қазақстан үкіметі елімізді 2015-2030 жылдарға дейін газдандырудың бас схемасын 2014 жылы бекітті. Қазірге дейін газ тарту жобасының техникалық экономикалық негіздемесі ғана жасалыпты. Экономикаға әсері де жалпылама есептелген. Негіздемеге сәйкес төрт кезеңдегі жобаның жалпы құны – 370 млрд теңге. Ал, Астанаға дейінгі құбырды тартуға бірінші кезеңде шамамен 267,3 млрд теңге жұмсалады. Бір көңілге қонымдысы, мемлекеттік сараптама "Астананы газбен қамтамасыз ететін болсақ, ұтылмаймыз" деген қорытынды шығарды.
Енді PSD шешімі маусым айына дейін болуы керек. Түсіндіре кетсек, PSD – газ құбыры қандай ауылдардан өтеді, қандай қашықтықта тартылатыны жөнінде дайындалатын егжей-тегжейлі есеп. Құрылыстан бөлек, әрбір үйге газ келу үшін 670 млрд теңге кетуі мүмкін. Сонда триллионға жуық ақша керек. Ал, бұл құжатты "ҚазТрансГаз" компаниясы әзірлеп жатыр. Министрлік одан кейінгі кезекте мемлекеттік сараптаманың қорытындысы оң болатына сеніп отыр.
Одан кейін қағаздағы жобаны іс жүзіне асыру үшін халықаралық қаржы институттары тартылуы керек. Еуропа қайта құру және даму банкі, Еуразиялық даму банкі, сондай-ақ Қазақстанның Даму банкі сияқты ұйымдардан қаражатты алу бойынша келісімдер дайындалып жатыр. Маусым айына дейін нақты жауабы берілуі керек. Қаржы тартуға жауапты – "Бәйтерек" компаниясы. Демеу Сейітжановтың айтуынша, қаржы мәселесі шешілсе, газ құбырын 2019 жылдың аяғына дейін әп-сәтте тартуға болады.
Бүгінде "Қараөзек" компрессорлық стансасы дайын тұр. Енді пәрмен берілсе, Астанаға дейін газ құбыры тартылатын болады. Қызылорда облысындағы "Қараөзек" стансасы "Бейнеу – Бозой – Шымкент" газ құбырынан 944 шақырымда орналасқан.
ҚазТрансГаз "Қараөзекті" салу мерзімін жоспарланғанынан жарты жыл ерте аяқтады. Станса құрылысы Астананы және солтүстік өңірлерді алдағы газдандыруды есепке ала отырып жоспарланған. Бұл мақсатты орындауға стансаның қуаты толығымен жетеді.Мұқтаждығы басым ауылдарға газ бірінші келеді. PSD құжатта қандай ауылдарға газ баратыны жөнінде жазылғанымен оның тартылуы басқа факторларға да байланысты. Мәселен, тұрғындарға газға қарағанда көмірді тұтыну тиімді. Ондай жайттар да ұшырасып жатады. Кейбір ауылдарға газ құбырын жүргізу қымбатқа түседі. Себебі, ауыл тым шалғай, ит арқасы қиянда жатуы мүмкін. Қомақты қаражатты бөлейін десе, ауыл тұрғындарының саны аз.
Мұндай жағдайлар да кездеседі. Сондықтан, әкімшілік газ құбыры өтетін жерге жақын орналасқан, тұрғыны көп ауылды газбен қамтамасыз еткен дұрысырақ деп шешім шығарады. Сонда байқап қарасаңыз, таңдау еркі берілгенде қайсысы мұқтаж, сол ауылға басымдық беріледі.
Abai.kz