Жұма, 22 Қараша 2024
Біздің шенеунік 8717 43 пікір 13 Наурыз, 2019 сағат 08:50

Қазақшаны қатырмайтын Мамин қытайша үйреніп жүр...

Қазақстанның жаңадан сайланған Үкімет басшысы Асқар Мамин таңғы сағат төртте тұрып қытай тілін үйренеді екен. Қазақшаны қатырмаса да, қытай тіліне деген беймәлім алаңдаушылық оны таңғы ұйқысынан шошып оятатын көрінеді. Тағайындалғанына небәрі үш апта болған Мамин мырзадан ел жаңашылдық күтіп отырғанда, оның жаңашылдығы небәрі қытай тілін насихаттау һәм үйрету болып жүрмей ме?

Жалпы, шығыстағы көршіміздің тілін үйрену керектігі туралы жиі болмаса да, еміс-еміс бір үндер естіліп қалады. Былтыр ғана сенатор Дариға Назарбаева Алматы жастарымен кездесуінде қытай тілін үйрену аса маңызды екенін айтты. Сенатордың сөзін қаз-қалпында келтірсек: “Қытай тілін үйреніңдер. Талап етемін. Мені ұлтжанды азаматтар мұндай сөздер үшін сынайды, бірақ болашақ қытай тілінде деп санаймын. Қытай нарығының әлеуеті шексіз. Халық саны көп. Ол жақта не шығарсаңыздар да, миллиардер боласыздар, – деді ол.

Назарбаеваның болашақты қытай тілімен тығыз байланыстырып, оны үйренуді талап еткені қоғамда біраз талқыға түскен болатын. Алайда, сенатордың айтуынша, Қытай бізге миллиардтап инвестиция құйып жатыр. Және, соның арқасында Қазақстандықтар үшін жаңа жұмыс орындары ашылады, табыс табады, отандық нарық жаңа тауарлармен молаятын көрінеді.

Бірақ, Дариға Нұрсұлтанқызы “табыс тауып миллиардер боласыздар” деген әдемі сөздерден бұрын, не себепті Қазақстандағы қытай бизнесмендерінің саны күрт өскенін, неге олардың 51 компаниясының біздің елге тұрақтағанын түсіндіргені дұрыс. Және, Қытайдың сол миллиардтаған инвестициясының өтеуі не болатыны тағы жұмбақ. Ал, жерінде Құдай берген асты-үсті байлығы бола тұра, отандық нарықты қытай компанияларының есебінен арттырудың астарында сатқындық жатқан жоқ па? Қалай десек те, әділ ойын емес сияқты...

Ал, осы ойындағы Асқар Мамин мырзаның рөлі қандай?

2017 жылдың маусым айында ҚХР басшысы Си Цзиньпин ресми сапармен Қазақстанға келді. Оны әуежайдан сол кездегі премьердің бірінші орынбасары Асқар Мамин күтіп алды. Сол сапарында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Қытайдың 51 кәсіпорынын Қазақстанға көшіру туралы келісімін жүзеге асырып жатқанын айтты. Сәйкесінше, Қытай басшысы да өзінің «Бір белдеу, бір жол» атты идеясын қолдағаны үшін Назарбаевқа ризашылығын білдірген. Және Си Цзиньпин мырза Астанадағы Beijing Palace қонақүйін өз үйіндей сезінетінін айтты.

Арада екі ай өткенде Асқар Мамин Қытайдың Наньнин қаласында ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Чжан Гаолимен бірге бірінші Қазақстан-Қытай аймақаралық ынтымақтастық форумына қатысты. Қытай - ASEAN Expo көрмесінде өткен кездесуде қазақстандық «Батыс Марк Ламб» ет комбинатының төрағасы Рахымжан Исмағамбетов пен  қытайлық  Zheng & Agrotechnology Co. Ltd компаниясының төрағасы Ли Сианьминг арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Нәтижесінде, жалпы көлемі 47 млн. долларды құрайтын инвестициялық жоба жасалған.

(Асқар Мамин ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Чжан Гаолимен)

Сондай-ақ, «NK Kazakh Invest» АҚ Басқарма төрағасы Мақсат Қабашев пен «Silver Tiger Capital» компаниясының басшысы Кью Лонгфай арасында капиталдандыруды жүзеге асыратын бірлескен инвестициялық қор құру туралы негіздемелік келісімге қол қойылған. Оның жалпы құны 250 млн. АҚШ долларына бағаланған.

Сонымен қатар, осы форумда Қазақстандық «Aitey Group» холдингінің басқарма төрағасы Сейітжан Есімов пен «Stone» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ху Джинпей де стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойды.

Жалпы, осындай ірі жобалардың іске асуын көздейтін бұл форумға Асқар Мамин “екі ел арасындағы достық пен татулықты және стратегиялық әріптестікті нығайтуға жаңа серпін береді” деп бағалады.

Бір жылдан соң, яғни, 2018 жылдың сәуір айында Асқар Мамин жұмыс сапарымен кезекті рет Қытайға барды. Ол кезде қытайлық CITIC Group Corporation Ltd компаниясының бас директоры Ван Джунмен жолығады. Кездесу барысында көлік инфрақұрылымын дамыту, мұнай өңдеу және ауыл шаруашылығын дамыту саласындағы инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланады. Және, Қытайдың экспорттық-импорттық, (Export and Import bank of China), құрылыс, (China Construction Bank), индустриалды-коммерциялық (Industrial and Commercial Bank of China Limited) сияқты ірі банктерінің басшыларымен инвестициялық жобаларды қаржыландыру мәселелерін талқылаған.

Ал, 2018 жылдың қыркүйек айында Мамин мырза тағы да Қытайға барып, Бейжің қаласында ҚХР Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Хан Чжэнмен келіссөздер өткізді. Және, COSCO Shipping Corporation басшысы Хуан Сяоуэнмен және Ляньюньган портының басқарма төрағасы Дин Жуэймен кездесіп, трансқұрлықтық тасымалдауды дамыту және бірлескен терминал мен “Хоргос-Шығыс қақпасы” АЭА-ны одан әрі дамыту мәселелері талқылады.

(А.Мамин ҚХР Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Хан Чжэнмен)

Қазақстан-Қытай арасындағы осындай келісімдердің жүзеге асуына ықпал етіп жүрген Мамин мырзаның қытай тілін таңғы төрттен үйренуінің сыры да осы болса керек.

Бүгінде Қазақстанның Қытайға қарызы 1,2 млрд.доллар болған. Бұл туралы ҚР Премьрер-министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтқан болатын. Оған қоса, Қазақстан үкіметі Қытайдан екі ел шекарасындағы қазақстандық өткізу пунктін жетілдіру үшін тағы да 2 миллиард юань, яғни, 100 миллиардқа жуық теңге қарыз алуды жоспарлап отырған көрінеді. Осылайша, қазақтың мойнына тағы да қарыз қамыты ілінбек...

Айтпақшы, ақпарат құралдарында осы Маминнің Кәрім Мәсімовпен кластас екені айтылды.

Екі шендінің қазақ тілінен берген ұстазы Мүслима Айсаққызының айтуынша, Асқар көп балаларға қарағанда қазақ тілін жақсы білген. Бірақ, сөйлеуге ұялатын болыпты. Қазақша сұраса үндемейді немесе “не знаю” деп жауап беретін көрінеді. Ал, кластасы Кәрім Мәсімовтың барлық сабағы бес болғанымен, дәл қазақ тілін 4 ке бітірген. Ол бағаның өзін мұғалімдері сұрап қойдырған екен. Ұстазы Мәсімовтың қазір қазақ тілін нашар білетінін, екі сөз айтса, үшіншісін оқып беретінін сынға алыпты. Сонау мектептен қазақ тілінің уызына жарымаған екеуі де кейіннен ҚР Үкіметін басқарды. Бір қызығы, Кәрім Мәсімов та қытай тілінде таза сөйлеп, баяндама жасайды. Ал, Асқар оның деңгейіне жету үшін таңғы төрттен тұрып еңбектеніп жүр...

Түйін.

Тіл – ұлтың жаны. Бұл  бір қарағанда жаттанды сөз көрінгенімен, шын мәнінде, қазақ ұлтының тілін білмегендер, оның жанын түсініп, мәселесіне бас ауыртпайтынын көріп жүрміз. Ал, Мамин мырзаның және оның қайта жасақталған Үкіметінің сырт көзді алдау үшін сөйлеген жасанды қазақшасы қанша уақытқа жететіні белгісіз...

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

43 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3217
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5262