Сарапшылар: «Назарбаевтың Президенттік қызметін биік бағалау керек»
2019 жылы 19 наурыз елімізде үлкен тарихи оқиға орын алды. Нұрсұлтан Назарбаев Президенттік өкілеттігін тоқтататынын жариялады. Ал бүгін Республика Президенті өкілеттігін уақытша атқаратын Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді.
Осы оқиғаға байланысты бірқанша азаматтардан пікір сұраған едік.
Берік Әбдіғали, cаясаткер:
– Бұл тариxи тұлғаның - тариxи шешімі. Нұрсұлтан Назарбаев өз мәлімдемесінде билікте болған 30 жылына шолу жасап, мемлекет тарихындағы маңызды оқиғаларға тоқталып өтті. Шын мәнінде Тұңғыш Президент өте қиын, күрделі кезеңде ел тізгінін қолына алды. Кеңестік Қазақстаннан Тәуелсіз Қазақстан қалыптастыру жолында үлкен жауапкершілікті мойнына жүктеді. Қиын-қыстау уақыттан елді аман алып шықты. Қарап отырсақ, тәуелсіздік жылдарында жаңа ұрпақ өсіп-жетілді. Мемлекеттің даму үрдісін жалғастыратын тұлғалар қалыптасты. Осының бәрі мемлекеттік саясатта сабақтастық жүретінін көрсетеді. Үлкен өзгеріс болады деп ойламаймын. Нұрсұлтан Назарбаевтың Тұңғыш Президент деген мәртебесі сақталады. "Нұр Отан" партиясының төрағасы қызметінде қала береді. Соңғы өзгерістерге байланысты Қауіпсіздік кеңесі төрағасының құзыреті кеңейді.
Тәуелсіздік жылдары Тұңғыш Президенттің ел қуатын еселеуге қосқан еңбегі мен үлесі шексіз. Қазақ мемлекеті жаңғырды. Шекарамыз белгіленіп, мемлекеттік рәміздеріміз анықталды. Тәуелсіздік құндылықтары қалыптасты. Қазақстан әлемге танылып, ғаламдық саяси процестерге белсенді араласа бастады. Осы 30 жыл қазақ тариxында "Нұрсұлтанның Нұрлы жолы" деген атаумен қалады.
Әзімбай Ғани, саясаттанушы:
– Нұрсұлтан Назарбаевтың Президенттік қызметін өте биік бағалау керек. Біріншіден, еліміздің егемендігі, территориялық тұтастығы сақталды. Екінші жағынан, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жақсы экономикалық реформалар жасады. Салыстырмалы түрде айтқанда, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі Өзбекстаннан бес есе жоғары болды. Мысалы, бес миллион өзбек өзге елдерде жұмыс істеп жүр. Ал бұндай жағдай бізде жоқ. Ал үшіншіден, шетелдегі қазақтарды жинап, егемендікті қамтамасыз етті. Оның үстіне, бейбіт жолмен, саяси күрсессіз өз еркімен қызметінен шегінді. Бұл да өте көреген шешім.
Назарбаев билігі кезінде Қазақстан сыртқы саясатта белсенді болды. Халықарлық қатынастарды жақсы жолға қоя білді. Мен Нұрсұлтан Әбішұлын мақтап жүрген қазақтардың бірімін. Бірақ, елде қордаланып қалған мәселелер де аз емес. Соның ішінде ең маңыздысы, елде құқықтық-саяси реформа жасалуы керек. Бұл - ел экономкикасының өсуінің басты тірегі. Бұл құқықтық кепілдік береді. Шетел инвесторларын да Қазақстанға сенімді түрде келуіне жол ашады. Одан кейін, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру керек. Бұл да сәл ақсап тұрған сала. Енді келесі Президенттің алдында нарықтық қатынастарды тереңдету, құқықтық-саяси реформа жасау және тіл мәселесін шешу міндеті тұр.
Бахтияр Қабасов, «Рухани жаңғыру» журналының редакторы:
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем алдындағы абыройы жоғары, беделі асқақ, жүзі жарқын, сөзінің өтімді, ойы ұтымды, пікірі пайымды қасиетін әлем түгел танып отыр. Қазіргі таңда және болашақта еліміз бағындыратын талай асу бар. Міне, осындай биік мақсаттар бізді тек алға жетелеуде. Мұны халықтың сан ғасыр аңсаған арманының орындалғаны деп білемін. Қазақ халқының арманы шындыққа айналуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кепіл болды. Ол мызғымас мемлекет қана емес, түбірімен жаңарған демократиялық қоғам құрды. Бүгінде әлемнің озық елдердің үлгілеріне, тәжірибелеріне сүйене отырып, өзіндік жолын таба білген Қазақстанның қарыштап дамуының басты ерекшелігі де – осында. Айта берсек, Елбасының ерлігі жетерлік. Бастысы, бейбітшілік сақталып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Abai.kz