Әуезов, Қонаев және басқалар
Наурыздың 13-күні біздің университетке сәті түсіп Мұрат Әуезов пен Дияр Қонаев келе қалсын. Жапырылып күтіп алдық. Қадірлі қонақтар университет алдында жаңадан Мұхтар Әуезовке орнатылған алып ескерткішке бас иіп, «Мұхтартану» орталығына бас сұқты. Университетіміздегі барлық оң өзгерістерге екі тұлға да көңілдері толып, қатты риза болысты. Оны сөздерінен де, өңдерінен де байқадық. Бұл оң өзгерістердің түпкі себепшісі алып оқу ордасының ректоры Дария Пернешқызы Қожамжарова екенін олар көріп, біліп, қазақы үрдіспен «ұзағынан сүйіндірсін» айтты. Ақиқатында, Дария Пернешқызы оқу ордасының сыртын әрлеп, ішін мазмұнға толтырсам деп қатты қайрат көрсетуде. Болашақта ол кісінің іргетасын технарлар қалаған оқу ордасын ұлттық университет дәрежесіне көтермек ойы бар.
«Мұхтартануды» армансыз тамашалап шыққан қонақтар университет ұжымымен кездесуге жақында ғана өткен мерейтой кезінде ашылған академик С.Сүлейменов атындағы судай жаңа мәжіліс залына кірді. Жұрт қошеметпен қарсы алды. Жүздесуді бірінші проректор Қайрат Еңбекшіұлы өзіне тән байыптылықпен жүргізіп отырды. Кездесу барысында қонақтар жайлы аз-кем мағлұмат беру үшін сөз осы жолдың авторына берілді. Не айтсам екен деп біраз толқыдым. Мұрат кім, Дияр кім? Екеуі қазақ еліне белгілі екі ірі династия өкілі. Рухани династия десе болады. Баяғыда Бауыржан Момышұлының өзін Момышұлы І деп, ұлын Момышұлы ІІ, немересін Момышұлы ІІІ деп айтатыны бар еді. Сол өрнекке салсақ Мұрат – Әуезов ІІ, Дияр – Қонаев ІІІ болады-ау деймін, сірә. Сыртқы порым жағынан Мұрат ағамыз Мұхтар Әуезовке, Дияр ағамыз Дінмұхаммед Қонаевқа қатты ұқсайды екен. Сөзімді толық бермей-ақ, қысқа тезистермен жеткізейін.
Сонымен, Мұрат Әуезов туралы сөйлеген сөздің нобайлары:
Аз ғана автобиография
Мұрат Әуезов 1943 жылы 1 қаңтарда Меркі кентінде туылған. МГУ-дың қытай филологиясын бітірген. Мәскеуде әлем әдебиеті институында филология бойынша кандидаттық диссертация қорғаған. Әкесі – Мұхтар Омарханұлы Әуезов, анасы – Фатима Зейнуллақызы Ғабитова. Мұрат Әуезов Қытайда елші, Сорос қорының директоры, Ұлттық кітапхана директоры қызметтерін атқарған. «Времен связующая нить», «Иппокрена», «Ділім» атты кітаптардың авторы. «Тарлан» сыйлығының иегері. Францияның Фонтенбло, АҚШ-тың Луисвилл, Қазақстанның Меркі қалаларының құрметті азаматы. Қызы – Зифа-Алуа Әуезова араб тілінің маманы, Санкт-Петербург университетінің түлегі (араб тілі бойынша). Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат атТүрік» кітабын араб тілінен орыс тіліне аударған (Осы кітапты бізге «Мұхтартану» орталығына Мұқаң сыйға тартты). Баласы – Мағжан Әуезов қаржыгер.
«Жас тұлпар» ұйымы
«Жас тұлпар» ұйымы 1963 жылы 6 қарашада Мәскеу энергетикалық институтының асханасында Қазақстандық студенттердің тұңғыш басқосуында құрылды. Оның жетекшісі болып Мұрат Әуезов сайланды.
Мұрат Әуезов «Жас тұлпардың құрылуын былай сипаттайды: «Біз өзіміздің кім екенімізді, тарихымызды білгіміз келді. Қазақ ұлтына жасалып отырған әділетсіздікті көрдік. Сол уақыттарда қазақ мектептері жабыла бастады. Семей полигонында ядролық жарылыс жүргізілді. Қазақстанның бес облысын қамтитын Тың өлкесі құрылып, оған сырттан неше түрлі адамдар әкелінді. Бес облыс үшін бір ғана газет шығарылды. Оның өзі орысша басылымның аудармасы. Ашаршылық туралы естігеніміз бар. Ешқандай деректер жоқ, бірақ ата-аналарымыздың, үлкендердің әңгімелерін тыңдағанбыз. Ақиқаттың ашылмай жатқанын ішіміз сезіп жүрді. Осының бәрі біз сияқты жалындап тұрған жас жігіттерді ойға қалдырды».
Яғни, «Жас тұлпар» 60-жылдардағы Алаш идеясын жаңғыртушы ұйым болды.
Дияр Қонаев Мұрат Әуезов туралы
Дияр Қонаев – Мұхтар Әуезовтың жиені. Мұхтардың Ләйла деген қызы Дінмұхаммед Қонаевтың інісі Асқар Қонаевқа күйеуге шыққан. Осы некеден Дияр туған (Дияр – қателеспесем Дінмұхаммед пен Мұхтар есімдерінің қысқарған түрі). Дияр енді Әлкей Марғұланға күйеу бала боп, елге танымал атақты үшінші әулетке жегжаттық жолмен қосылыпты).
Дияр өзінің нағашысы Мұхтар Әуезовті де оның ұлы Мұрат Әуезовті де жоғары бағалайды. Олар туралы ол былай дейді: «Современники Мухтар Омархановича называли его ренессансной личностью, то же определение можно отнести и к Мурату Мухтаровичу.
Мне очень приятно видеть, с какой легкостью он переходит с английского на китайский или с русского на казахский, общаясь с носителями языка».
Дияр ағамыз сөзге сараң, салмақты жан екен. Қарапайымдылығы көзге ұрып тұр. Дінмұхаммед атамыздың тәрбиесін бойына дарытқан ғой.
Мұрат Әуезов кредосы:
«Келе жатқан жолдарды саптап, саралап қарасам, оның қай-қайсысында да ең басты өмірлік ұстанымым – әділ болу, әділдікті мойындау, әділетсіздікпен күресу болып келеді екен. Әділ мен әділеттілік – жадымда жатталып, жанымды жаңғыртып, ата-бабаларымның қанымен келіп, көңілімді асқақтатып, кеудемді тіктеген ұғым» (Мұрат Әуезов. «Тамшы бұлақ» шығармасы)
Мұрат Әуезовтың жақын достары:
Алан Медоев, Асқар Сүлейменов (қайран, Асекең бұл жерде де жүр), Болатхан Тайжан.
Мұрат Әуезовтың жас кезінде ұстанған бір ұстанымы:
«Прощай гуманитария, приветствуем свободный дух»!
Афоризмдері:
Біз сан алуан маневрлер жасау арқылы қайткен күнде де ұлттық мемлекет құруға қарай жылжуға тиіспіз. Бұдан басқаша болуы мүмкін емес.
***
Бір-ақ мәселе – біз өзі кімбіз? Соны анықтап алуымыз керек. Ол үшін қазіргі жағдайымызға талдау жасап, өзіміздің психологиялық жай-күйімізге көңіл бөліп, отаршылдықтың қоқыр-соқырымен ластанған санамызды тазартып алғанымыз жөн. Соған қарай жол іздеуіміз керек.
***
Тәуелсіздік – қасиетті ұғым. Оған тұтас ғұмырыңды арнасаң да аздық етеді.
***
Художественное казахское слово согревает меня.
***
Ана тілді білмеу – табиғатқа қарсы жасалған нәрсе.
***
Без великих библиотек нет великих стран и народов.
***
Менің қаруым жас кезімнен қалыптасқан, ол – білім, логика, сезім, талдау сезімі.
***
Человек ежедневно проходит тест на критерий нравственности.
***
Білім бар жерде ерлік бар.
(«Монисто» шығармасынан)
Культуртрегер
«Я очень люблю немецкое слово «Культуртрегер» – носитель культуры. Так вот, Мурат Мухтарович – Культуртрегер, носитель и радетель знания и просвещения, духовности, гуманности в высшем проявлении» (Герольд Белгердің «Тамыр тамыров» кітабынан).
Герағаңның сөзімен баяндамамды аяқтадым.
Бір оқытушы сұранып, сөзге шықты. 1961 жылы Мұхтар Әуезов қайтыс болғанда, радиодан естіп, көңілі босап жылағанын айтты. Қанша рет естігенмен Мұрат Әуезовты бірінші рет көріп отырғанын тілге тиек етті.
Артынан сөз бас қонақ Мұрат Әуезовке тиді. М.Әуезовтің жиналған қауымға арнап сөйлеген бір сағаттық сөзін біз бір минутқа сығымдап бере кетпекпіз.
Мұрат Әуезовтің сөзі:
«Алматыдан шыққанда күн бұлт боп, суық боп тұр еді. Шымкентке келсек өріктер гүлдеп тұр.
Бұл жер менің елім, жұртым. Сіздерге шын жүректен айтып тұрмын. Бізге сөйлеу үшін үлкен зал керек емес. Қайта осындай ықшамды жер ұнайды. Шайла сияқты сұхбаттасуға ыңғайлы.
Біз жол жүріп үйреніп қалғанбыз. Сөйлесуден шаршамаймыз. Емін-еркін сұхбат құрайық.
Жастар турист болу керек. Немесе альпинист. Альпинистер сияқты биікке ұмтылу керек қой. Армансыз, мақсатсыз адам адам ба?! Онда өмір сүрудің керегі жоқ. Сол үшін биік арман, биік мақсат қою керек.
«Жас тұлпарды» құрғанда қорыққан жоқсыз ба?» дейді. Бізде ол кезде үлкен ой болды. Ұлтты ояту деген. Сонда сен қорықпайсың. Қорқудың өзі қорқып қашып кетеді.
Мені әкем №18 қазақ мектебіне өзі жетектеп апарды. Алматыда екі-ақ қазақ мектебі бар еді. №18 ұлдарға, №17 қыздарға арналған. Мен сонда 3 класты оқыдым. Сонда менде қазақ тілінің фундаменті қалыптасты. Кейін жағдайға байланысты орыс тіліне көшіп кеттім. Әкем мені үйде ағылшын тілін мұғалім жалдап оқытты.
Көп тіл білу жақсы. Онда тұрған проблема жоқ. «Жеті жұрттың тілін білдің бе, жеті қырдан астың ба?» дейді. Мен кейбір экзотикалық тілдер болмаса, басқа кез келген тілде сіздермен сөйлесіп, жауап беруге дайынмын (Бір түрік студентке түрікше сөйлеп, түрік тілінде жыр оқыды).
Әкем бізді табиғатқа көп алып шығатын. Табиғатты сезінсін дейтін шығар. Табиғаттың өз тілі бар ғой. Содан олар дастархан жайып, қызу әңгімеге кірісіп кетеді. Жанында Ғабит Мүсірепов, Мұстафиндер бар. Дауыстары қатты шығып, кейде әлденеге таласып та жатады. Біз оларда шаруамыз жоқ, жоталарға шығып, қыдырып жүреміз. Кейін ойласам, олар қалада, кабинеттерде айта аламайтын сөздерін осында шығып айтады екен ғой.
Бірде бізді Ыстықкөлге апарды. Ернар екеумізді. Атақты манасшы Саяқбай Қаралаевты арнайы алдыртып тыңдады. Менде тыңдап отырмын. Бір кезде маған мүлде түсініксіз сияқты боп тұрған жыр түсінікті бола бастады. Күбірлеп айта бастадым. Соны байқаған әкем айналасындағыларға айтып «Менің балам қырғызша түсініп жатыр» деп қатты қуанды. Сөйтсем, ол менің түрік тілдерін білгенімді қалайды екен ғой.
Мен 1972 жылы 6 ай Индияда болдым. Оларда бұрын ағылшын тілі үстем болған. Кейін олар ағылшын экспансиясынан құтылғанда, ағылшын тілінен бас тартқан. Қазір олар айтады. Біздің кейінгі жастарымыз ағылшын тілінен ажырап, көп нәрседен құр қалды деп.
М.Әуезов шығармаларын кең контексте түсіну керек. Мысалы «Қилы заман» түрік халықтарының ХХ ғасырдағы соңғы рет орыс отаршылдығына қарсы тізе қосып көтерілуі. «Абай жолы» деген не? Ол 1000 жылдық көшпенді қазақ өмірін көркем түрге түсіріп кету. Ол өмір тарих сахнасынан жоғалып бара жатты. Соны бейнелеп кету керек болды. Бұны Әуезов түсінді. Міне, Әуезовты осылай кең түсініп, оқымасаңдар ештеңе ала алмайсыңдар одан.
Мұхтар – мұхит қой! Қанша барсаң таусылмайды. Әрқашан жаңа нәрселер бұрын білмеген, көрмеген шыға береді. Ол – алашорданың жалғасы! Сол істі одан әрі жалғастырды. Мен қазір әкемнен үлкенмін. Ол пайғамбар жасында кетті. Мен қазір 76-ға келдім. Сондықтан оған еркін айта беремін. «Сен неге Индияға бардың, ол туралы жақсылап жазып кеттің. Америкаға бардың оны да жазып кеттің. Ал, неге Жапонияға барып, Жапония туралы ештеңе жазбай кеттің» деп. Ол «Япония» деген мақала жазған. Сонда 20 жасар бала болған. Бірақ қандай керемет нәрсе жазған. Таң қаласың. Неге ол Жапония туралы жазған? Себебі сол кезде батыс бар әлемді басып алды. Азияда оларға тізе бүкпеген бір ғана мемлекет қалды. Ол Жапония еді. Содан олар оған қызықты. Бұл қалай деп? Оны сақтап қалған не нәрсе екен деп? Соны білмекші болған ғой.
Қытайлар 13 цифрынан қорықпайды. Менде 13-ші боп Мәскеу университетіне түстім. Содан ойладым. Маған 13 цифрынан қорықпау керек екен ғой деп. Міне, бүгін 13-ші наурызда сіздермен керемет кездесу өтіп жатыр. Көп өзгерістер болып жатыр екен. Мына Әуезовтың жаңа ескерткіші туралы айтарым: Ол тұлға ретінде енді шын өзінің орнын тауыпты. Ректор гуманитар, тарихшы екен (Дария Пернешқызын айтып жатыр). Содан болар бәлкім. Бірақ, ең бастысы ол – саналы жан екен.
Алфавит туралы. Латын жақсы. Кезінде академик Ә.Қайдари соны бастап еді. Бірақ біз бүкіл түрік жұртына ортақ алфавить жасауымыз керек еді. Сонда түрік халықтары ортақ алфавитке ие болар еді. Бірақ олай болмады. Опять наступаем на те же грабли.
Мен жалпы өз позициямнан қайтқан жоқпын. Сол бұрынғы позициямда қалдым. «Жас тұлпар», «Невада-Семей», «Азамат» бәрі соның көрінісі. Кезінде «Невада-Семейде» Олжас президент, мен вице-президент болдым.
Бізге қазір ренессансный тұлғалар керек. Олар үлкен мәселелерді шешеді. Майда болмаңдар. Адам майда болмау керек. Ірі болу керек. Ірі болыңдар.
Абай айтқандай ең бастысы – білім. Анау сыртта жақсы жазыпсыздар. Елмен елді теңестіретін білім деп. Зор, пайдалы білім керек. Бірақ ол оңай қолға түспейді. Ол үшін көп жұмыс жасау керек.
Менің ұстанымым: ақиқат, ақиқатты іздеу, ақиқатты сүю, әділдік. Онсыз болмайды. Әйтпесе, потеряешь частицу бога в себе.
Мен сөзімді бітірейін. Мен өзімді емес, сіздерді аяп отырмын. Әйтпесе біз шаршамаймыз. Бұндайға көндіккенбіз әбден.
Рахмет, сіздерге».
Ду қол шапалақ. Аудитория Мұқаңды жақсы тыңдады. Жұрт қаумалап, бірінен кейін бірі суретке түсіп жатты. Тоқаш Бердияров айтқандай университет фотосуретшісі Олег аямай-ақ жұртты «рәсімге тартып» жатты.
Оңтүстіктің құшағы ыстық қой, шіркін!
Бәрінен де шырайлы Шымкентті айтсайшы!
Ақжол Қалшабек
Шырайлы Шымкент шаһары. Наурыз, 2019 жыл
Abai.kz