Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3450 0 пікір 18 Мамыр, 2009 сағат 01:03

Ағылшын тілі әдірем қалып қазақтар енді қытайша сөйлей бастады

Қытайдың юаньін қор валютасы түрінде айналымға енгізу жайлы әңгіменің шетін қылтитқан Қаржы министрі Болат Жәмішев қазақтың болашағы кімнің қолында екендігін бек түсінді білем. Газетіміздің өткен санында, аспан асты елі «Хасакэсытань хуацяо бао» деген төл басылымын Қазақстанда мемлекеттік тіркеуден өткізіп, өзінің қарусыз жаулап алу әрекетін қызу жүргізіп жатқандығын жазғанбыз. Айтып ауыз жиғанша, елдегі мемлекеттік қазақ тілі мен ресми мәртебеге ие орыс тілінің қатарына енді қытай тілі келіп қосылыпты. Шашыңды жұлып ашулансаң да ақиқаты осы! Оны мына фотосурет айғақтап отыр.
Қайыр ЖАН
Алматыдағы «Атакент» сауда-көрме орталығының жанынан өтіп бара жатып маңдайшасындағы «7-ші Азия тауарларының Қазақстандағы көрмесі» деп үш тілде бірдей жаһанға жар салып тұрған жазуды көріп шалқамнан түсе жаздадым. Өйтпегенде ше, Президентімізден бастап, бәріміз «Үш тұғырлы тіл» деп желпініп жүргенде, қарыз бергіш Қытайдың жымысқы саясаты ағылшын тілін әдірем қалдырды. Бұдан былай республика көлемінде қазақ және орыс тілдері сияқты, қытай тілі де нарық, яғни сауда-саттық пен қаржы-қаражат тілі деген лауазымды иеленіп, қолданылатын болады, көр де тұр. Мектеп бағдарламасына енгізілмесе арғы қолыңды бері әкел. Онсыз да санамызды билеп-төстеген солтүстік көршіміздің құрсауынан құтыла алмай жатқанда, сорлы қазаққа енді қытайша тіл сындыруға тура келеді. Әйтпесе күнің қараң. Сауда-саттықтың бәрі қытайша сайрап, алыс-беріс амалдары түгел юаньмен жүзеге асырылса қайтпек керек?! Нан тауып жегің келсе өзіңнен-өзің амалсыз тіл үйренесің. Қытайдың көксегені де сол. 
Алайда, мұны қойшы, бәрінен қауіптісі толерантты Қазақстанның топырағында өсіп-өніп отырған менің Нұрекемнің қамқорындағы 130 ұлттың әр қайсысы қытайлықтар құсап күні ертең өз тілдерін мемлекеттік деңгейге көтергісі келіп ши шығарса не істейміз? Толеранттылығымыздың түтінін түзу ұшыру үшін оған да келісіп, 130 тілде сөйлеуіміз керек пе сонда? Ей, «бояғыш деген сайын сақалын бояған» әнеу бір шалға ұқсап, ұлтаралық татулықты сақтаймыз деп сандалып жүріп өзіміздің түбімізге өзіміз жететін сияқтымыз. Айтпақшы, соңғы кездері шет тілдерін үйрету орталықтарында ағылшын мен француз, неміс тілдеріне қарағанда қытай тілінің бағасы шарықтап кетіпті. Және, соған қарамастан оны үйренушілер қатары да көбейе түссе керек.

«ҚАЗАҚСТАН» апталығы, №17 (257), 7.05.2009

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5386