Шәмші аға ауылға келгенде...
«Ауылға Шәмші келіпті. Кенен атасына сәлем бере келген екен. Ол ауылдың мәдениет үйінде жұртшылықпен кездесу де өткізетін болыпты» деген сөз көпшілікке лезде таралып, адамдар үлкен демей, кіші демей орталыққа қарай ағылды. Солардың қатарында мен де атақты композиторды көруге асықтым. Бұл 1975 жылы, ұмытпасам жаздың ортасы болатын.
Үлкен жолмен ауыл іргесінен өтіп бара жатып Шәмші аға тоқсанның біріне келіп отырған қарт ақынға сәлем бермей кетуді әбестік деп білген ғой. Әсте өнер дүлдүлін құрметтеген адам осылай істесе керек-ті.
Әне-міне дегенше мәдениет үйінің үлкен залы адамға лық толды. Залда отырған ауыл тұрғындарына Алматыдағы ҚазМУ-інің филология факультетінің осында ғылыми практикада жүрген студенттері де келіп қосылды. Бәріміз қадірменді қонақты тағатсыздана күтіп отырмыз. Бір кезде мәдениет үйінің үлкен есігі ашылып Шәмші Қалдаяқов пен өзіміз тұрып жатқан Киров атындағы колхоздың (қазір Кенен ауылы) партком хатшысы Өкен Әдимолдаев ішке кірді. Осы сәтте залда отырған жұрт дуылдата қол соғып құрмет көрсетті. Олар сахнадағы орындықтарға жайғасып отырған соң партком хатшысы келген қонақты таныстырып оған сөз берді.
Тыңдармандарымен ашық әңгіме-дүкен құрған композитор өзінің сөз мәйегін тамыза сөйлейтін шешендік қырын да көрсетті. Қойылған сұрақтарға ұтымды жауап беріп, кейде жұртты күлдіріп те отырды. «Өлеңнің естісі бар, есері бар» демекші, өнер туындыларының сапасына атүсті қарауға болмайды. Өлең айтқанның бәрі әнші емес, ән шығарғанның бәрі Шәмші емес қой, - деді ол әзілдей сөйлеп. Өзінің алдағы шығармашылық жоспарлары туралы сұраған студентке: - Бұл ауылға Кенен атамның кенен өнері жұғысты болсын деп арнайы келдім. Бұйыртса келешекте жаңа әндер дүниеге келе жатар, - деді өнер саңлағы.
Композитормен кездесу өте әсерлі өтті. Одан шыққан адамдардың жүздерінде көтеріңкі көңіл-күй байқалғандай болды. Әсіресе жастар жағы Шәмші ағаны қаумалап, сөзге тартып, сұрақтарын қойып, еркін сұхбаттасып жатты. Ол бізбен ескерткішке суретке түсуге де келісті. Кәсіби фотограф болмағандықтан түскен суреттің сапасы оншалықты жақсы болмай шықты. Дегенмен бүкіл елімізге «қазақ вальсінің королі» атанған әйгілі композитормен ауылдағы кездесу осы бір сарғайған фотосурет арқылы мәңгілік шежіре болып қала берді. Ол кезде Шәмші аға 45 жаста еді. Қамал бұзар қырық жастың айналасы ғой бұл жас.
Кейін Шәмші ағаны теледидардан көрдім, бұл оның ауырып жүрген кезі болуы керек, өңі жүдеу көрінді. Сол сырқаттан ол 62 жасында дүниеден озды. Қазақтың маңдайына біткен ерекше дарын иесі халқына мәңгілік ескірмейтін, өлмейтін тамаша әндерін мұраға қалдырып кетті. Әр қазақтың жүрегінен берік орын алған Шәмші әндері әлі талай ұрпақты рухани жағынан қанаттандырып, өмірлерін қуанышқа бөлей бермек.
Әскен Бәтішев, зейнеткер
Abai.kz