Ақорда идеологтарын нағыз сынақ күтіп тұр
Соңғы екі-үш ай көлемінде елдегі саяси ахуалдың қызуы көтеріліп кетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кенеттен президенттік өкілеттігін тоқтатып, «Ел тізгінін саясаткерлердің жаңа буынына беретін кез жетті» деп мәлімдеуі қоғамда дүмпу туғызды. Бұл жұрт күтпеген қадам Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелдерде сан алуан болжамдар мен жорамалдарға негіз болды.
Десек те, тәуелсіз елдің екінші Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы 30 күн ішіндегі қызметі қоғамдық пікірді сабасына түсіргендей. Отыз күндікте базбір сәуегей сарапшылар болжағандай «бас жарылып, көз шыққан жоқ». Қоғам мінезі байсалды, ел іргесі бүтін. Бұл жағдаятты әзірге Қасым-Жомарт Кемелұлы мен оның командасының еңбегі есебіне жаза беруге болатын шығар.
Мемлекет басшысы ретінде Тоқаев осы жылдың 9 маусымына Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын жария қылды. Міне, біздіңше, «қызықтың көкесі» енді басталмақшы.
Тоқаев алдағы Президент сайлауын Ата заң аясында, әділ, таза, ашық өткізуге кепілдік беріп отыр. Бұл кепілдікті екінші президенттің ел алдындағы серті десе де болғандай. Серттің үддесінен абыроймен шығу билікке, соның ішінде Президент әкімшілігіне зор сынақ болмақ.
Рас, елдегі кез келген сайлаудың екі тізгін, бір шылбырын әдеттегідей Орталық сайлау комиссиясы уысында ұстайды. Сайлау барысындағы, сайлау өткеннен кейінгі науқанның қызығы мен шыжығына да Сайлау комиссиясы жауап береді.
Алайда, бізде осындай жауапты саяси шараның стратегиялық, тактикалық жоба-жоспарына, ай бойы жүргізілетін насихат науқанының табиғаты мен тағдырына тікелей ықпал ететін әлеуетті күш Президент әкімшілігі екені бесенеден белгілі. Және бұл дәстүр – ұзақ жылдар бойы қалыптасқан, орныққан, қалыпты дәстүр. Бұл да түсінікті жайт. Себебі:
Біріншіден, Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылға жуықтады. Осы мерзім ішінде бірде-бір саяси органның дәл Президент әкімшілігіндей ықпалы мен өкілеттігі, саяси салмағы болған емес.
Екіншіден, елдегі саяси, экономикалық, рухани реформалардың дүниеге келетін жері – Президент әкімшілігі. Кез келген мемлекетке, қоғамға қатысты, ішкі, сыртқы саясатқа тиесілі бастамалар Президент әкімшілігінің екшеуінсіз жүзеге асырылмайды.
Үшіншіден, Президент әкімшілігінің ең маңызды, ең ықпалды қызмет бағыты – ішкі саясат, соның ішінде идеологиялық сала. Бұл сала мемлекеттік саясат пен идеологемаларын қалыптастыратын, жүзеге асыратын ең маңызды тетік.
Басқа емес, нақ осы саланың тізгінін ұстаған тұлғаларды жұрт жақсы біледі және олардың ел арасындағы ықпалы да күшті. Осы үш мысалдан-ақ билік институтындағы Президент әкімшілігі салмағының қандай екенін бағамдау қиын емес.
Әрине, біз сөз етіп отырған факторлар елдің екінші президентіне – Тоқаевқа таңсық емес. Оның үстіне, Қасым-Жомарт Тоқаев әр сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанымынан айнымайтынын қадап айтып жүр. Демек, бұл оның елді басқару мен билік институттары арасындағы қалыптасқан тепе-теңдікті сақтауда да ұстанатын бағыты болып қала береді.
Алайда, алғашқы күннен бастап Тоқаев үшін көлеңкеде қалып қоймай, ел мен элитаның алдында өз мүмкіндіктерін көрсетуі, айналасына ішінара кадрлық өзгерістер жасауы маңызды болатын.
Президент ол ауыс-түйісті экономикалық немесе басқа саладан емес, алдымен идеология саласынан бастады. Бұл түсінікті де. Біріншіден, елімізде жаңа электоралдық цикл басталды. Президенттікке үміткер ретінде ұсынылып жатқан Қасым-Жомарт Кемелұлы үшін төңірегіне ішкі саясатты терең білетін, ықпалды, жаңашыл команда жинау ауадай қажет еді.
Сарапшылар әзірге бұл мәселеде Тоқаевтың қателеспегенін айтады.
Марат Мұхамбетқазыұлы Тәжиннің Мемлекеттік хатшы қызметіне қайта оралуы Тоқаевтың мемлекет басқаруда идеологиялық іргетасқа мықтап сүйенетінін білдіреді.
Марат Тәжин – саясаттағы ең беделді, салмағы ауыр тұлғалардың бірі.
Ішкі саясат пен қауіпсіздік мәселелерімен ұзақ жылдар бойы айналысқан Тәжин тұлғасы Мемлекеттік хатшы лауазымының да беделін көтереді әрі идеология саласындағы кешенді жобалардың іске асуына оң әсер етеді. Олардың қатарына, әрине, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын алдымен жатқызуға болады. Шын мәнінде, қоғам тарапынан үлкен қолдау тапқан бұл бағдарламаны Тәжинсіз елестету мүмкін емес.
Марат Мұхамбетқазыұлы бұдан әрі де мемлекеттің идеологиялық жұмыстарының бас үйлестірушісі болатыны анық.
Тоқаевтың тәуелсіздік жылдары саясатқа араласқан жас буынның тағы белгілі өкілі Дархан Кәлетаевты Президент Әкімшлігі басшысының бірінші орынбасары етіп тағайындағаны да сарапшылардың тарапынан жоғары бағаланды.
Дархан Аманұлы Президент әкімшілігінде, «Нұр Отан» партиясында, Сенатта өзінің тиімділігі мен іскерлігін танытып үлгерген тұлға екені даусыз. Кәлетаев сол лауазымдарда жүріп, саяси сахнаның спикері болып қана қойған жоқ, билік пен қоғам арасында конструктивті диалогтарға жол ашты, партияның жұмысына жан бітірді, оппозицияны келісімдер үстеліне отырғызды.
Ол қай қызметке келмесін жаңа идеялар көтеріп, жанына жаңашыл адамдарды тартып, жаңа бастамалар қозғауымен ел есінде қалып жүр.
Халықтың, сарапшылардың арасында белгілі тұлғалар Ерлан Қарин мен Ержан Бабақұмаровтың Президент кеңесшілігіне тағайындалуы да биліктің ұтымды жүрісі екені даусыз. Себебі, Ерлан Карин де, Ержан Бабақұмаров та элитаның алдында, билік пен қоғамдық институттардың арасында зор беделі бар азаматтар. Олардың, әсіресе, үлкен саяси науқан алдында Президент Әкімшілігіне келуі биліктің сайлау кезіндегі жаңа, креативті, ашық саясат жүргізуіне мүмкіндік ашады деген үміт бар.
Ақордада аз-ақ күнде жасақталған бұл команданың қазірдің өзінде бірқатар ұтымды қадамдарға барып отырғанын айта кеткен жөн.
Алғашқы күннен бастап олар қоғаммен де, қоғамдағы түрлі саяси күштермен де конструктивті байланыс орнатуға дайын екендіктерін көрсетті. Қазіргі уақытта Президент әкімшілігі мен қоғамдық күштер, БАҚ өкілдері мен зиялы қауым арасында интенсивті қарым-қатынас орнағаны ешкімге де жасырын емес.
Мұның сыртында олар кезектен тыс Президент сайлауын да өте ыңғайлы, уақытқа қойып, ашық өткізуге мұрындық болып отыр. Мәселен, 9 маусым – Қасиетті Ораза айының аяқталар күні. Сондай-ақ, дәл осы күні Генадий Головкиннің кезекті шайқасы болады.
Мұны былай қойып, маусым айының басында электорат демалыс алдындағы көтеріңкі көңіл-күйде болатынын ескерсек, Президент әкімшілігіндегі идеология ақылшыларының тактикалық қадамдары өте сәтті екенін байқаймыз.
Түйін:
Әрине, Президент әкімшілігінің барлық бастамалары мен істері табысты болды деуден біз аулақпыз. Бұл ықпалды, саяси органның төңірегінде де талай шетін жайлар болған. Алысқа бармай-ақ, былтыр ғана «мемлекетке сатқындық жасады» деген айыппен сотталған бұрынғы Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаевтың ісін алсақ та жетіп жатыр. Осы оқиға Президент Әкімшілігінің ғана емес, Ақорданың да беделіне өлшеусіз нұқсан келтіргені анық.
Дәл бүгінгі күні президент Тоқаевтың идеология майданындағы серіктестерінің басты мақсаты алдағы сайлауды әділ, таза әрі ашық өткізу болуы тиіс екені айтпаса да түсінікті. Оны уақыт көрсетеді және оған көз жеткізуге де алыс қалған жоқ.
Президент сайлауы – Ақордадағы жаңашыл топ үшін нағыз ауыр сынақ болары ақиқат. Бұл тақырыпқа келесі сараптамамызда кеңінен тоқталатын боламыз...
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz