Өлең тәуелсіз елдің экономикасын дамытып, іргесін бекітпейді
Әдетімше ескі кітап-қағаздарымды ақтарыстырып отырғанымда қолыма Survey журналының 1966 жылғы қазан айында шыққан саны түсті. Кеңес Одағы және Шығыс Еуропа елдерін зеттеуге арналған, Лондонда шығып тұрған бұл басылым маған қалай келгені есімде жоқ, тегі Мәскеуде жүрген сексенінші жылдары біреуден алған сияқтымын. Журналдың алғашқы бетіндегі Карл Робсон деген зерттеушінің The German Scene («Неміс сахнасы») деген мақаласы мына жолдармен ашылыпты:
«1945 жылғы мамыр айының алғашқы күндерінің бірінде, фюрер өліп, Үшінші Райхтың сөзсіз берілуіне бірнеше сағат қалғанда, белгісіз бір адам радиодан сөйлеп, шығыс пен батыстан келген рақымсыз шетелдіктер елді басып алғанда барша неміс халқы және отанын сүйетін әр азамат ұлтты сақтап қалу үшін не істеу керектігін айтты. Ол әрбір ер, әйел адамды, баланы алдағы уақытта неміс ұлтын қандай қиын тағдыр күтіп тұрса да ұлттық мұраны сақтап қалуға шақырды. Бұл үшін қалай да неміс тілі өлмеуі тиіс. Басқыншылар қоғамдық орындарда ана тілінде сөйлеуге қарсы болса да, тіпті тыйым салса да неміс тілін әрбір үйде ардақтап аялау керек».
Әрине, екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Кеңес Одағының ықпалында болған шығыс Алманиядағы неміс тілі мен жетпіс жылдан аса Мәскеудің боданы болған Қазақстандағы қазақ тілінің жағдайын салыстыруға келмейді. Мәскеу социалистік елдерге орыс тілін қанша тықпалап, насихаттауға тырысса да оның нәтижесі Қазақстандағыдай болмады. Мәселе тек ол елдердің Ресеймен шекаралас болмауында немесе социализм шеңберінде болғанмен ұлттық мәселелерде дербес саясат ұстануында ғана емес, ол елдердің этникалық құрамының да мүлдем өзгеше болуында. Кеңес Одағымен шекаралас славян тілді Польшаның өзінде «орыстілділер мәселесі» ешқашан болған емес. Орыс тілі шет тілі ретінде оқу орындарында оқытылғанымен оған қарсылық та күшті болды.
Солтүстік Қазақстан уәлаятында қазақтар саны әлі де 36 пайызға жете алмай, қазақ тілі субстрат тіл жағдайында қалып отырса бұған осы өңірдегі қалыптасып отырған этникалық жағдай негізгі себеп екенін ескеру керек. Соңғы жылдары солтүстікке оңтүстік өңірлердегі бауырларымызды көшіру тіл жағдайына әлі де айтарлықтай ықпал ете алмай отыр. Халықтың этникалық құрамын өзгерту үшін бұл бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, қазақ жастарын техникалық білімге бағыттау қажет. Олай дейтінім, Қызылжардағы ірі кәсіпорындарда инженер кадрлар жетіспейді, ал техникалық білімі бар жастар, негізінен орыс жастары, Ресейдің шекаралас аймақтарына кетіп жатыр. Ауылда тіпті тракторшылар да жетіспейді.
Бүгінгі күні солтүстік аймақтар үшін үкімет деңгейінде шешілуі тиіс маңызды мәселе, тіл де емес, техникалық мамандар тапшылығы. Техникалық мамандар дегенде қазақ ұлтынан шыққан мамандарды айтып отырмын. Қазіргі өзге өңірлерден Қызылжарға келіп жатқан қандастарымыздың арасында мұғалімдер, аз болса да дәрігерлер, ауыл шаруашылығы мамандары бар, ал кәсіпорындарда істеуге қабілетті, техникалық білімі барлар жоқтың қасы. «Өнер алды қызыл тіл» деген жаңсақ пікір миына әбден сіңіп кеткен қазақ үшін тек қана қызыл тілге сүйену бар жетістіктің шыңы сияқты. Жастардың көбі өлең жазумен әуестеніп кеткен. Ал өлеңмен тәуелсіз елдің экономикасын дамытып, іргесін бекіте алмайтының тағы белгілі.
Қазір қазақ тілді ортада ең көп айтылатыны ана тілінің жайы, тарих төңірегіндегі ұшы-қиыры жоқ берекесіз дау-дамай. Ал тәуелсіз елдің болашағына тікелей қатысты ұлттық ғылыми, техникалық кадрларды дайындау тақырыбы мүлдем қозғалмайды. Осындай көңіл-күй үкімет орындарын да жайлап алған сияқты. Қай өңірде болмасын ірілі-ұсақты ақын-жазушылардың мерейтойы, тағы бір тойлар, ақындар мүшайрасы, айтыстар, тартыстар...
Осының бәрінен ел экономикасына қандай пайда бар? Тіл мәселесінің маңызды екені рас, оған талас жоқ. Өйткені тіл – ұлттық болмыстың өзегі, қазақи рухтың тірегі. Бірақ тіл жоғарыда неміс тілін әрбір үйде ардақтап аялағандай әр қазақ ата-анасы өз үйінде өз баласының жүрегіне құйып аялағанда ғана өркен жая алады. Әрбір қазақ өз ана тіліне өзі осындай қамқорлық танытпаса бос ұраннан нәтиже болмайды.
Қазақ сонау хандар заманынан бері патерналистік көзқарастан арыла алмай келеді. Қазір де бар мәселенің шешімін, тіпті өзінің жеке басына қатысты жағдайларда да, мемлекеттен күтеді, өз бетінше әрекет етуге талпынбайды да. Әйтпесе әр қазақ ана тілінде сөйлеу талабын өз баласынан бастаса (бұл жерде өз тәжірибеме сүйеніп сеніммен айта аламын!) отбасы көлемінде тіл мәселесі мүлдем туындамайды. Ал ел отбасыдан құралмай ма? Егер мен өз баламды ана тілінде сөйлете алмасам, оған ықыласым болмаса, мемлекет бұған кінәлі ме?
Рас, мен өз баламды Қызылжарда ең алғаш ашылған «Салтанат» қазақ балабақшасына бердім, қазақ мектебінде оқыттым, үйде тек қазақша сөйлестім, көшедегі балалардан үйренген бір ауыз орысша сөзі үшін ұрсатынмын да. Бірақ осы жолмен әрбір қазақ жүре алады ғой?
Қызылжарда мемлекеттік орындарға барғанда ондағы қызметкерлерге қазақша сауалдар қоямын. Қазақтың жас қыздары қазақша жауап бергенде көңілім жылып қалады. Анығында қазір «қазақша сөйлеме» деп ешкім де тыйым салып жатқан жоқ. Бірақ ана тілі алдымен әрбір қазақ үйінде тамыр жаюы керек. Сонда өз ұясында ана тілінен нәр алып өскен ұрпақ ертең өз тілін де, бабалар мұрасын да аялап өседі.
Марат Ермұқанов, Қызылжар қаласы
Abai.kz