Ілияс һәм «Еңбекші қазақ» газеті туралы...
(«Еңбекші қазақ» және «Социалистік Қазақстан» газеттері)
1921 жылдың 7 қазанында қазақ тіліндегі өлкелік газет «Еңбекші қазақ» жарық көрді. Одан кейін «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» газеті болып ауысып, тәуелсіздіктен кейін «Егемен Қазақстан» газеті деген атты иеленіп, ел өміріндегі елеулі оқиғалардың көшбасшысы болып келеді. Әрине, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақ даласында бірқатар жаңа басылымдар жарыққа шығып, жұрт тілегін тың дүниелермен сусындатты. Алайда, оның көбі өз тарихын бүгінгі өмірмен жалғастыра алмай қалды. Оның сан түрлі себебі бар болса да, менің ойымша өміршең газетің басы қасында қазақ журналистикасының көш басын бастаған тұлғалар тұрды.
Ілияс Жансүгіров Мәскеу мемлекеттік журналистика институтын 1928 жылы бітіріп қайтқаннан кейін «Еңбекші қазақ» («Егемен Қазақстан») газетіне әдеби қызметкер болып орналасып, 1928 – 1931 жылдар аралығында үш жыл жұмыс істеді. Сол тұстағы «Еңбекші қазақ» газетіндегі тілшілер қосынында арнаулы журналистика мамандығын бітірген Ілияс Жансүгіров ғана болатын.
Ілиястың «Еңбекші қазақ» газетіне жұмысқа келуі туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Бейсенбай Кенжебаев:
«Ілияс Жансүгіровті алғаш рет 1928 жылы жаз айында, Қызылорда да көрдім. Сол жолы мен Мәскеудегі бүкілодақтық журналистік институтты бітіріп, «Еңбекші қазақ» газеті редакциясына қызметке келдім. Мен сол газет редакциясының партия тұрмысы бөлімінің бастығы болып істеуші едім.
... 1929 жылы январьда мен Павлодарға кеттім. Онда округтік партия комитетінің тілі «Кеңес туы» газетінің шығарып тұрдым. 1930 жылы сентябрьде Өлкелік Партия Комитетінің қаулысы бойынша мен Алматыға, қайтадан «Еңбекші қазақ» газетінің редакциясына қызметке келдім. Ілияспен қайта бірлесіп жұмыс істедік», – деп жазады.
Көп өтпей бұрынғы облыстық «Тілші» газетінің ақыны атанған Ілияс енді республикалық «Еңбекші қазақ» газетінің белді қызметкері, қаламы жүйрік қаламгері, пайымы бөлек журналисі болып шыға келді. Кейін «Еңбекші қазақтың» аты «Социалистік Қазақстан» болып өзгерген тұстада Ілияс журналистік қызметін бір мезгіл жалғастырды. Оған төмендегі құжаттың көшірмесі жауап береді.
Ілияс «Еңбекші қазақ» газетіне келе салып өзінің жазу шеберлігін бірден байқатты.
... «Редакцияға келісімен Ілияс іле-шала бірнеше фельетон жариялады, ұлы жазушы М. Горькийдің «Мен жазуды қалай үйрендім?», «Жас жазушыларға» деген мақалаларын қазақшаға аударып, газетке бастырды. Бұлар газеттің өңін ашып жіберді. Біздер бұрын фельетонистер: Бейімбет Майлин, Аманғали Сегізбаев, Қадыр Тайшықов еді. Олар да қызықты, келісті етіп жазар еді. Ал Ілиястың фельетондары Бейімбет, Аманғали, Қадыр фельетондарынан біраз өзгеше, күштірек, қызықтырақ болып шықты. Дәл айтқанда Ілияс фельетонның жаңа бір түрін шығарды», – дейді Бейсембай Кенжебаев.
Бұл жылдар Ілияс Жансүгіров шығармашылығы толысқан, жарқырап көрінген, жадырап бүр жарған кезеңі болды. Осыған дейін жұмыс істеген «Қазақ», «Кедей еркі» «Тілші», «Ақжол», «Жас алаш», тағы да басқа басылымдарда көтерген өзекті тақырыптары мен журналистік зерттеулерін жаңаша бағыт, соны тақырып, сардар сараптамалар арқылы кемелдендіре түсті. Өлең өлкесіндегі бәсі де басым болды. «Еңбекші қазақ» газетінде оның күллі қазаққа мақтаныш болған ұлы туындылары дүниеге келді. Қоғамды, өмірді, сол тұстағы ел арасындағы экономика мен ауылшаруашылығы, тағы да басқа салада жазған журналистік сараптамалары, очерк, репартаж, ақпараттық мақала, фельетондарын газет оқырмандары іздеп жүріп оқыды. Оны жазу шеберлігі мен жанашылдығын, тілінің шұрайлы, ойының тереңдігін әріптестері мен қаламгерлер жоғары бағалады.
Оны Жиенғали Тлеуғалиевтің 1929 жылы 1 қазанда Ілиясқа Қызылордадан жазған хатынан да аңғарамыз.
Онда. «... Сырдың суының дәмі мені жібермеді.
Осында «Сыр бойында» қалдым. Осында орнығатын болғасын, жаңа пәтер іздеп жайғасқалы жатырмын.
Басқармада Мәнсур, Әбдірахман үшеуміз сенің «Жол аузында» деп әнеугі бір жазғаныңды мақтамағанымыз жоқ. Әсіресе, сенің кім екеніңді, жүйріктігіңді басқаға танытатын нәрсе дестік. Фельетондарың онсыз да бірінен -бірі асып- түседі», – делінген.
Ел ішіндегі елеулі оқиғалармен қатар Ілияс «Еңбекші қазақ» газетінің бетінде халықаралық жағдай мен жержүзілік оқиғаларға, өршіген жұмысшы қозғалысы мен ұлт-азаттық қозғалысы тақырыбындағы сындарлы дүниелерді жазумен айналысып, өзінің әлемдік журналистикадағы орнын қалыптастыруға қадам басты. Басқа еңбектерін айтпағанның өзінде, 1929 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде шыққан «Гималай» атты даңқты өлеңі Үндістандағы отаршылдыққа, езгіге қарсы күрес жолдары суреттелген. Сол жылы «Еңбекші қазақ» газетінде атақты француз ақыны Виктор Гюгоның «Қырғында» деген төңкерістік өлеңін қазақшаға аударып бастырды.
Ілияс мұраларын ақтарып отырып, «Еңбекші қазақ» газетінің 10 жылдық мерейтойын аса бір құрметпен атап өткені туралы да жаңа ақпараттарға жолығып қалдық. Қандай себептерге байланысты екенін білмеймін 1029 жылы өтуге тиісті той 1930 жылы көктемге қалдырылған. Оның да түрлі себебі болған шығар. Десе де, осы мерейтойда Ілиястың ұйымдастырушылар қатарынан табылып, осы іске барынша көңіл бөлгені белгілі. Бұл туралы ақын Сәду Машақовтың:
... «1930 жылдың көктемі. Ол кезде мен Семейде шығатын «Қызыл дала» газетінің қызметкері едім. Редакцияда журналистер Мақсын Қордабаев, Мұсатай Ақынжанов, Ахметжан Тұрғанбаев, тағы басқа да 5-6 адам бар болатын. Бір күні түс кезінде кеңсеге ат жақты, өткір көз, қыр мұрын, орта бойлы адам келді. Ол әуелі редактордың кабинетіне кіріп амандасты. Танысып болғаннан кейін редактор қызметкерлерді шақырып, бәрімізді келген адаммен таныстырды.
Бұл келген адам ақын Ілияс Жансүгіров, қазірде «Еңбекші қазақ» газетінде әдебиет бөлімінің меңгерушісі. «Еңбекші қазақ» газетінің шыға бастағанына 10 жыл толуына арналған мерекені Семейде өткізу үшін келгендігін айтты. Ілияс бірер күннен кейін қаланың орталығындағы клубта газет оқушыларының жиналысында баяндама жасады. Газет мерекесіне арналған нөмірді Алматыдан Семейге жеткізілген екен. Онда Ілиястың «Еңбекші қазақ» газетіне шағын өлеңі де басылған», – деп жазады.
Демек, Ілияс талантты журналист емес, «Еңбекші қазақ» газетінің ерекше сәттерінде атқа қонып, насихаттап, жұрт арасындағы беделінің артуына септігі тиген ірі тұлға. Сондықтан Ілияс Жансүгіровтің портреті бүгінгі «Егемен Қазақстан» газетінің ең көрнекті жерінен орын тауып, жарқырап тұрғаны жөн дер едім.
Газеттің 10 жылдық мерейтойы қарсаңында Ілияс әйгілі «Дала» поэмасын жазды. 1930 жылы шыққан газетінің бір нөміріне толықтай басылған «Дала» поэмасы қазақ тарихындағы елеулі кезеңдерге шолу жасайды. Оны поэманың тақырыптарынанда көруге болады. «Ақ табан», «Құл көгені», «Құрбандық», «Отар жорығы», «Жиделі байсын», «16-жыл», «Бостандық», «Аласапыран», «Атаман ойнағы», «Әлсіз дауыс». Қай бірін алып қарасаң да қазақ баласының басынан өткен қиын жылдар, қилы тағдырлар, тартысты дүниелер, қасіретті кезеңдерді Ілияс қана осылай жаза алатын еді. Екінші қырынан, мұндай толғақты дүниені, әрине, еш қарсылықтан именбей «Еңбекші қазақ» газеті ғана жариялай алды.
«Дала» поэмасының жазылуына Ілияс Жансүгіров ғана емес, тұтас редакция ұжымы өте жауапкершілікпен қараған. Оны сол кезде Ілияспен бірге «Еңбекші қазақ» газетінде жұмыс істеген тілшілердің естеліктерінен көптеп кездестіруге болады. Осы ретте соның біріне ғана тоқталайық:
... «Республика Қазақстанның 10 жылдық тойын өткізуге дайындалып жатқан еді. Редакцияға онжылдық жөніндегі материалдар мен басқаратын «Партия тұрмысы» бөлімі арқылы өтуге тиіс болды. Осы тойға байланысты Ілияс өзінің әйгілі «Дала» поэмасын жазды. Жазғанда ол әуелі редакцияға поэманың бас жағын алып келді. Оны біз редактор, оның орынбасары Рақым Сүгіров, бөлім бастығы мен бәріміз қосып отырып оқытып көрдік. Жоспарын тыңдадық. Әңгіме маңызды мәселеден, ақын және халық деген мәселеден, ерекше екпін, асқақ леппен, өте тартымды басталған.
...Поэманы бірауыздан ұнаттық. Кесек, тамаша шығарма деп таптық. Газетке түгел жариялаймыз деп келістік. Осы «Дала» поэмасының жалғасын жазып әкеліп жүргенде байқадым: Ілияс өлеңді шапшаң, ағыл-тегіл, борандатып жазатын», – дейді Бейсембай Кенжебаев өз естелігінде.
Бұл жерде біріншіден, Ілиястың салмақты шығармаларды жазуға қалай барғанын, нендей қадам жасағанын білсек, екіншіден, «Еңбекші қазақ» газеті ұжымының берекелі жұмысын аңғарамыз. Демек, осындай бірлігі бар, ынтымағы жарасқан ұжым ғана үлкен істерді атқара алады. Аты сан өзгерсе де, затын өзгертпеген «Егемен Қазақстан» газетінің жүзжылдық тарихты сындарлы жолмен басып өткені, өз тұсындағы басылымдардан қара озып, ел газетіне айналуы осындай сабақтастықтың жемісі деуге де болады.
1936 жылы қараша айында «Социалистік Қазақстан» газетінің бірнеше нөмерінде Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» атты әйгілі поэмасы жарияланды. Бұл ақынның осы газеттегі соңғы жарияланған шығармасы еді. Сонымен бірге, «Құлагер» Ілияс шығармашылығындағы өлең өресін шарықтатқан туындысы деуге де болады. Жазылғанына қаншама жыл өтсе де қадірін жоймаған, бүгінгі таңда орыс, неміс, ағылшын, тағы да басқа туысқан ұлттар тіліне аударылып, әлемдік әдебиеттің асыл қазынасының қатарынан орын алған ұлы шығарма сол кездегі оқырмандар арасында да жақсы бағаланғаны белгілі.
... «Сәбит ауылына тұра тартып, Петропавлға келдік. Облыстағы жазушы Әбдірахман Айсарин мен газет редакторы Сейілбек Үсенов қалалық әдебиет кешін ұйымдастырып, қазақ әдебиеті жөнінде мен сөз сөйледім де, Ілияс өзінің шығармашылық жұмысы туралы әңгіме айтып берді. Сүйікті ақынын тыңдаған халық көп сұрақ қойды. Сұрақтың дені «Құлагер» поэмасы туралы еді. Жыл бұрын бұл поэма «Социаистік Қазақстанның» көп нөмерінде жарияланып, бүкіл республика оқушыларының назарын аударған-ды. Жұртшылықтың және қаламдас жолдастарының пікірін аманда ілтипатпен бағалайтын кішіпейіл ақын бұл поэманы да өз өтінішімен көптің талқысына салғаны бар. Сонда бәріміз де керемет туындыға қатты қуана, жақсы бағамызды айта отырып, бірқатар кеңесте айтқан едік. «Құлагер» туралы көп сұрақ берілуі де сондықтан. Ілекең өз жауабын да қыс бойы «Құлагер» поэмасын көпшіліктің пайдалы кеңесіне сәйкес толықтырып, өңдеп, жөндеп баспаға бергенін айтты», – дейді Бейсембай Кенжебаев.
Бейсембай Кенжебаевтың айтқанын ақынның ұлы Саят Жансүгіров те: «Құлагер» поэмасы бірнеше күн қатарынан басылған «Социалистік Қазақстан» газетін алуға кезекке тұрған кісіде есеп жоқ болды», – дейді көргендер. Әкем сонда бойындағы күш-жігері тау суындай булықсыған, сенімі мен дүниеге деген махаббатында шек жоқ 42-дегі от жүректі ақын еді» – деп қуаттайды.
Осы тұста көкейіме: «Егемен Қазақстан» газеті де өз тұсында осындай бағалы еңбектерді дәл танып, дер кезінде жариялап, жұрт ықыласына бөленгеннен кейін де жүз жасап отырған шығар» деген ой сап ете қалды. Егер «Құлагер» сол тұстағы басқа бір газетте жарияланған болса, сол басылымның бағы үстем болып кетер ме еді? – деген күдікте қанжығалады. Осы үшін де «Егемен Қазақстан» газеті Ілиясқа қарыздар десем, артық болып кетпейтін шығар.
Ілияс 1931-32 жылдары «Еңбекші қазақ» газетінің арнаулы тапсырмамен Семейге екі рет келіп өндіріс орындарында, Ертіс су жолы басқармасында болып, адамдармен әңгімелесіп, очерк, мақалалар жазады. Ет-консерві комбинатын аралап, жұмыс жағдайын көріп біледі. Тіпті, сол жылғы жүк тасу жоспары қалай орындалғаны туралы материал жазып, орыс тілінде шығатын «Прииртышская правда» газетінде жариялайды. Осы жерде қазақ газетінің тапсырмасымен іссапарға келіп, орыс газетіне мақала дайындағанын түсіне алмай біраз жүрдім. Бұл түйін төмендегі құжатқа кезіккенде шешілді.
Сөйтсек, Ілияс «Еңбекші қазақ» газетінде істеп жүргенде, бір жағынан РОСТА (Российское телеграфное агентство)-ның Қазақстандағы тілшісі болып жұмыс атқарған екен. Бұл Ілиястың сол тұста қазақ тілді басылымдармен қатар, орыс тілді баспасөздерге де жазып тұрғанын білдіреді. Егер Ілиястың «Еңбекші қазақ» газетіндегі шығармашылығы туралы іздене бастамасақ, бұл ақиқатқа да кездеспей жүре берер ме едік.
Жоғарыда айтылғандар ел білетін дүниелер. Осы күнге дейін талай тексеріліп, зерттеліп, зерделеніп бағасыда беріліп қойылғандар. Бірақ қаламгер мұрасын «Еңбекші қазақ» газетімен сабақтастыру үшін бұл осы тарихты шолып шығуға тұра келді. Бұдан өзге Ілиястың қазірге дейін аты бар да, жалпы заты бүгінгі оқырманға толық жетпеген газетте жарияланған дүниелер көп-ақ. Егер осы газеттің сарғайған тігіндісін парақтап отырсаңыз, оқырманға әлі жете қоймаған, зерттеушілердің назарынан тыс қалған, Ілиястың жинақтарына енбеген, енгізілгендерінің дені өзгеріске ұшыраған біраз дүниені кезестірдік. Оның толық нұсқасы көшіріліп, топтастырылды. Алдағы уақытта оқырманмен жүздесе жатар. Бұл ретте Ілиястың журналистік қырын зерттейтін жастарға көмек болсын деген ниетпен солардың тақырыбы мен шыққан нөмірлері туралы айта кеткенді жөн көрдік.
Ілиястың «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған ең бірінші туындысы 1928 жылғы 19 қаңтар, бейсенбі күні шыққан №16 нөмірдегі «Газет сөзі аяқсыз қалмасын» деген мақала. Одан ары қарай Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының сирек кездесетін қорлар мен қолжазбалар қорында сақталған «Еңбекші қазақ» газетінің 1928 – 1931 жылдар аралығындағы тігіндісін ақтарып отырып, оның бірталай публицистикалық мақаласын таптық. Бұл дүниелерді Ілияс, Бадырақ, Таңқыбай, І.Ж, Жа-жа, Жансүгірұлы Ілияс, Қосшы, Сақа сияқты бүркеншік аттармен берілген.
Олар мыналар: «Газет сөзі аяқсыз қалмасын» «1928, №16 (1043), январь 19, бейсенбі), «Тоғыз жасар қызын сатты» (1928, №255 (1082), март 6), сейсенбі, «Тентектің ертегісі» (1928, №229(1256), октабрь 4, бейсенбі), «Бет ашар» (1928, №258 (1285), 7 ноябр, сәрсенбі), «Қуыршақ» (1929 март №55 (1384), жұма), «Адырайған төрешілдік, тымырайған төрешілдік, тағы-тағы қай төрешілдік» (1929, №58 (1387), март 12, бейсенбі), «Хан атбекет» (1929, №64 (1393), март 22, жұма), «Төрт жолдың торабы» (1929, №144 (3443), бейсенбі. 3 май), «Шоқпардың шоқтығында» (1929, № 128 (1457), бейсенбі, 8 июль), «Өңшең жауыз, қанды ауыз» (1929, №171 (1500), август 17, сейсенбі), «Жарлының қорғаны, жаудың құрбаны» (1929, №173 (1502)29 август, бейсенбі), «Газет емес, концерт» (1929, №177 (1506), 3 сентябрь, бейсенбі), «Мені арқала, бақ қуала» (1929, №180 (1509), 9 сентябрь, дүйсенбі), «Жол аузында» (1929, №186 (1515), 16 сентябрь, дүйсенбі), «Сонымен кетіп барамын» (1929 жыл, №190 (1520), 22 қыркүйек, жексенбі), «Театр туралы» (1929, №198 (1527), 30 қыркүйек, жексенбі), «Таспен ұрғанды, аспен ұрады» (1929, №203 (1230), сентабрь 4, сейсенбі), «Алыстағы ауылда І» (1929, №211 (1541), 16 октябрь, сәрсенбі), «Алыстағы ауылда ІІ» (1929, №211 (1541), 16 октябрь, сәрсенбі), «Біз ембіде едік» (1929, №228 (1557), 4 ноябрь, дүйсенбі), «Иван Иванович» (1929, №243 (1572), 22 ноябрь, жұма), «Ән, әншілер жайында» (25 қаңтар, 1931 жылы)...
Сөзіміз дәлелді болуы үшін осы материалдардың кейбірінің тұпнұсқа көшірмесін көрсете кетсек артық болмас.
Келесі кезекте,, Ілиястың «Еңбекші қазақ» газетінде орны, беделі, рөлі қандай болды дегенге саяды. Бұл сұраққа Ілиястпен ұзақ жылдар әріптес болған, бірге жұмыс істеген қаламгер достары мен шәкірттерінің естеліктерін қарастыра отырып, жауап бергенді жөн көрдім. 1929 жылы 12 маусым күні Бейімбет Майлин Ілиясқа Қызылордадан: «... Қызылордадан газет шыққалы жатыр. Бірінші саны осы июннің 20-сы күні шығады. Аты «Сыр бойы». Жазушылары толып жатыр. Белсенді адамдары: Мансұр, Әбдірахман (Мұстапаның), Мәтіжан. Оқшау жазушысы мен.
Сырт өсегі: бұл газет «Еңбекші қазақ»-тан асып түсер деседі. Кім білсін, қайткенде де бірінші санын оқығанша асыққаның жөн», – деп хат жолдады. Өкінішке қарай, «Сыр бойы» «Еңбекші қазақ»-тан асып кете алған жоқ. Себебі, «Еңбекші қазақтың» алғы шебінде қаламы жүйрік Ілиястар тұрды. Егер Ілиястар «Сыр бойының» сабында болған да Бейімбет айтқандай, «Кім білсін?». Сол үшінде бүгінгі егемендіктер осы басылымның сарабдал тарихын қалыптастыру үшін барын салған Ілиясты ешқашан ұмытпағаны жөн. Егер Ілияс ескерілмесе, ертеңгі ұрпақ та ұмытшақ болып кетуі әбден мүмкін.
Ол, ол ма? Ілиястың «Еңбекші қазақ»-та беделінің тым жоғары болғанын да дәлелдейтін деректер көп. Тіпті, «Еңбекші қазаққа» келген әрбір хат Ілияс Жансүгіровтің сүзгісінен өтпей басылымға жіберілмейтін болған. Тіпті, мүйізі қарағайдай Бейімбеттің «Еңбекші қазаққа» жіберген дүниелерін газетке бермес бұрын алдымен Ілиястың кеңесіне жүгінгені белгілі. Оған Бейімбеттің 1928 жылы 18 қыркүйекте Алматыдан жазған хатында: «Ілияс! Мына біреулерді «Е.Қ»-қа жібердім. Жараса басарсың, жарамаса, сақтап қой, өзіңнен алармын...», – делінсе, Құлмырза Өтепұлының 1928 жылы 6 желтоқсанда Мәскеуден жазған хатында: ... «Мұрашыл коммунасы» деген бір фельетон жіберіп отырмын. Анау күні «Ақибаттың адвокаты» деген бір фельетон жіберіп едім. Оның қашан басылатыны маған мәлімсіз. Бірақ ол фельетонды басқарма әдірісіне жіберіп едім. Мынаны саған жіберіп отырмын. Оқып шығып, түзетіп, газеттеріңізден орын берерсіңдер», – деп өтініш білдіргені айтар ойымызды айғақтайтын дәлел деп білемін. Тайыр Жароковтың да Ілияс десе жаны бөлек болатын 1929 жылы 5 сәуірде Мәскеуден жазған хатында: «...Ілияс осымен бірге азырақ көңілге келген әдебиет мәселесі туралы бір нәрсе жазып жіберіп отырмын. Қисығы болса түзетіп, өңдеңкіреп жіберуге себеп боларсың! Бүйтіп тапсырғандағы мақсатым сен бір көйлек болса да бұрын тоздырдың ғой,..» – деп жазғанын оқығанда көңіл толқып кетті. Осындай аға-інілік қасиет бізден алыстап кетті ғой.
Сондай-ақ, сол тұста газетке тілшілерді таңдау, алу, тағы да басқа кадрлық жұмыстарға Ілиястың белсене атсалысқаны да бесенеден белгілі. 1928 жылы 25 қыркүйек күні Құлмырза Өтепұлы мен Тайыр Жароков Ілиясқа Мәскеуден жазған хатында төмендегідей мәтін бар.
... «Осы халымызды айта келіп алдыңа тартайын деп отырған мәселелеріміз мыналар:
1-ші. Кетеріңде өзіңе де айтқанбыз, Мәскеудегі болып жатқан істерден «Е.Қ»-қа ақпар беріп отыратын басқармаға бірер адам керек болар деп. Осы күні де хабар жазып жүрген біреу бар ғой. Бірақ оның кім екенін біз білмейміз. Бәлкім орыс болар деп шамалаймыз. Біздің ойымызша басқарма да біздің тәжірибеге алуымызға қарсы болмас. Тәжірибе алсын десе, сол Мәскеуденгі басқарманың өз тілшілік қызметін бізге артса деймін. Бұл туралы өзіңе де айтқанбыз. Тағы да айтамыз. Былайша да (тілші болмайда) жазуға болады ғой. Кез келген кісіге Мәскеу мекемесі не істеп жатқанын айта қоймайды ғой.
2-ші. Тағы бір түсініс ретінде сұрайтынымыз: анда-санда үлкен-үлкен баяндамалар тыңдаймыз. Болмаса, көсемдеріміздің бұл жерде сөйлеген сөздері газет бетіне жазылып тұрады. Осыларды қазақшаға айналдырып отырсақ ол да үлкен тәжірибе...». Осыдан бұлай бұл азаматтардың еңбектері газет бетінен түспейтін болды. Қазір тарих бетінен түспей жүр. Еңбек солардыкі дегенмен, себеп Ілияс тарапынан болғанын аңғару қиындық тудырмайтын шығар.
Ілиясқа қатысты музей қорларында немесе Ілияспен бірге істеген замандастары сақтап қалған Ілиясқа қатысты құжаттарды ақтарып отырғанда, оның ішінен «Еңбекші қазақ»-қа тән тағы біраз сарғайған газет парақтарын тауып алдық.
Бұл «Еңбекші қазақ»-тың 1921 жылы ноябрьдің 7- күні шыққан алғашқы саны және алғашқы шығарушылары Байділда ұлы Әбдірахман, Асылбек ұлы Әбдолла, Әуез ұлы Мұхтар, Телжан ұлы Темірболат, Нұрмұхамет ұлы Қасен.
Жоғарыдағы суреттер «Еңбекші қазақтың» 1000-шы нөмері жарық көргендегі арнайы нөмерге берілген суреттер. «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы Тоғжан Ғаббас пен «Еңбекші қазақ» басқармасында жұмыс істеген: редактордық әдеби жардамшысы Дулат ұлы Міржақып, Басқарма хатшысы Бегәлі ұлы Ғали, партия, жұмысшы бөлімін басқарушы Айсары ұлы Әбдірахман, «Еңбекші қазақ»-қа оқшау сөз жазушы Майлы ұлы Бейімбет, ел хаттарын басқарушы Сегізбай ұлы Аманғали, кеңес құрылыс бөлімінің басқарушысы Ахмет ұлы Ілияс, шаруа бөлімін басқарушы Ешмұхамбет ұлы Мерхаб, телеграм хабарларын басқарушы Жүсіп ұлы Сапа, репетер Дәулетбай ұлы Мәжит, тілшілер бюросының хатшысы Ағайдар ұлы Әбдолла, зерттеу бюросының хатшысы Елшібек ұлы Ахмет, түнгі редактор Ыля ұлы Әбіл, басқарма қызметкері Қожахмет ұлы Шияп.
Бұл 1000-шы сан және соған орай шығарылған мерекелік нөмердегі «Ауыл тілі», «Лениншіл жас», «Ауыл», Жұмыскер тілі», «Түркіменстан», «Башқұртстан», «Қызыл татарстан», «Еркін тоо», «Қазақ тілі» «Тілші», «Кембеғаллар ауазы», «Қызыл Қазақстан», «Жаңа мектеп», «Бостандық туы», «Кедей» газеттерінің құттықтаулары.
Бұл жоғарыда айтылған нөмердің соңғы беті. Онда: «Газет неше өткелден өтеді» деген бас тақырып аясында газет басқармасының құрылымы мен өндіріске дейінгі және оқырманға жол тартатын барлық жұмыс барысы көрсетілген.
Иә, Ілиястың «Еңбекші қазақ» газетіндегі еңбектерін бұдан әрі де таратып айтуға болады. Қолымызда тағы да біраз сарғайған газет парақтары тұр. Олар қаламгердің жеке шығармашылығына қатысты дүниелер болғандықтан осы жолы күте тұрғанды жөн көрдік. Бұл тақырып алдағы уақытта көтеріледі. Десе де, жоғарыда айтқандарымыз, Ілиястың «Еңбекші қазақ» газетінің жүрісінен жаңылмай «Егемен Қазақстан» болып, елдің сөзін сөйлеп, ел газетіне айналуына қосқан үлесі.
Бұл жерде «Егемен Қазақстанның» барлық жетістігіне Ілияс Жансүгіров қана үлес қосты дегеннен аулақпын. «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі таңда бүкіл халықтың үнжариясына айналуы үшін Ғ. Қараш, Р. Мәрсекұлы, Ж. Аймауытұлы, Б. Майлин, С. Садуақасов, Т. Ырысқұлов, О. Жандосов, М. Әуезұлы, Т. Құнанбайұлы, М. Тұрғанбайұлы, С. Дөнентайұлы, А. Сегізбаев, С. Мұқанов, Ғ. Тоғжанов, М. Жолдыбаев, А. Арыстанбеков, Ғ. Мүсірепов, Т. Нұртазин, Е. Алдоңғаров, О. Исаев, Ә. Мүсин, тағы да басқа қазақтың нарқасқа жігіттері басылымның іргесін қалап, діңін бекітті. Тілін түзеп, ділін тазартып, тірлігін нығайтты. Сол қатарда І. Жансүгіровтің есімі ерекше құрметпен аталуы керек еді.
«Егеменнің» биылғы ғасырлық тойында Ілиястың бас басылымның жарқын келешегіне қосқан үлесі мен журналистік қарым-қабілетіне толық баға беріледі деген үміттемін.
Айту бізден, атқару сізден, ағайын!
Қажет Андас
Abai.kz