Дихан Қамзабекұлы. Қу бас
( ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТҰЛЫНЫҢ
"ҚАРА БАҚСЫ" ӘҢГІМЕСІ ХАҚЫНДА)
Сөзімізді ел әңгімесінен бастайық. Ерте-ерте ертеде емес, күні кеше қарапайым қазақ ауылында иманды бір қария жасапты. Оның елуді еңсергенде сүйген жалғыз ұлы болыпты. Сағындырып келген бала еркелікке бой алдырмай алғыр боп өсіпті. Күндердің - күні ол өз бетімен оқу іздеп Алматыға кетеді. Не керек, сол шаһарда оқып-жетіліп, санаулы жылдан кейін қандай маман болғанын білдірмекке әрі таңдаған қалыңдығының басына орамал салдырмаққа елге оралады. Ауылда дүркіреп келін түсіру тойы өтеді. Ертесіне ақсақал перзентін шақырып: "Енді не істемексің? Келін не істемек?" деп сұрайды ғой, баяғы. Баласы жалындап тұрып жоспар-бағдарын айтады... Шал үндемей қалады. Той-томалақ қызуы басылады, жастар қайта нән шаһарға кетеді. Сонда ұнжырғасы түскен ақсақалдан құрдасы сұрайды дейді: "Ау, балаң мен келінің енді не істейді?" деп. Оған ашулы қарт:
- Келінім, адам сояды, балам көр қазады, - деп жауап қайырыпты. Сөйтсе, қамкөңіл қарияның келіні - қандауырды еркін игерген хирург, ал баласы ескі қорым-бейіттерді зерттеуге маманданған археолог екен. Шал "әй, әттесі-ай!" деп осыған қатты қынжылыпты...
( ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТҰЛЫНЫҢ
"ҚАРА БАҚСЫ" ӘҢГІМЕСІ ХАҚЫНДА)
Сөзімізді ел әңгімесінен бастайық. Ерте-ерте ертеде емес, күні кеше қарапайым қазақ ауылында иманды бір қария жасапты. Оның елуді еңсергенде сүйген жалғыз ұлы болыпты. Сағындырып келген бала еркелікке бой алдырмай алғыр боп өсіпті. Күндердің - күні ол өз бетімен оқу іздеп Алматыға кетеді. Не керек, сол шаһарда оқып-жетіліп, санаулы жылдан кейін қандай маман болғанын білдірмекке әрі таңдаған қалыңдығының басына орамал салдырмаққа елге оралады. Ауылда дүркіреп келін түсіру тойы өтеді. Ертесіне ақсақал перзентін шақырып: "Енді не істемексің? Келін не істемек?" деп сұрайды ғой, баяғы. Баласы жалындап тұрып жоспар-бағдарын айтады... Шал үндемей қалады. Той-томалақ қызуы басылады, жастар қайта нән шаһарға кетеді. Сонда ұнжырғасы түскен ақсақалдан құрдасы сұрайды дейді: "Ау, балаң мен келінің енді не істейді?" деп. Оған ашулы қарт:
- Келінім, адам сояды, балам көр қазады, - деп жауап қайырыпты. Сөйтсе, қамкөңіл қарияның келіні - қандауырды еркін игерген хирург, ал баласы ескі қорым-бейіттерді зерттеуге маманданған археолог екен. Шал "әй, әттесі-ай!" деп осыған қатты қынжылыпты...
Адам түсінігі қызық әрі тылсым ғой. Ол бір нәрсеге ынтығады, бір нәрсеге таңданады, енді бір нәрседен үрейленеді. Мысалы, бейітті алайық. Ол біреу үшін - өмірден өткендерді еске алу (тәубаға келу) орны, немесе сарабдалдануға, айығуға мүмкіндік берер жер, ал біреу үшін - кәдімгі ғылыми нысан (объект). Естеріңізде ме, әне бір жылдары қарағандылық ақсақалдар "Тәттімбет сүйегі қашан қайтады?" деп, газет бетінде дабыл қаққан еді. Жаңылыспасақ, ішінде археолог Ноэль Шаяхметов бар, бір топ ғалым кеңес тұсында күйшінің бас сүйегін "зерттейміз" деп алып кеткен де, қайтармаған. Қазір оның қай зертханада, нешінші нөмірлі қу бас болып тіркелгенін жалғыз Құдай біледі.
Астапыралла, сонда қу бас та таласқа һәм әңгімеге арқау болғаны ма? Болмағанда ше? Айталық, біз неге жиырма жылдан бері сабылып Кенесарының басын іздеп жүрміз? Анау "Қырғызда қалды" деді, мынау "Омбыда шығар" деді, енді біреу "Петерборда! Басқа еш жерде де емес" деді. Әне бір жылы "Экспресс К" тілшісі бір шындықтың ұшын ұстатқандай болып еді, тағы да адасып қалдық... Сонымен, Кенесарының бас сүйегі бізге не үшін керек? Бұл сұраққа жауап беруден бұрын, алғаш "Бас не үшін алынады немесе Кенесарының басы не үшін алынды?" деген сауалға жауап іздеу лазым. Отаршыл патша өкіметі Кенесарының басын алу арқылы (Мағжан айтқандай, алдауға түскен "сорлы қырғыздың" қолымен) империя мүддесі алдында ешкім кесе-көлденең тұра алмайды және "Бейшара қазақ, енді сенің басың жоқ! Біз енді саған ақыл береміз, жөн сілтейміз" дегенді сездірді. Сорымызға қарай, осы ойы жүзеге асты... Ал, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп жатқан Кенесары ұрпағы (алаш жұрты) үшін ханның жау олжалаған бас сүйегінің рәміздік мәні бар. Ол табылар, не табылмас - бізге шындықты білу қажеттірек. Кейде салыстыруға келмейтін нәрсені салыстырамыз ғой. Айталық, Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің жария еткен материалына қарағанда, кезінде КГБ-ның арнаулы қорында сақталған Гитлердің бас сүйегі (өрттен қалған) Андроповтың бұйрығымен жойылған (жоғары температурада қайта өртелген). Егер Кенесарының бас сүйегі де осылай жойылса, фашизм көсемі мен елінің азаттығын аңсаған ұлт көсеміне кеңес өкіметі бір көзбен қараған ба деген ойға оматыласың. Әрине, бәрі де мүмкін...
Бас сүйек, немесе қу бас туралы Шығыс әдебиетінде де, Батыс әдебиетінде де аз жазылмаған. Әлем руханияты бұл арқылы адамға тіршіліктің мәнін, махаббат пен ғадауаттың мәңгілік майданын, екі дүниенің жанды сынар сәтін, өлінің - тірі, тірінің өлі хақындағы мажазиі мен мұғайынын жеткізуді көздейді. Келешекте азат қазақ әдебиетіне Хан Кененің бас сүйегі тұспал бейне болып енуі ғажап емес. Қазір оның ұшқыны да байқалды.
"Бейіт - тәубаға келу орны" деп жоғарыда біз жайдан-жай айтқанымыз жоқ. Әлбетте, біреу майдан даласында, енді біреу жұмбақ жағдайда (мысалы, біздегі репрессия) көз жұмып, ұрпағына мағлұмсыз жерленіп жатады. Мұндайда артындағы туған-туысы "Бір уыс топырақ сала алмадым-ау! Басына Құран оқи алмадым-ау!" деп өкініп қалады. Тағдырға шара бар ма! Аталарымыз "Құдайға күбірің де бір, сыбырың да бір" дегендей, Алла - бәрін көруші, естуші. Сондықтан өткендердің рухын жеңілдету үшін жаратқанға бағыштап қай жерде оқыған Құраныңыз болсын - сауап. Әрине, адам әуелі пенде. Сол себепті әзірше жоқ бейітті іздеп, тапса кемі толатындай, бары артатындай көрінеді. Пендеге пейілі шексіз, сынаушы Алла оны осылай ойлантады, қам жегіздіреді. Заман қиынға айналған кезде, мәселен, өзбектің биік һәм сыршыл ақындары Фитрат пен Чулпон тобырдың қолынан қаза тауып, зираты беймағлұм қалған ұлт қайраткері Махмудқожа Бехбудидың бейітін іздейді, қырғыздың бекзат ақыны Қасым Тыныстанов Манас күмбезіне мұңын шағады, біздің Мағжан ақын да Қорқыт, Кенесары, Сыздық, Қойлыбай, Баян тұлғасымен елдің жоғын жоқтайды. Алаш ақыны ажал, бейіт, аруақ, жаратқан ие, намыс, кие тақырыбын жиі қозғайды. Қанқұйлы қалмақ Баянның басын кесіп, батыр денесі "бір қырда топырақ қауып қала бергенін" жырлар тұсты Мағжан "Арқаның селі, желі, шөлі, белі, Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас" деп қорытындылайды.
Қу бас пен адам һәм қоғам тағдыры байланысын алаштың дара жазушысы Жүсіпбек Аймауытұлы өзіндік сүреңмен бейнелейді. Біз мұны қаламгердің "Қара бақсы" атты әңгімесінен көреміз. Ол ресми баспасөздің бірінде ("Лениншіл жас" журналы) 1925 жылы жарияланған.
Әдетте көркем шығарманың тақырыбы мен мазмұнының сәйкестігі сөз болып жатады. Осы тұрғыдан бағамдар болсақ, Жүсіпбек әңгімесі бақсы туралы емес. Әрине, туындыда бақсы бейнесі бар. Бірақ жазушы шартты ныспаланған әңгімесінде күрделі қазақ шындығын әрі астарлы, әрі сырлы, әрі құпия бейнелеуге талаптанады. Егер "Қара бақсы" отандық прозаның, соның ішінде әңгіме жанрының қалыптасу кезеңінде туғанын ескерсек, Жүсіпбектің ұлт көркемсөзі июін қандыруға аз тер төкпегенін аңғарамыз.
Жалпы проза қанатын кең жайған кезде жанрдың қисыншылар түсіндіретін тар шеңберіне сыя алмайды. Бұған "Қара бақсы" әңгімесі айқын дәлел. Шығарманың үстірт мазмұны мынандай: Қараңғы түскенде молданы қасына алған екі кісі бейітке келеді. Ол - "сұпының тамы". Айсыз түн. Айнала қорқынышты. Әлгі үшеу көрді қазуға келіпті. Қазаншы Асқар үркек. "Қасқыр мүшелі" Әбежан батыр. Осы Әбежан "табаракты" күбірлеген, істің күнә не сауабын анық білмейтін молдаға састыратын, қамайтын сұрақты көп қояды. Бұлар бейітке қу басты алу үшін келіпті. Неге? Көшербай деген серілеу жігіт сал болып қалған екен. Күндердің күні бақсы келіп, оған сенің кеселің басқа шапқан, сондықтан оны баспен (қу бас) қағамын дегенді айтады. Мына алпыстағы Әбежан, сал болып тұрмыстан, айналасынан қағажу көрген Көшербай үшін түнде бейітке келіпті. Әлгі екеумен. Ақыры ол қу басты етегіне орап алып шығады. Бақсы Көшербай кеселін "баспан соғып көшірді". Не керек, Жүсіпбек сөзімен айтқанда, "бақырған бақсының емі қонды ма, болмаса шын көңілмен ден қойды ма, әйтпесе өз бойындағы қуаты жеңді ме, әйтеуір үш күннен кейін" Көшербай ауруынан айығады...
Көркем шығарма өмірдің көшірмесі емес, алайда мына сұрақ көкейге келеді: шын тіршілікте осылай болуы мүмкін бе? Жауабымыз да әзір: кім біледі, кездессе кездескен шығар. Бірақ жазушы бұл "қиял-ғажайыпты" айтқысы келді ме, жоқ, басқаны астарлады ма? Солай болса, ол қандай астар, нендей тұспал? Неге Сәбит Мұқанов әсіре белсенді боп жүрген шағында Жүсіпбек туралы: "Аймауытұлы қосаяқ дейтін тышқан сықылды еді. Сол қосаяққа ұқсап құйрығын бұлғандатып отырып "енді ұстаймын-ай" дегенде, жылт беріп жалтарып отыратын еді. Төңкеріске қарсылық жөнінде қолданған бір әдісі көзге шалынып бара жатса, басқа бір түрлі көз алдайтын тәсіл табушы еді" дейді?
Байқасақ, әңгіме заманында екінің біріне түсінікті бақсы хақында емес екен. Бақсы және оның ем-домы ділгір қазақ тіршілігі жай фон болып шығады. Жазушы молдасы білімсіз, кедей-кепшігі аңғал да қорқақ, ақсақалы ынсапсыз, жасы "сыпқыр қара сұр" ортаның трагедиясына үңіледі. "Неге бұлай боп кетті" деп тамырын басады. Мағжан ақынның "Өмірде арманым жоқ Қорқытқа ерсем" дегеніндей, жаны күйзелген Жүсіпбектің "қара бақсысы" қоғам дерті басқа шапқан деп түйеді. Әңгімеде ұзақ-ұзақ бақсы сарынына (жырына) орын берілген. Бұл бақсы әңгіме желісі бойынша ауру Көшербайды көп білмейді. Соған қарамай бүй дейді:
Осынау жатқан Көшербай,
Тәңірдің берген бағында,
Болып бір тұрған шағында,
Қай қасқаңнан кем еді?
Ақылы мол кен еді,
Етек-жеңі кең еді.
Аузынан шыққан лебізі
Ағайынға ем еді.
Арту елмен кездессе,
Терезесі тең еді
Ер дұспанмен белдессе,
Елінің қамын жер еді,
Жатқа намыс жібермес
Екпінді туған өр еді.
Атаңа нәлет су пері!
Ерімді қор еткендей,
Өңменімнен өткендей,
Жебіріме жеткендей,
Жеті атама кеткендей.
Аузына дәм салғызбай,
Қолына қыран алғызбай,
Жауына қарсы барғызбай,
Құлдыққа бола туғандай,
Тұншықтырып буғандай,
Өркенімді өсірмей,
Өрісімді тарылтып,
Жүрісімнен жаңылтып,
Бақ-дәулеттен арылтып,
Не ақың бар еді ерімде?
Осынша мазақ ететін
Жетпіс жеті әкеңнің
Басы бар ма еді жерімде?
...Басқа орнасаң баспенен
Сыбағаңды берейін
Кетпегенің көрейін!
Жеңе алмасам сен жауды,
Үзе алмасам бұғауды,
Қор боп бүйтіп жүргенше,
Итшілеп өмір сүргенше,
Қадасын пышақ қарныма,
Біржолата өлейін!..
Бақсы - фон, бірақ бақсы сөзі фон емес. Бұл - әңгіменің мәйегі. Жазушы науқас меңдеген қандасын рухты сөзбен емдегісі келеді. "Басқа орнасаң баспенен сыбағаңды берейін" дейді. Аруаққа табынбай, ислам ұғымында бар бабалардың өр ісімен, үлгі-өнегесімен қажыр-қайрат жинау мәжусилік емес. Қу бас медет бермейді, Алла медет береді. Жазушы түсінігіндегі бас сүйек - сөздік рәміз. Бұл - тұспал. Өмірде құлқынға байланған молданы ертіп сөз мәнісін түсінбегендер мола қазуы әбден мүмкін. Жүсіпбек те әңгімеде бір жағынан көркемөнерді жалаң тұтынатындар үшін, екінші жағынан сөз мағынасын аңғармайтындарды әжуалау үшін шартты кейіпкерлерге көр қаздырады. Олар бақсыға басты әкеледі. Бір ескерер жайт: біз үзінді келтірген бақсы сарыны "бас" жеткізілгенге дейін айтылады.
Шығармада көркем бейне жазушы идеясымен сабақтасып жатады. Білімі кемшін молданы тұқыртуды ойлайтын, сал боп қалған Көшербай үшін жанұшырып жүрген ақсақалдыққа таяу Әбежан, бір қарағанда, кісілікті жан-ақ секілді. Бірақ Желдібай молдаға қойған "Періште ойнас қыла ма?", "Сақалдың талы сайын періште болса, қай жерге сыйып тұрады?" деген сияқты бейпіл сұрақтарына қарап бірден тыжырынасың. Сонда науқас қандасына осындай жалаң ойлы адам көмекке келмекші ме? Кісіні бақи дүниеге шығарып салуға қатысты исламдық жөн-жоралғыларды пенделік өреде түсінетін ол көрді ашқаннан кейін молдаға: "Бетін ашады, белін шешеді дегенің қайда? Боранға баратын кісіше тұмшаланып, тырп етпестен жатыр ғой" дейді. Жазушы барды бар күйінде суреттейді. Мысалы, көрге түскен Әбежанның пенделік кепиеті мынау: "Көп өліктің ортасында тұрған өз өмірі, бір секөнттей болса да бәрін көріп тұрғаны ең қызықты, ең тәтті өмірдей көрінді".
Күнәнің не екенін білмейтін, дінге емес "дүниеге, өмірге, табиғатқа сенетін" (?) Әбежан ағайынға көмек қолын созудың жайын да өзінше түсінеді. Ғылым тілімен айтсақ, ол - материалист. Сонан соң атеист. Оның қу басты алатын сәтін қаламгер былай суреттейді: "- Әй, молдам-ай! Тірілген кісі осындай бола ма? - деді де, асыл күректі жалпақ табанымен басып қалды. Сүйек сақұр-сұқыр етті - кебінді бас доптай ыршып, молданың кеудесіне дүрс етті. Молда қалпақтай түсті. Малай бұғып қалды. Қайта серіпкен басты қағып алып, сыртқа домалата тастап, Әбежан көрден шықты. Молданың аузы жыбыр-жыбыр. Кебіннен шыққан, ырсиған, үңірейген, жидіген будыраған қу басқа қарап Әбежан әнтек ойлап тұрып қалды. ... Өмір үшін керек болған соң, қу басты құрбан қылмайтын не бар? - деген ой сап етіп тағы келді".
Әңгімеде молда Желдібай, қазаншы (малай) Асқар бейнесі сараң сипатталады. Мұның да себебі бар болса керек. Себебі - Әбежан. Мола қазудың "ұйытқысы" - сол. Сондықтан жазушы оны әлпеттеуде аянып қалмайды. Ол - "оқымаған қарапайым ... дін тұтпайды ... сықақ қылмай сөйлемейді ... тілі ащы ... ұятты білмейді ... көрінген әйелмен, еркекпен ойнайды, боғауыз соғады, мықынын ұстайды". Сонымен бірге осы Әбежан "тоқығаны көп ... жердің домалақтығын, күн мен түннің неден болатынын сұрастырып білген, бақсы-балгерге сенбейді, оқыған дәрігерге сенеді". Дәл осы тұста тоқтай қалайық. Жазушы күрделі етіп бейнелеген Әбежан "бақсы-балгерге сенбесе" неге қу басты іздеп жүр? Қаламгер байқаусыз жазып жіберді ме екен?.. Әрине, жоқ. Яғни, ол - бақсы фонында өзек болған мәселені келесі қырынан толықтыратын бейне. Бар қасиетін таразыға тартып жібергенде, жазушының "Әбежан ... кісісіне мырза, жалпаламға сараң. ... Дүниежандылықтан ептеп ұрлық та қылып қояды" деген сипаттамасы арасалмақты дөп көрсетеді. Әбежан кім сонда? Ол - жиынтық, тұспал бейне. Ол - шөре-шөре боп қалған аңғал, пәни мен бақидың пәлсафасына мән бермейтін тоғышардың бейнесі. Ол - ескі мен жаңаны жалғай алмаған алмағайып қоғамның бейнесі. Әбежандарды бұл күйге түсірген - төңкеріске сырттай соқтыққан қазақ тұрмысы, қазақ шындығы. Әңгімеде революция туралы бір ауыз да сөз айтылмайды. Алайда әңгіме мазмұнының астары бізді солай қарай жетелейді... Бәлкім, Жүсіпбек ойлағаны отаршылдық зардабынан туған санадағы аласапыран, төңкеріс шығар. Қазақ қауымының сан түрлі сипаты, түсінік-танымы, ұстанымы бір Әбежанның бойынан табылады. Қаламгер жазғандай, көп нәрсені "тәжірибемен білген" ол, сөз жоқ, дінді түсінбейді, ал киеліні өзінше байыптайды. Себебі, "о дүниеге" барып келген жоқ, ал "кісілік" пәни дүниеге қатысты жерде ғана... Әбежан танымы осындай боп келеді. Сенімді, дәлелді айтсаң ол кез-келген нәрсеге сенеді. Молдалар о дүниеде адам тіріледі дейді, көрді ашып байқады ғой - мәйіт тірілмепті. Енді не керек? Жазушы елдің қайманалығын, көргенге ғана сеніп алданатынын осылай суреттейді. Әне Әбежандар тіршіліктің мәнін, пәлсафасын емес, сырттайғы дәлелін іздеп әуре. Большевик пе, материалист пе, жоқ бір қасамұрған ба келіп, дәлелмен арбаса, ол оның соңынан ермекші. Өйткені олар дүмше Желдібай емес. Қасиетті Құран-кәрім сөзі ойға оралады: "Адамдардың кейі білімсіз, жолбасшысыз және сәуле беруші кітабы да жоқ. Алла жайында таласады. Алланың жолынан адастыру үшін тоңмойындық істейді. ... Адамдардан Аллаға немқұрайды құлшылық қылатындар бар. Егер оған бір жақсылық келсе, сол себепті көңілдері орнығады да, егер оған бір кесір тисе жалтарып, дүние, ақиретте зиян тартады" (Хаж сүресі).
Біз, әлбетте, "Қара бақсы" әңгімесінің түпкі идеясын діни құндылықпен ғана байланыстырып қоюдан аулақпыз. Автор ұлттық ұстаным мен таным-білік үшін қам жейді. Шығармаға дәл осы көңіл ауаны өзек болған.
Сонымен, өз танымымен және қара бақсының тұспалын өзінше түсінуімен көр қазған қайманалар қу басты әкелді. Көшербай үш күнде науқасынан айықты. Қалай айықты? Дәлірек айтсақ; қазақ қауымы ауруынан қалай жазылды? Бақсының рухты сөзге екпін түсірген сарынымен бе, жоқ әлде Әбежандарға оң жамбасынан келетін большевизм шындығымен бе? Сөз жоқ, қоғам науқасын тарих сабағына табан тіреген, ұлтты ұлт ететін қасиеттер сауықтырады. Жүрегі пәк жазушы осылай болса деп тілейді. Бірақ Көшербайдың қалай жазылғанын "бір Алла біледі" дегендей, тағы тұспалдап қояды. Сөйте тұра әңгіме соңында қаламгер "орысша киінген сыпқыр қара сұр" Қарабектің (Көшербай баласы) пар атты тарантаспен келіп жетуін суреттеумен Алаш қауымын күтіп тұрған қиындықты сездіргендей болады. Бұл іштен шыққан шұбар жылан әкесі сал боп, әлділерден қағажу көргенде елге аяқ баса қоймаған-ды. Қайтсін, енді "Көшербай ұлына құшағын жайды".
Күрделі, ауыр қоғам ахуалын әуезелеген "Қара бақсы" әңгімесін Ж.Аймауытұлы "Өмір қалай сәнді!" деген сөйлеммен аяқтайды. Әдетте Жүсіпбек сарказмі осылай көрінеді...
Өмір шындығын қарадүрсін баяндау көркем шығарма міндетіне қайшы. Ал, ойды оймен астастыру, таным тылсымын қарапайым ұғындыру, бейнені сәтті астарлау - әдебиет олжасы. Жүсіпбектің "Қара бақсысы" осы биіктен табылған.
* * *
Абайдың "Ескендір" поэмасындағы мына жолдар естеріңізде шығар:
Жолдасы Аристотель ақылы мол,
Лақтырған сүйекті алады сол.
Ханға айтты: "Қасиет бар бұл сүйекте,
Көзіңе көрсетейін хабардар бол".
Әрі қарай философ (хакім) көз сүйегі (қу бастың бір бөлігі ғой) мен тіршілік мәні туралы пайымын білдіреді. Оқығандарға мәшһүр, А.Македонскийге қатысты осы тәмсілдің түрлі нұсқасы бар. Тіпті сүйек орнына кішкентай тас жүретін нұсқасы да мәлім. Қу сүйекте қандай қасиет болуы мүмкін? Біз түгіл, баһадүр Ескендірді ойлантқан қасиет бар екен... Жүсіпбек әңгімесіндегі қу бас, әрине, әлемнің бірінші ұстазының Зұлқарнайынға айтқан ғибраты тұрғысынан түсіндірілмек емес. Ол қазақ ұрынған қиындықты жеңілдетудің жолын нұсқап, құрдымға кетіп бара жатқан соқпақты көрсетеді. Атаның ізгі ісі мен қасиеті көмекке келе ме, жоқ қу басы көмекке келе ме?.. Сұраққа жауапты Жүсіпбек оқырманның еркіне қалдырады.
... Баласы археолог болып кеткен ауыл ақсақалының алаңдауы жай емес. Ол бала қу бастарды көрден қазып алып тек нөмірлеп қана қоя ма, тұлғалардың бас сүйегін жоғалтып күнәға бата ма, жоқ әлде қаңқаның сырына үңіле ме, тәнді тастап кеткен жанның азабын, қайғы-мұңын, арманын ұға ма?..
«Абай-ақпарат»