Бейсенбі, 3 Қазан 2024
3420 2 пікір 23 Мамыр, 2019 сағат 20:21

Қырымбек Көшербаев: Жастарды жұмыспен қамту – жауапты іс

Биыл Ресейдегі іргелі білім ордасы саналатын Мәскеу мен Санкт-Петербургте оқып жатқан 117 жас диплом алады, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.

Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте жас мамандарды жұмысқа орналастыру мәселесі кеңінен талқыланды.

– Өздеріңіз білесіздер, былтыр алғашқы 74 жас маман дипломдарын алып, елге оралды, қызметтерін бастады. Биыл тағы 177 жас маман оқуын бітіреді. Қажетті мамандықтарды, атап айтқанда металлург, технолог, химик, энергетик, жер қатынастары және т.б. мамандықтарды игерген бұл инженер мамандар алдағы уақытта еліміздің, өңірдің одан әрі өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосатын болады. Сондықтан, жыл сайын бітіруші жас мамандардың жұмыспен қамтылуы баршамызға аса маңызды әрі жауапты іс, - деді облыс әкімі.

Жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Қуаныш Жанұзақов «Биыл 117 студент «МБжҚИ» ұлттық зерттеу технологиялық университетін (53 түлек), К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетін (41 түлек), Технология және энергетика жоғары мектебін (Санкт-Петербург қ., 23 түлек) тәмамдайды деп күтілуде. Олар "Нанотехнология және микросистемалық техника", "Металлургия", "Технологиялық машиналар мен жабдықтар", "Электр энергетикасы және электротехника", "Агроинженерия" және т. б. 22 мамандық бойынша оқуын бітіреді. Олардың 50 магистратурада оқуын жалғастыруды жоспарлап отыр, ал 67 түлек елге оралады» деп атап өтті.

Сонымен қатар Қырымбек Елеуұлы аймақта агроөнеркәсіп кешені саласында 76 жоба іске асырылып жатқандығын айта келе: «Аймақта іске қосылады деп жоспарланған 4 жоба бойынша 400-ден аса адамды жұмыспен қамтылады. Бітіруші түлектер аталған жобалар мен басқа да ірі кәсіпорындарда және мекемелер де еңбекпен қамтылуы тиіс»,-деді.

Мәжіліс соңында облыс әкімі орынбасарларына әрбір түлектің жұмысқа орналасуына жауапты екенін алға тарты.

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылдан бастап өңір мектептерінің 500-ден астам түлегі РФ Үкіметінің гранттарына ие болған еді.

Abai.kz

2 пікір