Бейсенбі, 3 Қазан 2024
3732 1 пікір 24 Мамыр, 2019 сағат 12:20

Биыл Ресейде білім алған 117 қызылордалық түлек диплом алады

Биыл РФ Үкіметінің гранты есебінен білім алған Мәскеу мен Санкт - Петербургтің жетекші жоғары оқу орындарының 117 жас маманы оқуын тәмамдайды деп күтілуде.

Облыс әкімінің, мемлекеттік орган басшыларының, өңірдің өнеркәсіп кәсіпорындары мен ұйымдары өкілдерінің қатысуымен өткен мәжілісте жас мамандарды жұмысқа орналастыру мәселесі талқыланды.

Мәжілісті ашқан аймақ басшысы Қ.Көшербаев 2014 жылдан бастап өңір мектептерінің 500-ден астам түлегі РФ Үкіметінің гранттарына ие болғанын атап өтті.

"Өздеріңіз білесіздер, Біз 2014 жылдан бастап мектеп түлектерін мақсатты түрде үздік отандық және ресейлік жоғары оқу орындары мен колледждерге жіберіп келеміз. Былтыр алғашқы 74 жас маман дипломдарын алып, елге оралды, қызметтерін бастады. Биыл тағы 177 жас маман оқуын бітіреді. Қажетті мамандықтарды, атап айтқанда металлург, технолог, химик, энергетик, жер қатынастары және т.б. мамандықтарды игерген бұл инженер мамандар алдағы уақытта еліміздің, өңірдің одан әрі өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосатын болады. Сондықтан, жыл сайын бітіруші жас мамандардың жұмыспен қамтылуы баршамызға аса маңызды әрі жауапты іс", - деді аймақ басшысы.

Жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Қуаныш Жанұзақовтың айтуынша, биыл 117 студент «МБжҚИ» ұлттық зерттеу технологиялық университетін (53 түлек),  К.А.Тимирязев атындағы  Ресей мемлекеттік аграрлық университетін (41 түлек), Технология және энергетика жоғары мектебін (Санкт-Петербург қ., 23 түлек) тәмамдайды деп күтілуде. Олар "Нанотехнология және микросистемалық техника", "Металлургия", "Технологиялық машиналар мен жабдықтар", "Электр энергетикасы және электротехника", "Агроинженерия" және т. б. 22 мамандық бойынша оқуын бітіреді. Олардың 50 магистратурада оқуын жалғастыруды жоспарлап отыр, ал 67 түлек елге оралады.

"Биыл өңірде агроөнеркәсіп кешені саласында 76 жоба іске асырылуда. Аймақта іске қосылуы жоспарланған 4 жоба бойынша 400-ден аса адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Жас мамандар осы жобалар және басқа да ірі кәсіпорындар мен мекемелерге жұмыспен қамтылуы тиіс»,-деді аймақ басшысы.

Мәжіліс қорытындысы бойынша облыс әкімі орынбасарларына әрбір түлектің жұмысқа орналасуына жеке жауапты екенін атап өтті.

Abai.kz

1 пікір