Тоқаев Путин, Лукашенко мен Жээнбековті "Назарбаев" орденімен марапаттамақ
Еуразиялық экономикалық одақ басшылары Астанада жиналып жатыр. Мұнда саммит өтеді. Ертең бұл одақты құру туралы келісімге қол қойылғанына 5 жыл толады. Бүгінде одаққа 5 мемлекет мүше. Сол бес елдің басшылары бес жылдықтың жұмысын қорытындылайды.
Не керек, саммитке келген, келе жатқан Путиннің, Лукашенко мен Жээнбековтің кеуделеріне президент Тоқаев орден тақпақ. Анау-мынау емес, "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев" орденімен марапаттайтын болды. Ол үшін арнайы қаулы қабылдады. Қаулыда былай деп жазылған екен:
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Еуразиялық интеграция идеясының 25 жылдығына және Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қоюдың 5 жылдығына орай, сондай-ақ Қазақстан Республикасымен ынтымақтастықты тереңдету мен кеңейтуге қосқан айрықша үлесі үшін "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев" орденімен наградталсын:
Путин Владимир Владимирович - Ресей Федерациясының Президенті
Лукашенко Александр Григорьевич - Беларусь Республикасының Президенті
Жээнбеков Сооронбай Шарипович - Қырғыз Республикасының Президенті.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Солай, міне. Тоқаев Путин, Лукашенко мен Жээнбековті "Назарбаев" орденімен марапаттайтын болды.
Ал саммитке қатысу үшін Қырғыз президенті Сооронбай Жээнбеков Астанаға бүгін келген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Беларусь президенті Александр Лукашенко да қазір Астанада. Ол да бүгін келген. Президенттің қабылдауында болды.
Ал Ресей президенті Астанаға ұшып шығыпты. Орыс ақпараты солай деп жазды. Айтпақшы, одақ құру идеясының авторы, Қазақстанның ендігі экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев та саммитке қатысатын болды. Ол құрметті қонақ болып отырады.
Abai.kz