Сенбі, 23 Қараша 2024
16723 0 пікір 29 Сәуір, 2019 сағат 18:21

Көп партиялылықтың қазақстандық формасы - демократиялылықтың элементі

Биыл еліміз Тәуелсіздік алғанына 28 жыл. Осы 28 жылда Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесінде өзгерістер аз болған жоқ. Бес мәрте президенттік сайлау өткіздік. Биыл президент сайлауын алтыншы рет өткізгелі отырмыз. Екі президент Қазақстан халқына, қазақ халқына ант берді. Оның біріншісі – Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев болса, екіншісі Назарбаев отставкасынан кейін президенттік мандатты иеленген бұрынғы сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев еді.  Нұрсұлтан Назарбаев та, Қасым-Жомарт Тоқаев та билік партиясының, «Нұр Отан» партиясының өкілдері. «Нұр Отан» мүшелік саны жағынан да, биліктік басқару орындарындағы өкілдері жағынан да бірінші орында тұрған партия.

Жалпы Қазақстанда қазір қанша партия бар? Қазақстандағы партиялық жүйе мен парламенттегі көп партиялылық жүйенің дамуы қай деңгейде? Бүгін осы тақырыпта аз кем сөз шығарайық...

Жалпы көп партиялылық – мемлекеттің демократиялылығын дәлелдейтін негізгі элементтің бірі. Қазақстанда 2012 жылы сайлауы өтті. Міне, сол жылы Қазақстан Парламенті көп партиялы Парламентке айналды. Көп партиялық жүйе туралы бұған дейін де талқы болған. Сол әңгіме 2012 жылы шынға айналды. Мәжілістің бесінші шақырылымын анықтайтын сайлауға 7 саяси партия қатысқан.

«Нұр Отан» партиясы 80,99 пайыз, «Ақ жол» партиясы 7,47 пайыз, Коммунистер 7,19 пайыз дауыс жинап Мәжіліске депутат кіргізді. Сайлау қорытындысы бойынша «Нұр Отан» 83, «Ақ жол» 8, Коммунистер 7 депутат сайлады. Осы жолы Қазақстан Халқы Ассамблеясы өз ішінде сайлау жүргізіп, Мәжіліске 9 депутат сайлады. Осылайша 2012 жылы Қазақстан көп партиялы жүйеге көшті. Қазіргі таңда Мәжілісте үш саяси партияның және Ассамблеяның өкілдері бар.

Қазақстандағы ресми тіркелген саяси партиялар

Қазіргі таңда Қазақстанда ресми тіркелген, сіз бен біз білетін 6 саяси партия бар. Олар: «Нұр Отан» партиясы, «Бірлік» саяси партиясы, «Ақ жол» партиясы, «Ауыл» партиясы, Коммунистер партиясы және «ЖСДП-Ақиқат» партиясы.

«Нұр Отан» партиясының негізі 1999 жылы қаланған. Әуелде «Отан» партиясы болып құрылған еді. 2006 жылы сьез өтіп, партияның атауы «Нұр Отан» болып өзгерді.  Партияның төрағасы – Нұрсұлтан Назарбаев. 900 мың мүшесі бар екен. Мәжілістегі 107 орынның 84-і осы партияға тиесілі. Ресейдегі «Единая Россия», Тәжікстандағы «ТХДП», Әзірбайжандағы «Жаңа Әзірбайжан», Украинадағы «Партия Регионов» Қытайдағы Коммунистік, Армениядағы Республикашылдар партияларымен саяси байланысы бар партия.

«Ақ жол» партиясы 2002 жылы құрылған. 260 мыңға жуық, ОСК мәліметінше 180 мыңға жуық мүшесі бар. Мәжілістегі 107 орынның 7-еуі осы партияның өкілдеріне тиесілі. Естеріңізде болса, Мәжілістің үшінші шақырылымына 2 депутат кіргізген. Ал 2005 жылғы президент сайлауында партия атынан Әлихан Байменов сайлауға түсті. 1,61 пайыз дауыс жинап, 3-орын алған. Ақ жол – либералдар партиясы саналады.

Коммунистер партиясы 2004 жылы құрылған партия. Дәлірек айтсақ, сол кезде ресми тіркеуден өтіп, саяси процесстерге араласа бастады. Кей мәліметсе сүйенсек, 100 мыңнан астам мүшесі бар. Мәжілістегі 107 орынның 7-еуі коммунистерге тиесілі.

2004 жылғы Мәжіліс сайлауында 1,98 пайыз жинаған. Ал 2007 жылы партия Мәжіліске өткен жоқ. Сайлауда жеңіліп қалды. 2012 жылғы сайлауда 7,19 пайыз дауыс жинап, Мәжіліске барған. 2011 жылғы президент сайлауында коммунистер Жамбыл Ахметбековтің кандидатурасын қолдады. Сөйтіп, Ахметбеков сайлауға түскен. Жалпы бұл партия – марксизм-ленинизм, коммунизм идеологиясын ұстанатын партия.

Мәжілістегі үш партия осы, міне. Бұлардан өзге ресми тіркеуден өткен тағы үш саяси партия бар. Енді солар туралы аз кем айта кетейік...

«Ауыл» партиясы 2002 жылы тіркеуден өткен. Ал 2003 жылы қайта тіркеуге тұрды. Оның төрағасы Әли Бектаев қазір Сенат депутаты. 2007 жылы Мәжіліс сайлауына қатысқан. 1,51 пайыз дауыс алып, Парламентке өтпей қалды. Ал 2011 жылғы президенттік сайлауға бұл партия үміткер шығарған жоқ. 2012 жылы да Мәжіліс сайлауына түскен. Ол жолы 1,19 пайыз дауыс жинады.

2015 жылы «Ауыл» партиясы мен Қазақстанның патриоттар партиясы бірікті. Бұл социал-демократтық бағытты ұстынатын партия.

«ЖСДП» (Жалпыұлттық социал-демократтар) партиясы 2006 жылы құрылып, 2007 жылы тіркеуге тұрған. Қазір 140 мыңнан астам мүшесі бар.

2007 жылы «Нағыз Ақ жол» ҚДП мен ЖСДП күш біріктіріп, «Әділетті Қазақстан» қозғалысын құрды. 2007 жылы Мәжіліс сайлауына түсті. Бұл жолы партия 4,54 пайыз дауыс жинап, Парламентке өткен жоқ. Сол жылы «Нағыз Ақ жол» ЖСДП құрамынан шықты.

2008 жылы ЖСДП «Халық кеңесін» құрды. Оған 30 саяфси партия мен ұйымдар қатысты. Ал 2009 жылы «Азат» партиясы, Коммунистер партиясы, ЖСДП мен тіркелмеген «Алға» партиясы күш біріктірді. 2009 жылы «Азат» партиясы ЖСДП құрамына қосылды.

2012 жылы партия  Мәжіліс сайлауына тағы түсті. Бұл жолы партия 1,59 пайыз дауыс жинады. Парламентке кіре алмады. ЖСДП 2011 жылы да, 2015 жэылы да президенттік сайлауға қатысқан жоқ. Ал 2016 жылы Мәжіліс сайлауына қайта түсті. 1,18 пайыз дауыс жинап, Парламентке тағы өтпей қалды.

«Бірлік» партиясы 2013 жылы тіркеуден өткен. Бұл партия туралы мағлұмат өте аз. «Әділет» және «Руханият» партиялары бірігіп құрған партия. 2016 жылы Мәжіліс сайлауына қатысқан. 0,29 пайыз дауыс жинап, Парламентке өткен жоқ. Бұл экосоциализм бағытын ұстанатын партия.

Қазіргі таңдағы Қазақстанда ресми тіркелген саяси партиялар осы. 28 жыл бойы Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде белсенді жұмыс жасаған өзге де партиялар болды.

Бұрын тіркеуде болып, кейін таратылған партиялар:

Қазақстанның аграрлық партиясы,

Қазақстанның коммунистік партиясы,

"Әділет" Демократиялық партиясы,

Қазақстанның азаматтық қоғам партиясы,

"Қазақстанның халық конгрессі" партиясы,

Қазақстанның патриоттар партиясы,

Қазақстанның халықтық-республикалық партиясы,

"Асар" республикалық партиясы,

Қазақстанның республикалық партиясы,

"Руханият" партиясы,

Қазақстанынң социалистік партиясы.

Тіркелмеген партия:

Қазақстанның пираттық партиясы.

Қызметі заңмен шектелген, тыйым салынған партиялар:

Хизб ут-Тахрир әл-Ислами,

"Алға" партиясы.

Түйіндейік. Қазақстан Парламенті – қос палаталы парламент. Төменгі палата – Мәжіліс, Жоғарғы палата – Сенат. Біз бүгін Мәжіліс туралы айттық. Мәжілістегі көп партиялы жүйе туралы, Қазақстандағы саяси партиялар туралы әңгіме қозғадық.

Расында, Қазақстан президентінің пәрменімен Парламенттің рөлін күшейту ісі қарқынды жүргізіліп келеді. Бүгінде Парламент тек заң шығарушы орган ғана емес,  елдегі кадрлық саясатқа тікелей араласып отырған саяси интститутқа айналды. Президент премьер-министрді, Ұлттық банк төрағасын, бас прокурор мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын парламенттің келісім беруімен тағайындайды, Жоғарғы сот төрағасы мен судьялары, басқа да лауазымды тұлғалар депутаттардың келісімімен сайланып, қызметтерінен босатылады. Ал 2012 жылы көп партиялы жүйеге көшкелі бері бұл институттың ықпалы артпаса, кеміген жоқ.

Қазіргі таңда Мәжілісте үш саяси партияның барын айттық. Көп партиялылық дедік қой. Бұл жалпы - мемлекетте үш, тіпті болса одан да көп саяси партиялардың бәсекелесе отырып жұмыс жасауы. Ал көп партиялылықтың қазақстандық формасы - демократиялылықтың элементі дегенді айтуға әбден болады.

Алда президент сайлауы келе жатыр. Онан соң, іле-шала парламент сайлауы өтеді. Қазақстандағы ресми тіркелген 6 саяси партияның алдағы сайлауларға белсенді араласатыны түсінікті. Солай болуы керек те. Себебі, саяси партиялардың ең басты идеологиялық рөлі – эволюциялық дамудың, саяси-әлеуметтік әм экономикалық дамудың жолын айқындау, этнос аралық әм қоғамдық тұрақтылықтың кепілі болу, мемлекеттік қызметтің меритократиялық жүйесін қалыптастыруға үлес қосу т.б. Дәл осындай ашық әрі нағыз саяси бәсекені жасау үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар. Осымен тәмам.

Ерғали Берікұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5343