Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Алаң 8957 28 пікір 30 Мамыр, 2019 сағат 14:59

Депутаттар «тек орысша сөйлеймін» дегенді бедірейіп тұрып бетімізге айтатын болды

????????????????????????????????????

"Қарақұсова қазақтарға қатты өкпелепті" деген жел сөз желіде желдей есіп жүрген соң, қарадық, тағы. Сөйтсек, рас екен. Өкпелепті. "Қазақшамды қазақтар мазақ қылды" депті. Советтің уағында туғанын сылтау қып, "енді тек орысша сөйлеймін" депті, әне. Сөзін бұрмаламайық. Өзі не айтты, соны жазайық, алдымен.

«Это опять тоже самое... Тек қана орысша айтам. Ну нет интернетте солай жүр ғой... Что вот, Қарақұсова қазақ тіліні білмейді. Ол менікі кінәлім емес. Сағат оқыдық тағы...».

Бұрындағы «Аузыма жалаңдатып тілді бердің, ырзығын теріп жесін, өлмесін деп» деп келетін Тоғжанның «гөй-гөйі» бар еді ғой. Ал бұл енді Гүл апаның «гөй-гөйі». Тек Қарақұсованың қазақ тілін білмеуі өз басына таяқ боп тиіп жатыр-ау...

Жалпы біз осыған дейін Гүлжан Қарақұсова туралы көп жаздық. Оның шата тілде шатып-пұтып сөйлеген сөздерін де сынадық. «Кемпір-шалдарға пансионат салу керек» дегенін де сөктік. «Біздің совет одағы» дегені үшін де шүйліктік. Бәрін жаздық.

Тек осы әр кез тілшілердің сұрағына тілін сындырып, ежіктесе де қазақша жауап беруге тырысатыны үшін ішіміз жылы тартатын.

Рас, Қарақұсованың қазақшасына күле қарап, келемеж қылғандар болды. «Бір бала да, екі бала...» деп былдырлағанына күлкің келеді-ақ, әрине. Былтыр өзінің қазақшасына күлгендерге Қарақұсова: «Қазақ тілін үйрене беремін. Бірақ тілді үйреніп жүргенім үшін қолдау керек. Енді ғана бастадым. Неге? Себебі, 50 жыл бойы мен орыс тілінде ойлап, оқып, жұмыс жасадым» деп жауап берген еді.

Зейнетке жеткен жасында қазақ тілін үйреніп, журналистерге қазақ тілінде сөйлеуге тырысуын қолдағандар болмады емес, болды.

Жалпы Гүлжан Қарақұсова сауатты әрі білікті маман дейді білетіндер. Экономист. Ғылым докторы. Профессор. 16 жыл бойы депутат. Сенатты да көрді, Мәжілісті де көрді. Бір жылдары министр де болды. 3 баласынан 8 немере сүйіп отырған әже. 3-4 орден, 7-8 медалі бар. Қызметіне қарасаң, сауатына шек келтергің жоқ. Кейде, екінің-бірі айта алмайтын мәселелерді Мәжілістің мінберінен батыл айтады. Ал кейде «аузым апамдікі еді» деп қойған жерден салып қалатыны тағы бар.

Қарап отырсақ, Парламент сайтындағы өмірбаянында «ағылшын тілін меңгерген» деп жазып қойыпты. Демек, тіл үйренуге қабілетті адам. Ендеше неге әлі күнге қазақ тілін, өзінің ана тілін үйрене алмай жүр дейміз...

Анығында «енді тек орысша айтамын» деген Қарақұсова Парламенттегі мемлекеттік тілден безінген, қазақша сөйлеуден үзілді-кесілді бас тартқан жалғыз депутат емес. Сөйлегісі келмейтін, келсе де сөйлей алмайтын депутаттар қаншама?!

Мәжілістің VI-шақырылымындағы ұлы өзге депутаттарды алдымен тізіп шығалық. Олар:

Ирина Аронова,

Галина Баймаханова,

Владимир Божко,

Светлана Бычкова,

Сергей Звольский,

Наталья Жылқышиева,

Сенежанна Имашева,

Павел Казанцев,

Роман Ким,

Иван Клименко,

Евгений Козлов,

Владислав Косарев,

Магеррам Магеррамов,

Наринэ Микаелян,

Ахмед Мурадов,

Екатерина Никитинская,

Василий Олейник,

Артур Платонов,

Альберт Рау,

Сергей Симонов,

Ирина Смирнова,

Александр Суслов,

Юрий Тимощенко,

Ирина Унжакова,

Шакир Хахазов,

Тарас Хитуов,

Михаил Чирков,

Петр Шарапаев,

Геннадий Щиповских,

Ольга Шишигина,

Глеб Щегельский,

Татьяна Яковлева.

Пәлен жылда екі-ауыз сөз қазақша айтқан болар деген үмітпен, сойы қазақтарды тізімдеп жатпадық. Ұлтаралық азардықты тудыру да ойымызда жоқ. Бұлар Қазақстан Республикасының азаматтары. Қазақстанның негізгі Заң шығарушы органында жұмыс жасайтын адамдар. Осы азаматтардың ішінде қазақ тілінде, Қазақстанның мемлекеттік тілінде мүдірмейтін жалғыз адам – Геннадий Щиповских шығар, бір білсек. Геннадий қайсыбір жылы тіпті, қазақша білмейтін қазақ министрі Қалмұхамбет Қасымовқа шүйліккен.

Өткен жылы президент Назарбаев Үкімет пен Парламентке қазақша сөйлеңдер деп тапсырма бергенде Наринэ Микаелян, Магеррам Магеррамов пен Ирина Унжакованың тіл сындырып, қазақша сөйлегенін көрдік. Басқалары ше? Қашан, қай жерде сөйледі, қазақша? Бәлкім біз естімеген шығармыз. Көрмеген-білмеген шығармыз...

Мәжілістің соңғы сайлау 2016 жылы болды. Содан бері 3 жыл өтті. Осы азаматтардың қайсысы қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілінде сұрақ қойды?

Мемлекеттің Ата Заңында, 7-бапта  «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деген сөз тайға таңба басқандай жазылған. Ол аз десеңіз, 1997 жылғы «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң бар. Сол Заңның 4-бабында: «Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» деп жазылған.

Ал біздің депутаттар «енді тек орысша сөйлеймін» дегенді бедірейіп тұрып бетіңізге айтады. Сонда депутаттар үшін жоғарыдағы Заң талаптарын орындау міндетті емес пе?

2018 жыл. Үкіметте есеп берген ҚР Мәдениет және спорт министрі Қазақстан халқының 83,1 пайызы қазақ тілін еркін меңгергенін айтты. Бұл шындық. Бұл факті. Бұл статистика. Қоғам қазақыланды. Мемлекет қазақтілді болды. Қазақ тілі – доминантты тілге айналды. Енді сол мемлекеттің депутаттары да қазақша үйренетін уақыт жетті.Өйткені - аудитория қазақ тілінде сөйлейді.

Әрісін айтпай-ақ, қояйық. Тәуелсіздік алғанымызға биыл 28 жыл. Ағылшын тілін 6 айда үйренуге болады. Қазақ тілін үйрену үшін – 28 жыл жетпей ме, сонда? Өздері өмір сүріп, жұмыс жасап, нан тауып жүрген елдің мемлекеттік тілін білуі міндет.  Мемлекеттік тіл емтиханы – президенттен ғана емес, барлық лауазымды шенеуніктерден алынуы керек. Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі! Қазақ тілін білмейтін, қазақ тілінде сөйлемейтін депутаттар орындарын босатуы енді талап!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

28 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1533
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3313
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6006