Сенбі, 23 Қараша 2024
ШОЛУ 5597 7 пікір 17 Маусым, 2019 сағат 19:31

Азия кеңесі: Не айтылды, не айтылмады?

“Азияда бәрі бір көрпенің астында ұйықтайды, бірақ әрқайсысы әртүрлі түс көреді”,  - деп кезіндегі қытай көсемдерінің бірі айтқан осынау қанатты тұжырым Азия аталатын астыртын ойыны мен таусылмас қайшылығы қалың әралуан геосаяси кеңістіктің келбетін анық бейнелегендігіне күн өткен сайын көз жетуде.

Расында, жалғыз мекені - жұмыр жер бетіндегі халықтардың, ұлттар мен ұлыстардың ынтымақ арқылы ырысқа, бейбітшілік мұратымен берекеге бастауы емес, керісінше, жаға жыртысқан жанжалға, мағынасыз талас-тартысқа, ең әділетсіздігі, ешбір жазығы жоқ бейбіт адамдардың құрбандыққа шалынып, қисапсыз жапа шегуі, өкінішке орай, уақыт өткен сайын ұлғайып барады. Бұдан ширек ғасырдай бұрын, яғни қырғи-қабақ соғыс аяқталды деген тұста халықаралық ахуал елеулі саябырсып, салыстырмалы бейнеде болса да, тыныштық орнайтындай көрінген. Алайда қайшылықтар мен теке-тірестер бұрынғыдан да үдей түсіп, оған дейін, негізінен, екі саяси жүйе мен идеологияның жаулығынан тұрса, ендігі түрлі елдердің ұлттық-стратегиялық мүдделері арнасында үдеп бара жатқаны байқалуда. Оның үстіне, өз мүдделерін қорғауы кезінде қазіргі заманғы жойқын қару түрлерімен күш қолданушылықтың басым сипат алуы, әскери қақтығыстар қатері арта түсуде.

Жанжалдар ауқымының артуынан экономикалардың күйреуі, тұрғындардың жағдайының төмендеуі жаппай миграцияны тудыруда. БҰҰ бағалауы бойынша ашық күндегі найзағайдай күркіреп өткен «араб көктемінен» таяу шығыс елдерінің экономикалық зардабы 614 млрд. долларды құрап, босқындар саны 65 млн. адамнан асқан. Жоғарыда баян еткеніміздей, онсыз да қайшылығы қатпарлы Азия құрылығындағы ахуалды одан әрмен күрделенуіне көз жұма қарауы былай тұрсын, тіпті оған елеулі көлемде тікелей қатысы бар Еуропаның соғыс ошақтарынан қашқан миллиондаған босқындар мәселесін шешуге дайын болмауы – ұлтшылдықты жаңғыртып, мұның өзі кәрі құрылықтың өз ішінде өскелең дағдарыс туғызды.

Міне, сондықтан да Қазақстанның Тұңғыш-Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың біздің тәуелсіздігіміздің ең бастапқы сәтінде-ақ   жариялаған маңызды бастамасы - Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құру сол кезеңнің өзінде дүниежүзі тарапынан барынша кең қолдауға ие болған-тұғын. Дей тұрғанмен, жаңа кезеңге өткен әлемдік қоғамдастыққа, ең алдымен азия елдерінің өзіне бұл батыл идеяны ой елегінен өткізіп игеруі үшін біраз уақыт кететіні о бастан түсінікті еді. Сондықтан да, қазақстандық бастаманың өмірге бет алуы “соқтықпалы соқпақсыз” жолдармен жүріп, қалыптасудың күрделі кезеңдерінен өтуіне тура келді. Кеңестің аумағын қамтитын мемлекеттер, шынында да, тарихы мен дәстүрі, діні мен ділі, даму жолдары әртүрлі келіп, мүдделерінің оқшаулығымен ерекшеленетіндіктен, бастаманың болашағына сенушілердің сирек болғаны аян. Аймақ елдері арасында шешімін таппаған саяси, аумақтық мәселелердің жиынтығы да Азиядағы сенім шараларының нығаюына септігін тигізе қоймайды.

Дей тұрғанмен, Қазақстанның сыртқы саясаты саласындағы көп жылғы жанқиярлық еңбегінің өз жемісін бергендігіне тағы бір мәрте куә болдық. Мінеки, ширек ғасырдан астам мерзім артта қалғанда, Кеңеске мүше жиырма жеті және бақылаушы сегіз, демек 35 ел мен халықаралық ұйымдар басшылықтарының қатысуымен 2019 жылғы 14-15 маусымда Душанбе қаласында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 5-ші саммиті «Орнықты даму арқылы жалпыға ортақ бейбітшілік пен қауіпсіздік» тақырыбында өтіп, құрылық елдері арасында қайшылықтар мен қақтығыстарды еңсеріп, ымырашылдыққа шақыратын үндер кезекті рет бүкпесіз ортаға салынды. Демек, Азия қауіпсіздігін аңыздан ақиқатқа айналдырудың аса күрделі міндетін жүзеге асыруға қарай тағы бір қадам жасалды дер едік.

Саммитке қатысқан Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құрамына ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов, Президенттің сыртқы саясат жөніндегі көмекшісі Мұрат Нұртілеуов және басқа ресми өкілдер енген еліміздің салмақты делегациясын бастап келіп, Форумның жоғары деңгейде һәм мазмұнды өтуіне айрықша үлес қосқаны қапысыз танылды. Іс-шара аясында Кеңестің қазіргі төрағалығын атқарып отырған Тәжікстанның Президенті Э.Рахмонмен, сондай-ақ Түркия Президенті Режеп Ердоғанмен, Қатар Әмірі Тамим бен Хамад әл Танимен екіжақты кездесулер өткізіп, олардың барысында өзара ынтымақтастықтың өзекті жайттары турасында пікір алмасылды.

Тәжікстан басшысы Э.Рахмон екі ел арасындағы дәстүрлі достық, бауырластық байланыстардың тұрақтылығын, сыртқы алаңдарда өзара қолдауының алдағы кезеңдерде де жалғаса беретіндігін мәлімдеп, Қасым-Жомарт Кемелұлына Қазақстанның сайланған Президенті ретіндегі асқақ Памир баурайына алғашқы шетелдік сапарының рәміздік мәні бар екенін меңзеді.

Салиқалы Саммитте сөз алған Президент Қ-Ж.Тоқаев бүгінгі дүбірлі дүниеде қақтығыстардың өрши түскенін, қауіпсіздік тетіктерінің әлсіздігін, халықаралық терроризмнің өрши түскенін, сауда және санкциялық соғыстардың өлшеусіз зардабы, сонымен бірге, идеологиялық, этностық және дінаралық дағдарыстардың одан әрмен тереңдеп келе жатқанына алаңдайтынын жеткізді. Осыған орай ол Азиядағы қауіпсіздіктің түйткілді мәселелерін шешу үшін жүйелі әрі кешенді қадамдардың жасалу өзектілігін атап өтіп, бұл бағыттағы  еліміздің ұстанымын жеткізді.

Форумның тиімділігі мен халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін күш-жігерді жұмылдыруға шақырып, біртіндеп трансформациялау арқылы оның толыққанды өңірлік ұйым болуы жөнінде ойларын ортаға салды. Ол үшін тиісті құқықтық база әзірленіп, тұрақты құрылымдары жұмыс істеп келе жатқанына назар аударылды. АӨСШК-нің Еуропадағы және Азиядағы танымал құрылымдармен бірге әлеуетін арттыру мүдделеріне мән берілді.

Сонымен қатар форумның нақты іс-қимылдарын кеңейтудің өзектілігін атап өтіп, алдағы жобалар мен басқа да жұмыстарды қаржыландыратын арнайы қор құруды ұсынды.

Қазақстандық делегация басшысы Азиякеңестің әлеуетін арттыра түсу орайында тиісті талдау орталықтарын жандандыру, Ғұламалар кеңесін құру жөніндегі ұсыныстарын жариялады. Ал, осы қадамдарды ретімен, сәтімен жүзеге асыруға еліміздің дайын екендігі мәлімделді.

Душанбеге ат басын тіреген мәртебелі қонақтар қатарында Ресей Президенті В.Путин терроризм тақырыбын тілге тиек етсе, Қытай Төрағасы Си Цзиньпин «Бір белдеу, бір жол» форумын еске сала келе, экономикалық мәселелер, соның ішінде халықаралық көлік жолдары тиімділігін пайдалану мен дамытуға шақырды.

Әрине азия құрылығында бұрыннан қызметін жүргізіп келе жатқан, соның ішінде  жағрапиялық тұрғыдағы – АСЕАН, өз қызметін Орталық Азия өңіріне таратып отырған ЕҚЫҰ, халықаралық өмірдің жекелеген аспектілерін қамтитын – Араб мемлекеттерінің лигасы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, сондай-ақ әлем назарын өзіне аудара білген Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметтерін орнымен айтуымыз лазым. Десек те, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің ерекшелігі - ол құрылықтағы бейбітшілік пен қауіпсіздік және тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелерін бірлесіп қарастыратын және сол үшін ортақ ұстанымдар мен тәртіп нормаларын түзу, мемлекеттердің саяси, экономикалық, идеологиялық тұрғыда ортақ бағыттарға бет бұруы, тәуелсіз бейбіт жағдайда қатар өмір сүруі һәм өзара ынтымақтастық қағидаттарын басшылықа алуға үндейтін құрылым болғандықтан болашағы айқын,  келешегі зор дер едік.

Мұхтар Кәрібай

Душанбе қаласынан

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5480