Алматыда «Қазақстан альпинизмінің тарихы» тақырыбында дәріс оқылды
Еліміздің оңтүстік астанасында Алматы альпинизм федерациясының ұйымдастыруымен «Қазақстан альпинизмінің тарихы» тақырыбында дәріс оқылды.
Қазақтың спорт және туризм академиясында өткен кездесуде КСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы, қырық жылдан аса уақыт бойы әскерилердің спорт клубы мен Қазақстан құрамасына жетекшілік еткен білікті бапкер Ерванд Ильинский студенттерге өз өмірінен өнегелі сыр шертіп, әлемнің ең биік шыңдарына шыққан қазақстандықтар жайында әңгіме қозғады.
«Қазақстан альпинизмінің тарихы толайым табыстарға толы. Алғаш рет 1936 жылы Хан Тәңірі шыңын Евгения Колокольникованың жетекшілігімен «Динамо» командасы бағындырды. Бұл үлкен жетістік болып қана қоймай, көпшілікке шабыт сыйлады. Сол арқылы Гималай сапары, Эверест шыңын бағындыру жөнінде ой туды. Ол экспедицияны ұйымдастыру үшін аз қадам жасалған жоқ, - дейді Ерванд Ильинский.
Оның айтуынша, 1989 жылы Кеңес Одағының екінші экспедициясы Канченджангаға сапар шегеді. Алғашқы экспедицияға республикадан 5 өкіл қатысса, екішіде 9 адамға дейін көбейген. Нақтырақ айтқанда, бұл командалық көрсеткіштің 30 пайызын құраған.
Сонымен қатар, дәріс барысында қазақ альпинизмінің тарихындағы экспедициялар хронологиясы турасында сөз болды. Мәселен, 1991 жылы алғашқы тәуелсіз қазақстандық экспедиция Қазбек Валиев пен аға жаттықтырушы Ерванд Ильинский басшылығымен Дхаулагириге сапарлаған. Ол саяхатта он альпинист Батыс қабырға бойымен бірінші рет оттегіні пайдаланбай жоғары көтерілген.
1995 жылдары қыс мезгілінде Валиев Манаслу экспедициясын бастап, сегіз адаммен оттегісіз сексен мың км биіктікті бағындырған. Содан соң 96-шы жылы бірлескен қазақстан-жапон экспедициясы Чо-Ойюға өтсе, 97-ші жылы Ильинскийдің басшылығымен он альпинист солтүстіктен Эверестке экспедиция жасаған. Олардың қатарында Қазақстаннан шыққан алғашқы әйел альпинист Людмила Савина да болған.
Abai.kz