Осылайша парламент "Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айырып, оған айып тағу" туралы қаулыны қабылдаған. Енді парламент қаулысы бас прокуратураға жіберілмек.
18 маусымда Жогорку Кенешінің екі комитеті Атамбаевқа айып таққан комиссия қорытындысын қолдаған еді. Комиссия төрағасы Каныбек Иманалиев журналистерге бұрынғы президенттен тиіспеушілік мәртебесін алып тастау сегіз кезең бойынша жүзеге асырылуы тиіс екенін айтқан:
бастамашыл топтың хаты;
парламенттің салалық комитетінің қорытындысы;
комиссияның құрылуы;
комиссия қорытындысын салалық комитетте қарастыру;
комиссия мен салалық комитет қорытындысын ортақ палатада қарау;
бас прокуратураның баға беруі;
бас прокуратура бағасының парламентте қаралуы;
бұрынғы президенттен тиіспеушілік мәртебесін алып тастау-тастамау туралы парламент шешімі.
Әуел баста комиссия Алмазбек Атамбаевқа тоғыз айып таққан, бірақ талқылаудан кейін үш айыпты қысқартып, алты айыпты ғана қалдырды. Себебі қалған үшеуі Атамбаевтың президент болып тұрған кезге қатысы жоғы айтылды.
Алмазбек Атамбаевқа төмендегідей айыптар тағылған:
депутаттар, сот, қоғамдық белсенділер мен БАҚ-ты қудалау;
қылмыстық топ мүшесі Азиз Батукаевты заңсыз босату;
Кой-Таш ауылындағы жерді заңсыз иемдену (мұнда Атамбаев үй салған);
"Ака Петролеум" және "АКА инвест" компаниялармен астыртын байланыс жасаған болуы мүмкін;
Бішкек ТЭЦ-ін жаңарту жобасы кезіндегі жемқорлық әрекет;
Бішкек ТЭЦ-іне заңсыз көмір тасымалдау ісіне қатысы болуы мүмкін.
Ал Алмазбек Атамбаевтың жақтастарынан құралған Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы комиссияның заңсыз құрылғанын айтты.
Abai.kz