Қызылордада ҰБТ басталды
Бүгін қызылордалық түлектер ҰБТ тапсырып бастады. Тестілеуге 4143 түлек (72 %) немесе қатысады,- деп хабарлайды Абай-ақпарат.
Биылғы оқу жылы 5755 оқушы 11 сыныпты аяқтаған. Қорытынды мемлекеттік аттестаттау нәтижелері бойынша 406 түлек "Алтын белгі", 264 түлек Үздік аттестатқа ие болды (2018 жылы - 320 "Алтын белгі", 215 - Үздік аттестат).
– 4143 түлек немесе мектеп бітірушілердің 72% алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш берді. 2018 жылмен салыстырғанда қатысу 5% көбейген, яғни былтыр түлектердің 67% қатысқан. Жыл бойы "Талдысу", "Қамбаш" лагерлерінде барлық түлектер қосымша дайындық курстарынан өтті. Сонымен қатар, ата-аналар мен түлектерге психологиялық тренингтер өткізілді. Барлық тестілеу пункттері бейнебақылау камераларымен, ұялы байланыс сигналын өшіретін құрылғылармен және металл іздегіштермен жабдықталған, әрбір аудиторияға кондиционерлер орнатылған, - деді Қызылорда облысы білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова.
Облыста ҰБТ 21-26 маусым аралығында 9 тестілеу пунктінде өткізіледі.
Аймақтың 4640 түлегі университеттерге (81%), 1000 түлек колледждерге (17%) түседі деп жоспарлануда. Ал 628 түлек Ресей Федерациясының 4 жоғары оқу орнына түсу емтиханын тапсырған. Атап айтқанда, Мәскеу ұлттық зерттеу технологиялық университеті "МБжҚИ", Ресей мемлекеттік аграрлық университеті – К.А.Тимирязев атындағы МАША, Мәскеу энергетикалық институты және Санкт-Петербург мемлекеттік өнеркәсіптік технологиялар және дизайн университеті. Емтиханның нәтижесі шілде айында белгілі болады.
Айта кетейік, 2019 жылдан бастап жоғары білім алуға қолжетімділікті арттыру мақсатында ҰБТ жылына 4 рет ұйымдастырылған болатын. Қаңтар айында ҰБТ-ға 2392 оқушы (41,5%) қатысып, орташа балл 77 болды. Наурыз айында тестілеуді 4042 (70%) түлек тапсырды, орташа балл 83-ті құрады.
Ұлттық бірыңғай тесттің үшінші кезеңі 21-26 маусымда, ал төртінші кезең 17-20 тамыз аралығында өтеді
Abai.kz