Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 6633 14 пікір 3 Шілде, 2019 сағат 12:15

Қазақты қорлау – жарылмаған бомбамен ойнаудан қауіпті!

Әлем назарын қазақ елі тағы да өзіне аударды. Бұл жолы Атыраудағы толқуға қатысты жаһан баспасөзі мен саяси сарапшылары өздерінің жөн сөздерін айта бастады.

Осы уақытқа дейін Батыс біздегі биліктің саяси қауқарсыздығын, әліптің артын бағып отарсыздану процесін жүргізбей отыруын орынды сынға алып келеді. Батыс бізді осы уақытқа дейін Қытайға бір жалтақтап, Ресейге бір жалтақтап жүрген ел деп танып келді.

Бірақ қазақ ұлты туралы пікірі оңды. Ойлары жағымды. Сөздері түзу. Енді біз туралы Батыс не дейді?..

Қазақ оппозициясы өкілдері Қытай факторын бұрынғы президенттің саяси режіміне қарсы қолданса, енді жаңа сайланған президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа да түрлі атақты еншілетіп отыр. Әрі қазақстандық элитаның Ресейге жалтақтаушылық дағдысы мен үрдісі ана тілін құрметтеген орыстанбаған қазақтар арасында жарылуы мүмкін бомбаға айнала бастағанын алға тартып, қазақ билігін ақылға шақырып, Атыраудағы этникалық бас көтеру ұлттық сипатта емес, қазақ пен шетелдіктер арасындағы еңбек теңсіздігінен туындады деп ашып айтты.

Солай болса да шетел баспасөзі мен саяси сарапшылары біздің елде ұлтаралық қақтығыс жиі туындап тұратындығын да жоққа шығармайды. Өз кезінде қазақтардың жуан жұдырығының дәмін алаш елінде жалғанды жалпағынан баспақ болған шешендер, түріктер, тәжіктер мен әрмендер татты. Бірақ титулды ұлттың басты қоқынышы Ресей империясы мен КСРО кезіндегі 300 жылдық отарлау барысында әр кезде келіп қоныстанған орыс, украин, беларус, шешен сынды ұлттардан емес, ҚХР экономикалық және саяси бұғауына түсуден туындауы ықтимал қытайларға қарсылыққа ұласуда деп батыстық және араб елдеріндегі белді басылымдар ашып жазды.

Ливанның Қорғаныс министр Иляс Бу-Сааб 30 маусымда қазақ әріптестеріне қоңырау шалып, осы елдегі ливан диаспорын қорғауын өтініп сұрады. Өйткені, таяуда ливан, иордан және құдыс (палестина) жұмысшылары қазақтармен осы елдің «Теңізшевройл» (ТШО) мемкомпаниясының мұнай айдау зауытының құрылыс алаңында төбелесіп қалған болатын. 30 аса адам түрлі дәрежедегі жарақатпен дәрігерлердің көмегіне жүгінді.

Бәленің басы ливандықтың  өзімен бірге істейтін қазақ қызына жергілікті ұлттың діліне жат өрескел қылық көрсетіп тұрғанын WhatsApp жариялауы түрткі болды. Қыздарының үстінен қылшық жолатпайтын ұлттың бұған шыдамай шетелдік жұмысшыларды жаппай сабауы орын алды. Бұған кінәлі орыс тіліне жақын Қазақстандық биліктің республикадағы этникалық арасалмақтың мүлдем өзгергенін ескермей, таза қазақ тілді ұлттың саны көбеюін есепке алмай, солтүстік көршісі РФ сияқты өзге елден келетіндерге арнап жергілікті ұлттың тілі мен дәстүрін құрметтеуді үйрететін ақылы курстарды ашуда жолға қоймауы да негізгі себептердің бірі.

Әрі батыс баспасөзі бұрынғы билік жергілікті халыққа өз ана тілінде ұлттық партия мен кәсіподақ құруға қос тілділік шеңберінде заңмен бекітілген тыйым салып тастаған, енді зорлықпен үш тілділікті орыс тілінің пайдасына таңып отыр. Әрі бұрынғы президенттің қызы Дариға Назарбаева бұған қытай тілін қосып елді дүрліктірді деп жазады.

Енді билік қазақтарға қатысты өзге шетелдіктер тарапынан туындаған еңбек теңсіздігі мен ұлттық кемісітушілік сынды екі факторды ескермесе, өз елінде бұрынғы азшылық жалтақтықтан арылып, жоғалтқан саяси-әлеуметтік құндылықтарын қорғау жолында бұданда ауқымды бас көтерулер тасқынының астында қалады деген ойды әлем БАҚ жария етті.

Түйін

Біздің бүгінгі билік осы екі факторды қазақтың пайдасына шеше ала ма? Орыс тілді биліктің «Бар болу мен бордай тозуы» да қазақтардың өз қолында. Ал тілі мен ділі қорланудан көз ашпаған қазақ қайсын таңдайды, орыс тілді билік қайсын таңдауға мәжбүр етететінін уақыт өзі көрсетеді. Өйткені, Қазақты қорлау – жарылмаған бомбамен ойнау!

Әбіл-Серік Әліәкбар

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371