Араб елдері Қытайдың мұсылмандарға қарсы саясатын қолдады
Қытай ақпарат құралдары "37 елдің Женевада тұрақты тұратын бас елшілері БҰҰ Адамдық құқық істері алқалар кеңесінің төрағасы мен Адам құқығы жөніндегі жоғары дәрежелі арнаулы мансаптысына бірлескен хат жолдап, Пекиннің Шыңжаңдағы саясатын қолдайтынын жеткізді" деп жарыса жазуда.
Қытай баспасөзі таратып отырған хабарларға сүйенсек, аталған хатқа қол қоюшылар Шыңжаңдағы адамдық құқық істерінің даму жетістіктеріне, лаңкестікке қарсы тұру мен радикализмді аластау нәтижелерін жоғара бағалаған. Әрі ресми Пекиннің Шыңжаңға қатысты мәселелердегі майданын қолдаған.
"Терроризм және экстремизм сияқты ірі қауіп-қатерге кезіккен Қытай Шыңжаңдағы терроризм мен радикализммен күресу үшін бірқатар шара қолданды, кәсіби білім беру және оқыту орталықтарын ашты" делінген хатта.
37 елдің өкілі қол қойған хатта Шыңжаңда барлық этникалық топтардың негізгі құқықтары сақталатыны, Пекин әрекетінің арқасында "аймақтағы жағдайдың қауіпсіз бола бастағаны", соңғы үш жылда мұнда террористік шабуыл болмағаны айтылады. Хат авторлары бұған қоса Шыңжаң тұрғындарының "бақытты әрі тату-тәтті өмір сүріп жатқанын" атап өткен.
Сонымен қатар, бас елшілер бірлескен хатта Қытайдың халықты өзек еткен даму идеясына табанды болып, даму арқылы адамдық құқықты қорғауды ілгерлетіп, адамдық құқық істерінде зор жетістікке қол жеткізгенін, халықаралық адамдық құқық істеріне үлкен үлес қосқанын мадақтаған.
Хатқа қол қойған елдер арасында Сауд Арабиясы, Ресей, Солтүстік Корея, Венесуэла, Куба, Беларусь, Мьянма, Филиппин, Сирия, Пәкістан, Оман, Кувейт, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн бар.
37 елдің хатынан төрт күн бұрын 22 елдің БҰҰ-дағы елшілері Қытайдан Шыңжаңдағы діни азшылықтарға жасалып жатқан қысымды тоқтатуды талап етіп, хат жазған болатын. Ол хатта Қытайдың аз ұлттарға соның ішінде ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге этникалық топтарға жасап отырғанын қысымын айыптаған болатын.
8 шілдеде жазылған хатқа Австралия, Ұлыбритания, Канада, Франция, Германия, Жапония, Швейцария және басқа да ЕО елдерінің елшілері қол қойған.
Елшілер хатты БҰҰ адам құқығы кеңесінің президенті Коли Сек пен Адам құқықтары жөніндегі комиссары Мишель Бачелетке жолдады. Елшілер "бұл хатты БҰҰ адам құқықтары кеңсесінің Шыңжаңдағы жағдайға қатысты ресми ұстанымы" дейді.
Хатта елшілер "Шыңжаңда ұйғырлар мен басқа да аз ұлттардың қудаланып, қамалып жатқанына алаңдаушылық білдірген". Олар Пекиннен Шыңжаңда ұйғырлар мен басқа да діни азшылықтағы елдерге еркіндік беріп, қысымды тоқтатуды сұраған.
Бұл хатта айтылған мәліметтерді Пекин мүлде мойындаған жоқ. Әрі аймақта адам құқығы бұзылып жатыр деген деректің бәрін жоққа шығарды. Тіпті "Шыңжаңға саятын мәселелерден пайдаланып, Қытайдың ішкі ісіне араласуға қарсы тұрамыз" деп мәлімдеді.
Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Гын Чуан "кейбір елдердің шындықты бұрмалап, Қытайды қаралап хат жазып, адамдық құқық мәселесін саясиландырып, Қытайдың ішкі ісіне араласқанына қатты наразылық білдіреміз" деді.
Қытай СІМ өкілі сонымен қатар, Шыңжаң мәселесі бүкілдей Қытайдың ішкі ісі деген ойын айтты. "Шыңжаң мәселесіне қатысты пікір айтуға Қытай билігі мен Қытай халқының ғана құқығы бар. Басқа сыртқы күштердің килігуіне жол жоқ. Лаңкестіктің алдын алу үшін Шыңжаң районы заң бойынша кәсіптік шеберлікке тәрбиелеу орталығын салу арқылы, өңірдің қауіпсіздік жағдайын өзгертті. Аймақта екі жыл бойы террорлық оқиға болмады. Қоғам орнықты" деді.
Бәріміз білетіндей, Шыңжаң аймағындағы лагерьлер жайлы алғаш рет 2017 жылдың көктемінде айтыла бастаған. БҰҰ Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу орталықтарында" миллионға жуық адам "еркінен тыс" қамауда отырғанын, олардың арасында қазақтардың да бар екендігін мәлімдеген болатын. Сондай-ақ Қытайда туысы бар Қазақстан азаматтары да бұл мәселені жиі айтып жүрді. Көптеген қандастарымыз Қазақстан үкіметіне, Сыртқы істер министрлігіне арыз жазып, туыстарына араша түсуін сұраған.
Қытай үкіметі басында саяси тәрбиелеу орталықтарының барын жоққа шығарып келгенімен, кейін бұндай орталықтардың барын мойындады. Бірақ, Пекин Шыңжаңдағы саясатын "экстремизмге қарсы шара" деп атап, адамдар еркінен тыс отырған лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын " орталықтар деп түсіндірген еді.
Өткен аптада БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңсесіне келіп түскен қос хатқа байланысты Қытай тарапы өз ойларын айтты. 22 елдің елшісі жазған хат мазмұнын жоққа шығарып, оған қарсы уәж айтты. Ал 37 елдің хатын баспасөзде жариялап, жерден жеті қоян тапқандай қуанып жатыр.
Abai.kz