Тұрсын Жұртбай. «Ұраным – Алаш!..» Жүйке жегісі
ЖҮЙКЕ ЖЕГІСІ
1.
Ресей жаhангерлiгiнiң барлық отаршыл аяр саясаты кеңес өкiметiнiң де дiттеген жерiнен шықты. Көкiрегiн жеген өкпе құртына айналған ұлт мәселесiн олар қашан естерiн жиғанша еске алмауға тырысты. Бiрақ орайы келгенде орып, қылтасынан қиып тастауға ұмтылды. Большевиктер:
«Әлсiз жау - ең сенiмдi дос, - жауымыздан да бетер қатерлi», - деген П.Я.Чадаевтiң кекесiндi пiкiрiнiң желiсiмен жүрген.
Аз санды ұлттарға келгенде бұл қанатты сөздi толық мағынасында жүзеге асырды. Төңкерiс, азаматтық соғыс тұсында езiлген ұлттарды есiркеуге уәде етiп, «әлсiз жау» ретiнде дос тұтты. Ал, «есептi досқа» айналып, бауырына кiргенде дұшпанынан бетер түршiге өшiктi. Ресейдiң құрамындағы 140 миллион халықтың 75 миллионы орыс едi де (Олардың iшiнде өзiн орыспын деп есептейтiн Ленин, Троцкий, Бухарин, Каменев, Свердлов, Дзержинский, Фрунзе, Голощекин т. б., жүздеген мың сiңбелер бар), қалған 65 миллионы өзге ұлттар едi.
ЖҮЙКЕ ЖЕГІСІ
1.
Ресей жаhангерлiгiнiң барлық отаршыл аяр саясаты кеңес өкiметiнiң де дiттеген жерiнен шықты. Көкiрегiн жеген өкпе құртына айналған ұлт мәселесiн олар қашан естерiн жиғанша еске алмауға тырысты. Бiрақ орайы келгенде орып, қылтасынан қиып тастауға ұмтылды. Большевиктер:
«Әлсiз жау - ең сенiмдi дос, - жауымыздан да бетер қатерлi», - деген П.Я.Чадаевтiң кекесiндi пiкiрiнiң желiсiмен жүрген.
Аз санды ұлттарға келгенде бұл қанатты сөздi толық мағынасында жүзеге асырды. Төңкерiс, азаматтық соғыс тұсында езiлген ұлттарды есiркеуге уәде етiп, «әлсiз жау» ретiнде дос тұтты. Ал, «есептi досқа» айналып, бауырына кiргенде дұшпанынан бетер түршiге өшiктi. Ресейдiң құрамындағы 140 миллион халықтың 75 миллионы орыс едi де (Олардың iшiнде өзiн орыспын деп есептейтiн Ленин, Троцкий, Бухарин, Каменев, Свердлов, Дзержинский, Фрунзе, Голощекин т. б., жүздеген мың сiңбелер бар), қалған 65 миллионы өзге ұлттар едi.
Ресей үшiн тек қана шикiзат қажет болатын. Онсыз; ақ немесе қызыл жаhангердiң өмiр сүруi мүмкiн емес-тiн. «Әлеуметтiк теңдiктi» желеу жарымаған жарлылардың өкiметiнiң құлқыны - iшi майлы патшаның өңешiнен көрi де кең әрi ашқарақ едi. Сондықтан да, кеңес өкiметiнiң қомағай көмейлi кеңесшiлерi: кез-келген «ұлттық мүдде мен құқыққа», сол ұлттардың дәстүрi мен тарихи мекенiн тануға, өзiн-өзi билеу еркiне, дербес мемлекеттiк саяси-экономикалық даму жолына, әскери-шаруашылық құрылым құруына, тiлiне де, дiнiне де, тiптi ұлттық теңдiгiне де қарсы өршелене күрестi.
Лев Троцкийдiң мойындауынша мұның екiншi бiр психологиялық астары мынада:
«Шет аймақтағы езiлген халықтың ортасында өскен большевиктер жергiлiктi ұлт партияларымен күрес үстiнде тәрбиелендi және олар шовинизмнiң сананы улаған сарқыншақтарын жоюды былай қойып, сонымен қатар өркениеттi әлеуметтiк әдiл талаптарды орындаудан бас тартты. Ұлт мәселесi жөнiндегi халық комиссариатының коллегия мүшелерiнiң барлығы да орыстанып кеткен «жат жұрттықтардың» өкiлi едi, езiлген ұлттардың дамуына өздерiнiң қанына бiтпеген қияли бауырмашылдық арқылы күнделiктi iс - әрекеттерiмен оларға қастандық жасауға жұмсады. Бұл ежелден келе жатқан орыстандыру саясатын жүзеге асыруға жол ашты".
Ұлттық отарлау қыспағында өмiр сүрген «Қилы заманында» да, тәуелсiздiк алған тұсында да ең қауiптi құбылыс - ет пен терiнiң арасындағы Л.Троцкий дәл тауып айтқан осынау «арам бездер», яғни, «Қилы бауырмашылдар». Ұлт мәселесi жөнiндегi халық комиссариатына тегi «жат жұрттан» шыққан, бiрақ бойында сол ұлтқа деген өшпендiлiктен басқа қасиеттi бiр сезiмi жоқ «арам бездердi» қызметке қасақана алған да Лениннiң өзi. Оларды кешегi, бүгiнгi, келешектегi ұлттық қозғалыстардың iшiнен қиналмай-ақ кезiктiруге болды.
Ұлттық сана сүзгiден өтедi. Бiрақ «арам бездер» құрымайды. Бұл да табиғи заңдылық. Олардың әрбiреуiнiң кесiрi - ұлттық көсемдердiң мұқым бiр толқынын жер жастандыруға жетiп жатыр. Мәселенки: не орыс ұлтына, не еврей жұртына қайыр көрсетпеген, атасының атымен атасаң - Шая Ицкович, орысша есiмi - Филип Исаевич Голощекин, қазақтардың сыйға тартқан аты - Қужақ, қазақ ұлтының мәйегiн төгiп, сүйегiн қу далаға шашып кеттi. «Ұлттар мүддесiнiң қорғаушысы, лениндiк ұлт саясатының көсемi» Лениннiң өзi де мұндай аярлықтың әккiленген тәлiмiн өте ептiлiкпен қолданды. Ол езiлген ұлттарды сондай жәдiгөйлiкпен жауырынынан сипап тұрып, жауырынымен жер қаптырды. Тәуелсiз Башқұртстан мемлекетi мен «Алаш» үкiметiн де екiжүздi саясаттың құрбандығына шалды. Сырттай барынша жақсылық жасағансып «езiлген ұлттардың өзiн - өзi билеу еркi, бостандығы бар» - деп жалпы декларацияға кiргiздi де жеме - жемге келгенде:
«Балтық жағалауындағы ұлттар бағынудан бас тартса, оларды бір-ақ түнде аяусыз қырып тастаңдар да, мұны ұлтшылдар мен контрреволюционерлер iстедi деп қауесет таратыңдар», - деп жасырын бұйрық берген де Лениннiң өзi ғой.
Құпия жарлықтарда бұдан да сорақы ұсыныстардың, пәрмендердiң, «ақыл-кеңестердiң» бар екенi қазiрдiң өзiнде әшкереленiп отыр. Оны келешек дәлелдер.
Әлихан Бөкейханов «Алашорда» Үкiметi Ресейден дербес мемлекет болатынын мәлiмдегенде атышулы адмирал Колчак:
«Маған салса, қазақтарды бағындыру қиынға соқпас едi: халыққа сөзi өтетiн, халық сенетiн 500 интеллигенттiң көзiн жойса, жетiп жатыр - қазақтар тағзым еттi деп есепте», - деген екен.
Расында да, қазақ ұлтының ең осал жерi осы зиялы қауым болатын. Заманның тiлiн бiлетiн, қоғамдық күрес пен саяси талас-тартысқа әбден ысылған қайраткерлер тым аз едi. Алайда, Сiбiр мемлекетiнiң әскери әмiршiсi адмирал Колчактың өзi де мұндай қаскүнемдiкке бармады. Ал Смағұл Сәдуақасов айтқан «коммунистiк колонизаторлықтың» да авторы - Ленин едi. Ұлттардың автономиясы мен саяси бiрлiгi - сырт көзге қойылған сахна ойыны ғана едi. Шын мәнiнде, большевиктер отарлаудың жаңа түрiне, коммунистiк түрiне шұғыл әрi жазалау арқылы қауырт кiрiстi. Егерде, ұлттық қозғалыс аса буырқаныспен дамыған Украина мен Түркiстанда қасақана ашаршылық ұйымдастырып, ұлттық коммунистердi жазалаудың жаңа науқанын жүргiсу туралы Лениннiң өзi берген жасырын нұсқау мұрағаттардан табыла қалса, оған ешқашанда таңдануға болмайды. Өйткенi, большевиктер, 1921-1922 жылдан бастап арандатудың ең қанқұйлы түрiне көшiп едi. Мұның етек алғаны сондай, Л. Троцкийдiң мәлiмдемесiнше, Лениннiң өзiне де у берiлген. Көсем де оған еш қарсылық бiлдiре алмапты. Демек, қазақ ұлтының зиялыларының 1922 жылы жаппай түрмеге қамалуы пәлендей кездейсоқ құбылыс емес.
1924-жылы мемлекеттің билігі тұтастай өзіне көшкен Сталин, ұлттық қайраткерлерден неғұрлым тез құтылса, соғұрлым жолы ашылатынын білді. Өйткені империяның мемлекеттiк басқару билiгiнде жалғыз ғана (!) жоғары бiлiмдi адамы (Молотов) бар шiркеу тақуасы Сталин үшiн - тұлға, зиялы (интеллигент) деген сөздiң өзi жеккөрiнiштi едi. Төбе шашы тiк тұрып, мұрты едiрейiп, алдына келген оқымыстыларды бишара күйге түсiрiп, қорлаудан масаттана ләззәт алатын мизаяны (паранойктi) көргенде Әлихан Бөкейханов:
«Сауатсыз, өзi бiлмейтiн, бiлгеннiң тiлiн алмайтынның нағыз өзi екен. Қазақты былай қойғанда, Ресейдiң соры ендi қайнайтын болды», - дептi Әлiмхан Ермековке.
Оның бұл айтқан пiкiрi расқа шықты.
Сталиннің өзі, тiптi, кеңес үкiметi мүшелерiнiң барлығы да можантопай, тек патшаның жазалау саясатын, түрменiң iшкi-сыртқы арандату әрекеттерiн өте жақсы бiлетiн тiсқаққан ысқаяқтар едi. Монархиялық диктатура - пролетариат диктатурасымен алмасты. Идеологиялық саясатпен, оның үгiт-насихаттық тәсiлi өзгергенмен де, мемлекеттiк құрылымға мойынсындыру әдiстерi сол күйiнде қалды.
Сот, прокуратура, тергеу мекемелерi жазалау құралына айналды. Пролетариат диктатурасының идеологиясына негiзделген заң тек қана кеңес өкiметiнiң мүддесiн қорғады. Жеке адамды, оның iшiнде тұлғаларды жаншып, қысым көрсетiп, жазалауға қызмет етті. Бұл ретте В.О.Ключевскийдің:
«Александр І таққа отырған 1801 жылдан бастап мұқым ХІХ ғасырдың ұзына бойында орыс үкіметі тек қана арандату әрекетімен шұғылданды: олар қоғам мүшелеріне сырттай ғана әсер қалдыратын мөлшерде ғана бостандық берді де, іле-шала оны жылы жаба салып, аңғал жұртты жазаға тартты. Александр І дәл осылай болды: Сперанский өзінің конституциялық жобасы арқылы декабристердің алаңға шығуына құқық берді де, сөйтіп, еріксіз арандатушы боп шыға келді, содан кейін шеңгелге іліккен өзінің саяси шәкірттерінің тергеу тобының құрамында жүріп, сұрақ алу кезінде көзінің жасын сығумен болды. Император Николай І тұсында үкімет өзінің арандату тәсілін өзгертті», - деген пікірін кеңес үкіметіне де қаратып айтуға толық дәлел бар.
Өйткені олар Сперанский сияқты «көзінің жасын сыққан жоқ». Керісінше, Александр І мен Николай І жазалау саясатын адамдардың рухын жаныштап, еңсесiн езуге бағыттай отырып, айла тәсілдерін өзгертіп қолданса, Ленин мен Сталин бұл екi «амалдың» басын қосып, қысым құралының құрсауын бұрынғыдан бетер күшейттi.
Бұл реттен алғанда, патшалық самодержавие мен кеңес өкіметінің мемлекеттік-саяси ұстанымында ешқандай айырмашылық болмады. Билік иесі ауысса - сарай дәбiрлерi де қоса ауысып, алдыңғылар мiндеттi түрде басқару жүйесiнен шеттетiлді. Бұл «тәсiл» түрлі халықтық саяси «формулировкалар» арқылы өте әккiлiкпен қолданылды. Әсіресе, жеке адамның тағдырын қамтитын кадр мәселесiн жазалау арқылы шешiп, қылмыстың куәләрiн дер кезiнде жойып отырды. Басшы ауысқан сайын жазалаудың тактикасы мен стратегиясы да өзгердi.
Ленин жаңа экономикалық саясатты қауырт жүзеге асырды, iле Сталин еңсесiн көтерiп үлгергендердi тап жауы, кулак ретiнде тәркiлеп, тоз-тозын шығарды. Ленин «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкiметiнiң мүшелерiне бүкiлодақтық Орталық Атқару комитетiнiң 1919 жылғы 4 көкектегi және 1920 жылғы 15 көкектегi Лениннiң өзi қол қойған қарармен кешiрiм жасады, Ленин өлген соң оларды жаппай қудалай бастады. Ақыры көздерiн жойып тынды. Лениннің тұсында, яғни, 1920-1924 жылдар аралығында ұлттық федерация мен автономия, ұлт мәселесi жаппай талқыға түсіп, СССР құрылды. «Партиялық диспуттар» ұйымдастырды, iле Сталин бұл науқанда белсендiлiк көрсетiп, батыл пiкiр айтқандарды ұлтшыл, байшыл, буржуазия мүддесiн қорғағандардың қатарына қосып, тазалау науқанын жүргiздi. 1937 жылы «халық жауын әшкерелеу» басталды. «Жазалау әрекетi» шегiне жеткенде, 1938 жылы «асыра сiлтеушiлiк» туралы қаулы қабылдап, ендi алдыңғыларды халық жауы ретінде «әшкерелеушiлердiң» өздері «әшкереленіп», адал азаматты әдейi арандатқандар есебiнде түрмеге қамалды. Ақыры 1956 жылы: бұлардың барлығы жеке басқа табынушылықтың құрбаны болды - деген бүркеншік саясатпен Сталиннің өзі де сахнадан ысырылды. «Жылымық әкелген» Хрущевті Брежневтің «ыстық құшағы мен тәтті сүйістері» ерітіп жіберді. Горбачев мұның бәрін «қайта құруға ұмтылып» еді, оны пучча өртеп жіберді. Сөйтiп, ол күндердің де тiрi куәләрі жойылды.
Бұл өз кезегінде қазақ ұлтының да мәйегін ірітіп, жүйкесін жегідей жеп, тұрақты ұлттық ұстанымды ұйытуға мүмкіндік бермеді. Соның нәтижесінде мемлекеттік қайраткерлер емес, қондырғы қайраткерлер республиканы Мәскеудің емеуірінімен қақпайлап қана отырды.
Қазақстанда өзінің дербес құрылымдық-құқықтық, саяси-экономикалық, тарихи-мәдени, рухани дербес билігін жүргізген нағыз ұлттық тұлға болған емес. Бұл ұлттық тұлғалардың тұншықтырылуына алып келді. Көп өксік көмейіне тығылған ұлттың бұл саяси құмығуы түйнектеліп барып, өз кезегінде сексен алтыншы жылғы намыстың ызалы кегі боп атылды. Ол тәуелсіздікке ұласты.
Міне, Сталин осы тәуелсіздіктен қатты сескенді. Сондықтан да рухы қуатты ұлт қайраткерлерінің бірде-біреуіне Сталин сенбеді және мемлекет басына жолатпады. Тәуелсіз тұлғалардан сескеніп, «тұлғасыздарға» тұлға іздеген Сталин:
«Шығыста социализм орнамай - дүние жүзiнде коммунизм орнамайтынын», - деп жариялады.
Бұл арманына жету мақсатында Қазақстанға социализмді орнату үшін Голощекинді «десант» ретінде жіберді.
Гәп социализмде емес, сол социализмнен үмiт күтiп отырған «езiлген ұлттардың» тағдырында және соны жүзеге асыратын қазақ қызметкерлерінде болатын. Қазақ ұлты мен тұлғаларының шегер қасіретi мен көрер көрешегiне орай, халық «Қужақ» атап кеткен, азаматтық аты - Шая Ицкович, бүркеншiк есiмi - Филип Исаевич Голощекин Қазақстанға келе салысымен өзiнiң «сыпыра сыпыру» мен «жағалата жаппай жазалау» саясатын жүргізіп, әр түрлі «щиналарға» (қазақ қызметкерлеріне) «қарғыстың қамытын кигiзiп», оларды халық жауы ретінде әшкерелеуге кірісіп кетті. Ол өзiнiң «таққа тағайындалу» құрметiне орай 1925 жылы 1 желтоқсан күнi (мына сәйкестікті қараңызшы, Г.Колбин де сол желтоқсанда келді емес пе!) өткен Бүкiлқазақстандық бесiншi конференцияда:
«Шындығын айтсам, ауылда кеңес өкiметi жоқ, байлардың үстемдiгi, рулардың үстемдiгi ғана бар», - деп мәлiмдеме жасады.
Оның көзіне бұқара қазақ халқы көрінген жоқ, тек байлар мен «щиналар» ғана елес берді. Желтоқсанда жер тепкілеп келіп, бірден ашық тіміскілікке кірісті. 1926 жылы жаппай қудалауды бастады. 1927 жылы жаппай жазалау мен тұтқындауға көшті. 1927-1930 жылдары тергеуге алды. Соның нәтижесінде СССР Халық Комиссарлары Кеңесінің жанындағы ОГПУ коллегиясының 1930 жылғы 4 апрельдегi қаулысына орай:
«Бұрын «Алашорданың» құрамында болған және ұлтшыл контрреволюциялық ұйымға кiрген, сонымен қатар олармен байланысы бар ұлтшылдардың үстiнен қозғалған № 2370-iстің «Тарихи анықтамасы» бойынша:
ақпан төңкерiсiнен кейiн ұлтшыл «Алаш» партиясының құрамына кiргені үшін,
«Алашорда» үкiметiнiң мүшесi болғаны үшін,
сондай-ақ орыстың ақгвардияшыл казактармен, контрреволюцияшыл генерал Колчактың армиясымен бірігіп кеңес өкiметiне қарсы ашық күрескені үшін,
контрреволюциялық армия мен «Алашорда» үкiметіне кешiрiм жасалғаннан соң да контрреволюциялық ұйымның ұйытқысы болғаны үшін,
Қазақстанды Ресейдің құрамынан бөліп әкетпек болғаны үшін,
кеңес өкiметiн құлатып, құрылтай жиналысын өткiзу арқылы қазақтың ұлтшыл-демократиялық республикасын құруға ұмтылғаны үшін,
қазақтың ұлтшыл-буржуазияшыл интеллигенциясының өкiлдерiнің» алды -атылды.
Бел ортасындағылар ату жазасына кесіліп, жиырма бес жылға кесім алды, соңындағылар жер аударылды.
Сөйтіп, ұлт тұлғасыз тұл қала жаздады. Ал тұлғалардың тұлғасыздандырылуы Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсыновтың саяси сахнадан шеттетілуі тұсында басталды. Алайда ұлт іші мәйексіз емес еді.
(Жалғасы бар)