Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4222 0 пікір 12 Шілде, 2011 сағат 09:40

Зікірия Жандарбек. ҚМДБ-ның «зікіршілер» туралы пәтуасына жауап

Қоғамда түрлі діни ағымдардың төңірегіндегі  пікірталастар, даулы әңгімелер толастар емес. Қолданыстағы заң бойынша азаматтардың діни таңдауы еркін болғандықтан да уақыт өткен сайын діни көзқарастар қайшылығы шырмауыққа айналып келеді. Мәселенің ақ-қарасын ажыратуды оқырманның өзіне қалдырып, Абай.кз о бастағы өзінің бейтарап бағытынан танбағаны аян.

Өткен жолы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сопылық ағым турасындағы пәтуасын берген болатынбыз. (http://old.abai.kz/content/zikirshiler-turaly-muftiyattyn-petuasy ) Редакциямызға мүфтияттың пәтуасына қатысты Зікірия Жандарбектің мақаласы келіп түсті. Бұл мақаланы да назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«Абай-ақпарат»

Қоғамда түрлі діни ағымдардың төңірегіндегі  пікірталастар, даулы әңгімелер толастар емес. Қолданыстағы заң бойынша азаматтардың діни таңдауы еркін болғандықтан да уақыт өткен сайын діни көзқарастар қайшылығы шырмауыққа айналып келеді. Мәселенің ақ-қарасын ажыратуды оқырманның өзіне қалдырып, Абай.кз о бастағы өзінің бейтарап бағытынан танбағаны аян.

Өткен жолы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сопылық ағым турасындағы пәтуасын берген болатынбыз. (http://old.abai.kz/content/zikirshiler-turaly-muftiyattyn-petuasy ) Редакциямызға мүфтияттың пәтуасына қатысты Зікірия Жандарбектің мақаласы келіп түсті. Бұл мақаланы да назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«Абай-ақпарат»

Қазақстан Мұсылмандары діни Басқармасының «Абай кз» сайтында жарияланған «зікіршілер» туралы пәтуасы Діни басқарманың діни бағыт-бағдарын толық көрсетіп берді.  Діни басқарма «дін тазалығы» деген желеумен қазақ халқының сан ғасыр бойына өзінің рухани болмысының өзегі еткен сопылық жолды - Йасауи жолын жоққа шығарып отыр. Сопылыққа қарсы шығу қазақ халқын рухани, мәдени болмысын жоққа шығару екендігін Діни басқарма өкілдері түсінбейді емес, түсінеді. Түсіне отырып, қазақ халқының діни танымын өзгерту арқылы оның сан ғасыр бойына жиған рухани, мәдени құндылықтарын  біртіндеп халық санасынан шаю саясатын саналы түрде жүргізіп келеді. Бұл қазақ халқын тарих сахнасынан кетіретін қатерлі бағыт екендігін ҚМДБ басшылары түсінбейді деп айта алмаймын. Өйткені дін - кез-келген халықтың рухани дүниесі мен мәдениетінің өзегі. Халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі сол діннің ыңғайына қарай жасалады. Дін өзгерсе олар да өзгереді. Діннен тыс мәдениет те, салт-дәстүр де болмайды. Керек десе бір діннің ішіндегі әр түрлі ағымдар арасындағы айырмашылық халықтың этникалық бет-бейнесін өзгертуге күші жетеді. Оған дәлелді ұзақтан іздеп қажеті жоқ. Түркі халықтарының соңғы мың жыл ішінде жүріп өткен жолы оған дәлел бола алады. Бұл мәселе жөнінде соңғы жылдары республикалық баспасөз бетінде жарияланған мақалаларымда айтқан болатынмын. Енді бүгін сол айтылғандарды тағы да қайталап, нақтылап айтудың қажеттігі туып отыр. Өйткені, қазіргі күні Елімізде жүріп жатқан рухани процестер Қазақ халқы өзінің жүріп өткен рухани тарихынан хабарсыз екендігін көрсетіп берді. Ал, рухани дүниесін малынан да, жанынан да артық санаған «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген қазақ сияқты халық үшін бұл аса қауіпті процесс екені айтпаса да түсінікті. Өкінішке орай, жетпіс жылдық атеистік тәрбие халқымызды діннен хабарсыз еткені, ақ пен қараны ажыратуға  шамасын келтірмей қойғаны да шындық. Осыны пайдаланған шет елдік діндарлар елімізге, исламнан тыс ағымдарды қоспағанның өзінде, әртүрлі бағыттағы ислам ағымдарын әкелгенін көзіміз көріп отыр. Аузында Алласы, қолында Құраны болғансын  алғашында оларды қазақтың құшақ жая қарсы алғаны да рас. Бүгін сол ағымдар қазақ халқы үшін аса қауіпті  факторға айналып отырғанына бәріміз куәміз. Бұл қалыптасқан жағдайдың елді ертеңгі күні қанды қырғынға ұшыратары, олай болмаған күнде қазақты өзінің рухани, мәдени дербестігінен айырып, әртүрлі этникалық топқа жіктері анық. Өйткені, сырттан келген діни ағымдар қазақ халқының рухани дүниесі мен мәдени мұрасын ертеңгі күні қажет етпейді. Қажетсіз, зиянды дүние ретінде сыртқа теуіп, қолданыстан шығарып тастайды. Оны қазір сырттан дін үйреніп келген «әсіре мұсылман» молдалар мен діни оқымыстылар мысалынан көріп жүрміз. Оның орнына өздеріне ыңғайлы, қазақ үшін жат мәдениет пен дәстүрді қалыптастырады. Басқаша айтқанда, қазақ халқы ешқандай соғыссыз, қантөгіссіз тарих сахнасынан кетеді. Егерде бүгінгі күні қазақ халқы ес жиып, етегін жаппаса, өзінің рухани, мәдени дербестігін сақтап қалмаса, тарихтың солай үкім шығарарына менің иманым кәміл. Өйткені, біз мұндай қателікті тарихта бірнеше рет қайталаған халықпыз.

Қазіргі қазақ қоғамы діни сенімі жағынан қаншама топтарға жіктеліп отыр. Әсіресе, уаххабилік бағыттағы діни ағымдардың, атап айтқанда, салафилер, такфирлер, жихадшылар, таблиғи жамағат т.б. ықпалы күн санап артып келе жатқаны жасырын емес. Олардың ықпалына түскен жастар арасында экстремистік пиғылдағылар саны да күн санап артып келеді. Салафилер ықпалына түсіп, «жихадқа» аттанған жаңаөзендік бес жеткіншектің Дағыстанға барып құрбан болғаны баспасөз беттерінде жарияланды. Еліміздің батыс облыстарында діни ахуалдың күрделі екендігін осыдан бірнеше жыл бұрын Атырау, Актөбе, Батыс Қазақстан облыстарында жүргізілген зерттеу жұмыстары кезінде толық дәлеледенген болатын. Осындай жағдай енді еліміздің Оңтүстік облыстарында да қалыптасып келеді. Егерде бұл мәселені шешуге мемлекет тарапынан пәрменді шаралар қолданылмаса, ертеңгі күні Өзбекстан немес Тәжікстан сияқты мемлекеттер басынан өткерген дінаралық қақтығыстарды біз де басымыздан кешіруіміз мүмкін. Осы жерде еліміздегі діни ахуалдың бұлай күрделенуіне кім кінәлі  деген заңды сұрақ туады. Бұған ең алдымен ҚМДБ жауапты деп айтуға толық негіз бар. Өйткені, ҚМДБ уаххабилік ағым ықпалының күн санап өсіп келе жатқанын көрмеді емес, көрді. Көп жағдайда көрмеген сыңай танытты немесе тікелей жәрдем берді. Сондай оқиғаның бірінің  тікелей куәсі өзім болдым. Ол 2004 жылдың соңында Алматы облысы Ескелді ауданында болған еді. Ауданның бұрынғы имамы қазақ халқының дәстүрлі діні мен салт-дәстүріне сақтауға көп мән беретін. Діни басқарма «Сен Исматулла қаридың соңына ердің» - деп, кінә тағып, жергілікті халықтың қарсылығына қарамай орнынан алды. Орнына салафилік бағыттағы, Шымкенттегі «Қазақ-араб» университетін бітірген жігітті әкеліп отырғызды. Ол имам Қарабұлақ халқының бес пайызы ғана мұсылман. Қалғаны дінде жоқ деген пәтуа шығарды. Оның айтқандары сол кезде жергілікті халықты қорлағанмен бірдей болды. Мұндай «тазалау» бүкіл Алматы облысы бойынша жүрді десек артық айтпаймыз. ҚМДБ-ның осындай «белсенділігі» нәтижесінде еліміздің көптеген жері уаххабилік идеология ықпалына түсіп отыр. Бұл қазақ халқын қайда апаруы мүмкін? Бұл діни идеологияны қабылдау қазақ халқына не береді? Оны осы уаххабилік бағытты қолдап жүрген жастармен пікір алысар болсаңыз толық көзіңіз жетеді. Олар «Әулиеге бару, әруақтарды сыйлау Аллаһқа серік қосу болып табылады. Өлгендерге Құран оқу дұрыс емес. Кісі қайтыс болғанда берілетін «жетісі», «қырқы», «жылы» дегендер дінде жоқ. Қожа Ахмет Йасауи ешқандай әулие емес. Сопылық исламда жоқ, дінге қосылған жаңалық. Сондықтан бұл жолда жүргендердің барлығы күнәһар. Мұсылман емес» - деп дәлелдеп береді. «Ау, сонда біздің ата-бабамыз ақмақ па? Әлде мұсылман болмаған ба? - деп дау айтсаңыз, «Құранның айтқанымен жүресің бе, әлде ата-бабаңның жолымен жүресің бе? - деп өзіңе қарсы сұрақ қояды. «Сонда менің қазақтығымнан не қалады?- десең, «Исламда ұлт жоқ» -деп жауап береді. Жалпы уаххабилік идеология соңына ерген жастар санасынан қазақ халқының рухани, мәдени құндылықтарының шайылып кеткенін көруге болады. Керек десеңіз, Отанына деген құрмет жоқ. Бірде талбиғи жамағат өклдерінің бірімен сұбаттасып отырып, «Пайғамбарымыздың «Отанды сүю иманнан» деген хадисі бар. Сендер неге бұған қарсы шығасыңдар» - деген сауал қойдым. Ол маған «Мынау Отан ба? Бұл - кәпірстан. Бұны тек өртеу керек» - деген жауап алдым. Жалпы уаххабилік уағызға мойынұсынып, сол жолды қабылдаған жастардың көпшілігінде осындай пиғыл қалыптасқан. Осы кезге дейін ҚМДБ бұлардың барлығына көзді жұма қарап келді. Жағдай ушығып, халық арасында наразылық күшейе бастаған соң ғана «біз ханафи мазхабынанбыз» - дейтін болды. Ал, мұсылман халықтарының 53% ханафи мазхабында. Алайда, қазақ халқының осы көп халықтың ішінде өзіндік ерекшелігін қамтамасыз еткен қай жол екендігі айтылмайды.   ҚМДБ-ның мұндай бағыт ұстануына не себеп болды? Бұл сұраққа жауап беру аса қиын емес. Басты себеп - ҚМДБ мамандарының қазақ халқының дәстүрлі діни танымынан мүлде хабарсыздығы немесе діннің қоғамда ролінің қаншалықты зор екендігін сезінбеуі. Сезіне тұрып қазақ халқына өзге ағымдарды таратуға әрекет еткен болса, онда бұл қазақ халқының дәстүрлі діни танымын мүлде жоюға бағытталған әрекеті. Қазақ халқының ғасырлар бойына тұтынып келген дәстүрлі діні қайсы? - деген сұраққа ҚМДБ тарапынан әлі күнге ешкім жауап іздеп көрген жоқ. Керісінше, қазақ халқының дәстүрлі діни танымын қорғап жүрген азаматтар «халық жауы» ретінде қуғынға ұшыратылды. Баспасөз бетінде пікір айтуына тиым салынды. Мұның барлығы - ҚМДБ-ның осы күнге дейін қазақ халқының дәстүрлі діні мен діни танымына, мәдениетіне қарсы әрекет етіп келгенін көрсетеді.

Ендігі кезекте қазақ халқының дәстүрлі діні қайсы деген сұраққа жауап беріп көрелік.  «Дәстүрлі ислам» дегеніміз не, мазхаб дегеніміз не? Оның ислам қоғамында атқарған ролі қандай? Мазхабтардың бір-бірінен айырмашылығы неде? Сопылық тариқаттардың мазхабтармен қандай байланысы бар? Дәстүрлі қазақ қоғамындағы ислам дінінің өмір сүру формасы қайсы, ол қазақ қоғамында қандай роль атқарды?- деген сұрақтарға жауап берілмейінше, еліміздегі ислам дінінің қазіргі кезеңдегі жағдайына талдау жасау, дұрыс бағытты анықтау  мүмкін емес. Қазақ халқының діни танымының өзегі болған йасауийа тариқаты  ханафи мазхабы шеңберінде қызмет етіп, сол мазхабтың құрамдас бөлігі болды. Сопылық тариқаттардың пайда болуы әр халықтың өзінің дәстүрлі мәдени ерекшелігін сақтап қалуға немесе ислам шариғаты негізінде қайта қалыптастыруға мүмкіндік берді. Сонымен бірге, қоғамдық қатынастарды реттеу мен салт-дәстүрде шариғат жолы емес, тариқат жолына басымдық берілді. Қазақ халқының мәдениеті, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі Йасауи жолы, Йасауи ілімі негізінде қалыптасты. Мемлекеттік жүйесінің өзі осы Йасауи жолының тармақтарымен тікелей байланысты болды. Біздің халқымыздың тарихтағы жеңісі де, жеңілісі де осы Йасауи жолының ықпалының артуына немесе құлдырауына тікелей тәуелді болды. Йасауи ілімінің ықпалы артып, күш алған кезеңде түркі дүниесі өзінің шарықтау шегіне жетті. Йасауи ілімі шетке қағылып, мемлекеттік жүйеден ысырылған кезде түркі халықтары этникалық жіктелуге түсіп, өзара қырқысып мемлекеттілігін күйретті. Алтын Орда мемлекетінің ыдырауы, Өзбек ұлысының үшке бөлінуі, Қазақ хандығының күйреуі Йасауи жолының мемлекеттік идеологиядан шетке ысырылуымен тікелей байланысты. Қазақ халқы тарих сахнасына жеке халық етіп шығарған, рухани, мәдени бірлігін қалыптастырған, қазақ халқының таралу аймағының шекарасын анықтаған да осы Йасауи жолы болатын. Сол себепті, қазақ халқы өзінің киелі мекені ретінде Түркістанды, Қожа Ахмет Йасауидің жатқан жерін таныды. Ақырғы сапарға аттанғанда қазақтың игі жақсылары өздерін осы жерге, Қожа Ахмет Йасауи кесенесіне жерлеуді аманат етті. Қазіргі қазақ халқының тарихындағы елеулі орны бар тұлғалардың көпшілігі осы Түркістан топырағында жатыр. Бұл да қазақ халқының рухани ордасы қайсы екенін көрсететін басты фактордың бірі. Өкінішке орай, соңғы жылдары Қожа Ахмет Йасауи де, оның ілімі де «әсіре исламшылдар» тарапынан аяусыз соққы көруде.    Бұл біздің тарихтан сабақ алмағанымызды, өз тәуелсіздігімізді алып жеке ел болғанда ата-бабаларымыз жіберген қателікті тағы да қайталап отырғанымызды көрсетеді.  Сол себепті, ҚМДБ-ның қазіргі бағыты қазақ халқының рухани, мәдени болмысына қарсы, қазақ халқының рухани, мәдени тұтастығын ыдырататын бағыт ретінде мойындалуы тиіс. ҚМДБ жұмысының бағыт-бағары тез арада өзгертіліп, қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі дініне бет бұруы керек. Оған көп дайындықтың керегі жоқ. Ең бастысы қазақ халқының дәстүрлі діни танымына қарсы жүргізіліп жатқан уағыздарға тиым салынып, оның орнына қазақ халқының дәстүрлі діні мен мәдениетін насихаттау керек. Йасауи ілімінің қазақ халқы тарихындағы, философилық дүниетанымын қалыптастырудағы  орны ғылыми тұрғыдан толық дәледенген деуге толық негіз бар. Бұл бағыттағы зерттеу жұмыстары әлі жалғасын табуда.  Ол үшін ҚМДБ-ның басқару аппараты мен шет елден оқып келіп, қазақтың дәстүрлі дініне қарсы шығып жүрген діндарлардан тазартылуы тиіс. Сонда ғана қазақ халқы өзінің рухани тұтастығын қайта табады.

Қожа Ахмет Йасауи атындағы ХҚТУ-і

Археология, этнография және дінтану

кафедрасының доценті, т.ғ.к.

Зікірия Жандарбек

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5520