Қарлыға ИБРАГИМОВА. НҰРЖАН МҰХАМЕДЖАНОВА «ҚАЗАҚСТАН» ҰЛТТЫҚ АРНАСЫН ТҮЗЕЙ АЛА МА?
«Бір курстан екі министр шықты, құтты болсын» деп жатқан тілектестің сөзін құлағымыз шалып қалды. Меңзеп отырғанының бірі - ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед болса, екіншісі - жақында ғана «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалған Нұржан Мұхамеджанова. Расымен де Қазақстан ұлттық телеарнасының басшысы болу бейнелеп айтқанда министр дәрежесімен пара-пар қызмет. Қалай десеңіз де, Қазақстан ұлттық телеарнасы қазақтілді арналардың маңдайалдында тұр. Оның үстіне аталған құрылымға Қазақ радиосы да бағынады. Қазақтілді телеарналар сыналып жатса, таяқтың бір ұшы ұлттық арнаға келіп тиетіні сондықтан. Ал бұл арнаның сыннан көз ашқан кезі сирек.
«Бір курстан екі министр шықты, құтты болсын» деп жатқан тілектестің сөзін құлағымыз шалып қалды. Меңзеп отырғанының бірі - ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед болса, екіншісі - жақында ғана «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалған Нұржан Мұхамеджанова. Расымен де Қазақстан ұлттық телеарнасының басшысы болу бейнелеп айтқанда министр дәрежесімен пара-пар қызмет. Қалай десеңіз де, Қазақстан ұлттық телеарнасы қазақтілді арналардың маңдайалдында тұр. Оның үстіне аталған құрылымға Қазақ радиосы да бағынады. Қазақтілді телеарналар сыналып жатса, таяқтың бір ұшы ұлттық арнаға келіп тиетіні сондықтан. Ал бұл арнаның сыннан көз ашқан кезі сирек.
Соңғы кезде бұл жерге басшы құтаймай-ақ қойды. Содан болса керек «оңтүстікті басқару оңай емес» деген сынды қаңғыған бір тіркес ұлттық арнаға да жабысты. Алайда билік Ұлттық арнаның орнын бағалай алмай отырған жоқ. Қайта асыра бағалағаннан да кей тұста ұтылып жүрген сияқты. Әйтпесе арнаны басқаруға кәсіби маманды емес, зиялы ортада статусы жоғары адамдарды неге жібере берді? Әрісін былай қойғанда, тәуелсіздік алған жылдардан бері телеарна басшылығында Сағат Әшімбаев, Шерхан Мұртаза, Әшірбек Көпішевтер отырды. Одан Ләйла Бекетова, Ерлан Сатыбалдиев, Есетжан Қосубаевтар басшы болды. Берідегі Ғалым Доскен де осал адам емес, мысалы. Телеарнаның өз ішінен шыққан Нұртілеу Иманғалиұлы да «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясының» басқарма төрағасы болып, біраз тер төкті. Әйтсе де арада Дәурен Әбдіхамитов сынды экономистің адасып келіп, корпорацияны басқарғаны есімізге түссе, ішіміз қылп ете қалады. 2008 жылдың қыркүйегінен бұл қызметте Жанай Омаров отырған болатын. Жақында болған ауыс-түйіс арна басшылығына Нұржан Мұхамеджанованы әкелді. Бұрынғы басшыларға жүктелген міндетке қарағанда Нұржан Мұхамеджановаға қойылған міндет пен жүктің салмағы ауырлау. Себебі, мамыр айында Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Биылғы күзде «Қазақстан» телеарнасы таза қазақ тілінде хабар тарататын арна болады», - деп мәлімдеп, телеарнаға арнайы тапсырма берді. Оның үстіне бұған дейін ашылып қойған «Балапаны» мен қыркүйек айында ашылуы жоспарланған «Мәдениеті» тағы бар. Төтесінен қояр сұрағымыз сол, Нұржан Жалауқызы осылай жүгі ауырлаған әрі бұған дейін сыннан көз ашпай жүрген ұлттық арнаны түзей ала ма?
Қай басшының тұсын алсаңыз да, бірді-екілі жақсы хабарлармен жарқырағанмен, телеарнаның жұлдызы жоғарылады дегенді естіген емеспіз. Тек Ғалым Доскеннің тұсында 2002-06 жылдары ұлттық арна ұлттық деген статусына сай қызмет еткендей болды, онда да негізінен эфирді ұлттық өнер жауһарларымен толтырып отырды.
Кейде көкейге Қазақстан ұлттық телеарнасының өзіндік концепциясы, бағдары қалыптаспаған-ау осы деген ой келеді. Әрі телеарнаның өзіндік бет-бағдары қалыптаспаған, басқарған басшыларының арасында сабақтастық өмірі болмаған. Әр басшының тұсында телеарнаның бағыт-бағдары әрүрлі. Бір-біріне мүлде ұқсамайды. «Басшы телеарнаға қызмет етуі керек пе, телеарна басшыға ма?» деген сұрақтың басы ашылмай отыр әлі күнге. Осының ара-жігін біздікілер әлі ажырата алмай келеді. Келе сала бұрынғы басшының бүкіл жасағанын сызып тастап, тыңнан түрен салып, жаңа дүние жасағысы келеді. Сабақтастық, жалғастықтың үзілуі осыдан. Қазақ басылымдарында теңдессіз редактор болып, тілшілерден зордың ісін талап ететін Шерхан Мұртазаның кезінде де «Қазақстан» телеарнасы жоғары деңгейден көріне алған жоқ. Шерағаның теледидарда атқарған қызметі дегенде ел есіне оның жасаған «Таңшолпан», «Ұлт және сана», «Тайбурыл» сынды бағдарламаларынан гөрі Абай мен Саин көшелерінің қиылысынан тележурналистерге 55 пәтерлік үйді алып берген үлкен ісі еске түседі. Әшірбек Көпішевтен жоба боларлықтай жаңа дүние көрмедік. Ал Шерағаңнан кейін «Қазақстан» телевидениесі мен радиосы» корпорациясының (ол кезде «Қазақстан» РТРК-сы осылай аталатын) 1994-95 жылдардағы президенті болған Ләйла Бекетованың мамандығы экономист болса да, Қазақ телевидениесінде режиссердің ассистенті, тәуелсіз «Таң» телекомпаниясының президенті болып жинаған азды-көпті тәжірибесі болыпты. Бірақ сонда да «Қазақстан» телеарнасын өрге сүйреп, шығармашылық биікке көтере қойған жоқ.
Кешегі Ғалым Доскен де телеарнаның кәсіби маманы емес. Бірақ ол «Шынның жүзі», «Ақжүніс», «Алтын қақпа», «Саят» сынды халыққа жақын дүниелерді жасады. «Мәңгілік сарын», «Сағыныш» сынды құнды жобаларды дүниеге әкелді, мойындауымыз керек. Басшылық ауысқанда ол дүниелерге түбірімен балта шабылды.
«Қазақстан» ұлттық арнасына Нұртілеу Иманғалиұлы келгенде іс басына кәсіби маман, телеарнаның өз адамы келді-ау ақыры деп ойлағанбыз. Бір жасаса реформаны кәсіби маман жасап, ұлттық арнаның ұпайын түгендер деп үміттенгенбіз. Алайда оның «Қайырлы таң, Қазақстан», «Отау», «Құрбы-құрдас», «Қымызхана», «Айтыс» бағдарламалары халыққа аса жақын бола қойған жоқ. «Мен телевизияның динозаврымын» деп аузын кереқарыс ашатын ағамыз өзінің бар потенциалын ұлттық арнаға арнап үлгермей жатып, бір жылдан кейін қызметтен түсіп қалды. Біраз жыл отырған болса жақсы бағдарламалар жасап, ұлттық арнаның аудиториясын кеңітер ме еді, кім білген?!
Кәсіби болмаса да істің адамы, жаңа заманның өкілі деген Дәурен Әбдіхамитовтың өзі тау қопарарлықтай жұмыс тындыра алмады. Франция төрінде түсірілген «Намыс-Дода» хабарынан басқасы жадымызда қалмапты.
Мысал үшін айтайық, ресейлік Алексей Пушковтың "Постскриптум" саяси сараптамалық жобасына қарап отырып қызығасың. Себебі, «Постскриптумда» орыстардың мүддесі ашық айтылады. Кез келген мәселеде орыстың мүддесіне басымдық беріледі. Бұқпантайлау, бүгежектеу деген атымен жоқ. Бізде сондай бағдарлама болса халықтың санасын өсіріп, өзіндік көзқарасын қалыптастыратын еді деп ойлайсың кейде.
Қазір Ұлттық арнаға ұлтқа тәрбие беру керек деген қамытты кигізіп қойдық. 2008 жылдың қыркүйегінде іс басына келген Жанай Омаров осы үрдісті бұзып, қалыптасқан қағидаттарды талқандады. Бірақ ол талқандаған жерді тың дүниемен толтыра алмады. Ұлттық арнаның көсегесін көшірме жобалармен көгертемін деді ме, «Екі жұлдыз», «Сен сұлу» сынды көшірме бағдарламаларды жасатты. Оның үстіне Жанай Омаров та ұлттық арнаны «именшектеп» тұратын әдетінен арылта алған жоқ. Телеарна «ананы айтуға болады, мынаны айтуға болмайды, өйткені қоғамдық пікірге кері әсер етеді» деген ұстанымның төңірегінде тұсалып қалды.
Жаңа басшы Нұржан Жалауқызы іске кірісіп те кетті қазір. Бір қуанатынымыз, ол талай жыл телевидениенің «отымен кіріп, күлімен шыққан» адам, осы салаларда түрлі жобаларды іске асыра білген кәнігі «телевизионщик». Шетелдік «Интерньюсте» еңбек етті, акциясының жартысы ресейлік «СТС» телекомпаниясына тиесілі «31» арнада директор болған. Жаңа медиадағы менеджерлікті меңгерген. «31» арна эфирін халықтың санасына салмақ салмайтын дүниелермен толтырғаны оның қай құрылымға қызмет етсе, солардың ыңғайына қарай жұмыс жасай алатынын, іскер екенін аңғартса керек. Қысқасы, жоба жасап үйренген адам.
Ақын Мұхтар Шаханов ағамыз «Абай.кз» сайтында: «Нұржан Жалауқызы - ұлтжанды адам. Бірнеше рет елдің, ұлттың мәселелері төңірегінде әңгіме өткен кезде және жеке де әңгімелескен кездерде осыны байқадым» деген пікір айтыпты. Тоқетерін айтсақ, жаңа басшыдан үмітіміз мол. Тек «құлағыңызға алтын сырға» дей отырып, Нұржан Жалауқызына айтарымыз: жаңа маусымды ресейлік немесе батыстық бағдарламалардың көшірмесін жасап, көрерменге көшірме ұсынбай-ақ қойыңызшы. Көшірме бағдарламаларды көре-көре көзімізге сүйел шығатын жағдайға жеттік. Одан соң ұлттық арнаның әр бағдарламасынан ұлттың иісі аңқып тұрсыншы, қандай жағдай болмасын, қазақтың ұлттық мүддесі бірінші орында тұрса дейміз. «Қазақстан» телеарнасының басшысы ауысты дегенде, біздің шашылып түскен ойымыз осы еді.
Қарлыға ИБРАГИМОВА
«Халық сөзі» газеті, №54 (94) 8 шілде, 2011 жыл.