Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2851 0 пікір 19 Маусым, 2009 сағат 06:28

«Елімнің тағдырына бей-жай қарай алмаймын!»

Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде басталған қысылтаяң шақ Қазақстанның саяси жүйесін әлі де өз уысынан шығара қойған жоқ. Ал дамыған елдер әлдеқашан бізге шаң қаптырып кетті. Өткен күнге өкінудің қажеті шамалы. Ендігі міндет болашақтағы мақсатты айқындау. Бүгінгі заманға сай «ең дұрыс жолды» табу.

 

Бүгінгі күннің миссиясы

Алға жылжудың мәні қалмады, жоғарыға ұмтылуға тура кеп тұр. Басқаша айтсақ, Ойынның ең жоғарғы сатысына жеңіл ғана көтерілу қажет. Азаматтық қоғам элементтерінің қалыптаспауы ұлттық демократияны эксклюзивті жоба ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Кез келген әлеуметтік инновацияны жасауға жол ашық. Еш кедергі жоқ. Басқа халықтар үшін бүгінгі заманғы қазақтар секілді барлығын басынан бастау қол жетпес арман болса керек, сірә.

Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде басталған қысылтаяң шақ Қазақстанның саяси жүйесін әлі де өз уысынан шығара қойған жоқ. Ал дамыған елдер әлдеқашан бізге шаң қаптырып кетті. Өткен күнге өкінудің қажеті шамалы. Ендігі міндет болашақтағы мақсатты айқындау. Бүгінгі заманға сай «ең дұрыс жолды» табу.

 

Бүгінгі күннің миссиясы

Алға жылжудың мәні қалмады, жоғарыға ұмтылуға тура кеп тұр. Басқаша айтсақ, Ойынның ең жоғарғы сатысына жеңіл ғана көтерілу қажет. Азаматтық қоғам элементтерінің қалыптаспауы ұлттық демократияны эксклюзивті жоба ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Кез келген әлеуметтік инновацияны жасауға жол ашық. Еш кедергі жоқ. Басқа халықтар үшін бүгінгі заманғы қазақтар секілді барлығын басынан бастау қол жетпес арман болса керек, сірә.

Артта қалудың да өзіне тән артықшылығы болады екен. Сырт көз болғаннан кейін демократиялық әлемге де асықпай-аптықпай, бажайлап қарауға мүмкіншілігіміз бар.Осы жағдайға қоса бүгінгі заман тудырып отырған жаңа мүмкіндіктерді сәтімен пайдалана білсек, кемел саяси жүйе құруымызға болады. Оған біздің шамамыз жететініне еш күмән жоқ. Адам баласының табиғи жаратылысы солай, адамзат алдына орындалмайтын мақсат қоймайды. Ондай үмітсіздердің соңы жиырмасыншы ғасырдағы утопиялық идеологиямен бірге жоқ болған. Сол кезде ғой, бізге бүгінгі заманға сай өмір сүруге мүмкіндік бермеген. Ақылға сыймайтын, қайдағы жоқ бір теорияны ойлап тауып, соның елесімен тәрбиелемек болған. Тек адам баласының теорияға көне бермейтінін, тәжірибеге жүгінетінін ескермегендері өкінішті.  Айтпақшы, осы теорияға жүгінудің кесірі билік пен халықтың арасының алшақтап кетуіне ықпал етті. Билік ұдайы бір теорияларды ойлап табады, ал халықтың көндігіп, мойынсұнғаннан басқа амалы жоқ. Бұл құбылыс бізге ғана емес, біздің көптеген көршілерімізге де тән.

Ең дұрысы - бастықтарға байланып қалмау. Билік сапалы қызметтің бір белгісі ғана. Біз билікке жай ғана халыққа қызмет көрсетуші деп қарауымыз керек. Киіміңізді тазалауға бердіңіз дейік. Немесе пиццаға тапсырыс жасадыңыз. Егер тапсырысыңыз уақтылы әрі сапалы жүзеге асқан болса, қызмет көрсетушіге алғыс білдіресіз ғой. Сол сияқты билік те сізге қызмет етуі тиіс. Саясаткер үшін сайлаушыдан мәртебелі ешкім болмауы тиіс. Сайлаушы талапшыл диктатор ретінде саясатшының түнде түсінен, күндіз есінен шықпауы тиіс. Саясаткер сәл қателік жіберсе, мысалы, мұқият назар салмай қалса да, ретсіз жерде езу тартса да, сол үшін жауапты екенін сезінуі керек. Яғни, титтей нәрседен мүлт кетсе құрдымға кететінін ұғуы тиіс. Әрине, бұл оңай шаруа емес. Алайда, саясаткер болуға біреуді біреу мәжбүрлемейді ғой. Әркімнің өз таңдауы. Ал таңдаған екенсің, онда тартынудың реті жоқ.

Еуропа мен Азияның айырмашылығы да дәл осы жерде. Еуропа, Азия деп жіктегенде географияға жүгінгеміз жоқ. Мысалы, Түркия, Корея, Жапония сияқты елдер еуропалық стандартқа сай екендерін дәлелдеді. Толыққанды сай болмаса да, соған шынайы ұмтылыс бар. Керісінше, кәрі құрлықты мекен еткен кейбір Еуропа елдері «азиялық» дертке шалдыққан. Бұл арада мемлекеттің қай құрлықта орналасқаны емес, болашақта қай жақта болуды қалайтыны маңызды.

Билік пен халықтың арасын жақындатсақ, еуропалық таңдау жасаймыз. Егер қолында портфелі бар шенеунік атаулыға, өз буына кеуіп-піскен мемлекеттік қызметкерге, қысқасы, шен тағып, шекпен кигендерге жарамсақтана қарап, мәймөңкелеуден арылмасақ, онда азиат болып қала береміз. Шенеунік өзін қызмет көрсетуші менеджермін деп есептеуі керек. Ал қызмет көрсету саласындағы бәсекелестік өте жоғары. Қызметіңді кәсіби түрде атқарсаң, алғысқа бөленесің. Ал атқара алмасаң, кез келген сәтте жұмысыңды бәсекеге қабілетті келесі біреуге өткізіп беруге міндеттісің. Әрине, бұдан Еуропа Азиядан артық екен деген ұғым тумауы тиіс. Әлем болғаннан кейін әркімнің өзіне тән артықшылығымен қатар, кемшіліктері де бар. Азияда адамның парасат-пайымын, тереңдігін бағалайды. Азияда, ақыр аяғы, тамақтанудың өзі жатқан бір философия. Салауаттылық жағы да Азияда алдыңғы қатарда. Ал Еуропаның көліктері мақтаулы, саяси жүйесі жетілген. Тағдыр солай. Алайда, саяси жүйенің кемелдігі дегенде еуропалық жүйеден асып ешқайда бара алмайтынымызды ашық мойындауымыз керек.

Бізде саясатқа яки мемлекеттік қызметке немесе күштік құрылымдарға көбіне-көп қолынан іс келмейтін, тапсырма беруді ғана білетін адамдар барады. Билікке тек қана жеккөрінішті адамдар бармауы тиіс. Ал жеккөрінішті болмау биліктің өз қолында. Ол үшін ең алдымен ойдан құрастырылған артықшылықтардан арылу керек. Сонда ғана қазіргідей сондай артықшылықтар үшін ғана билікке баруды көксейтін шолақ ойлылардың қатары сирейді.

 

«Ортақ іске» жұмылу екінің бірінің қолынан келмейді

 

Демократиялық жүйе кемелденуі үшін «маған бәрібір» дейтіндердің қатары кемуі керек. Ең бастысы сол. Ал «неліктен», «қаншалықты» деген сауалдардың аса маңызы жоқ. Ең бастысы - «ортақ іске» жұмылу. «Ортақ іс» деп отырғанымыз - «республика».

«Мемлекеттік деңгейде ойлайтындар қазір көп пе екен?» деген сұрақ туатыны заңды. Оған да жауабымыз дайын. Ондайлар Платонның немесе Шыңғыс ханның заманында көп болып па еді? Немесе уақытша үкімет кезінде? Қай заманда да революционерлер мен реформаторлардың қатары сирек болған. «Шіркін, біздің жағымызға шығатындар көп болса ғой!..» деген ой олардың арманы болған. Елгезек жандардың лек-легімен келетіні кейіннен ғой, ал бастапқыда міндетті түрде қиыншылық болады.

Ал олар неліктен «ортақ іс» «баршаға ортақ» деп шешті екен? Саяси жүйенің құрылымы туралы сағаттап сөз таластыру, пікірталас клубтарын құру, жасырын газеттер шығарып, баррикаданың қарсы бетінде жүріп құрбан болу... Қатардағы қарапайым халық сырттан бақылаған уақытта дәл саясаткер сияқты қызығып, саяси жүйені өзгерту ісіне солар сияқты күмп беріп кірісіп кете алар ма еді? Оған себеп қане? Яғни, халық саясаттан саясаткерлерге сенбегендіктен немесе жеке басының қауіпсіздігін ойлағандықтан қашады деп ойласақ, қателескеніміз. Дүниенің төрт бұрышында да солай.

Біреу балық аулағанды ұнатады, екінші біреу телесериал көрумен уақытын өткізеді. Желкенді қайықпен жел қуатындардың, ішімдіксіз өмір сүре алмайтындардың қатары да жүздеп, мыңдап саналады. Бірақ, солардың барлығының да саяси проблемаларға бас ауыртпауға толық хақысы бар. Біз де, мысалы, кейде ісіміз түсетініне қарамастан, хирург болудың қиындығы мен ұшақ жүргізудің қыр-сырына қаныға бермейміз ғой. Олар да сол сияқты. Бұл арада неліктен еркін таңдау жасауға мүмкіншілік берілмейді? Халық сайлау учаскелеріне күшпен апарылады. Күштеу ісімен Мемлекет айналысады. Осылайша, Қызмет көрсетуші институт Күш көрсетуші институтқа айналып шыға келеді. Біздің еркін таңдау жасауымызға мүмкіндік беруі тиіс мемлекеттің өзі біздің сол еркіндігімізге қол салады. Саясатқа бас ауыртпайтын, жаңалыққа жаны құмар емес әлгіндей миллиондаған халық осы аждаһаның аузында кете барады. Сол миллиондаған халықтың бейқамдығы, болған-біткен жағдайға мән бермеуі, бәріне көндіккен  сыңай танытуы Мемлекетке қол болып тұр. Мемлекет солардың арқасында емін-еркін тайраңдап өмір сүріп жатыр. Әлгіндей халықты басқару ол Мемлекет үшін оңайдың оңайы. Қалай илеймін десе де, өз қолында. Аппараттық жүйе мен әлгіндей көпшіліктің апатиясы әдейі сөз байласып алғандай әсер қалдырады. Алғашқы демократиялық елдерде де солай болып па еді? Жұмсартып айтқанда, бәрі керісінше болатын.

Азамат болу деген сөз ерлік жасау деген ұғыммен пара-пар. Халықтың тағдыры шешілетін іске араласу, халық үшін қызмет ету ешқашан құрбандықсыз жүзеге асқан емес. Ар-ұяттың жолына таңдау жасағаныңызды тек сол арқылы ғана көрсетуге болады.

Бізде бұдан басқа таңдау болмауы тиіс. Өзгелерге үлгі көрсетсек, түптің түбінде мұнымыз сапалы демократия боп өзімізбен қайта қауышады. Сол кезде ғана біз айдағанға көніп, айдауға жүретін жүйеден арылып, «елімнің тағдырына бей-жай қарай алмаймын» дейтіндердің билікке келуіне жол ашамыз. Демократияның құлдырауы кімге де болса өте үлкен соққы. Демократия құлдыраса, одан ең алдымен дамыған елдер зардап шегеді. Өйткені, демократия әлсірей бастаса, екі қолын алдына салып, ерігіп жүргендер мен қылмыскерлерге бостан-босқа әлеуметтік кепілдіктерді өтеп беруге тура келеді. Көңілі қаласа да, қаламаса да, саясаткерге қарадүрсіндікке баруға тура келеді. Ал бұл тәуекелге баруға және өзгеріс жасауға мүмкіндік бермейді. Ең қажет кезінде өркениетті түрде қимыл жасауға мұрсат бермейді. Алайда, егер осылай жалғаса бергенде өркениетті қоғам да орнамаған болар еді. Өркениетті қоғам аздың қалауымен орнығады. Көпшілік өркениетті қаламайды. Сөйте тұра сол көпшілік өркениетті қоғамның игілігін көргісі келеді. Тарихи оқиғаның бас кейіпкері болуды жұрттың бәрі бірдей қаламайды немесе екінің бірі оған дайын емес. Бұл олардың қалауы. Оған қол сұғуға ешкімнің хақысы жоқ. Тек мойынсұну керек.

Азаматтық дегенді өзімізге берілген артықшылық деп қабылдауымыз керек. Ол жауапкершілік деген ұғыммен пара-пар болуы тиіс. Азаматтық артықшылыққа құндылық деп қарайтын ел ешқашан кездейсоқ жағдайдың құрбаны болмайды. Өйткені, ол ел тарихтың заңдылықтарын жақсы біледі. Ғарыш кемесіндегілер астрофизиканың заңдылықтарын қалай меңгерген болса, олар тарихи заңдылықтарды солай меңгерген. Кез келген істі профессионалдарға тапсыру керек. Егер сапалы үйде тұрғымыз келсе, сапалы тұрмыс кешкіміз келсе, сапалы медициналық көмек пен сапалы білім аламыз десек, онда ақырына дейін шыдауымыз керек. Қараулыққа жол бермеуіміз керек. Шешім қабылдау, басқарушы менеджерлерді сайлау және олардың тұжырымдамасына баға беру, яғни, бір сөзбен айтқанда ел басқару екінің бірінің қолынан келе беретін оңай шаруа емес.

Азамат өзінің қалауына сай таңдау жасау құқығын толыққанды пайдалануы тиіс. Саяси бағдарламалардың арасынан өзіне керегін таңдауға жететін шама-шарқы болуы керек. Халық сергек болған уақытта ғана саясаткер де сергек бола бастайды.

Азаматтық дегеннің өзі белгілі бір дәрежеде жауапкершілік жүктеп, мойнымызға міндет артуы тиіс. Әрине, конституциялық заңдардың шеңберінен шықпауымыз керек. Ол заңдар азаматтық ұстанымы жоқтардың да құқығын аяққа таптамауы тиіс. Яғни, олар да ел қатарлы жұмыс істеп, әлеуметтік қызметті пайдалануға хақылы. Тек таңдау құқығы ғана жоқ.

Азаматтық ұстанымы жоқтар негізгі салықтардан ғана емес, әскери қызметтен де босатылуы тиіс. Егер өз елінің тағдырына бей-жай қарайтын болса (немесе бұл мемлекетті өзімнің елім деп санамайтын болса), оны ашық мойындаулары керек. Ешқандай да өтірікке жол берілмеуі тиіс. Яғни, «неге менің шаруам болмауы тиіс?» деп қарауы керек. Немесе «шаруам жоқ» деп отыра берсін. Сізге бәрібір ме? Ал маған олай емес, мен өз елімнің тағдырына бей-жай қарай алмаймын.

Азаматтық ұстанымы жоқтарды осы елдің аумағында бизнеспен айналысу мүмкіндігінен айыру керек. Жеке кәсіпкерлікпен өзін осы елдің азаматымын деп санайтындар ғана айналыса алатындай болуы керек. Ал азаматтық ұстанымы жоқтардың жалдамалы қызметкер ретінде кез келген мемлекеттік мекеме мен жеке құрылымдарда жұмыс істеуіне еш кедергі жоқ. Әрине, еңбек заңдылықтары толығымен сақталуы тиіс.

Азаматтық ұстанымы жоқтарға азамат болуға да жол ашық. Әрине, егер қалауы болса! Қоғам алынбас қамал салмайды. Жай ғана кім қалай өмір сүргісі келсе, солай өмір сүрсін деген ең басты принципті анықтап береді. Егер адам өз өміріне бей-жай қарайтын болса, қоғам да оған дәл сондай көзқараста болуы керек.

Сөйте тұра, мына жайтты да естен шығармаған жөн: өз тұрмысын түзеген адам арақтан бас алмайтын адаммен көрші тұрғысы келмейді ғой. Өз өмірін қай арнаға бұрамын десе де оның өз еркі. Сол сияқты оған жиренішті көзбен қарауға біздің де хақымыз бар.

Бірте-бірте тыйымдардан тұратын жүйені біржола күйретуіміз керек. Дәлірек айтсақ, жеке тұлға ретінде қалыптасуымызға зиянын тигізетін кез келген кедергінің көзін жоюымыз керек. Өзін-өзі құртамын деген адам түптің түбінде құрдымға кетіп тынады. Осы күнге дейін сондай тыйымдар бізді қарадүрсіндікке тәрбиелеп, өзіндік менімізді жоғалтты. Ал екінші біреулер сол тыйымдардың арқасында байып жатты. Дәл осы тыйымдар мемлекеттік органдар мен күштік құрылымдардағы коррупцияға жол ашып, қылмысты өршітті. Есірткі мафиясын заңдастыруға жол беру құрдымға кетудің ақыры екенін де естен шығармаған жөн.

«Қатты кетіп қалмаймын ба?..», «мені дұрыс түсінбей қалады-ау» деген ұғым-түсініктен арылып, шынайы әрекетке көшуіміз керек. Елдің ет жүрегін елжіретуді мақсат етпедік. Біздің міндет - елді қасіреттен қорғап қалу. Саясаткерлер қалың көпшіліктің мүддесін көздейтіндерін сөз жүзінде айтатын болса, біз іс жүзінде қалың көпшіліктің мүддесін көздейміз.

«Маған бәрібір» деп бас шұлғып отыра беретіндердің қатары азаюын асқан шыдамдылықпен де, тағатсыздана да күтуге болады. Шаршамай-талмай үгіт-насихат жүргізу керек. Алайда, біз аңсаған қоғамды құру үшін халықтың қанша пайызының азаматтық ұстанымы оянуы тиіс? Жиырма ма? Алпыс па? Түсініксіз. Бұл туралы Құрама Штаттарды құрғандар да бас қатырды ма екен?..

Күтіп отыруға уақыт жоқ. Есесіне, біз бармыз. Иә, біз бармыз. Және біз «маған бәрібір» деп отыра алмаймыз. Біз қиялдағы бейне емеспіз. «Мен бармын» деп ортаға шыға алатын біз бармыз. Біз «елімнің тағдырына бей-жай қарай алмаймын» деп ашық айта аламыз.

Республика дәл осы ең басты таңдаудан басталады. Ал ол елдің тарихындағы қалған жағдайдардың бәрі де кездейсоқ болған жайттар. Олай болмаған күннің өзінде де, оның соншалықты маңызы жоқ. Егер біздің арамыздан суырылып шығып, «мен бармын!» дейтіндер шығатын болса, олардың әрқайсысы Цезарьға, Вашингтонға, Шыңғыс ханға немесе Махатмаға пара-пар ерлік жасаған болып есептеледі. Алты миллион бола ма, алты мың бола ма, алты жүз бола ма, тіпті алты адам бола ма, бәрібір.

 

 

Әділ Тойғанбаев, Ұлттық стратегия сараптама орталығының жетекшісі.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5588