Қазақ тарихының қате жазылған тұстары көп
« Адам мен Заман жайлы ойлағанда жаныңа маза бермейтін және әлгі ойларды өлеңнен гөрі қара сөзбен жазған жөн болатын тақырыптар бар. Сондай толғаныс сәттерде айтарыңды көп созбай, түйіндеп, ел ұғатындай, қысқа қайырыммен жазуға тырыс».
Мұқағали Мақатаев
Ойтолғаулар
Иә, заман десек, адам дегеніміз – адам десек заман дегеніміз, бірінсіз бірі жоқ дүние. Заманды – Уақыт билейді, ол құдайдың қолындағы құдірет, оған адамның қатысы қанша дерсіз. Ол да дұрыс шығар, дегенмен адамсыз заманның не мәні бар? Бос табиғат, жан-жануарлардың мекені ғана болмай ма ол. Заманды жасайтын сана, ақыл, тіршілік, оқиға, уақыт, осылардың қосындысы – тарих емес пе? Ал, тарих-адамдар ғұмырының желісі, құрылысы екені белгілі. Ендеше, адамсыз-Заман жоқ, Замансыз – Адам жоқ! Адам деп аталатын жалпы ұғымның өзегінде – жеке өмірлер, есімдер, келбеттер, мінездер, сезімдер, түйсіктер, тілдер деп аталатын қоғам тұр. Заманды гүлдендіретін де, түрлердіретін де, жарыстыратын да, табыстыратын да, дауластыратын да, жауластыратын да, оздыратын да, тоздыратын да осы жеке адамдардан құралатын қоғам.
Қоғамдасып өмір сүруден-еңбек, еңбек етуден-табыс, табыстан-пайда, пайдадан-байлық, байлықтан-билік туындады. Осы билік – билеушілердің заманын туғызды. Бұл жердегі заман-шартты түрде болса да, адамзат тарихынан алатын өз орыны бар. Ары бармай-ақ Шыңғыс хан заманы, Абылай хан заманы, кешегі Ленин заманы, деген үлкенді-кішілі «замандар» толып жатыр. Солардың бәрінде адам тағдыры, жеке тұлғалар тағдыры, белгісіз өмірлер тағдыры жатыр. Сол көзге білінбейтін, белгісіз өмірлерді, белгісіз тағдырлар жиынтығын - Халық деп атаймыз.
Қасиетті ұғым – Халық!
Бір түйір тастан тау жаралғаны секілді, жеке тағдырлардан – Халық, халықтардан Адамзат қоғамы құрылғаны белгілі. Ендеше, сол жеке тағдырлар туралы ой толғап көрелік...
Мәңгілік өмірге, яғни бақиға барар жолдағы баспалдағымыз – фәни дүниедегі, демек «жер бетіндегі сынаққа толы тауқыметті тіршілігіміз» туралы қаншама жазылған да, айтылған да дүниелер бар. Ұшы-қиырына сан жетпейді. Солардың негізі – өлеңмен жазылған. Ақынның жүрегінің қанымен қағазға түскен. Ми қатпарларына қатталып, бүгінге ауызша жеткендері бір төбе.
Алланың адамға бергендерінің ішіндегі киелісі де – поэзия болар деймін. Басқа елдерді қайдам, біздің қазақта өлең араласпайтын жер жоқ сияқты. Өзіміз көріп жүргендері – салтанатты жиын, думанды той, қаралы қаза, хат-хабар, марапаттау рәсімдері, тағы басқалар өлеңсіз өтпейді. Ал, сол өлеңді туғызатын ақын – жеке тағдыр. Біз туғызатын деген сөзге екпін беріп айтып отырмыз. Фариза апамыздан естідік-ау деймін, «...өлеңді жазатын, шығаратын, тіпті жасайтын ақындар бар да, өлеңді кәдімгі бала тапқандай толғатып, туатын ақындар бар». Алдыңғысы жетерлік, кейінгісі сирек. Осы сирек ақындар ғасырдан ғасырларға жететін киелі өлеңдер туады. Осындай өлеңдер жиынтығын поэзия дейміз.
2
Адамның жаратылысы – жан, тән, тағдыр, ажал туралы ойланбайтын адам жоқ шығар. Мен де бала кезімнен бүгінге дейін осы туралы көп ойлаймын. Күнделіктеріме сол ойларымды жаздым да...
Егер, ақын туралы оның өлеңдері сөйлейді десек, менің өлеңдерімнің негізі де осы пәлсападан құралады. Адам жанын, ақыл-ойын, сезімін, санасын, түйсігін түсінуге талпынудан тұрады... Бұл, мен білетін ақындардың бәріне ортақ тақырып, ортақ ой. Бұл ой иіріміне тұншықпаған адам, ақын да бола алмайтын шығар.
Смағұл Елубайдың «Қиямет-қайым ғасыры» атты эсселер кітабының тараулары қолыма түсіп, қадалып оқыдым. Құдай-а тәубе, жазушы менің бала кезден бері ойымда жүргенді дөп басып жазған. Ажал туралы, фәни өмір мен бақи өмір, алдамшы, Жалған дүние - Мәңгілік өмірге барар жолдағы сынаққа толы баспалдағы ғана екенін жазғандары, құдды менің күнделіктерімнің «көшірмесі» секілді. Адам мен адамның ойлары мұншалықты сәйкес, жақын келетіні – бұл да адам жанының бір жұмбақ құбылысы шығар. Смағұл Елубайды мен білем, көрсем танимын да, ал, ол кісі мені мүлде танымайды. Ауылдағы ақынның мерзімді баспасөзге анда-мұнда шыққан өлеңдерін көрмеген де шығар. Ал, кітаптарымның қолына тимегені анық. Себебі өз қолыммен берген жоқпын. Оның үстіне, жазушының аталмыш шығармасынан үзінді оқығаныма бір-ақ апта болды. Міне сәйкестік...
Сәкеңнің «қиямет-қайымы» мені тағы да көп ойға жетеледі. Алайда, «сөзіңді біреу сөйлесе, аузың қышып бара ма» дегендей бұл тақырыпта, өзі басынан кешіріп, өліп- тірілген әсерін дәлме-дәл жазған жазушыдан асып айта алмаспын деп ойлаймын...
3
«Өмірге өлу үшін келеміз» дегенді мойындасақ та, мына жарық дүниеде ұзағырақ жүргенге не жетсін. Онсыз да қысқа ғұмырымызды төтенше оқиғалар қиып кетпей, бала-шағаның ортасында өз ажалыңмен , өз ризашылығыңмен жан тапсыру деген әр пенденің арманы шығар.
«Өмір сүру – өлемін деп ойламау» деп Мұқағали қандай жақсы айтқан. Өйткені, ажалды түйсікпен ақиқат деп мойындасақ та, Алла берген бес күндік жарық дүниені алаңсыз өткізу керек қой. Соңыңда қалатын ұрпақ таратып, ел айта жүрерлік игі істер атқару – өмірдің мәні болуға тиіс.
Әрине, өмірді баршылықпен, мұқтажсыз өткізсек дейміз, бірақ, мен өмірді армансыз өткіздім деп еш пенде айта алмаған екен, алда да айта алмайды деп ойлаймын. Олай дейтінім, бізде, пенделерде қанағат сезімі жеткіліксіз. Әр адам Қожа Ахмет Яссауи бола алмайды, жеткілікті өмір сүрдім деп, өмірінің ақырын қылуетте өткізуге дәті жетпейді. Сексенге келсе – тоқсанға, тоқсанға келсе – жүзге жетсем деп аласұрады. Байлыққа да болдым-толдым деп айта алмайды. «Кедей – бай болсам деп, бай – құдай болсам» деп жүріп, адами болмысынан айырылады. А.Пушкиннің «алтын балығындағы» тойымсыз кемпір барлық пенденің жиынтық бейнесі тәрізді, Пушкиннің заманында да болған, қазір де бар, ертең де болады. Сондықтан адам армансыз болмайды, дүниеге тоймайды. Сол тойымсыздықтан Жер бетіндегі барлық жамандық атаулы туындайды...
4
Мен өмірде бос өткен күндеріме өкінем. Бұл – менен бұрын да сан қайталанып, жауыр болған қағида. Әйтсе де, әркімнің жүрекжарды өкініші болған соң, мен де қайталап отырмын, менен кейін де сан айтылатынына сенімдімін.
Иә, қызық іздеп, қызыл іздеп, бос өтті күніміз көп, баса алмай тамырын дөп... Кейде сол, жас кезіңде керек те шығар деп, өзімді ақтамақ болам. Ал, бүгінгі күннің көзімен қарасам қызықтан да тыс «қызыл итке» мініп өткізген күндерім көп екен.
Соның есесіне, қазір түнде үш-төрт тұрып қалам ұстаймын, кейде сарылып таңға отырам.
Кейде «осы жазғандарым біреуге керек пе?» деген үмітсіздік те пайда болады. Әттең, деймін ондайда, институтты бітіргенде деканымыз Байтұрсын (Өмірбеков) аға, «осында қал» дегенде, Алматыны тастап, ауылға кетіп қалғаным, менің үлкен қателігім болды. Сол қателіктің кесірінен үлкен әдеби ортадан шеттеп қалдым. Қазір Жазушылар Одағына мүше болсам да, әдеби ортада ешкімге еленбей жүрмін. «Ауылдағының – аузы сасықтың» күнін кешудемін.
Сол үмітсіздікті лықсып келген өлең бұзады. Өлең өзегіме құйылғанда менен бақытты, менен құдіретті, менен биік ешкім жоқ. Бағанағы үмітсіздіктің жұқанасы да қалмай, желге ұшады, түнгі ұйқы безіп жоғалады. Өлеңмен оңаша қалып, бір шуақты сезімге бөленіп, содан ләззәт алып, балбырап отырамын. Рахат!!! Өлеңсіз өмірімнің мәні жоғын іштей мойындаймын, мойындаймын да жаңағындай үмітсіздікке ұрынбауға тырысам.
Біреулер жаңа туған өлеңін, түнде оятып алып әйеліне оқып береді екен дегенді естуші едім. Жаңа туған «нәрестеңді» біреуге көрсетіп «көрімдік» алғың келіп-ақ тұрады әрине. Ондайда жаныңдағы әйеліңнен басқа ешкім қолға түспейтіні де рас. Алайда, мен олай істемеуге тырысам. Жастау кезімде әлгі естігендеріме еліктеп сөйтсем-сөйткен де шығармын. Қазір анда-мұнда болмаса, оны көп мазаламаймын. Онсыз да бала-шағадан, күндізгі шаруалардан діңкелеп жатқан жарымды әурелегім келмейді.
Өлеңнің өртіне өзім күйем, өзім өртенем, өзім мастанам...
Ауданда өткен іс-шараларда ретін тауып жаңа өлеңімді оқуға , мерзімді басылымдар арқылы көпке жеткізуге тырысам... (Мен мұны жазғанда қазіргідей ақпарат құралдары жоқ еді).
Менің серігім де, ақылшы ұстазым да мерзімді басылымдарға шыққан әр деңгейдегі авторлардың шығармалары, өлеңдер. Іріктеп, жақсы дегендерін оқимын, өзімнің жазғандарыммен салыстырам, үйренем, жиренем. Өзіме ұнамағандарына көз жүгіртіп қана өтем. Сосын, бірен-сараны болмаса, өз өлеңімді де, өзгенің өлеңін де жаттамаймын. Оның себебі, біріншіден, жаттау қабілетім өте нашар, екіншіден , біреуге «жиен» боп шықаннан қорқам. Ал, жаттаған өлеңдегі кейбір ойлар еріксіз қағазға түсіп кетуі мүмкін ғой...
5
Жоғрыда мен «қызық іздеп, қызыл іздеп бос өткен күндеріме өкінем» деппін. Кеңестік дәуірде біздің қызығымыздың қызуы шөлмектің ішіндегіге көп байланысты еді. «Бос өтті» деп отырғаным, бір күн болған «тойлаудан» кейін үш-төрт күн ойлауға мұршам келмей жүретін едім. Міне осы «тегін кеткен» күндеріме өкінем.
Ал, енді уақытты бос өткізбеу үшін, сол күндердің орнын толтыру үшін, түрлі сылтау тауып, шөлмектен тыйылуға тура келді. Достарым алғаш қинап та көрді, өзім де «қиналып» жүрдім. Қазір кейбір «достарым» менімен ара қатынасын сиретті, тіпті, біреулері мүлдем араласпайтын болды.
Оның есесіне мен өлеңге барымды сарқып беруге бел байладым. Бір жерден оқығаным бар еді, «өнерге сен барыңды түгел бермесең, өнер де саған бар құпиясын түгел ашпайды» деп. Ол құдайи шындық қой.... Ендеше жігіттермен қатынасты аздап үзе тұруға тура келеді. Мені олар дұрыс түсінеді ғой деп ойлаймын... 6.
«Мен өлең жазбасам, тұрып қалған судай борси бастаймын» депті ғой бір ақын. Мақтанғаным емес, мен де сол...
Ар жағымнан бірдеңе түрткілей бастағанда қағаз алып отыра қалсам «толғақ» басталады. Ойтолғақ кейде тез, кейде созылыңқырап барып, дүниеге я «ұл» я, «қыз» келеді.
Менің бүгін басталған өлеңді ертеңге қалдыруым өте сирек. Сол өлең жазылып бітпей, басыма басқа дүние кірмей қояды. Рас, поэмаларымды ұзақ уақыт жаздым. Тіпті «Әтіке – Нұржекені» бастап қойып, күмәнді мәліметтерді анықтай түсу үшін оншақты жыл тұрып қалды.
Ал, өлең олай емес, дүниеге тез келеді. Бір қызығы осы тез жазылғаны сәтті болып шығады.
Шығарма шабытпен де, төгілген термен де жазылуы керек деп ойлаймын. Төгілген тердің шабыт шақыратын сәттері жиі болады. Шабыт келгенде жазам деп жүре беру – жалқаулық. «Шығарманың бір пайызы талант, қалған тоқсан тоғызы – еңбек» деген қағида бар ғой. Осыны мен елу пайызы талант, елу пайызы еңбек дер едім. Себебі, талантсыз, шабытсыз , ұзақ, терлеп-тепшіп, қиналып жазған дүние бәрібір, шабытпен жазылған дүниенің қолына су құйып бере алмайды. Қиналып жазатын ақынды қазақ «күшеншек ақын» дейді.
Шабыт – ақынның қанаты, анығырақ айтсақ, қанатты пырағы. Осы пыраққа мінген ақын асқақтап кетеді. Ғарышпен тілдесіп, мынау пендешілік күйбең тірлікке биіктен қарайды. Бәрін жүрегінің сүзгісінен өткізіп, сезініп, түйсініп қарайды. Періштелермен достасып, пенделерді мүсіркейді. Патшаға да басу айтып, батырға да жол сілтейді. Данышпанмен таласып, Тәңірімен жарасып отырады.
Ал, шабытты шақ өтіп, қанатты пырақтан түскеннен кейін ол кәдімгі көпшіліктің бірі ғана...
7
Жеріміздің ең шұрайлы аймақтарына қоныстанып алып, жергілікті қазақтарға зорлық-зомбылық жасап, қан төгіп, адам өлтіруге дейін барған казак- орыстарға қарсы намыс кегін қуған Әтіке-Нұржеке атты батырлар дүниеден өткен. ХІХ-ғасырдың соңында, ХХ-ғасырдың басында өмір сүрген. Олар туралы Әбіләкім және Бұқамолда деген кісілер бәйіт өленмен дастан жазған екен. Оның «Әтіке – туып едім Қазақбайдан, қаша алмай арманда өлдім Қарасайда...» деген екі жолы ғана ел аузында сақталып қалыпты.
Әтіке – руы Суанның ішінде Сатай. Әнші, ақын, оғы далаға кетпейтін мерген болған екен. Ал, Нұржеке одан үш-төрт жас үлкендігі бар, руы Құдайберді, алапат күш иесі, палуан болған. Екеуі ағылшынның Робин Гуді сияқты кекшілдер болған. Өз басының емес, қазақтың намысын жыртып, сол үшін басын бәйгеге тіккен. Олар Жаркент өңіріндегі, 1890 жылдары «қарашекпенділердің» жергілікті ел – қазақтарға жасаған зорлық-зомбылығына қарсы шыққан. Ол жауыздар ешкімнен қаймықпай-ақ, Жаркенттің Үсек өзенінің сағасындағы көрікті тоғай ішіне қоныстанып алып, ары-бері өткен қазақтарды бәс тігіп, атып мергендіктерін сынаған екен. Оны өз әке-шешесінен естіген ұрпақтың аузынан жазып алғамыз. Сол адамдардың бірі, Нұржеке батырды көзімен көрген Қамысбек ақсақалдың айтқаны:
Әтікені Өсектің ( Үсек өзенін жергілікті ел осылай атап үйренген ) бойындағы Қызылжардың батыс тұсындағы дөнесте алдап, қолға түсіріп, өлтірген соң, Нұржеке баскесерлердің атаманын атып тастап, он жеті жылға итжеккенге айдалып кетеді. Ол абақтыдан 1917 жылы құтылып келгенде мен 21 жаста едім. Күшім бойыма сыймай, өзіме қарсы тұратын адам таппай, палуан атанып, алсұрып жүрген кезім. «Нұржеке батыр палуан адам» дегенді естігем. Мен жолыққан кезде – алпысты алқымдап қалған, әдемі буырыл мұртты, орта бойлы, төртбақ келген кісі екен.
- Қамысбек деген ініңіз едім, Сізді палуан деп сыртыңыздан естуші едім, аударыспақ ойнап көрсек қайтеді аға?- дедім.
- Келе ғой, алдымен өзің баста,- деді батыр. Білегінен шап беріп аударып ала қояйын десем, мызғымайды. Ешкім шақ келмей жүрген қара күшім желге ұшып кеткендей, қозғай алмай мықшыңдап қалдым.
- Енді менің кезегім інім, - дегенде, ұялған тектұрмас дегендей.
- Аға кешіріңіз, Сізбен күш сынасқалы есіріп жүргенім ақымақтық екен, - деп белдесуден бас тарттым. Нұржеке ағамыз жымиып күліп қойды да, ешнәрсе айтпай бұрылып кетті, - деген еді Қамысбек қария,- ұстаған кезде-ақ батырдың алапат күш иесі екенін сездім. Менің күшім оның ширегіне де жетпейтін еді, - деп күлді күректей қолдарымен сақалын салалап.
Аты аңызға айналған кекшілдер туралы мен де поэма жазған едім. Олар жөнінде әлі де көп дүние жазылады, ерлердің төккен тері мен аққан қаны текке кетпейді деп сенем.
8
Сәуір айында (ұмытпасам 1996-97 ші жалдар-ау деймін), ауданымызға Қазақстан тарихшылар Қауымдастығының төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қойгелді Мәмбет Құлжабайұлы өзінің шәкірттерімен келіп, кездесу жасады.
Ғалым сөзінде, «қазақтың тарихы ақсүйек хандар мен оның айналасындағылардың, ел билеуші атқамінерлердің айтуымен ғана жасалған. Қарапайым халықтың пікірімен санасқан ешкім жоқ. Сондықтан біздің тарихымыз шынайы, әділ жазылған деп айта алмаймыз» деді. Осы сөзі біздің көкейімізден шықты. Кездесуде мен де көптен көкейімді күйдіріп жүрген ойларымды ортаға салдым.
- Жаркент қаласының желкесінде, төбесі көк тіреп, ақша бұлттар иегінің астында қалықтаған заңғар тауымызды ықылым заманнан Арқас Алатауы деп атайды. Ал, дүние жүзінің физикалық картасында Жоңғар Алатауы деп жазылған.
Ғұлама Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп тұқианнан өзіме шейін» атты кітабының көп жерінде қайталап Арқас Алатауы деп көсетеді. Қазақ жерінде Шымбас, Шуас, Талас, Лабас ( Ілебасы ), (74-бет) деп аталатын Бес Алатауының бірі осы Арқас Алатауы. Кітапты оқыған адам ғұламаның осы тауды айтып отырғанын жазбай таниды. Ал, Лабасы деген ұғым, Ілебасы дегеннен шыққан дейтін нұсқасы тағы бар.
Арқас тауы батыр бабамыздың атымен аталған екен. Шапырашты Қазыбек бектің айтуы бойынша Суанның Бай, Дай деген екі баласы болады. Бай шынымен атына сай өте бай болған да, Байсуан аталған. Бағай батыр осы Байсуанның тұқымынан болады. Одан-Шоқай бөрі, одан-Томық, одан-Сарық, одан-Өрдін, одан-Омахан, одан-Орынхан, одан-Қармақ, одан-Шор, одан-Қолуқ, одан-Бармақ, одан-Момбай, одан-Оғанбек, одан-Құра, одан-Таңғұт, одан-Ғауыт, одан-Ертөбе, одан-Берікбай, одан-Құрым, одан-Шоғыл, одан-Мақатай, одан-Нау, одан-Түбіт, одан-Майлы, одан-Ақтай, одан-Арқалды, одан-Нақ, одан-Текес, одан-Арқас.
Арқастың Қанбағыс, Досбағыс, Тоқарыстан, Бекарыстан деген төрт ұлы болған. Бекарыстаннан – Бәйтүгей, одан Елтінді, Жылгелді деген екі бала туады.( «Түп тұқияннан өзіме шейін»357-358 беттер).
Міне, Арқас бабамыз Бәйтүгейдің атасы болса, Тоқарыстанның әкесі екен. Жаркент өңірін мекендеген суандардың түп- тұқияны.
Бұл тау қазақ жеріне жоңғарлар шапқыншылық жасамай тұрып Арқастың атымен аталған.
Ал, енді жоңғар аталуына келсек – осы таудың шығыс жағында жау басып алған жеріне Жоңғар мемлекеті орнап, кейін жойылып кеткені тарихқа мәлім. Шоқан Қашқар сапарына осы (қазіргі Панфилов ауданы) Жібек жолы бойымен жүріп, Ақкент елдімекеніне (қазір де солай аталады) түстеніп өткенін өзі жазып кеткен. Саяхатшы жергілікті елмен, оның ішінде бәлен дегендермен әңгімелестім деп ешнәрсе жазбаған. Біздің шамалауымызша – Шоқан бұл спарда бүркеншік атпен жасырын жүргендіктен, дәл қытаймен іргелес отырған елде, жергілікті тұрғындармен пікірлесуге мүмкіндігі болмаған сияқты. Тарихқа белгілі жоңғар мемлекеті өмір сүрген тауды, өзінің қолжазбасында Жоңғар Алатауы деп көрсетіп жіберген. Орыс достары сол жазбасы бойынша Шоқан жүрген жерлердің картасына ғалым өзі көрсеткендей «Жунгарский Алатау» деп түсірген.
Міне, Мәмбет Құлжабайұлының жоғарыда айтқан сөзіне тағы бір дәлел.
Өйтпегенде, сол жоңғарлардан көрмеген азапты көріп, қанша арысын құрбан етіп, қаны өзен боп ағып, көл болып тұнған ел, өлсе тауының атын жауының атымен атар ма еді?!
Қазақ тарихының қате жазылған тұстары баршылық екеніне, жер аттары әлі де түзетіп, толықтыруды күтіп отырғанына дәлел осындай.
Ислам-Ғали Жаркенти
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистар одағының мүшесі, Панфилов ауданының Құрметті азаматы.
Abai.kz