Нұртөре Жүсіп Сенат депутаты болып тағайындалды
Белгілі журналист, Республикалық "Айқын" гәзетінің директор-бас редакторы Нұртөре Жүсіп ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
"Мемлекет Басшысының Жарлықтарымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары болып Нұртөре Байтілесұлы Жүсіп пен Асқар Оразалыұлы Шәкіров тағайындалды", делінген ресми хабарламада.
Жүсіп Нұртөре Байтілесұлы 1961 жылы 29 сәуірде Қызылорда облысы Шиелі ауданы Керделі ауылдық кеңшарында туған.
С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген (1984), журналист. ҚР Журналистер академиясының академигі (1999 жылдан). «Біз кімнен кембіз?» (2001), «Қазақтың қызы» (2004), «Елес пен белес» (2006) публицистикалық жинақтың; 500-ге жуық мақалалардың авторы.
1984 жылдан - «Қызыл ту» (қазір «Сарыарқа самалы») Павлодар облыстық газетінің тілшісі, аға тілшісі, көлік және қатынас бөлімінің меңгерушісі, бас редактордың орынбасары. 1990 жылдан - «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары. 1996 жылдан - «Жас Алаш» газетінің бас редакторы. 2002 жылдан - «Ақ жол, Қазақстан» газетінің бас редакторы. 2005 жылдан - «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ бас директоры. 2007 жылдан - «Астана хабары» газетінің бас редакторы. 2008 жылдан бері - «Айқын» газетінің бас редакторы.
«Құрмет» орденімен (2009); «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2000) медальдарымен марапатталған.
Қазақстан Журналистер одағының Б. Бұлқышев атындағы сыйлығының (1995), БАҚ саласындағы Президенттік сыйлықтың (1998), «Алтын Адам» сыйлығының (2000) лауреаты.
Abai.kz