Көлсай әдемі кейпінен айырылып қала ма деп қорқамын...
Көлсайға алғаш рет 2004 жылы – оқуды енді бітіріп, телеарнаға жұмысқа орналасқан жылы бардым. «НТК»- да өңшең жастар жұмыс істеді.
Содан бір күні бәріміз жиналып, Шарын мен Көлсайға баратын болдық. Жолдан Шарынға соқтық. Шарынды сол кезде алғаш рет көрдім. Американың ковбойлар туралы фильмдеріндегі каньондарға ұқсайды екен. Ары қарай Көлсайға тартып, оған кеш бата жеттік те, сол күні көлдің жағасында қондық. Ертеңінде таң атысымен әуестігім ұстап ерте тұрып алдым да, көлдің шетін жағалай жүріп отырып, бір айналып шықтым. Шырша, қарағай, қайың көп екен. Әлі ешкімнің аяғы баспаған мүлгіп тұрған тағы табиғаттың арасына кіріп кеткендей болдым. Көлсайдың адамды тартып тұратыны да осы қасиеті.
Қазір соның жағасында құрылыс жүріп жатыр екен. Кафе, коттедж салмақшы ғой деймін. Меніңше, Көлсайға тиіспей, оны сол күйі, тағы, тұмса табиғат күйінде қалдыра салу керек. Жол салып жатқаны дұрыс. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп, ол жерге өркениеттің жетістігін алып келгеннен Көлсай көркейіп кетпейді. Ақша, ақша деп жүргенде ертең көлдің маңы қоқыстан аяқ алып жүре алмайтын жерге айналып, Алматының шетіндегі елдің бәрі барып суға түсетін пляж секілді болып шыға келеді.
Көлсайға бару керек те, табиғатына тамсанып, қыдырып, ол жерді ластамай, қайта қайтып кету керек. Түнеп шығатын қонақ үй мен кафе-ресторандарды сала бастаса, Көлсай болашақта тыныштықтан мүлгіп кеткендей болып тұратын осы бір әдемі кейпінен, адамды тартып тұратын тағылығынан айырылып қала ма деп қорқамын...