Сенбі, 23 Қараша 2024
Саңлақ 9366 7 пікір 26 Тамыз, 2019 сағат 19:42

Әлем чемпионаты. Кімдерден «алтын» күтеміз?

8-22 қыркүйек аралығында Ресейдің Екатеринбург қаласында бокстан әлем чемпионаты өтеді. Осымен 20-шы мәрте өткелі отырған әлем біріншілігіне 91 елден 488 спортшы қатысады. Айта кетерлігі, кезекті жаһандық додада боксшылар 8 салмақ санатында ғана өнер көрсетеді.

Қазақстан құрамасы үшін ең табысты әлем чемпионаты 2013 жылы өз жерімізде, Алматыда өтті. Ол кезде біздің боксшылар 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Қазіргі құрама сапында ол кездегі жігіттерден тек Қайрат Ерәлиев қана қалды.

Ал 2015 жылы Катарда өткен әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасына екі қола медаль ғана бұйырды. Оларды Данияр Елеусінов (69 келі) пен Иван Дычко (91 келіден жоғары) жеңіп алды.

Араға тағы екі жыл салып өткен 19-шы кезекті әлем чемпионаты да біз үшін аса табысты бола қойған жоқ. Германияның Гамбург қаласында Мырзағали Айтжанов шәкіріттері 1 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль алды. Сөйтіп, жалпы командалық есепте Куба мен Өзбекстаннан кейінгі үшінші орынға жайғасты.

Айта кетерлігі, соңғы екі әлем біріншігінде де біздің құрама Өзбекстаннан оза алмай жүр. Анығын айтқанда, өзбек боксшыларына есеміз кетіп жүргелі біраз уақыт болды. Әрісін айтпағанда, биыл 16-26 сәуір аралығында Таиланд астанасы Бангкокта өткен ХХХ Азия чемпионатында Өзбекстаннан тағы жеңілдік. Біздің құрама Таиландта 2 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль алды. Ал өзбектер 4 алтын, бір күміс, бір қола жүлдеге қол жеткізді.

Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев Екатеринбургте ел үміт артар азаматтардың атын атады.

52 келі: Сәкен Бибосынов
57 келі: Қайрат Ерәлиев
63 келі: Зәкір Сафиуллин
69 келі: Абылайхан Жүсіпов
75 келі: Тұрсынбай Құлахмет
81 келі: Бекзат Нұрдәулетов
91 келі: Василий Левит
+91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев

52 келі

Сәкен Бибосынов елімізде өткен соңғы екі турнирде топ жарды. Биыл мамыр айында Қызылордада өткен Қазақстан Республикасының V Спартакиадасында және шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында өткен ҚР Президенті Кубогына арналған VII халықаралық турнирде қарсылас шыдатқан жоқ. Ал сәуір айында өткен Азия чемпионатына барған Әнуар Мұзапаров 1/8 финалдан аса алмаған еді. Демек, 1997 жылы дүниеге келген жас Бибосыновтың Ресейде бақ сынағаны әбден орынды.

57 келі

Бұрынғы бапкер Айтжановтың сүйікті боксшыларының бірі Қайрат Ерәлиев "қартая" бастағанына қарамастан, бұл салмақтың тізгінін әлі ешкімге береген жоқ. Құрамадағы ең сақа боксшы бұған дейін әлем біріншілігінен 1 алтын, 1 қола медал алған. Тәжірибесі мол. Бірақ, соңғы кездері ірі турнирлердегі нәтижесі нашар. Азия чемпионатында ширек финалда сүрінді, Президент Кубогында қола медальді қанағат тұтты. Соған қарамастан Ресейге аттанып бара жатқанына қарағанда, бапкерлер оны алмастыра алатын ешкімді таппаған секілді.

63 келі 

Бұрынғы 64 келі мен 60 келінің арасынан пайда болған жаңа салмақ дәрежесі. Өкініштісі, бұл екі салмақта да бірқатар жақсы боксшыларымыз бар еді. Таиландта өткен Азия чемпионатында 60 келіде Зәкір Сафиуллин күміс, 64 келіде Санатәлі Төлтаев қола медаль алған. Осы екеуінің арасынан таңдау 32 жастағы Зәкір Сафиуллинге түскен екен. Енді Ресейде осы жігіт өнер көрсетеді. Ал 1999 жылы дүниеге келген егіз боксшы Саматәлі, Санатәлі Төлтаевтарға бұл жолы мүмкіндік берілмеді. Зәкір Сафиуллин жақында өткен Президент Кубогында индиялық боксшыдан жеңіліп, күміс медаль алды.

69 келі

«Қазақтың салмағы» атанған 69 келіде үздіктер аз емес. Абылайхан Жүсіпов пен Асланбек Шымбергенов екеуі де мықты боксшылар. Бірақ, соңғысы ірі турнирлерде "алтын" алмағалы көп болды. 2018 жылы Азия ойындарында, биыл Азия чемпионатында өзбек Бобо Усман Батуровтан жеңілді. Сондықтан, осы жолы Абылайхан Жүсіповке сенім артылды. 22 жастағы Жүсіповтың ересектер арасындағы жарыстарға қатысып жүргеніне бірнеше жыл болды. Демек, оның Ресейде бақ сынауы әбден орынды.

75 келі

Бұл салмақтың көшбасшысы Әбілхан Аманқұл болғанымен, жанкүйер қауым биылғы Азия чемпионатында Тұрсынбай Құлахметтің өнеріне тәнті болды. Әбілханды жеңген өзбек боксшысы Исраил Мадримовты Таиланд жерінде қуалап жүріп сабады. Нұр-Сұлтанда өткен Президент кубогында да қарсылас шыдатқан жоқ. Оның үстіне Әбілхан Аманқұл жарақатынан толық айықпады. Сол үшін Тұрсынбай тағы бір мәрте өзін дәлелдеуге мүмкіндік алып отыр.

81 келі

Бұл салмақтың мықтысы - Бек Нұрмағанбет. 1998 жылы дүниеге келген Бек Азия чемпионатында еш қиындықсыз жеңіске жетті. Бірақ, жарақат алып қалғандықтан әлем чемпионатына бара алмайды. Оның орнына Бекзат Нұрдәулетов аттанып барады. Мамырда Қазақстан Спартакиадасына 91 келіде қатысып, қола медаль алған. Ал шілдеде Президент кубогында 81 келіде өнер көрсетіп, күміс медалге қол жеткізді.

91 келі

91 келіде бірінші номерлі боксшы Василий Левит. Бірақ жасы 31-ге келген Левитті Таиландта өткен Азия чемпионатында кәріс боксшысы нокаутқа түсіріп кетті. Ал 2000 жылы дүниеге келген Айбек Оралбай жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының жеңімпазы, Қазақстан Спартакиадасының чемпионы.

Шілдеде өткен Президент кубогының финалында екі боксшының жолдары түйісті. Тартысты өткен жекпе-жекте Левит төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Тәжірибесі аздау, физикалық тұрғыдан сәл жеткіліксіз демесеңіз Айбектің деңгейі Василийден еш кем емес. Алдағы уақытта 91 келіде көшбасшы ауысары сөзсіз. Бірақ бұл жолы тағы да Левитке үміт артамыз.

+ 91 келі

Бұл салмақта Қамшыбек Қоңқабаев көшбасшы. Қазіріше, оның орнына таласатын анық фаворит көрінбейді. Азия чемпионатында күміс, Президент кубогында алтын медаль алды.

Бүгінге дейін спортта кіндік Азияның көшбасшысымыз деп жүріп Өзбекстанның қалай озып кеткенін байқамай қалғанымызды айтып отырмыз. Екатеринбург төрінде Азияның ғана емес әлемнің үздіктері жиналады. Демек, қарсыласымыз тек өзбектер ғана емес. Бірақ, баста айтқанымыздай 2015, 2017 жылғы әлем чемпионатында; 2017, 2019 жылғы Азия чемпионатында, 2016 жылғы Олимпиада ойындарында, 2017 жылғы Азия ойындарында ала шапанды ағайындардан қалып кеттік. Осы жолы былғары қолғапты батырларымыз барын салып, жанкүйер үмітін ақтайды деген сенімдеміз.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379