Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3024 0 пікір 21 Шілде, 2011 сағат 09:30

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ. Маңғыстау мұнайшыларының ереуiлi: Бiз көрген шындық

Бұл өңiрде мұнайшылар ереуiлдерi бұдан бұрын да ауық-ауық болып тұрған. Солардың көбiнде тартыс пен таласқа еңбек дауы түсiп жатты. Алайда санаулы күндерден соң өзара бәтуаға келiп, сабаларына түсiп, жұмыс ырғағы қалыпты жағдайға көшетiн. Ал үстiмiздегi жылдың мамыр айынан басталған мұнайшы-жұмысшылардың толқу «мiнезi» бұрынғылардан өзгеше болып тұр. Ашынғандары соншалық, ереуiлдерi екi айға созылса да кәрi Каспийдiң жағалауға соққылаған адуынды толқындарындай екпiндерi басылар емес. Соның салдарынан мұнайлы мекен әрi-сәрi мазасыз күй кешуде.
Жуырда Алматыдан аттанған журналистердiң бiр тобы сол мұнайлы мекенде болып, нақты жағдайлармен танысып қайтты. Ереуiлдеушi жұмысшылардың талаптарын тыңдап, жұмыс берушi «Қазмұнайгаз» Барлау-өндiру АҚ-на қарасты «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «Қаражанбасмұнай» АҚ жауапты қызметкерлерiмен кездестi. Ендi сол сапарда көзбен көрiп, құлақпен естiгенiмiздi газет оқырмандарына таныстырып, жоғары билiктiң назарына ұсынуды жөн көрiп отырмыз.

Бұл өңiрде мұнайшылар ереуiлдерi бұдан бұрын да ауық-ауық болып тұрған. Солардың көбiнде тартыс пен таласқа еңбек дауы түсiп жатты. Алайда санаулы күндерден соң өзара бәтуаға келiп, сабаларына түсiп, жұмыс ырғағы қалыпты жағдайға көшетiн. Ал үстiмiздегi жылдың мамыр айынан басталған мұнайшы-жұмысшылардың толқу «мiнезi» бұрынғылардан өзгеше болып тұр. Ашынғандары соншалық, ереуiлдерi екi айға созылса да кәрi Каспийдiң жағалауға соққылаған адуынды толқындарындай екпiндерi басылар емес. Соның салдарынан мұнайлы мекен әрi-сәрi мазасыз күй кешуде.
Жуырда Алматыдан аттанған журналистердiң бiр тобы сол мұнайлы мекенде болып, нақты жағдайлармен танысып қайтты. Ереуiлдеушi жұмысшылардың талаптарын тыңдап, жұмыс берушi «Қазмұнайгаз» Барлау-өндiру АҚ-на қарасты «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «Қаражанбасмұнай» АҚ жауапты қызметкерлерiмен кездестi. Ендi сол сапарда көзбен көрiп, құлақпен естiгенiмiздi газет оқырмандарына таныстырып, жоғары билiктiң назарына ұсынуды жөн көрiп отырмыз.

Үлкен қақпаның маңдайшасына "Өзенмұнайгаз" АҚ №5 кәсiптiк автомашина қызмет көрсету басқармасы" деп жазылған тұрақтың iшкi ауласында қаңтарулы автотехникалар тiзбегi тұр. Ал алдыңғы жағындағы ашық алаңның әр-әр жерiнде арабтың ұлы құмындағы бәдәуилердей плащ-палаткаларды көлеңкелеп ереуiлшiлер жайғасқан. Қарсы беттегi күре жолдың арғы бетiнде кiлең шетелдiк маркiдегi автокөлiктер қатар түзiптi. Аңызақ ыстық желден кенезең лезде кебедi.

Бiз үлкен қақпаға жақын орналасқан топқа бардық.
- Сiздер не үшiн ереуiлдеп жатырсыздар?
- Жалақымыз төмендеп кеттi, - дедi өзiн Роза Төлетаева деп таныстырған әйел.
- Ақпарат құралдарының хабарларына қарағанда, жалақыларыңыз соншалық төмен емес көрiнедi ғой.
- Бiз, мұнайшылар, ауыр еңбек жағдайында жұмыс iстеп жүрмiз. Ал жұмыс берушiлердiң бiзге төлейтiнi сол еңбегiмiзге тұрмайды.
- Сонда қолдарыңызға тиетiнi тым аз ба?
- Мәселе аз немесе көпте емес. Олар Еңбек кодексi бойынша бiзге не тиесiлi болса, соны берулерi керек. Мұнда әр түрлi мамандық иелерi жұмыс iстейдi. Жүргiзушiлер, дәнекерлеушiлер, слесарлар, машинистер, операторлар. Әрқайсысының категориялары әрқалай. Жұмыс берушiлер бәрiмiздi бiр еңбекақы төлеу жүйесiне кiргiзiп жiберген. Жүргiзушiге де, сылақшыға да бiрдей жалақы бередi. Ал кеңсенiң жайлы орындығында отырған қызметкерлер мына ыстық күннiң астында жұмыс iстеп жүрген бiзден әлденеше есе көп алады. Қай бiр күнi келген журналистерге кеңседегiлер менi тоқсандық еңбек көрсеткiшiме бiр жарым миллион теңге алды дептi. Ондай ақша алған емеспiн. Сонша теңге қалтама түссе, мұнда ереуiлдеп нем бар. Жұмыстан соң үйдегi төрт баламның жанында отырмаймын ба. Осы жылдың қаңтар айында 192 сағат жұмыспен 239 мың теңге алғанымды жасырмаймын. Ал мұндай жалақы бiзде төрт-бес айда ғана болады.
- Қазiр ереуiлге шыққандар саны қанша? Аштық жариялап жатқандары ше?
- Жалпы саны бес мыңдай. Аштық жариялағандар саны алғашқыда 41 едi. Қазiр солардың 14-i қалды. Қалғандары ауруханада.
Топ арасынан бiр жiгiт:
- Бiздiң талаптарымыз толық орындалмаса, ереуiлiмiздi осылай жалғастыра беремiз,- деп дауыстады. - Жұмыс берушiлер бiздiң арыз-шағымымыздан кейiн жетi күн iшiнде мәселенi қарап, шешулерi керек едi. Олар сол тәртiптi бұзып отыр. Бұзғаны былай тұрсын, әр түрлi айла-шарғымен қоқан-лоққы көрсетуде.
- Сiздер жұмыс берушiлерге қандай талаптар қойдыңыздар?
- Тоғыз талабымыз бар. Оның алтауы жалақыға, үшеуi әлеуметтiк әдiлетсiздiкке байланысты. "Қаражанбасмұнай" жұмысшыларының талаптары да осы. - Ол талаптар жазылған қағазды қолымызға ұстатты.
"Облыс әкiмi Қ.Көшербаевқа, Жаңаөзен қаласының әкiмi О.Сарбөпеевке, Жаңаөзен қаласының прокуроры М.Тойжанға, "ӨМГ" өндiрiстiк филиалының директоры К.Ешмановқа, "ӨМГ" өндiрiстiк филиалы кәсiподақ комитетiнiң төрағасы Н.Сақтағановқа, "ӨМГ" өндiрiстiк филиалының жұмысшыларының арыз-талабы.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексi 300-бабының 3-тармағы бойынша төмендегi талаптарымыз орындалғанша ашық түрдегi наразылық акциямызды жалғастыра беретiнiмiздi мәлiмдеймiз.
1. А.Аминова мен Н.Г.Соколованы қамақтан босатып, оларға қарсы таңылған заңсыз айыптарды алып тастау.
2. "ӨМГ" өндiрiстiк филиалының директоры К.Ешмановты қызметiнен босату.
3. Сырттай шығарылған сот шешiмiнiң күшiн жою. Бiзге сотқа қатысып, өз құқымызды қорғауға және талап арыз жазуға мүмкiндiк берген жоқ. Құқық қорғау қызметкерлерi тарапынан жасалынып жатқан заңсыз аңду, қудалау, қысым көрсетудi тоқтату.
4. "ӨМГ" өндiрiстiк филиалында заңсыз жұмыстан шығарылғандарды түгел өз жұмыс орындарына қайта қабылдау.
5. Өндiрiс орындарынан түскен пайданың 60 пайызын қала бюджетiне бөлу.
6. Сатылған кәсiпорындарды мемлекетке қайтару.
Бұдан әрi дау-дамайға айналған аудандық 1,7 және салалық 1,8 коэффициенттердi жалақыға қосу туралы талаптар келтiрiлген. Алайда арыз-талаптың барлық жұмысшылардың атынан жазылғаны көкейге қона бермейдi. Өйткенi "Өзенмұнайгаздағы" 9 мың жұмысшының 900-i ғана ереуiлге шығып отыр. Басқалары күнделiктi жұмыс орындарында. Ереуiлшiлер атынан десе бiр сәрi. Сондай-ақ бұл арыз-талапты қаралмады деудiң де қисыны жоқ секiлдi. Әуелi "Өзенмұнайгаз" бен "Қаражанбасмұнай" АҚ-ында, содан соң қалалық әкiмшiлiкте қаралып, еңбек дауына жатпайды деген тұжырым жасалынған. Қалалық прокуратура жұмыс берушiлер тарапынан заң бұзушылық деп тапса, қалалық сот ереуiлшiлер акциясы заңсыз деп шешiм шығарған. Тiптен Астанадан арнайы келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң комиссиясы да ереуiлшiлер акциясын жөнсiзге санапты. Содан кейiн барып, "Өзенмұнайгаздан" 260, ал "Қаражанбастан" 150 адам еңбек тәртiбiн бұзғаны үшiн жұмыстан шығарылды. Күн көрiс нәпақасын тек мұнайдан тауып отырған жандарға бұл қайраңда қалған шабақтардай ауыр соққы болғаны анық.
Дабырлаған жұрттың артқы жағында тұрғандар: "Оразбай, бәрiмiздiң атымыздан сен сөйле",- деген соң алдыңғы қатардағы ашаң өңдi жiгiт сөз бастады. Өзiн Тұрсынбаев деп таныстырды. "Өзенмұнайгаз" АҚ-ның электр маманы екен.
- Бiздiң жұмысшылар "Өзенмұнайгаздың" өз алдына жеке Акционерлiк қоғам болғанын қалайды. Астанаға қараған күнiмiз осы болды. Бiз қазiр қайраңда қаңырап қалған кемедеймiз. Басшылықтан хабар-ошар алып жатқан жан жоқ. Бiздiң осылай сағымызды сындырғысы келедi. Күшпен қорқытып та жатыр. Үйдi-үйiмiзге барып, бiздi әйелдерiмiзге жеккөрiнiштi қылуда. Баспанамызға бас сұққаннан әйелдерiмiз: "Жұмыстан шығарып тастаса, несиеңдi төлей алмай, далада қаңғып қаласың", - деп құлағымыздың құрт етiн жеп бiтедi. Қазiргi "Өзенмұнайгаздың" барлау-өндiру АҚ жәй соқыр iшек iспеттi. Мұнайшылар оны үй iшiнен үй тiккендер дейдi. Бiрi бiрiнiң жұмыстарын қайталап қана отыр. Олар бiздi "400 мың жалақы алады. Ендi мiне соны екi, үш есеге көбейтудi талап етiп жүр" деп дабыра қылуда. Ал шындығына келсек, бiздiң ыстық күнге қақталып алып жүрген жалақымыз екi жүз мыңның арғы жағы мен бергi жағы ғана. Астанадағы басшы мекемелердiң қызметкерлерi алып жатқан жалақыларының бiр ширегiне де тұрмайды. Бұлар бiздiң жалақымыз туралы Астанаға басқаша мәлiмет бередi. Ал бiздiң қолымызға түскенi одан мүлдем бөлек. Егер бiздiң айтқандарымыз жалған болса, онда бiрi келiп неге бетпе-бет сөйлеспейдi. Жұмыс берушiлер Соколова секiлдi көзi ашық жандарды қаматып, бiздi қорқытып, үркiтумен отыр. Ал бiз кiмбiз? Қарапайым мұнайшымыз. Бәрiмiздiң бiрдей бухгалтерлiк сауатымыз жоқ. Мына электрик менiң, анау майбалақ трактористiң ми айналдыратын есеп-қисаптың сан түрлi қитұрқысымен басымызды қатырмақшы. Бiз олардан 700-800 мың теңге жалақы сұрап отырғанымыз жоқ. Еңбек кодексi бойынша өзiмiзге тиесiлiсiн талап етудемiз. Бүкiл Қазақстанның өркендеп келе жатқаны осы мұнайдың, қала бердi соны өндiрiп жатқан бiздiң арқамызда емес пе?! Арамызда банктен несие алмаған жандар кемде-кем. Егер бiздiң жалақымыз солар айтқандай төрт жүз мың болса, несие алып немiз бар. Иә, анау жолдың арғы бетiндегi жеңiл көлiктер бiздiкi. Бiрақ соларды да балаларымыздың қызық-қуанышына бола несиеге алып отырмыз. Бiз ертеңгi өмiрiмiзге алаңдаулымыз. Әлi де әдiлдiк жеңедi деп тұрған жайымыз бар. Ата Заңымызда "Жердiң астындағы мен үстiндегi байлық -халықтiкi" деп атап көрсетiлген. Бұл жерде менiң ғана емес, менiң балаларымның да несiбесi жатыр. Қазiр менiң жалақым төмен болса, ертең менiң балаларымның күнi қандай болады? Аналар бiздi қайдағы бiр тәжiктермен, қайдағы бiр ауғандықтармен салыстырады. Соларға қарағанда бiздiң тұрмыс жақсы екен. Ал сол тәжiктер мен ауғандар қандай әлеуеттi мемлекетте тұрып жатыр? Бiз ше? Әне-мiне дамыған елу елдiң қатарына қосылғалы тұрмыз ғой. Халқымыздың саны да аса көп емес. Ал оның негiзi бүгiннен бастап қаланса деймiз. Бiз ереуiлге ерiккеннен шыққанымыз жоқ. Өз қазанымызға өзiмiз ие болмасақ, көрген күнiмiз қараң екен. Бiзбен iсi жоқ Үкiметке адам емес, мұнай керек пе деп қалдық. Олай болмаса екi айдан берi не бiр Үкiмет өкiлi, не бiр шәниген депутат келiп, жөн сұрасқан жоқ. Келгендерi болса, кеңселерден қайтып жатқан шығар. Бiз олардың жүзiн көрген емеспiз. Не бел кетер, не белбеу кетер. Талабымыз орындалмай бұл жерден кетпеймiз. Мынау тұрған жiгiттердiң айтпағы осы. Бiз осы жерде тұрамыз, осы жерде өсiп-өнемiз, осы жерде өлемiз. Бұл - бiздiң балаларымыздың, ұрпақтарымыздың ата мекенi. Жұмыс берушiлер бiздi ақпарат көздерiнде тойынған деп жар салуда. Бiздiң тойынғаннан секiрiп жүрген жайымыз жоқ. "Түркiстан" газетi билiк жағында болса, бiздiң осы жанайқайымызды жылы жауып қоя салар. Ал халықтың шын үнi болса, айтқандарымызды айнытпай, бұрмаламай жариялар.
Бұл жердегi ереуiлдеушiлердiң жалпы саны шамамен 300-дей. Ауысымнан шыққандар келiп, ауыстырып тұрады екен.
...Қазақстанда жер байлығы халықтiкi екенiне ешқандай дау жоқ, бiрақ бұл байлық жеке аймақ, бiр облыс тұрғындарының ғана несiбесi емес қой. Ол - барша халық, бүткiл қазақстандықтардың да несiбесi. Осы орайда көптеген адамдардың бойындағы қара басты күйттеген тар ауқымды пиғыл қарын аштырады, жалпы мемлекеттiк сананың әлi қалыптаспағаны қынжылтады.
...Ұлы сәске кезiнде, яғни ереуiлшiлермен кездескенге дейiн бiз мұнай өндiру алаңдарында болған едiк. Құрамында қоспасы бар мұнайды 41 қондырғы 1200 метр жер асты тереңдiктен құбырлар арқылы шығарады. Сол құбырлар технологиялық тәртiп бойынша 158-159 күнде ауыстырылып, тазартылып тұрулары керек. Оны мұнайшылар жер асты жұмысы деп атайды екен. Биiк мұнара жанында сондай жұмыспен айналысып жатқан екi мұнайшы-операторды сұхбатқа тартқанымызда, аты-жөндерiн жарияламауымызға шарт қойып, құлықсыздау келiстi. Ұзын бойлы жiгiтке:
- Еңбек өтiлiңе қанша жыл болды?
- Алты жыл.
- Айлық жалақыңыз қанша?
- Үш жүз мың теңге.
- Мұнайшылар ереуiлiн немен түсiндiрер едiңiз?
Ол тосырқай қарап, басын шайқады.
Осындай сауалды учаске бастығы Жамбыл Сәттiбаевқа да қойдық. Ол:
- Қазiр жалақыны қанша алсаң да, қымбатшылықтың құрсауынан шыға алмайсың. Бiз жалақы алған күннен бастап, базар бағасы шарықтап кетедi. Содан айдың соңғы он күнiнде ғана аздап төмен түседi. Монополияға қарсы комитет жұмыс iстемеген соң, саудагерден не сұрайсың. Бағаны өз ыңғайларымен жөн-жосықсыз өсiре бередi.
- Мұнайшылар ереуiлiнiң себептерiнiң бiрi осы дейсiз бе?
- Ереуiлдiң себептерiн менен сұрамаңыздар. Мен жұмыстың техникалық жағына жауап беремiн.
Мұнай жиынтықтау орталығындағы қызметкерлердiң жауабы да осы. Ереуiлдеушi әрiптестерiн не мақұлдамайды, не жөнсiз деп жоққа шығармайды.
Базар демекшi, Ақтау қаласында азық-түлiк сататын iрi төрт базар бар екен. Солардың арасында ең қымбат сауда орталығы "Волна" деп аталады. Бiз сол орталыққа да ат басын тiрегенбiз. Онда картоптың бiр килограмы - 150, қызанақ - 300, алма - 300, шие - 1000 теңгеден сатылып жатыр. Ал ең арзан жемiс-жидек қала шетiне жақын орналасқан "Сары базарда" екен. Ондағы көкөнiстер құны Алматы базарларының бағаларымен бара-бар.
Бәлкiм, Алматымен салыстырғанда сәл-пәл қымбат болуы да ықтимал. Бiрақ Алматыдағы 1,5 млн. тұрғындардың арасында 100-200 мың теңге көлемiнде айлық алатындар көп дей алмайсыз. Әсiлi, мұнайшылардың еңбегi ауыр екенiне дау жоқ, бiрақ әр еңбектiң де өз бағасы болатыны сөзсiз. Дәрiгердiң немесе мұғалiмнiң еңбегi басқадан жеңiл деп айтуға ауыз бармайды. Яки, өз еңбегiн ғана өзгеден тым артық бағалау орынсыз-ақ.
Маңғыстауда бiзден бұрын да болғандар бар. Мұнайшылар ереуiлi басталысымен-ақ "Жаңарту" тәуелсiз кәсiподақ басшысы Есен Үктешбаев ат сабылтып жетiптi. Оның "Время" газетiнiң тiлшiсi Мәдина Айымбетоваға берген сұхбаты 29 маусым күнгi санында жарияланған.
"Тiлшi: - Сiз маусым айының басында Маңғыстау облысына барып қайттыңыз. Сапарыңыз қалай өттi және ондағы жағдай қалай болып жатыр?
Үктешбаев: - Бiз ереуiлдеген Жаңаөзен мен Қаражанбас мұнайшыларымен кездесiп, аштық жариялап жатқан жерлерде болдық. Онда да жағдай өлi қалыптан өзгерген емес. Солай болғанның өзiнде де ереуiлдi болдырмауға болар едi. Жұмысшылардың талабы заңды. Мысал дейсiз бе, қаражанбастықтар алғашқыда тек тәуелсiз кәсiподақтың жұмысына мемлекеттiк органдардың және жұмыс берушiлердiң кедергi жасамауларын ғана өтiнiп сұраған. Содан кейiн кәсiподақ заңгерi Наталья Соколованы бiрiншi рет 8 тәулiкке тұтқындаған соң, жұмысшылар оны босатуды талап еттi. Алайда белсендiнi босату былай тұрсын, әлеуметтiк алауыздық тудырды деген айыппен оған қарсы қылмыстық iс қозғаған. Бұл адамдарды одан да бетер ашындырып жiбердi. Жуырда Қаражанбас ереуiлшiлер комитетiнiң төрағасы Қуаныш Сисенбаевтың үстiнен жаппай берекесiздiктi ұйымдастырды деген желеумен қылмыстық iс қозғады.

<!--pagebreak-->
Тiлшi: - Компанияның баспасөзге арналған мәлiметтерiне қарағанда айлық жалақылары аз емес жұмысшылар бас көтерiп жатқан көрiнедi ғой.
Үктешбаев: - Бiз де, жұмысшылар да жұмыс берушi кәсiпорынның орташа айлық жалақы мөлшерiн көз қылып жүргенiн талай рет айттық. Олар 10-20 мың доллар жалақы алатын топ-менеджерлер мен жұмысшылардың төменгi жалақысын мысалға алып, орта жалақыны шығарады. Сонда "орта жалақың" қомақты, салмақты болып шыға келедi. Бiрақ мен қарапайым жұмысшының еңбекақысы 80 мыңнан 150-200 мың теңге екенiн бiлемiн. Бiзге қарағанда Маңғыстау облысында азық-түлiк әлдеқайда қымбат тұратынын қаперiңiзге алыңыз. Онда жергiлiктi суды да пайдалануға болмайды. Жұрт оны бөтелкелерiмен сатып алады".
Жұмысшылар мүддесiн қорғаған жақсы. Дегенмен жобаламай нақты айтқан жөн шығар. Медальдiң де екi жағы бар емес пе?! Жағалаудың бiр жағында жұмыс берушiлер тұрса, екiншi жағында мұнайшылар тұр. Сұхбат ауанынан Үктешбаевтың жұмыс берушiмен кездеспегенi байқалады. Өйткенi олар жағынан сөз жоқ. Ақиқат үшiн екi жақтың да пiкiрлерiн сараптағаны жөн болар едi. Жұмыс берушiлердiң "орта жалақыны" шығаруы Үктешбаев айтқаннан мүлдем басқаша екенiн бiз "Қаражанбасмұнай" АҚ корпоративтiк басқару және даму бойынша бас директорының орынбасары Асқар Әубәкiров таныстырған есеп-қисап құжаттарынан көрiп бiлдiк.
Қазiр екеудiң бiрiнiң аузында - Наталья Соколова. Алғашқыда жұрттың оны мұнайшылар мүддесiн қорғап жүрген күрескер-патриот ретiнде қабылдағаны рас. Ол шынымен-ақ мұнайшылардың нағыз жанашыры ма? Бiз онымен кездесе алмадық. Тергеу амалдары аяқталғанша ешкiммен жолықтырмайтыны бесенеден белгiлi. Алайда республикалық "Экспресс К" газетi өткен 8 маусымда Қуаныш Жаманбаевтың "Сiз кiмсiз, Соколова ханым?" атты зерттеу мақаласын жарыққа шығарды.
"...Соколова Қаражанбаста 2009 жылдың 25 мамырында пайда болды. Осы күннен бастап ол "Қаражанбасмұнай" АҚ-ның персоналмен жұмыс жөнiндегi департамент директорына қызметке алынды. Сол кездегi президент Цуй Биннiң басын қалай айналдырып алғаны белгiсiз, ол оған тiптi компанияның вице-президенттерi алып көрмеген 1,5 млн. теңге жалақы бекiтiп бердi. Бiр қызығы, ол өзi заң кеңесшiсi болып алты жыл қызмет жасаған "Бозашы Опереитинг" компаниясынан басқа бiр қытайлық жолдасының ұсынуымен келген. Ендеше, оны қытай билеп-төстеуiне қарсы күрескер әрi "қытай" тәсiлiмен қысымға ұшырап отыр деп көрсеткiсi келгендердiкi бос әуре.
...Сонымен, жыл бойы Соколова персоналмен жұмыс жөнiндегi департаменттi басқарады. Сол кездерде ол жұмысшылардың еңбекақысын арттыру мәселесiн көтердi ме? Көтерiңкi 1,7, 1,8 коэффициенттерiн енгiзудi талап еттi ме? Жоқ, бiр рет те ондай болған емес! Оның есесiне ол кеңсе қызметкерлерiнiң еңбек жағдайлары күрделi деп санап, оған қосымша ақы төлеуiне қол жеткiзу үшiн барынша тырысып бақты. Мысалы ол өзiнiң қызмет жазбаларының бiрiнде: "ҚБМ АҚ әкiмшiлiк персоналы бойынша компьютерде қызмет жасайтындарға көзге салмақ түсiретiн факторлар ескерiлмеген" деп жазған. Компьютерге қадалып отырған кезде көздiң талатыны түсiнiктi, ал сол үшiн қосымша ақы төлеуi қажет пе? Тағы бiр мысал: "Сонымен қатар кеңсе iшiндегi ылғалды, ауа қозғалысының жылдамдығын өлшегiштердi мұқият тексеруiңiздi сұраймыз, олар нормадан алшақ жатқан сияқты". Яғни Соколова жаздың аптабы мен қыстың боранында кен орнында тер төгiп жатқандармен еңбек жағдайлары бiрдей дегенге келтiредi.
...Сөйтiп жұмысты бiтiрмей тұрып, Наталья Соколова демалыс сұрады. Арызды 2010 жылғы 29 сәуiрде жазды. Оған демалыс берiлмедi. Оның демалысқа соншалықты қатты тырысқаны неге екенi кейiннен анықталды. Себебi 2010 жылғы сәуiрдiң 20-сынан, ол әлi де "Қаражанбасмұнай" АҚ департаментiнiң директоры қызметiнде жүрген кезiнде Соколова "Каспий Меруертi Опереитинг Компани Б.В."-ға бас заңгер кеңесшi болып орналасты. Бiр ай бойы ол шын мәнiнде мұнда да, онда да жұмыс iстедi.
...Демалысқа шығуға өтiнiшi қабыл алынбаған соң, Соколова 26 мамырдан еңбек шартын бұзу және өтемақы төлету жөнiнде арыз жазды. Бiрiншiсi, өзiмен еңбек келiсiм шартына қосымша келiсiм, одан оған үш жылдың жалақысы мөлшерiнде өтемақы яғни, 86 млн. 745 мың 828 теңге төлеудiң шарты айтылған. Келiсiмге ол мерзiмiнде қол қойған, ал "Қаражанбасмұнай" басшылығы тарапынан қол қойылмастан қалған. Ал екiншi құжат одан да қызықтырақ. Бұл еңбек заңдылығының бұзылуына байланысты бiтiмгершiлiк комиссиясын шақыру туралы Соколованың қолы қойылмаған жазбаша хабарламаның (уведомление) жобасы. Мұны Наталья Геннадьевна өз сөзiмен былайша түсiндiредi. Егер жұмыс берушi бiрiншi құжатқа қол қойса, сөйтiп оған жоғарыда айтылған 86 млн. теңге төлеуге келiссе, ол жазбаша хабарламаға қол қоймайды, яғни оны iске қоспайды. Егер оның айтқаны қабылданбаса, ол жазбаша хабарламаға қол қояды да ондағы ақпараттарды мемлекеттiк органдарға дейiн жеткiзедi және Қаражанбас мұнайшыларына құлақтандырады. Оның айтқаны сол күнi-ақ қабылданбады. 30 сәуiр күнi Соколова жазбаша хабарламаға қол қойып, оны жұмыс берушiге жолдады. Мемлекеттiк органдар оның еңбек заңдылығы бұзылғандығы жөнiндегi айыптауларының барлығын мұқият тексердi. Бiрақ ештеңе таппады.
... 2010 жылғы 24 мамырда Наталья Соколова "Қаражанбасмұнай" басшылығынан 86 млн. 745 мың 828 теңгенi төлеудi талап еттi. Ол мұны бiр жыл бойы офисте отырып жұмыс iстеу кезiндегi еңбек жағдайының зияндылығы жөнiндегi өзiнiң бұрынғы тұжырымдарымен дәйектедi. Бұл талап та әрине қанағаттандырылған жоқ. 25 мамырда Наталья Соколовамен "Қаражанбасмұнай" АҚ арасындағы еңбек келiсiм-шарты мерзiмi аяқталуына байланысты тоқтатылды. 2010 жылы 11 қазанда Соколованы "Қаражанбас қызметкерлерiнiң кәсiподағы" қоғамдық бiрлестiгiне заңгер ретiнде жұмысқа алды. Оны жақында ғана сайланған кәсiподақ төрағасы Ербосын Қосарханов шақырды.
... Коэффициенттi арттыру кәсiподақтың басты "көзiрi" болып қала бердi. Өйтпегенде ше. Соколова оған iлесе Қосарханов жұмысшыларға жалақы үш есе өседi деп уәде берген едi. Ендi уәдеге жету керек. Әйтсе де, түптеп келгенде, тап осы талап негiзсiз деп табылды. Жұмыс берушi заңда көзделмегенiне қарамастан 1,7 мөлшерлi аудандық коэффициент жұмысшылардың жалақысында қаралғанын және ол сонау 1997 жылдан берi қолданылып келе жатқандығын дәлелдеп бердi. Заң тұрғысында 1,8 мөлшерлi салалық коэффициент те Соколова айтқанындай есептелмейдi. Ол заң бойынша ағымдағы жалақыны көтеру үшiн емес, әрбiр дербес сала бойынша жалақының ең төменгi стандартын айқындау мақсатында тағайындалған. 1,8 коэффициентi ең төменгi 14952 теңге жалақыға ғана қолданылады. Яғни мемлекет зиянды және қауiптi жағдайда жұмыс iстейтiн мұнай саласы жұмысшыларының жалақысы 26914 теңгеден кем болмауына кепiлдiк бередi. Соколова қанша тырысқанымен бiтiмгершiлiк комиссия мүшелерiн сөзiне сендiре алмады. Өйткенi ол заңға емес, өзiнiң жеке мүддесiне сүйендi. Жұрт көзiнше жұмысшылар сөзiн сөйлегенмен, ойында өзiнiң 86 млн. теңгесi жатты.
... "Өзенмұнайгазда" сәл ишара болса ереуiлдеуге елiрiп тұратын кейбiр адамдардың бар екендiгi белгiлi. Оларға тек сылтау керек. Бұл сылтауды коэффициентке байланысты олардың "көзiн ашқан" Соколова тауып бердi. Пенденiң қолына қанша ақша түссе де, тiптi айына таза 400 мың теңге алса да, бұдан да көбiрек алғысы келе бередi. Ол жақтағылар ұсақтағылары келмей аштық жариялауды ұйғарды. Соколова сол талаптарды барлық инстанцияларға, тiптi Премьер-министрге де жолдады. Үкiмет басшысының тапсыруымен құрылған арнайы комиссия келiп, ондағы жағдаймен танысып, барлық пункттер бойынша қойылған талаптардың терiстiгiн дәлелдейтiн жауаптар бердi. Ақтау, Қаражанбас және Жетiбай арасында шапқылаған Соколова отқа май құя түстi. Қалғаны белгiлi, оқиға бiздiң көз алдымызда өрбiп жатты.
... Ал Наталья Соколова деген кiм? Оған жел тұрғызып, дауыл соқтыру неге қажет болды екен? Бiреулер оны жай ғана сауатсыз санайды. Заңгер ретiнде ешқандай салмағы болмаса да өзiне көп жүк артқан секiлдi көрiнедi. Алайда онымен сөйлескен мамандар оның бiлiктiлiгi туралы жақсы пiкiрде емес. Ол дайындаған қағаздарды көрсеңiз сырты әдемi, жүйелi сияқты, ал iшiне үңiлiп қарасаңыз - құр сандырақ. Соколова - өзi ойлаған 86 млн. теңге немесе жарты миллиондай долларды қолға түсiрудi ғана көздеген пайдакүнем жан. Ендi ол абақтыда отыр. Әлеуметтiк алауыздық тудырғаны үшiн оған қарсы қылмыстық iс қозғалды".
Ойдан жүйрiк не бар. Бәлкiм Жаманбаев мұны әлдекiмдердiң тапсырысы бойынша жазған шығар деген күмәндi ой бiзде де болғаны рас. Қазiр журналистикада iшiнара ондай жағдайлар кездесе бередi. Жоқ, Жаманбаев ондай пендешiлiктен ада екен. "Қаражанбасмұнайдың" кеңсе қағаздарымен танысу барысында арасынан Наталья Соколованың әлгi арыздарын, 86 млн. теңгенi бопсалағысы келген жазбаларын көргенде сенбеске лажымыз қалмады. Соколованың қитұрқы есебi бойынша салалық 1,8 коэффициент ең төменгi жалақыға емес, айлық жалақыға қосылуы керек екен. Әрине, ондай жағдайда жұмысшының жалақысы шарықтап 700 -800 мың теңгеден кем түспесi анық. Бiрақ бұл ақылға қонымсыз талап. Бiтiмгершiлiк комиссияның да онымен келiспегенi сондықтан. Қазақ: "Бiр әйелдiң қырсығы қырық есекке жүк болады", деп қалай тауып айтқан. Соколованы соның керi ме дерсiң. "Аңқау елге - арамза молда". Ал ереуiлшiлер сондай жанды күнi бүгiнге дейiн қорғаштап бағуда. Бiз "Қаражанбасмұнай" кеңсесi жанынан үш жүзге тарта ереуiлдеушiлердi көрдiк. Талаптары жаңаөзендiктермен бiрдей.
Жаңаөзен Кеңес өкiметi кезiнде вахталық тәсiлмен жұмыс iстейтiн мұнайшылардың шағын елдi мекенi болатын. Кейiн жұрт тұрақтап, шағын қалашыққа айналды. Елiмiз тәуелсiздiк алған соң кәсiп қуалап келгендер саны көбейiп, қала қанатын кеңге жая түстi. Қазiр қаланың 117 мың тұрғыны бар. Солардың сексен пайызынан астамының кәсiптерi мұнаймен байланысты. Қалғандары бюджеттiк салада еңбек етедi.
Көз көрген жақсы iстердi де айтқан ләзiм. "Өзенмұнайгаз" барлау-өндiру АҚ қала халқының игiлiгi үшiн көп көмек көрсетiп келедi. Қаланың жүз шақырымдық тозған су жүйелерiн жаңартып, сүзгi тазартқыштарын ауыстырды. 2008 жылдан бастап Жаңаөзен мен Қарақия ауданының әлеуметтiк инфрақұрылымын көтеруге және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға жыл сайын 900 млн. теңге қаржы бөлiп келедi. Бұдан бөлек, өткен жылдың өзiнде қала бюджетiне 970 млн. теңге аударып, 1000 әлеуметтiк жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал еткенiн қалай жасырып қаласың. Қазiр 2000 пәтерлi коммуналдық тұрғын үй салып жатыр. Олардың құрылысын Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдық мерекесi қарсаңында толық аяқтап, еңбек және соғыс ардагерлерiне, мұғалiмдерге, дәрiгерлерге, мұнайшыларға кiлттерiн ұстатпақ ниетте. Түркiменстан мен Өзбекстаннан қоныс аударған оралмандарға Төңiрекшың жазығынан 500 гектар жерге қосалқы шаруашылық ұйымдастыруда. Сар далаға сән берiп тұрған тақта-тақта көгерiш алқаптарын көргенде көңiлiңдi қуаныш билейдi екен.
"Өзенмұнайгаз" бен "Қаражанбасмұнай" Акционерлiк қоғамдары өз жұмысшыларының да жағдайларын жақсарту үстiнде. Олар жұмысшылардың денсаулығын жақсарту үшiн Кендiрлiден емдеу-сауықтыру орталығын ашып, тегiн емделуiне мүмкiндiк туғызуда. Тегiн емделдi деген аты болмаса, акционерлiк қоғам жыл сайын әр жұмысшыға 90 мың теңге бөлiп отыр. Ал балаларын демалыс лагерiнде тынықтыруда.
Аталмыш екi өндiрiс орындарының сегiз жылдық еңбек өтiлi бар жұмысшысы денсаулығына байланысты бюллетенге шыққан жағдайда, айлық жалақысын 100 пайыз алады. Ал өтiлi одан төменгiлерге 75 және 50 пайыздан төлеуде. Осыдан екi жыл бұрын ғана Жаңаөзен қаласынан үлкен спорт кешенiн салып, пайдалануға бердi. Онда жүзу бассейнiнен бастап, арнайы жабдықталған кең залдарда спорттың бiрнеше түрiмен айналысуға болады. Тiптен мүгедектердiң жаттығуларына арналған бөлiмдерi де бар. Олардың мiнiп түсуiне ыңғайластырылған шетелдiк көлiк тасымалдайды. Мұндай тамаша кешен елiмiздiң батыс өңiрiнде бұрын-соңды болмаған.
Асқар Әубәкiров:< br> - Бiздiң мұнайшылар тек Қазақстан көлемiндегi өндiрiс салалары бойынша ғана емес, Ресейдегi әрiптестерiмiзбен салыстырғанда жоғары жалақы алады. Мұны мен ауадан алып айтып тұрғаным жоқ. Бiз жыл сайын "Башнефть", "Мурнефть", "Сибнефть" компаниялары жұмысшыларының айлық табыстарымен салыстырып, анализ жасап отырамыз. Мұндағы жұмысшылардың жалақысы олардан әлдеқайда артық болмаса, бiр мысқал да кем емес.
Қазiргi орын алып отырған келеңсiз жағдайды өздерiңiз де көрiп отырсыздар. Бiз ереуiлге шыққандардың бәрiне бiрдей кiнә артудан аулақпыз. Олардың арасында Соколова секiлдiлердiң алдауына, арбауына түсiп қалған еңбек озаттары көп. Олар соны түсiнiп, жұмыс орындарына оралса екен деймiз. Бiз жұмысшылардың қандай да бiр кәсiподақ ұйымдарымен кез келген уақытта стол басында кездесiп, Еңбек кодексi бойынша түйiндi мәселелердi шешуге дайынбыз. Өкiнiшке қарай, қазiр оларда сондай сөз ұстар ұйым болмай тұр. Былтыр ғана өздерi сайлаған кәсiподақ төрағасы Ербосын Қосархановқа биыл сенiмсiздiк танытты. Ал заңсыз ереуiл салдарынан мұнай өнiмдiлiгi жоспардағыдан едәуiр төмендедi. Бұл ел экономикасына, қала бердi мұнайшылардың табыстарына елеулi әсер ететiнi анық,- дейдi.
Кез-келген өндiрiс орны, компаниялар өзiн-өзi ақтау үшiн жұмыс iстейтiнi нарықтың, ең бастысы, экономиканың барлық саласының басты заңы. Пайда түспесе, барша сала бiржола тұралайтын едi. Оның үстiне кез-келген мұнай компаниясының рентабельдiлiгi әрқашан бiрiншi орында тұрады. Онсыз мұнай өндiру де тоқырауға ұрынады, бiржола күйрейдi. Ал жалақыны үздiксiз көбейтiп, шамадан артық өсiру осындай күйреудi жақындата түсетiнiн әрбiр адам ескергенi орынды.
Ал осынау үздiксiз ереуiлдiң кесiрiнен елiмiздiң бюджетi бүгiнгi күнге дейiн 22 млрд. теңге жоғалтып отыр. Бұл - дәрiгерлер мен мұғалiмдердiң, бюджет қызметкерлерiнiң тұрмысына, Қазақстанның әлеуетiне елеулi зиян әкелетiнiн жасырып қалуға болмайды.
Мұнайлы мекенде жұмысшылар ереуiлi әлi жалғасуда. Мiне, екi айдан да асып барады. Олар тоғыз талаптарымыз толық орындалмайынша, ереуiлдi тоқтатпаймыз деп табандап тұр. "Тас түскен жерiне ауыр" демекшi "Жаңаөзенмұнайгаз" АҚ мен "Қаражанбас" АҚ және облыс, қала әкiмдерi олармен келiсе алмай әлек. Сонша уақыт өтсе де Үкiмет пен Парламент депутаттары бұл мәселемен белсенiп айналысар емес. Оның үстiне депутаттар жазғы демалысына алаңсыз кеттi. Ал Үкiмет жұмысшылар райларынан қайтар дегендей әлiптiң артын бағып отырған секiлдi. "Ескермеген ауру жаман". Үкiмет пен Парламент тарапынан бiлiктi мамандар комиссиясын құрып, мәселенi шешетiн де уақыт әлдеқашан жеткен секiлдi. Оның үстiне бiзде түзетулер мен толықтырулар енгiзiлiп жатқан заңдар қаншама. Бәлкiм Парламент депутаттарына Еңбек заңын да қайта бiр сұрыптаудан өткiзулерi керек шығар.

http://www.turkystan.kz/page.php?page_id=28&id=6360

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394