Елеужан Серімов. Қасым ақынның сонет өлеңдері қақында...
Поэзиялық шығарманың уақытпен тыныстап, көркемдік-эстетикалық деңгейінің биік болуы, яғни қиыннан қиыстыра алар шеберліктен туып, рухани қажеттілікті өтеуі - оны шынайы өнер туындысы ретінде айғақтайтын негізгі өлшемдік белгілер болмақ. Поэзияның дамуы түр, жанр байлығымен де өлшенеді. Осы орайда қазіргі қазақ назымына (поэзиясына) кейіннен қосылса да, ұлттық ою-өрнегімен бедерленіп үлгерген өлең түрлерінің бірі - сонет десек, ақиқаттан алыс кетпеспіз. Демек, мұның өзі төл өлеңіміздің үздіксіз даму, өсу үстінде екенінің айғағы. Өйткені сонет - жалпы өлең өнеріндегі ерекше көркем құбылыс қатарына жататын сұлу поэзия түрлерінің бірі. Сондықтан да ол шын мәніндегі талант құдіретін керек етеді.
Әр халықтың ұлттық табиғи бітім-болмысынан, қабылдау қабілеті мен ойлау стилі, ой кешу үрдісінен туындайтын тәндік ерекшеліктері олардың поэзиясындағы поэтикалық түрлерден де анық байқауға болады. Осы тұрғыда салыстыра кетсек, мәселен орта ғасырлардың ортасы (Х-ХV ғғ.) мен соңғы кезеңінде (ХVІ-ХVІІ ғғ.) қазақ топырағында жыраулар тудырған пәлсапалық ойға жүгінген «толғау» жанры өз дамуының айрықша сапалы шарықтау шегіне жеткені аян, ал сол кезеңдердегі еуропалық батыста «сонет» те сондай биік дәрежеде дамыған.

Жалпы оқырман көпшілікке түсінікті болуы үшін сонет тарихына шағын шолу жасап, азды-көпті мағлұматтар беріп өткенді ләзім көремін. Сонеттің туып, қалыптасу, даму төркініне зер салсаңыз, бұл жанрдың ХІІІ ғасырда Сицилия аралында дүниеге келгенін анықтау онша қиынға түспейді. Ол аз уақыт ішінде Италия, Франция, Германия (Алмания) елдеріне тарап, қанатын кеңінен жайып гүлденген тұсы А.Данте, Ф.Петрарка ғұмыр кешкен уақыттарға дәлме-дәл келеді. Со кездерде У.Шекспир, П.Ронсар сынды поэзия саңлақтары сонеттің небір озық үлгілерін жасаған. Сонет ХІХ ғасырда Ресейде қайта жанданып, сыртқы пішінге аса ден қойған символистердің сүйікті өлең түріне айналады. А.С. Пушкин, Антон Дельвиг, Денис Давыдов қаламынан туған сонеттер орыс поэзиясының інжу-маржандары қатарынан саналады.
«Сонет» итальян тілінде «үндесу, үйлесу» деген ұғымды білдіреді. Оның ішінара «классикалық сонет», «еркін сонет», «сонет шоғы» немесе «гүлтәжі» (венок сонетов) деп аталатын түрлері бар. Еркін сонеттен классикалық сонеттің айырмашылығы қалыптасқан канондық дәстүрді берік сақтауынан байқалады. Ол он төрт жолдан тұрады. Гүлтәжі (сонет шоғы) бөлек-бөлек он бес сонетті қамтиды. Ондағы әр сонеттің соңғы жолы келесісінің бастауы болып, ал «магистрал» деп аталатын он бесінші шумақ (тұтас өлең) он төрт шумақтың алғашқы жолдарынан құралады.
Он төрт жолдан тұратын дәреже-деңгейі жоғары бұл өлең түріне екінің бірі бара алмауы себебі - қалыптасқан дәстүрлі форма пішінін берік сақтай отырып, өлеңнің ішкі мазмұнының идеялық-көркемдік жағын да үйлесіммен тең ұстау керекті, шектеулі үдеден шығу қиындығында жатса керек.
Сонет - қазақ поэзиясынан да қағажу көрмей, биік төрінен еркін орын алуда. Оған қазақ ақындары Қ.Аманжолов, Қ.Бекхожин, Х.Ергалиев, Е.Әукебаев, К.Салықов, Иранғайып өлеңдерін мысалға алсақ та жеткілікті.
Десек те, әділін айту керек, төл өлең өлкемізде сонетке алғаш қалам тартып, соны түрен салған тарлан талант Қасым Аманжолов екенін мойындаған абзал. Бұл жерде Қасымдай кемел ақынды өлеңнің сыртқы қалыбын бір сәт назарынан шығармаған құдіретті Абайдың шәкірті дерсің. Сонау отызыншы жылдарда-ақ жазылған өлеңін «Сонет» деп айдар тағып атауы бекерден-бекер емес. Бұл сонет қазақ поэзиясына «мен жаңалық әкеледім!» деп сүйінші сұрай кірген керметтей ақынның дарын қуатын көрсетеді:
Түн ортасы ауғанда көше жым-жырт,
Жұпар жаңбыр себелеп ойнайды бұлт.
Таң асырған тұлпардай тұр тыпыршып,
Қақпа алдында қалшиып жалғыз жігіт.
Жүрек лүп-лүп соғады, ұйқы сергек,
Көкірегін кей кезде ыза кернеп.
„Әлде басқа жігітпен кетті ме екен?
Неге алдады япырау түнде кел деп".
Ақынның халық өлеңінің элементтері, образды жүйесі бар („таң асырған тұлпардай") жылы әзілге құрылған бұл сонеті ғаламат дарынын бір ойнатқандағы туған дүниесі.
Ақынның ақындық болмысын танытатын көп қырлылық, ең әуелі оның поэтикалық арсеналының байлығын білдірсе, оған үлкен ізденістің, шығармашылық өсудің, таным өрісінің кеңеюінің нәтижесінже ғана жетуге болады. Ғажабы сол, Қасым Аманжоловтың дарын қуатымен ерекшелігі мол, еуропалықтарға тән өлең түрі поэтикалық қалыбы бөлек қазақтың қолтума қара өлеңіне оп-оңай айналып, келісті үйлесімін табады. Тар аяда ақын айтам деген ойын емін-еркін жеткізеді. Бұл - сөз шеберінің ақындық диапозоны мейлінше кең болғанының дәлелі. Қасым Аманжоловтың жүз жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында оның поэтикалық қуаты туралы бір ауыз сөз болса да айтқым келді.
„Абай-ақпарат"
Қарағанды қаласы