Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Ғибырат 4225 6 пікір 16 Қыркүйек, 2019 сағат 15:14

Әлеуметтің әлеуеті – маңызды мәселе  

Халықтың әлеуметтік мәселесіне назар аудару мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналды. Әділін айтқанда, елімізде әр азаматтың тұрмыс-тіршілігі мен игілігі үшін тиісті бағдарламалар қабылданып, жұмыс жүйелі жүзеге асуда. 

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында халықтың әлеуметтік мәселесіне басымдық берді. Жекелеген азаматтардың өтініш-тілектері мен талаптары міндетті түрде орындалатынын мәлімдеді.

Расында, халыққа қызмет етуден асқан ғазиз нәрсе жоқ. Жұрттың қарапайым талап-тілегін орындау – кез келген салаға жауапты тұлғаның асыл борышы. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Араларыңда ең жақсыларың – айналасына пайдалы болғандарың», – деп қоғамға шуағын шашып, жақсылығын жайып жүретін көпшіл кісінің мәртебесін ерекше атап өткен.

Осындайда халық даналығында айтылатын:

«Жаман ердің қайғысы,

Өз отының қасында.

Жақсы ердің қайғысы,

Ауылының басында», – деген орамдар ойға оралады...

Президент қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беру қажеттігін атап өтті. Расында, бұл – өте өзекті мәселе. Біз тәуелсіздік жылдарында қандай асудан асып, нендей белесті бағындырсақ та бірлігіміздің арқасында қол жеткіздік.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлем мойындаған ғұлама әл-Фарабидің 1150, хәкім Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуді тапсырды. Бұл бастаманы еліміздегі дін ғалымдары мен мұсылман қауымы да үлкен қуанышпен қабылдады. Ислам дінінің адамгершілік құндылықтарын насихаттауда әл-Фараби, Абай, Шәкәрім, т.б. тұлғаларымыздың өмірі мен өшпес мұрасы құнды құрал бола алады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірнеше жылдан бері «Дін мен дәстүр жылы» бастамасы аясында уағыз-насихат жұмыстарында қазақ халқының би-шешендері мен ақын-жырауларының, ғұлама-ғалымдарының ұлағатты сөздерін, тағылымды тұжырымдарын насихаттап келеді. Бұл игі іс әрдайым жалғасын таба бермек.

Мемлекет басшысы Жолдауда экономикалық әлеуетімізді арттырумен қатар, білім сапасын көтеруге айрықша мән берді.

Иә, білім – баға жетпес қазына. Ілімсіз өркениет жоқ. Бүгінде күш пен қуат – білімде. Ғылымнан асқан қымбат дүние жоқ. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім мен хикмет мұсылмандардың жоғалтқан қазынасы, қай жерден тапса да иемденіп алсын», – деген. Оқу орындарында оқып жүрген ұл-қыздарымыз, бауырларымыз ел-жұртқа пайда әкелер білім ізденсе, әлемнің ең озық технологияларын үйреніп, оны өзгеге үйретсе – елге қосқан үлесі осы болмақ.

Алла Тағала мемлекетіміздің болашағын баянды етіп, халықтың әл-ауқатын көтеру жолындағы игі істерімізге береке бергей! Әмин!

Серікбай қажы Ораз

Қазақстан мұсылмандары  діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Abai.kz

6 пікір