Сенбі, 23 Қараша 2024
Дабыл 7214 3 пікір 17 Қыркүйек, 2019 сағат 10:44

Әйел әлсіз бе, әлде туысқан арсыз ба?

Өткеннен бүгінге дейінгі уақытқа көз жүргіртсек, халқымыз қыз баласына ерекше көңіл бөліп, қызғыштай қорыған. Аға-інілер бөтен жанның қырын қарасынан, өзгенің қолы түгілі сөзінен ада ұстаған. Бұл бәлки, табиғатынан қыз деген нәзік жаратылыстың намысы мен арын сақтау үшін барын салған бұрынғылардың асыл дағдысы болар. Бүгінде арқа сүйер аға, қолқанат болар інінің үйдегі қызға бөлетін уақыты мен көңілі алдыңғы буынның жасағанындай емес…

Бүгін қоғамда жұрттың назарынан тыс түрлі жағдайлар орнауда. Соның көпшілгі қыз тағдырына қатысты. Қыз тағдырының келешекте қалай боларын ойламай, аңдаусыз да, әдейі де өмірін ойрандап жатқан ер азаматтар көбеюде. Бір қынжылататыны, бұл арсыз істі жасайтын көбіне өзге біреу емес, қыздың туысқан бауырлары немесе әкесі, дейді сарапшылар.

ҚР ІІМ бірінші орынбасары Марат Қожаевтың айтуынша бойынша, 2019 жылы елімізде 579 жыныстық зорлау фактісі тіркелген. Соның ішінде нәзік жандылардың 77%-ы жақындарының тарапынан зорлық көрген.

Ал психолог-сексолог Алина Шадинованың 3000 адамға жүргізген сауалнамасына көз жүгіртсек, 367 әйел кішкентай күнінде зорлыққа ұшыраған. Анығын айтқанда, олардың анотомиялық ерекшеліктерін байқап үлгермеген шақта, яғни, 3-5 жасында зорлыққа тап болған. Бұл, сауалнамаға қатысқандардың 10%-ы ғана. Ал сауалнамаға қатыспаған қаншама нәзік жандылар бар?

Кішкентай күнінде зорлыққа ұшыраудың болашақта алып келер зардабы көп. Қыздың бойында психикалық-психологиялық ауытқулар орнап, ер адамды көргенде кірпідей жиырылып, бойында үрей қалуы мүмкін. Ал бұл - қыздың болашақта отбасын құруына бірден-бір кедергі.

Осы тұста сауал туындайды. Ал, мұндай сорақылықтың көбеюіне не себеп? Психологтардың пікірінше, мұндай жағдайдың көбеюіне ата-ананың баламен ашық әңгімелеспеуі, жеке жұмыс жасамауы себеп. Қыз бен ұл бала 4-5 жасқа толғанда денесіне көңіл аудартып, бала тілінде түсіндіру керек. Баланы жуындырған кездің өзінде, дене мүшелерінің маңыздылығын ұғындыру қажет. Ұл балаға қыздың ең нәзік жаратылыс екенін, тиісуге болмайтынын санасына кұю керек. Өмірде болып жатқан түрлі қылмыстың бастауы -  ата-ананың баламен кішкене күнінен ашық сөйлесіп, барлығын түсіндіре алмауында.  “Ол әлі бала” деп селқос қараса, баланың ойы мүлдем басқа жаққа ауады. Бала ата-анадан ұялып көп нәрсені жасыратын болады. Артынша, жоғарыдағыдай жайттар орын алмақ. Ал ересектердің өзінің бауырларына бұндай зорлық көрсетуіне киноиндустрия мен интернетті шырмаған түрлі “видеолар” себеп. Өзінің әпке-қарындастарына деген жақындық, арсыз қарым-қатынастың бәрін шет елден үйренуде. Интернеттің ықпалы басым заманда мұндай туындылар адам психологиясына әсер етпей қоймасы анық.

Қыз -  қоғамды гүлдендіруші, ұрпақты көбейтуші, жүрген жерінде берекені алып жүруші жақұт! Қыздың ары мен намысының тұтас болуы бүтін елдің басындағы тәжі емес пе? Берекенің бастауы болған әйел затын ардақ тұтар халық, арсыздық атаулыдан ада болса игі еді. Қарындастың бір тал шашы жерге түссе, көкіректегі намысы ойнап, қорған болар азаматтар қыз тағдырына бейжай қарамаса деген тілек…

Дана Ерланқызы

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502